Мұхтар Әуезов нақыл сөздері

Мұхтар Әуезов

Мұхтар Әуезов — 1897 жылы қазіргі Шығыс Қазақстан облысының Абай ауданында дүниеге келеді. Алғашқыда 1908 жылы Семейдегі Камалиддин хазірет медресесінде оқып, одан кейін орыс мектебінің дайындық курсына ауысады. 1910 жылы Семей қалалық бес кластық орыс қазына училищесіне оқуға түсіп, оны 1915 жылы аяқтайды. Содан соң Семей қалалық мұғалімдер семинариясына түсіп білімін арттыра түседі.
Ол 1919 жылдың 1 желтоқсан күні құрылған Семей губерниялық революциялық комитетінің жанынан ашылған қазақ бөліміне қызметке кіріп, кейіннен сол бөлімді басқарды. 1921 жылы Қазақ Автономиясы атқару комитетінің құрамына мүше болып сайланып, онда саяси хатшы міндетін атқарды. Алайда ол партиялық билетін қайтарып беріп, біржолата шығармашылықпен айналысады. Соның арқасында «Абай жолы» сынды құнды көркем шығарма жазды.
Мұхтар Әуезов 1961 жылдың 27 маусым күні Москва қаласындағы Кунцево ауруханасының операция столында қайтыс болады. Оның денесі Алматы қаласындағы орталық зиратқа қойылды.

***
Ал, қазақ, мешел болып қаламын демесең, тағылымыңды, бесігіңді түзе.
***
Кешегі ешкімге бағынбай, елді хан билеп, көсем би билеген заман киіз туырлықты қазақтың тарихында әркімге белгілі бір дәуір. Ол заман өтті. Одан бергі біздің хал — бұлқынбай жатқа бағынудың жолында болды.
***
Нағыз қазақ бірлігі 15 ғасырлар ішінде шықты десек те, сол бірлікті жасаған рулардың көпшілігі ертерек заманда болған – Алтын орда.
***
Қазақ батырлары бәрі бір қалыпқа соққандай, барған жерін қырып келіп, жойып келетін үнемі жолы болып отыратын Хазірет әлі, Сейіт-Батталша батыр емес. Бұларда қазақ мінезі түгел бар деуге болады. Қазақ батырларындағы мақсат – алдымен ұлтшыл болу, одан әрі діншіл болу.
***
Қазақтың ендігі басшысына бірбеткейлік жарамайды, талай бетті қызмет, айла, тәсіл керек.
***
Пайдасыз ұлан байтақ кең жерден – пайдалы, елі жиын, қатынасы оңай аз жер артық. Біздің қазақ – жері алып жатқан сары дала, елі бытыранды, параход, кеме жүретін өзені, көлі аздықтан бір жерімен бір жерінің қатынасы кем…
***
Жұртшылыққа рух ұялайды деген тарих жолы – мысқалдап бойға сіңген ғылым дейміз, сол тарихтың жолы осындай өзгерістерді керек қылып отыр. Біз әлі шикі жұртпыз, талай өзгеріске мойын ұсынамыз, заман еріксіз мойын ұсындырады.
***
Білім – бақтың жібермейтін қазығы, білімсіз бақ — әлдекімнің азығы.
***
Халық пен халықты, адам мен адамды теңестіретін нәрсе – білім.
***
Адамшылықты тез жүргізу үшін көп ой керек, ойлау үшін оқу керек.
***
«Философияның басы – таңдану» – дейді Аристотель. Таңданудан барып адам бірнәрсені тексере ойлайды. Тексерген соң – шынынан бұлдырды айырады.
***
Бұдан былай: қазақ жарға жығылса – обалы, жақсылыққа жетсе – мақтаны – оқыған азаматта. Қазақтың жұрттық қалпын тезге салып, астын-үстіне шығару – шексіз оқығанның билігінде.
***
Әрбір мектеп нағыз ұлт мектебі болуы үшін екі діңгекке тіреледі. Біреуі – сол елдің тілі, екіншісі – тарихы.
* * *
Кімде-кім ана тілін, әдебиетін сыйламаса, бағаламаса, оны сауатты, мәдениетті адам деп санауға болмайды.
***
Көген көз қазағыма қаратып, мінбе құрып, сол мінбеге шығарып: “Ақырғы діліңізді айтыңызшы, Мұхтар!” – десе, тілімнің ұшында жүрген сөз төмендегіше: тас үгітіліп құмға айналады, темір тозады, ұрпақ озады, дүниеде өлмейтін – сөз ғана, халқымызбен бірге жасасып келе жатқан мұра сөзімізді арзандатып алмайық дер едім.
***
Ұлттың тілі – сол ұлттың жаны, жан дүниесі. Ол жүректі соқтыртып тұрған қан тамыры сияқты. Егер де қан тамыры жабылып қалса, жүрек те соғуын тоқтатпай ма?!
***
Адамның жүрегін ағартып, адамшылығын арттырып ақтыққа сүйрейтін үлкен күш – дін. Философия дінмен бастас ғылым.
***
Iшке – айбар, сыртқа — қорған болатын әскерсіз қай жұрт болсын, жұрттығын сақтап ілгері баса алмайды. Онаң соңғы зор керек қазына — пұл. Екеуі де жуырда көңілдегідей бізде болады деуге болмайды.
***
Ерлік – бірдің үлгісі емес, бардың үлгісі.
***
Ер – ертегіде ғана емес, қас батыр – қасыңда. Өз ішіңде, өз бауырыңнан шығады. Қаулап шығады.
***
Әділет тілесе — атаңның болсын айыбын айт.
***
Қазақ – өз күлдіргі күлкісі мол мысқыл, мазақшыл ел. Оған күлкі, әңгіме жат емес.
***
Сымбатты өнер болмаған елде – мағыналы тіршілік жоқ, қандай қауым, қандай тапты алсақ та, қаны мен жанының суретін өнер айнасына түсірмей отыра алмайды. Өнерден қуат алмаса, тіршіліктің шырағы өшеді.
***
Жалпы музыка атаулы нәрсе елдің сезім байлығы мен ішкі жаратылыс қалпын білдіретін болса, солардың ішіндегі ең толғаулы, ең терең сырлысы – күй. Күйдің тіліндей бай тіл қазақтың әнінде жоқ.
***
Әміре мен Исаны күнде тыңдап, күнде көріп, бірде сөгіп, мінеп, бірде болымсыз сөзбен жұбатқан болып, әрлі-берлі қақпайлап жүрген біз сияқты қала адамы, оқыған қазақ – олар туралы соңғы сөз айтудан бұрын қалың қазақ тыңдаушысы не айтатынын еске алуымыз керек.
***
Жалпы пьеса деген – түр-тұлғасымен пьеса. Тұлғасы толық, тұрманы түгел адам болмаса – пьеса өз түрінен айырылады, өңі қашады.
***
Үлкен образ – үлкен ойдың туындысы. Біз сол үлкен образ жайындағы әңгімеге келетін болсақ, үлкен образды іздеп жүрген адамдарымыз кем. Жақсы әдебиет — заманының үлкен адамының жинақты образын беру арқылы жасалу керек.
***
Ән – ғасырлар түкпірінен қайғылы хал баянын бізге жеткізді.
***
Халық фольклорының топырағына аяқты тіреп, алға секіруіміз керек. Халық фольклорының ғана мақсаты емес, біз халық әдебиетінің барлық жақсы қасиеттерін өз бойымызға сіңіріп алуымыз керек.
***
Ақыннан оқушының, сынның, жұртшылықтың қолқасы не? Аз айт, көп айт – есте қаларлықтай айт. Бой шымырлата айт, ой сала айт, толғана айт, толғанта біл.
***
Қазақтың еңкейген кәрі, еңбектеген жасына түгелімен ой түсіріп, өлім ұйқысынан оятып, жансыз денесіне қан жүгіртіп, күзгі таңның салқын желіндей ширықтырған, етек-жеңін жиғызған «Қазақ» газеті болатын.
***
Әрине, тән қуатты болса, жан қуатты, ажарлы болады. Нашар жаннан — осал мінездер туады.
***
Біздің ой буынымыз қатпай тұрған бала күнімізде ең әуелі елжіреп сүйетін кісі кім? Ол – анамыз… Бұлай болғанда біз адамшылығымызға ірге болатын құлықты әкеміз қандай ғалым болсын, қой сауып, тезек теріп жүрген анамыздан аламыз.
***
Адамды хайуандықтан адамшылыққа кіргізген – әйел.
***
Әйел түзелмей мәдениет көркеймейтініне, әйел халін түзетпей қазақ басына бақыт орнамайтынына әркімнің көзі жетер.
***
Ой да көп, уайым да көп — ойлай берсең, Ой да жоқ, уайым да жоқ – ойнай берсең.
***
Маңына ұрық шашпаған – жақсылық жапанда жалғыз өскен бәйтерекше тұл болады да қалады.
* * *
Өнерпаз болсаң – өр бол.
***
Бөрінің артынан бөлтірік ақылды болғандықтан ермейді.
***
Жігіт қадірі өнерімен өлшенер.
***
Жалған намыс – қасиет емес, ар сақтаған – қасиет.
***
Азамат сыны – ерлік, ерлік сыны – елдік.
***
Адам көркі – ақыл.
***
Жігітті жылы сөз ширатпайды, қатты сын ширатады.
***
Адам ірілігі бір сипат емес, ішкі-тысқы сан сипат қасиеттерінен құралады.
***
Тумай жатып – толдым деме, толмай жатып — болдым деме.
***
Қызғаныш – құрт ауруы, мыс қазанда қайнайтын азап оты.
***
Ар жазасы – бар жазадан ауыр жаза.
***
Жауға — жалынба, досқа – тарылма.
***
Амал: кіжіну бар, килігу жоқ.
***
Кыл өтпестей татулықты бір ашуға сатпас болар.
* * *
Қол жетпес шыңыраудағы су болғанша, пайдасы көпке тиетін жайдақ су болған жақсы.
***
Көбікті толқын санама.
***
Тамыр болдың – айтыс жоқ, қолдан бердің – қайтыс жоқ.
***
Аузымен айды — алып, қолымен — қосаяқ соға алмайтын жандар бар.
***
Бас асауға – жез ноқта.
***
Кісінің бір айыбын маған айтқан адам – менің жүз айыбымды кісіге айтар.
***
Сын — шын болсын, шын сын болсын.
* * *
Іздессең – табарсың, алыссаң – аларсың.
***
Еркін екем деп – ерсі кетпе.
***
Еңбек шыққан жерден – төзім де шығады.
***
Күшіңе сенбе, адал ісіңе сен.
***
Қай істің болсын өнуіне үш шарт бар: ең әуелі — ниет керек, одан соң – күш керек, одан соң – тәртіп керек.
***
Тартыспен түскен, бейнетпен келген жақсылық қана — шын мәнінде қымбат табыс.
***
Адам баласы, әсіресе, надан, еңбексіз болса – құлқынына құлдығы күшең болмақ. Сондықтан тамаққа адамшылдығын айырбастайтындық – әр кедейдің жұмысы.
***
Егер сол кедейдің ешкімге жалынбай, өз қорегін өзі тауып отыратын қаракеті болса, оның адамшылығы басқарақ жолда болар еді.
***
Қазақ: «От пен су – тілсіз жау» – дейді. Бұл бір жағынан, дұрыс та, екінші жағынан, дұрыс емес. Жалғыз от пен су емес, жаратылыстың қайсысын алсақ та тілін білсек – құлымыз да, тілін білмесек – жауымыз.
***
Берекені көктен тілеме, еткен еңбектен тіле.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *