Халел Ғаббас нақыл сөздері

Халел Ғаббас

Халел Ғаббас – 1888 жылы қазіргі Шығыс Қазақстан облысына қарасты Семей қаласында дүниеге келген. Бала Халел 19011909 жылдары Семей ерлер гимназиясында оқып, оның толық 8 класын бітірген. Сондай-ақ ол 1910 жылы Мәскеу университетінің физика-математика факультетіне түсіп, 1915 жылы 2-дәрежелі диплом алады.
Халел Ғаббасұлы еңбек жолын Семей қаласында уақ-қарыз серіктігінде инспектор болып бастайды. Патша үкіметі құлаған соң ол елдегі саяси өмірге, Алаш қозғалысына белсене араласады. Уақытша үкімет тарапынан ол Түркістан комитетінің мүшелігіне тағайындалады. Бұдан бөлек Семей облыстық қазақ комитеті төрағасының орынбасары, облыстық земство басқармасының мүшесі, облыстық Делегаттар жиналысының мүшелігіне сайланады. Сондай-ақ ол Алашорда үкіметінің Төрағасы Әлихан Бөкейханның орынбасары болады.
Кеңес үкіметі тұсында әртүрлі саяси-қоғамдық істердің бел ортасында жүреді. Алайда 1930 жылы қуғын-сүргінге ұшырап, 1931 жылы Мәскеу түрмесінде ату жазасына кесіледі.

***
Автономия — юнан (грек) тілі. Қазақшаға аударғанда өзін-өзі билеу, өз тізгіні өзінде деген сөз. Автономиялы жұрт өз тізгінін өз қолына алып, тек шылбырының ұшын ғана кіндік үкіметке ұстатпақ.
***
Автономия жұмысы жеңіл емес, ауыр. Бірақ дүниеде ең қиын жұмыс – өмір, тұрмыс ісі һәм соның тізесі. Тәрбие, мәдениет жүзінде болған неше түрлі өзгерістер — өмірдің салған соқпағы, өмір – жұрт жетекшісі. Өмір құрығынан ешкім қашып құтыла алмақ емес.
***
Алты алаштың баласының басы енді қосылмаса, мұнан былай автономия болсын, ұлт мақсаты, өсетін өркен үрімбұтағымыздың қамы болсын, жерге көмгенмен бір есеп. Мұнан былай біздің басымыз қосылмайды. Күш бірік — тіріп, жұрт болатын заман нақ осы уақыт.
***
Қай істің болсын ұшығы – жұртта. Жұрт жұмылып, анау бай, мынау кедей дегенді қойып, сексендегі шал, сегіздегі балаға дейін тік көтеріле жұмысқа кіріссе, автономия аяғынан қаз тұрып кеткені. Жабыла жұмылғанның белгісі не? Біз бұрын біреуге қоңсы қонып отырып, қазына жинай алмаған жұртпыз. Сондықтан, әзірше автономия жолындағы салықтан – үстіндегі киімін сатса да ешкім бас тартпау керек.
***
Автономия мәселесі аяқ астынан туып отырған жоқ Неше рет кесіліп, шешілген мәселелердің бірі.
***
Заң – өмір киімі. Заман өзгерген сайын өмір ағыны да, заң қалпы да өзгермек. Сондықтан, өмір тұрмысына, ғұрып-әдетіне, рәсіміне үйлесетін заңды жұрттың өзі шығаруы керек. Бір жұрт үшін бір жұрттың заң шығаруы сырттан біреуге тон пішкенмен бірдей емес пе?

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *