Сұлтанбек Қожанұлы нақыл сөздері

Сұлтанбек Қожанұлы

Сұлтанбек Қожанұлы – 1894 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы Созақ ауданында дүниеге келген. Түркістандағы орыс-түзем мектебін, үш сыныптық қалалық училищені бітірген. 1913-1917 жылдары Ташкенттегі Түркістан мұғалімдер семинариясында оқиды.
1920 жылы коммунистік партия қатарына қабылданып, үлкен қызмет баспалдақтарынан өтеді. Ол 1920-1924 жылдары Түркістан компартиясы ОК мүшесі, Түркістан орталық атқару комитеті төрағасының орынбасары, Түркістан республикасының ішкі істер халық комиссары, Халық ағарту халық комиссары, «Ақжол» газетінің редакторы болады. Сондайақ қайраткер 1924-1925 жылдары Қазақ өлкелік партия комитетінің хатшысы, 1925-1926 жылдары БК(б)П ОК ұлт республикалары мен облыстары бойынша жауапты нұсқаушысы болады.
С.Қожанұлы бұдан да басқа қызметтерді абыроймен атқарып, ел үшін еңбек етеді. Алайда ол 1937 жылы ұсталып, 1938 жылдың 8 ақпаны күні ату жазасына кесіледі.

***
Қара басыңның қамы – жұртқа азық болмайды. Заманды жөнімен жақсылап түсінбек ләзім. Жұрттың кезекті істерін жарыққа шығаруды көздемек керек.
***
Шыр көбелек тіршілік иірімінің ұсақ-түйегімен әуреленіп, тарихтың даңғыл жолын көре алмағандар – жұрт пайдасын өз басының пайдасынан ажырата алмаған көр балалар.
***
1916 жылғы қанды қасапқа ұласқан қарсылық — мақтаншақ батырлық емес, қанына қарайған халықтың ашынып, отқа көрінеу ұрынған бір жандалбасасы еді.
***
Бұрын басына сəлде ораған немесе шен таққан, не шариғатпен, не орыс законымен жұрттың зәресін алатын, берекесін қашыратын мырзалар – бірден коммунист болып шыға келді.
***
Өз ұлтына жаны ашитындар – орыс үстемдігіне, капитал тепкісіне, пайдакүнем саудагерге, басқа ұлттардың зорлығына қарсы ұлтшыл атанды.
***
Елді шет жұртшылықтың зорлығынан құтқармаққа жастарды оқыту, тәрбиелеу керек.
***
Қазақ халқының астанасы – ежелгі қала, ескі қала Түркістан болғаны дұрыс еді. Ендігі жерде оның реті келе қоймас. Не де болса Ақмешітке көшірелік.
***
Патша заманының болыстары қазақ жерін приговорлап, түк көрмегенсіп, тиесін алып орыс келімсегіне жымжырт бере салатын.
***
Шекара бөлінісінен, дүние үлесінен қазақтың ұтып шықпағаны рас. Қазақ өкілдері басқадан озбаса, ешкімнен кейін қалған жоқ. Бірақ дау шыққан жерде үкім шығаратын – даушылардың өзі емес, екі жаққа бейтарап төреші.
***
Қырғыз-қазақ жастары оқу жайына келсек, мектеп жағына келсек: талапкер бар да – оқу жоқ, балалар бар да – кітап жоқ, шәкірттер бар да – молда жоқ.
***
Қырғыз-қазақ халқының жалпы қара бұқарасына ең керекті – ұлт мектебі. Бір заманда қолы жетіп, бір жөнді мектептері бола қалса, солардың барлығында оқыту тілі – ана тілі болуы міндет.
***
Жақсы мұғалім табылмаған жерде – табылғанын іске қосып, оқыта беруді салт қылу керек. Оқу жалпыға жақын, тұрмысқа үйлесімді болсын, әр жұрттың тұрмысына лайық мектебі болмақ.
***
Ата-ана, бауырластары далада көшіп жүрген, өзі қалада орыс мектебінде, я сарт мектебінде тәрбие алып, далаға бір тиынға аспайтын қылқима «интеллигенттер» — қырғыз-қазақ жас буынына идеал емес.
***
Жас буын оқи да алуы керек, еңбектен де қол үзбеуі керек, жұртқа жалпы еңбекке қатыса алатын, басшы болып бірге істесе алатын болып әзірленуі керек.
* * *
Ешбір оқытылған оқу жоқ. Балалар келеді де тоңыптоңып қайтып кетеді. Мұғалімдер болса, биылғы Шымкенттегі қысқа уақыттық курстан оқып шыққан жігерлі жастарымыз. Бұлардың қолдарындағы куәнамасы мен мұғалім деген аттары болмаса, бітірген істері, оқытқан оқулары шамалы.
***
Халық ағарту, оқу жұмысы — мұнан былайғы жұмыстардың ең үлкені. Бұл жұмыс – әр дәуірде керектінің ең үлкені. Әзіргі күнде әсіресе зорайып тұр.
***
Келесіні сөз қылғанда, келешекке әзірленуді сөз қылғанда, кімнің болса да көзде тұтатыны – жас буын.
***
Бала әуелі ана тілінде тәрбие алуы тиіс. Мезгілсіз жат тілге – байланып сорлағаны дұрыс емес. Білім – тілде емес, түсініктерде, тәрбие орысша шүлдірде емес, жақсылыққа жаттығуда, жас балаға бұлар ана тілінде, ұлт мектебінде табылады. Басқа жерден табылмайды, табылса да қымбатқа түседі. Жат тіл – тәрбие ісіне пайдасыз.
***
Қазақстанда мемлекет тілі – қазақ тілі болмақ. Бұған осыған дейін кесірін тигізген нәрсе халықтың басым бөлігі орыс болғанында, кеңсе қызметіндегі қазақ азаматтардың орыстыққа жаттығып кеткенінде, көбісі қазақша білмейді.
***
Қазақ өз жұртшылығы, ұлы мәдениеті жоқтығынан оңып-тозып кетті. Озып кеткені – басшы ұлттың мәдениетінен татып, өзінің бет-бейнесін жоғалтып алғаны.
***
Қазақ – Еуропаға ентелеп, ілгері басқан, басқаларды жеңіп бара жатқан ұлт емес. Қазақ басқа ұлттардан таяқ жеп – беті қайтқан, шегініп бара жатқан үлт.
***
Наурыз – мұсылмандықтан бұрын шыққан мейрам. Наурыз ел шаруасымен күн көріп, табиғат шарттарына тұрмысы көбірек байланысқан елдің тұрмысы тудырып отырған мейрам… Жұрт қысымшылықтан құтылып, малы жұт қаупінен құтылып, аман қалған малы балалап, қарасы көбейіп жатқан, өздері егін шаруасына қам қылып, қасиетті жаз маусымында байлығын молайтудың, табиғаттың иіп тұрған кезінде қолынан келгенінше көп өндіріп қалудың шарасын іздеп, абыр-сабыр болып жатқан ел шаруаларының талабы қозған ең көңілді уақыты – көктем. Сол көктемнің басы – Наурыз…
* * *
Қазақ неге қалалы жұрт болмады, деп бұрқырау мәдениет тарихына қиянат.
***
Тарихты айтқанымен жүргізіп, тіршілікті ойыншық қылатын қалып – ертелі-кеш болмаған һәм болмайды да.
***
Қазақша айтқанда, құрғақ білім, жаттап алған кітап, жаттыққан тілмен жұмыс бітпейді, жаңа дүние жасалмайды, мақсат орындалмайды.

 

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *