Ғабдолғазиз Мұсағали нақыл сөздері

Ғабдолғазиз Мұсағали

 

Ғабдолғазиз Мұсағали — 1880 жылы қазіргі Батыс Қазақстан облысы, Қазталов ауданында дүниеге келген. Алғаш ауыл молдасынан сауат ашқан Ғабдолғазиз одан әрі Қазақ медресесіне оқуға түскен. Медресені аяқтағаннан кейін арнайы ақсүйектер мектебінде оқиды. Каирдегі әлКаһира университетінің заң факультетіне оқуға түсті. Шетелдің 8 тілін (қытай, араб, парсы, түрік т.б.) білген. Университетті бітірген соң 1909-1910 жылдары Үндістан, Пәкстан, Индонезия, Жапония т.б. елдерді аралады. Сапардан оралған соң Жетісу облысының Қапал уезіне келіп, «Мамания» мектебінде сабақ берді. 1917 жылы Ордада «Ұран» аталатын жартылай ресми газет шығарды. 1918 жылы сәуір-мамыр айларында өткен Бөкей ордасы Кеңестерінің бірінші сиезіне төрағалық етті. «Дұрыстық жолы» газетін, «Мұғалім» атты журналды (10 нөмірі жарық көрді) шығарып, таратуға үлес қосты.

Ғабдолғазиз Мұсағали 1933 жылы Алматыда қайтыс болған.

 

***

Мың айт, бір айт: баяғы надандық, білімсіздік, өнерсіздік, жалқаулық – қазақ халқы не көрсе де, сол жалқаулық, надандық себепті көріп жатыр. Қазақты сол надандықтан құтқармай тұрып, қазіргі ауыршылықтан аман-есен алып шығу оңай емес. Не қылсақ та, сол надандықпен күресіп, соны жығып, жеңудің амалын табу керек.

***

Тарих, өткен замандағы болып озған халықтардың ахуалы, олардың бастарына қандай қиындық, ауырлықтар келіп кешкендігін, қандай жақсылықтарға душар болып, олардың бастарына қандай жарық күндер туып өткендігін білдіретін бір ғылым.

***

Тілесек, кім үшін болсын, дүниеде тарих ғылымындай ғылым жоқ. Неге? – десеңіз сол тарих ғылымын оқуменен өткенде болған әр түрлі істерді біледі, оларды білу арқасында келешекке әркім өзіне бір тура жол даярлайды. Өткенде болған қате істерден сақталады.

***

Бұрынғы бабаларымыз, оқу-жазу білмейтін қарттарымыз ХХ ғасырдағы бүгінгі қазақ жастарына қарағанда өз тарихтарын артығырақ білген, ең болмағанда әркім өзінің жеті атасының тарихын ұмытпаған.

***

Тәуке хан өзінің әділ һәм ақылдылығы арқасында қазақтың үш Ордасын, яғни, ұлы жүз, орта жүз, кіші жүз қазақтарын біріктіріп, өзіне қаратқан қазақтардың өз арасындағы соқтық жанжалдарды бітірген. Күнсіз табындарды күштілерге қарсы тұру үшін біріктіріп, күштілерді жуасытқан, жарлыны байға, күштіні күшсіздерге бір тегіс етіп, заң-закон түзеген… Тәукеден кейінгі қазақ хандарының арасында береке, бірлік болмай, әр уақыт бір- бірімен шабысып, жауласып тұрған.

***

Емшек сүтімен баланың денесі қанша өссе, оның көңілі, махаббаты да соншалықты өсіп, күннен-күнге арта беру шарт – бұл бір, екіншіден, бала ана қолында осылайша тәрбие алғаннан кейін мектептерде өзінің ана тілі мен әдебиетін үйретіп, өз халқының тарихи өмірі, тұрмыс жағдайымен оларды жақсы таныстыру қажет.

***

Бір халық, бір елдің де – дүниеде ұлт, ел болып жасауы, тіршілік етуі үшін тіл керек, әдебиет керек. Жансыз кеуде дүниеде жасай алмас, шіріп, топыраққа айналып жоқ болар. Тілі, әдебиеті болмаған ұлттың да тап сол жансыз кеудеден айырмасы болмас, өзінде айырым әдебиеті болмаған ұлттар дүниеде жасай алмас, жасар, яки, жасауы ұзаққа бармас, әдебиеті… жаны бар ұлттарға азық болар, жем болар, сөйте-сөйте ол ұлт өзі де дүниеден жоқ болар.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *