Ғұмар Қарашұлы
Ғұмар Қарашұлы – 1875 жылы қазіргі Батыс Қазақстан облысы Жәнібек ауданында дүниеге келген. Әуелі ауыл молдасынан хат таныған ол Жалпақталдағы Ғ.Ғәлікейұлының медрессесінде білімін жалғастырады.
1902-1910 жылдары жиған білімімен ауылында, Тіленшісайда жәдитше бала оқытады. Әйгілі Шәңгерей Бөкейұлының шақыруымен Көлборсыға мұғалім болып келеді. Қайраткер 1907 жылдан бастап татар және қазақ тіліндегі мерзімді басылымдарға мақала жариялай бастайды. 1911-1913 жылдары алғаш Ордада, кейін Оралда басылған «Қазақстан» газетін шығарысуға, оның саяси-мәдени әлеуетін көтеруге атсалысты. Ғұмар Қараш 1917-1919 жылдары «Алаш» партиясы мен Алашорда үкіметінің белді мүшелерінің бірі болады. Мәселен ол I және II жалпықазақ сиезінің ұйымдастыру және өткізу жұмысына белсене қатысады.
Өмірлік мәселелер мен діни ахуалды күн тәртібіне қойған Алашорда үкіметі — Ұлт кеңесі анықталатын екінші сиезде ол қази болып сайланады. Алайда ол 1921 жылы 12 сәуірде Күнаншапқан деген жерде қашқын әскерилер қолынан қапияда мерт болды.
***
Бір қатар адамдар отан, ұлт мәселесімен тек жоғары лауазымды және ой кешті адамдар айналысса болар – деседі. Отан, ұлт мәселесі баршаға ортақ. Әркiм: үлкен де, кіші де бұл жайлы ойласа керек. Отанға, ұлтқа, қызмет ету – жоғары мәнсапты, яки, бай адамдарға ғана міндетті емес. Ниеті, ықыласы дұрыс болса, жай, орташа адамдар да отанға қызмет ете алады. Әр кісінің өзіне тиісті борышы бар. Әркім шамасы жеткенше қолынан келген істі атқарса болады.
***
Әрбір адам өзінің халқы үшін қызмет етсе, оның ісі үй-ішіне де, ағайын-туысына да, халқына да пайдалы болады. Демек, отанды, ұлтты жаңғырту үшін әр адам өзіне тиісті сеніммен атқару керек.
***
Тәкаппарлық – өзін басқалардан зор санау, адамзат қауымдастығының қағидасына қайшы келеді. Барлық жаман әдет-ғұрып осыдан шығады. Бұл көбінесе, мәнсап иелерінде кездеседі.
***
Келешек дегеніміз – үміт, сенім екенінде дау жоқ. Әр адам, әр ұлт, әр халық өз келешегіне қожа болу үшін ең алдымен өздеріне сену керек.
***
Математика, инженерлік ғылым салаларында онша көп талас бола қоймайды. Себебі олар – нақты ғылымдар. Ал, пәлсапалық салада барлық мәселелерде бір түйінге келу мүмкін емес.
***
Бір халықтың өз тілінде білім өнері болмаса, ол халықтың тілі бұзылып өзгереді һәм көршілес күшті халықтың тілімен араласып соған құл болады, оның ішінде жаңалықтар көбейеді. Я кішкене ұлттардың жаңартып, жандандырылмаған ескі тілі өзінің барлық маңызын жояды һәм жылдам ұмытылады.
***
Ең әуелі ана тілі қажет. Егер ана тілін білмесең, онда сен ол ұлттың баласы емессің. Ана тілін білмей тұрып, ұлт білімін ала алмайсың. Ұлт білімі болмаса, онда әдебиеттің болмайтындығы өзі-ақ белгілі. Әдебиеті жоқ ұлттың, өнері де өршімейді.
* * *
Тіл сақтауға мүмкін болғанда, тіл сақталуға тиіс. Біз тілімізді қанша сақтасақ, ұлтымызды да сонша сақтаған боламыз.
***
Тіл болмаса, ұлт та болмайды. Яғни ол ұлт бүтіндей өлген, жоғалған ұлт болады.
* * *
Жалпы өнер білімнің ішіне ана тілі болуы да кіреді һәм мұның керісінше ана тілі болудан ұлттың білім өнері табылады. Ана тілін білмей тұрып, ешбір білім өнерді таратуға мүмкін емес.
***
Ұмытпаңыз. Өзімізді басқа ұқсас халықтан айыратын белгіміз болған ана тілімізді білсек қана осы мақсаттарға жетпекпіз.
***
Тіл ешбір уақытта өзге нәрселерге бас имеске тиіс. Біз оны бегірек те сүюге һәм түрлі жұқпалы шет тілдерден сақтауға борыштымыз. Тіл айна, оның ішіне бүтін халықтың тұрмысы түсіп тұрады.
* * *
Бір тәңірден басқа бар нәрсе өліп, өзгеріп тұрмақ та. Сол себептен адамзаттың және оның түйсік-сезімі де ылғи да бір халден екінші халге өзгеріп тұрады. Адамзат ойындағы кейбір нәрселер дұрыс, пайдалы деп есептелсе, енді бір кезде олар пайдасыз саналады.
***
Жақсы болсын, жаман болсын әркімнің өз діні болады. Мәселен бір кісі дұрыс сөйлеуді өзіне әдет қылған, дүниедегі барлық нәрселерді өз қалпында көрсете білген. Бұл кісі осы қасиет-мінезді өзіне дін етіп тұтқан. Бұл сенімі оны жалған айтудан тиып, әр нәрседен сақтайды.
***
Дін – адамдарға мүдурар емес, адам – дінге мұқтаж, адамдарды дін ғана дүниеге мәлім етеді.
***
Біздің халқымыз ақиқат дінді ұстаса, біз надан, жалқау боп қараңғылықта қалмаған болар едік, ұрлық, қиянат, арақ ішу, карта ойнау сияқты халықты бұзатын қылықтардан ада болар едік. Демек шын дінді тұтсақ, әлем алдында масқара болмаймыз.
* * *
Қайталап айтамын, ақиқат дін – еш адамның желепжебеуіне мұқтаж емес, ал діннің өзі адамдарды дұрыс сақтай алады, дұрыс жолға бағыштайтыны дәлелденген шындық. Құранда осылай айтылған.
***
Русия мұсылмандарының байлары қаражаттарын көрінген жерге мешіт, медрессе салуға жұмсайды. Бұл мәселе, сырттай қарағанда ұлттың өсуі-оянуы сияқты көрінгенімен, шындығында, даму белгісі емес. Мешіт, медресселерден оқып шыққандар ұзаса молда, ишан болады, олардан үлкен ғұлама білімдар адамдар шыға қоймайды. Сондықтан олардың ұлт келешегіне де пайдасы шамалы. Ал он жыл орыс мектебінде оқыса өмірге бейімделіп, көздері ашылар еді.
***
Бір бай үлкен мешіт салдырғаннан гөрі бір ұлттық мектеп салдырып, соған сабақ беретін мұғалімдер даярласа, қажетті кітаптар алса газет, журналдар шығарып арзан бағамен сатса, арық сиырдың мүйізін әшекейлеуден гөрі, оны жемдеп күйлендірген іспетті пайдалы іс болар еді.
***
Шөлдеген адам су сұраса: «Алладан әмірсіз ешнәрсе болмайды» — деп сусын бермеу жөнге сияр ма? Адамзат баласы бойындағы ең қажетті сезім – ар-ұждан. Арұжданның негізгі мақсаты – ақтық пен нақақты анық айыру, бір нәрсені өтірік мақтамау, не оны жалған жамандамау.
***
Пайғамбарымыз (ғ.с) заманасында ислам мәдениетінің негізгі жаңа басталып келе жатқан уақыт болған үшін, мектеп, медресе, кітап құралдары деген нәрсе болмаған, жазу, сызу да мұнда аз болған. Сол күндері де құрбандықты шалып, пақырға егін таратудан басқа тиісті орын табылмаған. Осы күнде пайғамбарымыз тіріліп, қайтадан арамызға келіп халымызды көрсе, ең әуелі бастап өз құрбандығын сатып біздің ғылымды-өнерлі болуымыз, басқа елдерге қатарласуымыз жолына жұмсар еді.
***
Жақсылық екі түрлі болады. Бірі – рухани, бірі – материалдық.
***
Рухани жағынан бірін-бірі қолдап отыру – адамның ең жақсы қасиеті. Адам абыройының артуы, сөзінің өтімді болуы оның істеген жақсылық істеріне байланысты. Жақсылық адамдардың өз қолында дейтініміз осыдан.
***
Адам жеке басының әрекетімен ғана көздеген мақсатына жете алмайды. Адам өмірінің мәні – қауымдастық. Демек, өзгелермен қарым-қатынас, жәрдем, көмектесу арқылы ғана мақсаттарын орындай алмақ.
***
Талас-тартыс – дүние заңдылығы. Күштінің күштілігі де заңдылық. Осыған қарап адамдар күштілер ғана өмір сүреді деп ойлауы мүмкін. Шындығында, нағыз күштілік шындық пен әділдікте екенін ұмытпауы керек.
***
Адамшылық көзқарасты қысқаша қорытсақ, ішу, жеу үшін емес, мағыналы өмір сүру үшін ішіп жеу керек. Осыдан барып бақыт деген жақсы, мағыналы өмір мұраты туады. Сайып келгенде, бұл екі көзқарас арасында айырма бар.
***
Түптеп келгенде шындықты жақсы көрмейтін адам жоқ. Өйткені, шындықты жақсы көруге барлық адам борышты. Олар сол борыштарын өтуге тиіс.
***
Шындық – дұшпандарды дос ететін күш, достардың достығын арттыратын құрал. Шындық сөзін ықыласпен тыңдата алған – би, үкімін тегіс жүргізе алған — патша бақытты болмақ.
***
Тіршілік таласы деген сөз сондай бір талас: жеңілгенге рақым жоқ, жеңілгеннің күні — қараң. Адам балаларының арасындағы тіршілік таласы мен хайуандар арасындағы таластың қаттылық, рақымсыздық жағынан айырмалары жоқ. Бір айырмасы сол: хайуандар тіс-тырнағын жұмсағанда, адам балалары бір-бірінен көбірек ақыл қаруын жұмсайды.
***
Семья ер адамға бағыну керек. Ал, ер адам – семья басы үй ішін асырап, жетілдіруге рухани, материалдық жағынан қамтамасыз етуге міндетті.