Сұлтанмахмұт Торайғыр нақыл сөздері

Сұлтанмахмұт Торайғыр

Сұлтанмахмұт Торайғыр – 1893 жылы қазіргі Солтүстік Қазақстан облысы, Уәлиханов ауданында дүниеге келген. Ол алғаш әкесінен ескіше хат танып, 13 жасынан Мұқан, Әбдірахман, Тортай деген молдалардан дәріс алады. 1912 ж. Троицкідегі Ахун Рахманқұли медресесіне түседі, бірақ мұнда бір жылдай оқыған ол өкпе ауруының зардабынан оқудан шығып қалады.
Ол 1913 жылдың күзінде Троицкіде “Айқап” журналына жауапты хатшы болып жұмысқа орналасады. Алайда 1914 жылдың жаз айында туған елі Баянауылға оралады. Ақын «Алаш» партиясы мен Алашорда үкіметінің жұмыстарына қатынасып, “Алаш ұранын” жариялады. Бірақ ауруы асқынып кеткендіктен оқуды да, жұмысты да тастап, 1918 жылдың сәуір айында еліне біржола оралады. Онда Колчак үстемдігінен кейін қайта жанданған совдеп жұмысына араласып, ел шаруаларының дау-шарларын әділ шешуге қатынасты.
Алайда әбден меңдеп кеткен аурудың салдарынан 1920 жылы қайтыс болады.

***
Ана тілі – қайнаған қанның, қиналған жанның, толғантқан көңілдің, лүпілдеген жүректің сығындысы, онда дәм дә, мән де болу керек.
***
Милләтке бек зор үміт — шәкірт халқы.
***
Байқаймысың, біздің қазақ ән құмар халық. Газет оқып, не шариғат, не насихат айта бастасаң, құлағын салар-салмас шеттеп кетеді. Біреу қолына домбыра ұстап ән сала бастаса, ойдағы-қырдағысы жиылып, сегіздегі бала, сексендегі шалына дейін қалмай қамалап, айтшыайтшылап жанын жағасына келтіреді.
***
Молдалар! Жас балаларды ән үйренуге қызықтырыңдар! Жаңа шыққан елдердің жүрек жандыратындарынан үні жақсы балаларға ән салғызып қойсаңдар — ау!
Шіркін, қандай өтімді! Өлең айтушы әнпаз адамдарды жұртқа есерсоқ деп көрсетпей, есті деп, қадірлі деп көрсетуге тырысыңдар…
* * *
Европа жұртының қазақ халіндей халінен — мыңдап жылдарды өткізіп барып жеткен осы күнгі біз сұқтанатын халіне – қазақтың жетуіне мыңдап, жүздеп жылдар керек емес, ондап, жиырмалап, көп болса отыздап жылдар керек. Европа халқының көп жылда жеткен жеріне біз аз жылда жетеміз. Себебі: олардың даярлап салып қойған жолымен барамыз.
***
20-30 жылда Еуропаның білгенін біліп, Европа қатарына қосылып кете алуымызға тарихтан япондар мысал бола алса керек. Мұнан 58 жыл бұрын 1860 жылдағы япондар жайы – осы күнгі біздің қазақтың жайынан неменесі артық еді? Қайта ол кездегі япондардың есуасы болса да, атадан баласына мирас болып көшіп отырған — даймиос (Губернатор) шо гундеріндей (Наместник) кесел біздің қазақта аз еді.
***
Адам баласының ауыр күн көрістен құтылып, бақытты болуына себеп болатын Европадағы ғылымды мен екі жікке айырып ұғамын, бірі – дене азығы, бірі – ар азығы.
* * *
Ар азығынсыз – құр өнердің өсуімен басқалардың бақытты бола алмағаны секілді келешекте қазақ та бақытты бола алмайды. Ілгері кеткен жұрттардың тарихының қатесін енді ілгерілейін деп тұрған жұрттар істесе, көре біле — отқа түскендік болады. Тарих ғылымының пайдасы да алдыңғының қатесін кейінгінің істемеуінде.
***
Ердің еңбегін ел білерлік заман бізге де болар ма екен? Біздің еңбекшілерімізге де сондай күн туар-дағы! Бірақ қашан, қашан? Қайда?
* * *
Бір тиыным қалғанша оқимын. Сонан соң, тұрмыс қандай жүк салса да көтеремін. Бірақ көңілім оқуда болмақ.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *