Мұхаметжан Тынышбай нақыл сөздері

Мұхаметжан Тынышбай

Мұхаметжан Тынышбай – 1879 жылы қазіргі Алматы облысының Қабанбай ауданында дүниеге келген. 1900 жылдары Верный ерлер гимназиясында оқып, оны үздік бітіріп шығады. 1900-1906 жылдары Санкт-Петербургтегі I Александр атындағы жол қатынасы инженерлерін даярлайтын институтта оқып, оны үздік бағамен бітіреді. М.Тынышбай 1905-1907 жылдары Ресей империясының қоғамдық саяси өміріне белсене араласа бастайды. 1907 жылы Ресей ІІ-ші Мемлекеттік Думасына Жетісу облысынан депутат болып сайланады. 1917 жылы Уақытша үкіметтің Түркістан комитетінің мүшесі, сонымен қатар осы үкіметтің Жетісу облысындағы комиссары болып тағайындалады. Аталған жылы Алашорда үкіметінің мүшелігіне сайланып, ұлт мүддесі жолында аянбай еңбек етеді.
1919 жылы Бүкілодақтық Атқару комитеті бұрынғы алашордалықтарға кешірім жариялағаннан кейін, ол әртүрлі салада еңбек етеді. Алайда 1930 жылы тұтқындалып, бес жылға Воронежге жер аударылады. Алаш ардақтысы 1937 жылы Ташкент түрмесінде «Халық жауы» деген желеумен ату жазасына кесіледі.

***
Қазақтар орыстың қол астына кірген кезде: ешқашан да орыс халқының әулеті ішінде аналық қамқорлыққа және Ресей тарапынан жылы лебізге титтей де қүқы жоқ өгей бала секілді боламыз – деп ойлаған жоқ.
***
Қазақтар орыстың қол астына кіргеннен бері бір де бір шуақты жарқын күн, бақытты сәт болған емес! Coдан бері ешкім де, шын мәнінде ешбір адам қазақтар үшін сәл де болсын игілікті іс, немесе сол игі іске ұқсас бірдеңе істеу туралы ойлаған да жоқ.
***
Үкіметтің нені көздегені белгілі: біріншіден, жабайы да тағылық репрессия жүргізу және тіл, салт-сана, дін Һәм руханият атаулыны орыстандырмақ, екіншіден, түрлі әкімшілік шаралармен, әкімдермен, ережелермен қазақты құқықсыз, заңнан тыс етпек, үшіншіден, оларды қаны сіңген, сүйегі көмілген, өз жерінен айырып, шөлшөлейт жерге қуып, өлім құшағына тапсырмақ. Міне, қазақ бұрынғы дербестігі мен еркіндігінің орнына, орыс бодандығына қантөгіссіз кіргендігінің ақысына жалғанды.
***
Түркістандағы орыс тұрғындарының 90 пайызы Жетісу жеріндегі толқулардың себебін көп ойланып жатпай-ақ түркі және герман үгіттеуінен көруі дұрыс емес, шындығында оның себептері қырғыз, қазақтарды ата қонысынан, жерінен айырған – отарлау саясаты мен патша жендеттерінің жасаған түрлі зорлықтары және де үлкен көтерілістерді ұыймдастырар үгітшісінің жоқтығы еді.
***
Қазақ даласы әкімшілік және сот жағынан алғанда жүз ойланып, мың толғансаң да қиял жетпейтін алақұлалық пен ақымақтыққа толы екенін көреміз. Бір тілде сөйлейтін, біртұтас әдет-ғұрпы мен тарихы бар, бір дінге сенетін тұтастай халықты басқарудың осындай өмірге икемсіз, қолайсыз жүйесін жүзеге асыруда өкіметтің неге сүйенгендігі бізге тіпті де түсініксіз және де өкіметтің өзі де ешқандай дәлел айта алмас деп ойлаймын.
***
Үкімет тарапынан қазақтар: қуғын-сүргінді, өз дінін пайдалану еркіндігіне жасалып отырған қысымды, саяси құқыларының аяқ асты етілуін көріп қана отырған жоқ, олар сонымен бірге экономикалық салада да үлкен зұлымдықтарды бастан кешіп отыр.
***
Жер мәселесі қазақтар үшін сөз жоқ ең маңызды: бұдан әрі жерді тартып алып, олардың мүдделерін аяқасты қылатын болса, тыныштық болады деп кепілдiк беру қиын. Үнсіз дүрсіл күннен-күнге күшейіп келеді және кей жерлерде қазірдің өзінде-ақ ашық толқуларға ауысуда. Міне, бүкіл қазақ халқын тұтастай правосыз дала пролетариаты күйіне жеткізген үкімет саясатының жалпы және қысқаша сипаты осы!
***
Авторлар қырғыздар туралы әр түрлі деректерден «қазақ» деген сөзді ғана іздестіріп, олар әр қилы кезеңде әр түрлі түркі-моңғол тайпалары қосылған негізгі тайпа деп есептеді, солай дей отыра оның ешқайсысы да қазіргі кезеңде бұрыңғы қазақтардың ұрпақтары қай қырғыз рулары болатынын анықтау мәселесімен айналысқан жоқ.
***
Қазақ халқының әрбір руынын генеалогиясын алдын-ала зерттемей, сондай-ақ, оның қай кезде кіммен қақтығысқанын анықтап алмай, қазақ халқының тарихи тағдырының жалпы бітімін елестету мүмкін емес.
***
Жат сөздер тілімізге екі жақтан кіріп жатыр. Бірі — араб, парсы сөздері, молдаға оқығандар, екіншісі – орысшаға оқығандардың еуропалық сөздері.
***
Тарих жолымен жер жүзіндегі жұрттар екі бөлінеді: өнерлі, талапты, қатардан қалыспаған жұрттар. Бұларды тарихи жұрттар деп атайды. Еуропа һәм Азия халықтар, Америка және Америкадағы өнерлі халықтар (еуропалық тұқымдары) – бұлар тарихи жұрттар. Екінші: неше мың жылдардан бері бір қалыпта тұрған, ілгері баспаған, аң сияқты халықтар – тарихсыз халықтар. Африкадағы зәңгілер, америкадағы үнділер, Австралия жақтағы малайлар – бұлар тарихсыз жұрттарға жатады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *