Райымжан Мәрсек нақыл сөздері

Райымжан Мәрсек

 

Райымжан Мәрсек — 1879 жылы қазіргі Шығыс Қазақстан облысының Ұлан ауданында дүниеге келген. Өскемендегі уездік орыс-қазақ мектебін бітірген соң, Омбыдағы классикалық гимназияға оқуға түседі. 1902 жылы Санкт-Петербург Императорлық университетінің заң факультетін бітіріп шығады.

1908 жылы Орыс география қоғамы Батыс Сібір бөлімінің Семей бөлімшесінің мүшесі болып қабылданады. 1908 жылдан 1912 жылға дейін Омбының сот палатасында, ал 1912-1917 жылдар аралығында Семейде заңгер, адвокат болып жұмыс істеген. 1917 жылы Семейде қазақ комитеті құрылғанда оның төрағасы болып сайланды. 1918-1919 жылдары Семейде Алаш әскері жасақталғанда, Р.Мәрсек оның жұмысына белсене араласады. 1920 жылдан 1922 жылдың маусым айына дейін Семей губерниялық атқару комитетінің ақпарат-нұсқау бөлімінде нұсқаушы-тексеруші болып қызмет атқарады.

Р.Мәрсек 1922 жылы Кытайға қашады. Сол жақтағы жергілікті ел оны құрметпен қарсы алады. Р.Мәрсектің қашан, қандай жағдайда қайтыс болғаны толық мәлім емес. Бір деректерде «Құлжа түрмесінде өлді» делінсе, екінші бір деректерде «Семей түрмесінде өлген» делінеді.

 

***

Қай халық болса да қазақтан артық туған жоқ. Артылса, озса, ғылым-білім арқасында асып отыр. Егер оқу жолына – партиялық қызығуына кіргендей ұмтылсақ, талпынсақ, жігерленсек біреуінен кем болмауымыз анық.

***

Қай мәселе болса да, қазақтың мұңын жеткізе білерлік бізден кісі табылар еді, бірақ бізді қинайтын жағы пұл бола ма деп қауіп етеміз. Қазақ ынтымақпен іс қылатын болса, пұл да қиын болмас еді. Мұндай іске кісілік көрсете алмаса, қазақтың жұрт болып жер үстінде жүруіне қажет аз.

***

Ендігінің жастары, қазақты ілгері басқызу, адам қылу сендерден болмаса, қырдағы жақсы деген «жақсылардан» үміт аз. Оларға қалған күн қараң.

***

Осы күнде екі жақсының бірі ынтымақта болуы кем де кем болды. Жақсыларымыз жұртына қорған болып, елінің қамын ойлайын дегеннен қалып, мақсұттары бірінбірі мұқату болды, біреу біреуден адал ақысын алып, қолы теңдікке жету деген қалды.

***

Жерімізді қарасақ ұшан-теңіз неше мемлекеттің жерінен көп, бірақ сол жер бізге жетпей тарлық қылып отыр. 40 миллион француздың жері біздің арғын, найман жайлаған жерден көп аз. Соған да сиып отыр. Мұның себебі не? Олар Шөл даладан су шығарған, шөпсіз жерге шөп еккен, мұның бәрі ғылым арқасы.

***

Оқу, оқыту, өнер үйреніп адал кәсіп істеуге қазақ көңіл қойып талаптанса, көзі ашылар еді, сонда қазақ ел болар еді.

***

Ұмтылатын заман келді. Ерлердің қайраты, жақсылардың білімі, елдің елдігі, ынтымағы саналатын жорық болды. Қазағым, ойлан, толған! Ғылымсыз күн – қараңғы түн.

***

Адамға қару-жарақ қандай керек болса, ғылым-білім сондай керек. Жаудан басын, талаудан малын қорғау — құралсыз болмайтын болса, ғылымсыз адамның да қадірі болмай, сөзі тыңдаусыз болмақ. Ғылымсыз халық та осы сияқты саны көп, сапасы жоқ болып, көп болса да, шөп болмақ.

***

Енді ел боламыз, қатарға қосыламыз десек, мектеп, медресені көбейтуге тырысу керек. Партия қуып, қулық, сұмдық сауғанша, баламызды оқытып, жұрт болу жағын көксеу керек, бұл біздің атқаратын зор міндетіміз.

***

Әскерлік қызметін атқару қазақ халқының мойнына міндет болып, низам шығарлық болса, біз атты әскер болуды лайық көреміз һәм қазақ-орыс ретінде қызмет ететін болсақ, мұндағы кейбір ауыртпалықтарды жеңілдету жағын ескертуді тиіс деп табамыз. Соғыс болған уақытта бір үйлі жанда шаруасын басқарарлық бір адамы қалатын болу керек.

***

Қазақтың әдебиеті бүгін кеш жарыққа шығып, жұрттың сынына түсіп тұр. Әдебиет те жас баламен бірдей, сүйеу күтеді. Халық жақсы көзбен қараса, әдебиетке демеу болып, əдебиет өрге басады.

***

Біздің бар қазаққа тараған бір газета, бір журналымыз бар. Бұл екеуі де дүниеге жаңадан ғана келген жастар. Бұлардағы жазған сөздерді оқып өзге халықтың газетімен салыстырып қарасақ, біздің қазақшылығымыздың білінер тұсы бар көрінеді.

***

Адалдық бітіп, кісілік таусылып, нашарлар теңдікке жетпей, малы түгіл қатын-балаға ие болмас заманға біздің қазақ ұшырап тұр.

***

Көшпеліліктен отырықшылыққа айналу өте қиын мәселе һәм тіршілік мәселесі. Бұл мәселе, әсіресе қазақ даласына ішкі Русиядан мұжықтар ағыла бастағаннан бері қиындады.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *