Қазақтың әлімсақтан келе жатқан әдеті ғой, өзге өңірде қандай да бір ортаға тап бола қалсаң, ең алдымен «қай жақтың баласысың?» деп жөн сұрасады. Сонда мен Шығыстан бұрын Шыңғыстайды айтамын. Танысып-білісіп отырайық деген адамым руханиятқа, әдебиетке жақын болсын-болмасын, «ооо, Оралханның ауылынан екенсің ғой» дер еді. Көрдіңіз бе, Оралханды Шыңғыстайсыз, Шыңғыстайды Оралхансыз елестете алмаймыз. Ондайда менің санамда мақтаныштан гөрі жауапкершілік жоғары тұрады. Жауапкершілік деп отырғаным – Оралханның ауылдасы деген атқа лайық болу ғой.Мерей ҚАЙНАРҰЛЫ
Есімде, 1993 жылдың көктемі. Жер дегдіп, елдің бәрі аула сыпырып жүрген. Кешке қарай Шыңғыстайдың шаң көшесімен теңселіп, сары автобус өтті. Қара табан баламыз ғой, автобустың дүрілін ести сала жарыса жүгіріп көшеге шыққанбыз. Бұл жолы Катонмен екі ортада жүретін бескі автобус емес, бөтен еді. Әлгі автобустың ізінше ауылдың үлкендері топтасып-топтасып жоғары қарай беттеді. Сөйтсек, Оралхан Бөкей сонау Үнді жерінде өмірден өтіпті. Ауылымыз үшін ауыр хабар еді. Ауылымыз ғана емес, күллі қазақ жұртының қабырғасын қайыстырды. Біздің үйдің үлкендері де жазушының қара шаңырағына көңіл айтуға жиналған. Сонда Оралханның үлкен апайы – Шолпан інісін ауылына, әке-шешесінің қасына әкеліп жерлегісі келген екен. Алайда жоғары жақтан «Оралхан Бөкейдің ғана баласы емес, халықтың перзенті. Кеңсайға жерленуі керек» деп апайын көндірген көрінеді.
Оған дейін Оралханның ауылға бір келгені еміс-еміс есімде. Қыстың күні бола-тұғын. Ат шанаға жабысып, ауылдың бас жағына шығып бара жатқанбыз. Тізгіндегі жігіт: «Оралхан келіпті ғой», деп күбір етті де, «Амансыз ба?!» деп есігінің алдында жүрген ұзын бойлы, бұйра шашты ағайға сәлем беріп өткен…
Бөкей ақсақал үлкен апамызбен көрші тұрды. Оралханның өзі нағашы апаммен сыныптас. Сонда Оралхан Алматыдан келген сайын сәлем-сауқатын алып, апамның үйіне кіріп шығады екен. Айман екеуі суретке түсіп, тойына шақырған билеті де бар үйде.
«Үркер ауып барады», «Ұйқым келмейді» деген кітаптары да сөреде тізіліп тұратын. Ер жете келе оның бәрін жата-жастанып оқыдық. Өйткені өзіміздің ауылдың күйбең тірлігін, ауыл адамдарын жазды. Алтайды суреттеді. Түсініп, түйсініп оқысаңыз, шығармаларының астарында үлкен мәселе жататын.
Мысалы, «Қасқыр ұлыған түндесі». Оқыған шығарсыз. Сонда «Қазақстанда «Новостройка» деген қала типінде салынып, мәдени тұрмыстық жағынан бүкіл республикаға үлгі болар село бар екен. Бүгінгі сәулетті қоғамымыздың ауыл-селолары барған сайын көркейіп, қаладан еш айырмасы болмай өркендеп, өсіп отырғанын паш ету үшін именно сол селоны насихаттауымыз керек» дей келе автобус бұрылмайтын, клубы жоқ, бастауыш мектебі ғана бар тау қойнауындағы «Өркен» ауылының мәселесін көтерген. «Өркен» деп отырғаны күре жолдың бойынан үш-ақ шақырым жердегі Өрнек ауылы.
Жуықта ғана іссапармен жүріп Өрнекке соққамыз. Әлі сол, жазушының суреттегеніндей, өзгермеген. Жо-жоқ, өзгерген. Өзгергенде қалай?! Жиырма шақты үйден төрт-бес-ақ түтін қалыпты. Бастауыш мектебі қаңырап тұр. Тіпті Оралханның «Новостройка» деп жазған қала типіндегі ауылдың өзі азып-тозып кеткен. Жарайды, ол бөлек мәселе. Оралханға оралайық.
Он бірінші сыныпты бітіріп, Семейге оқуға аттанғанмын. Шежірелі шаһарда Оралхан Бөкейдің болашағына ақ жол тілеп, аттестатын қолына ұстатқан ұстаз, Ұлы Отан соғысының ардагері Жошыхан Қасиманов тұратын. Жошыхан ақсақалды білетініміз, ол Шыңғыстайдың мектебінде алты жыл директор болған. Сол жылдары анам дүниеге келіп, әке-шешесі Жошыхан атаның үйіндегі Бәкиза апаны кіндік шеше етіп атаған екен. Содан бері туыстай араласып-құраласып кеткен.
Алғашқы жылдары Жошыхан атаның үйінде тұрдым. Сонда «Менің кием – Шыңғыстай мен Шыңғыстау. Ғұмырым осы екі ортада өтті… 1962 жылы Оралханға аттестатын табыстадым. Алғыр бала еді, қауып та, тауып та сөйлейтін», деп оқушысын жиі еске алып отыратын.
Сол кездерден бастап шығар, Оралхан Бөкейге қатысты тың деректер болса, естеліктер айтылса, түртіп алып жүруге тырысамын.
Көктемде Алматыдан әдебиетке жақын жүрген жерлес азамат хабарласып: «Осы Оралхан Бөкейдің «Санияз» деген повесі бар ма?» деді. «Жоқ» дедім сеніммен. Рас, естімеппін. Кітапханашылардан да сұрап көрдім… Ертесінде сарғыш тартқан газеттің көшірмесін қоя беріпті. Сөйтсек біз білмейтін «Санияз» деген повесінен үзінді 1969 жылы 20-21 наурызда Қостанайдың «Коммунизм таңы» газетінде жарық көріпті. Яғни Оралханның 26 жасында жазған дүниесі еді. Бірақ ешбір жинақтарына енбеген көрінеді. Кітаптарына кірмеген жалғыз бұл повесть емес шығар, біз білмейтін шығармалары әлі де бар ма деп ойлаймын. Оралханның ақындық, суретшілік қырын да біреуі білсе, бірі білмейді. Суретшілік демекші, екі-үш жыл бұрын Қасқатаудың баурайында елге белгілі суретшілер керілген кенепке этюд жазған. Сонда картинасы ерекшеленіп тұрған соң суретші, журналист Сейсенхан Маханбетті әңгімеге тарттым.
– Жуықта теледидардан Оралхан Бөкейдің жастармен кездесуін көріп пе едің? – деп Сейсенхан аға алдымен өзіме сұрақ қойды.
– Көргенмін, – дедім.
– Сондағы Оралханның әңгімелеріне иллюстрация жасап, жазушыға табыстаған бұйра шашты жігіт менмін, – деді де палитрадағы алқызыл бояуларын араластыра бастаған.
– Сонда Оралхан Бөкеймен жақын араластыңыз ғой, – деп әңгімесін сабақтай түстім.
– Оралханның шапағаты көп тиді маған. Романтик жазушы еді. Мектепте оқып жүрген кезім. Сонда «Мәдениет және тұрмыс» журналына «Қасқыр ұлыған түнде» деген әңгімесі шықты. Ол журналдың тиражы миллионға жуық. Ауылдағылардың бәрі сүйіп оқитын. Сондағы жазушының «Алтайда бір қасқыр қалғанша атамын» деген сөздері қатты әсер етіп, әңгімесіне иллюстрация жасаған едім. Кейін журналистика факультетіне түстім. Бір күні Оралхан Бөкеймен кездесу болатынын естідік. Қуанғанымызды-ай. Біздің факультет тайлы-тұяғымызбен бардық. Оралханмен бетпе-бет кездесу әркімге бұйыра бермейді ғой. Кездесу тамаша өтті. Көкейдегі сұрақтарымызды қойдық. Мен де орнымнан тұрып ризашылығымды білдірдім, әңгімелеріне жасаған иллюстрацияларымды көрсеттім. Содан бастап Оралхан аға мені өзіне жақын тарта бастады. Өзі ешкімге ұқсамайтын. Мінезді, кісілік келбеті жоғары болды. Жазушылардың ортасында ерекшеленіп тұратын. Тұрысының өзі қыр басында тұрған кербұғыдай-тын. Біз кербұғы жазушы дейтінбіз, – деп ақиық жазушыны есіне алды.
Оралханды оқи отырып, сіз де Алтайдың тұмса табиғатын аралап, адамдарының күйкі тірлігіне етене араласып кеткендей болатын шығарсыз. Әсерлі жазды ғой. Біз де болмасақ та ұқсап баққымыз келетін. Тіпті, бұл мақаланы Оралханша жазсам деп ойлағанмын. Оралханша түйдек-түйдек теңеумен Шыңғыстайды суреттегім келген, Оралхандай орамды ой айтқым келген… Әй, қайдам, Орағаңдай тұлғалар ғасырда бір туса туатын шығар.
© egemen.kz