Міржақып Дулатұлы нақыл сөздері

Міржақып Дулатұлы

Міржақып Дулатұлы – 1885 жылы қазіргі Костанай облысының Жангелдин ауданында дүниеге келген. Бала Міржақып 1897 жылы Торғайдағы екі сыныптық орыс-қырғыз школына қабылданып, онда бес жыл оқиды. 1902-1904 жылдары Торғай уезінде мұғалімдік қызмет атқарады.
Міржақып Дулатұлының 1909 жылы «Оян, қазақ!» деген атпен атақты кітабы шығады. Сондай-ақ ол «Қазақ» газетінің жалпыұлттық басылымға айналуына айрықша үлес қосады. Бұдан бөлек 1917-1919 жылдары «Алаш» партиясы мен Алашорда үкіметінің белді мүшесі болады. Кеңес үкіметі орнаған соң ол елдегі әр түрлі газет-журналдарда қызмет жасады. 1921 жылы Қазақ мемлекеттік баспасының бөлімін басқарады. Қайраткер 1922-1926 жылдары Орынборда Қазақ халық ағарту институтында (КИНО, 1920 жылы ашылған) ұстаздық етеді.
Кеңестік тоталитарлық жүйе Міржақыпты 1928 жылы тұтқындап, 1930 жылы Ақтеңіз-Балтық каналының жұмысына жер аударады. Алаш ардақтысы 1935 жылы 5 қазанда Сосновец жерінде дүние салды. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін алаш ардақтысының сүйегі туған жерге әкеліп жерленді.

***
Жақсы болу үшін депутат болу шарт емес. Депутат болу үшін жақсы болу шарт. Депутат болған кісі абыройлы, жақсы болатын болса, жұрттың алдына Алла бергендер түсетін еді.
***
Халыққа қызмет етемін деген кісіге бәрібір: депутат бол, газет шығар, бала оқыт. Өзгеміздің бәріміз сай болып, жалғыз депутаттыққа қарап тұрған іс жоқ. Халқың надан болса, мың депутатың болсын, онан пайда жоқ. Депутаттықты таңсық көрiп атағына қызығып, яки, бәсеке үшін баратын кісі болмасқа керек.
***
Үш жүздің баласы бәрің де қазақсың. Алған бәйгең қазақтікі болады. Алдырсаң да қазақты алдырасың.
***
Орыстың атты әскері «казак» атанғандықтан, біздің қазақ өзінің атынан айырылып «қырғыз» атанып жүрмекші емес. Қияметке шейін қазақ – қазақ болып жасамақ.
***
Тіршілік – бәсеке, жарыс. Дүние – бәйге үйретуші. Озғанға қарай бәйге береді. Жарыстың алды болып келген, бәйгенің алдын алады, ортасы болып келген, ортасын алады, соңында қалған бәйгеден тіпті құр қалады.
***
Дүниенің ісі осылай болған соң: адамнан адам, жұрттан — жұрт, ұлттан – ұлт озсам дейді.
***
Қайыршылықпен күн көремін деген — оңбайтын адамның ісі, сұраумен молығамыз деген — оңбайтын адамның ісі. Біз осы күнге шейін сұраумен келдік, берер деген үмітті бақтық. Сұрағанымыз көп, алғанымыз қанша, есепке салып байқау керек емес пе? Сұрауымыз көп болып, алғанымыз жоқ болса, сұрауда не мағына бар?
* * *
Біздің ойымызша, халық пен үкіметтің пікірі бір жерден шыққан істен артық нәрсе болмаса керек.
***
Азаматтар адал көңіл мен жұрт жұмысына жабылса, ұлтын тура жолға бастаса, халық өз азаматтарын өз жұмысына керек қылып жұмсауды білсе, қазақ жұрт қатарына кірмей қалмауды білмес. Істей білсек, жұрт бізді жұмсауды да үйренер.
***
Әр істің бағыты оң болса ғана, ерушісін адастырмайды. Өзі қайда бара жатқанын білмеген адамның етегін ұстаушылар қайдан жол табады? Жақсыны – жақсы, жаманды – жаман деу, біреуді асырып мақтаған, иә, кемсітіп жамандаған болмайды.
***
Басқаның айтқаны, айдағанымен жүріп, өз қамын өзі ойламаған жұрттың күні – қараң.
***
Адам баласы үмітпен жасайды. Кімде-кім істеген ісін аңғарып, түскен бағытына, иеленген пікіріне иман келтірумен жасағанда ғана, көздеген мақсатына жетуге болады. Кешегісін ұмытқан, бүгінгісін сезбеген, ертеңгісіне қайғырмаған адам кімге басшылық қылады.
***
Біз өз жұртымыздың тіл салтына, заңына түссек, елге жылдам жақындасамыз, елге жанасқан сайын ел ағартқан іс гүлдейді.
***
Заман бұл күйде тұра бермес, түстен кейін болса да халықтың есі енер. Алды-артына қаранар. Сонда кім дос, кім қас екенін байқар. Кім жұртты бүліншілікке салмау жолында, кім елдегі момын шаруаны желуаз ғып, аспандағы айдан дәмелі қылып жүргенін аңғарар. Аз күнге халық шыдаса, біз де шыдадық.
***
Егер біздің қазақ земство ісін жақсы басқарып кетсе, өз алдымызға мемлекет боламыз деуге де жарайды. Мұның үшін земство – қазаққа үлкен емтихан. Егер земство ісін жақсы басқара алмасақ, өз алдымызға мемлекет боламыз деу – әдемі түс. Түс көрмей, іс көрсек – мемлекет боламыз деп сонда ғана айтуға болады.
Автономия алу мемлекет болумен бірдей. Біз енді өз алдымызға мемлекет боламыз деп тұрмыз. Бірақ «боламыз» бен «болудың» екі арасы жер мен көктей. Сондықтан боламыз деген соң, болуға аянбай қам қылу керек. Боламыз деп бола алмай қалсақ, дүниеде онан асқан қорлық жоқ, кез-келгеннің қолында кеткеніміз.
***
Алашорданың көркеюі, Алаш автономиясының тез жарыққа шығуы алдымен екі нәрсеге байлаулы: милиция және һәм қазына. Соның үшін Алаш орданың алдымен қолға алатын қызметі милиция һәм ұлт қазынасы болды.
***
Земствоның — бір кішкентай бөлігі — автономия. Земство істерін жүргізе білуіміз автономияны іске асырумызбен байлаулы.
***
Қазақты ілгері сүйреймін деген кейбір азаматтар қазақ өз алдына мемлекет болсын дейді. Қазақтың көркеюін, өз алдына мемлекет болуын тілемейтін қазақ болмас. Бірақ, тілектің де тілегі бар. Аспандағы жұлдызды алып бер деп қыңқылдайтын баланың еркелігі де өзінше тілек. Бұл екі тілектің арасы жер мен көктей.
* * *
Әрбір адам шенеунік болуы мүмкін. Бірақ, әрбір шенеунік қазақ бола алмайды.
***
Шындығында, біздер халықтың басын бəске тіккіміз келмеді. Халық тағдыры карта ойыны емес.
* * *
Адассам – халқыммен бірге адастым, сәулесі жарық жолға ұмтылсам – ұлтыммен қосыла ұмтылып бағамын.
***
Шынын айтқанда, күні кеше бәріміз де ұлтшыл емес пе едік? Қазақ оқығандарының ең әуелгі тобы ұлтшылдар емес пе еді?.. «Мен əлімсақтан бері коммунист едім… мен 1905 жылдан бері партияда едім…» – деушілердің ертегісі біздің құлағымызға кіріп те шықпайды. Ат сыры иесіне мәлім. Біз білмейтін қазақтың сыры жоқ! Ал ұлтшылдарымыз қанша еді? Шын ұлтшылдың өзі аз еді. Ұлтшыл еместердің көбі өзімшіл, дәреже құмар, парашыл, шағымшыл, зорлықшыл еді.
***
Ұйымдаспаған халық, ұрандаспаған топ — мақсатына жете алмайды, көрінгенге жем болады, кез – келгенге құл болады.
***
Бізді ұлтшыл қылған нәрсе – біздің кемдiкте, қорлықта жүргендігіміз, көрінгеннен соққы жегендігіміз еді.
***
Партияға кіргісі келген, портфель алғысы келген кейбіреулер, ішінен жек көрмесе де, Алашорданы боқтаумен карьера істейміз деп сенетін болды.
***
Үкімет халыққа таянып іс қылуға тиіс. Үнемі үкіметке сүйенген халық ілгері баса алмайды.
***
Саясат жөнінде жұрттың бәріне ұстаз — Еуропа халқы. Біз өрнекті Еуропа халқынан алуға тиістіміз. Бірақ аз уақыттың ішінде қанша сүйрегенмен жалпы жұрт Еуропа болып кете алмайды.
***
Дүниеде 11 миллион еврей бар: өнерлілігі, өткірлігі арқасында бұлар еш халықтан кем емес. Еврейлердің көрген қысымшылығының мыңнан бірін қазақ көрсе, әлдеқашан дүниемен қош айтысқан болар еді. Олар аздығына қарамай азуы алты қарыс жұрттармен жағаласып, теңдікке жетіп жүр.
***
Неміс халқы жалғыз өнер-білімге, күш-қуатқа ғана бай емес, әдіс-айлаға да жұрттан асқан жетік. Соғыс басталғаннан бері бір жағынан жауларын әскер күшімен жеңсе, екінші жағынан, әдіс-айламен меңдетіп келеді.
***
Өзгелерден кем болмай, тең боламын деген жұрт — қатарынан қалмасқа тырысады. Тең болғанда: адам болсын, жұрт болсын — білімі, өнерімен тең болады. Қалыспаймын дегенде осылармен қалыспасқа тырысады.
***
Жалғыз сүйеніш, жалғыз үміт — оқуда. Теңдікке жетсек те, жұрттығымызды сақтасақ та, дүниеден сыбағалы орнымызды алсақ та, бір ғана оқудың арқасында аламыз. Жақсылыққа бастайтын жарық жұлдыз – оқу.
***
Оқытудағы мақсат – жалғыз құрғақ білім үйрету емес, біліммен бірге жақсы тәрбиені қоса беру.
***
Тілдің мұңы: Мен заманымда қандай едім? Мен ақын, шешен, тілмар бабаларыңның бұлбұлдай сайраған тілі едім. Мөлдір судай таза едім. Енді қандаймын?
***
Байлық пен білім бірдей керек.
***
Бөтен жұрттармен араласқан, бөтен жұрттардың оқуын оқыған адамның тілі бұзылмасқа амал жоқ.
***
Егер қазақ халқы таршылықтан қырғындық тапса, қабір басындағы тастарға молланың не қажеті бар, намаздың не қажеті бар?
* * *
Құдай не жазса, соны көреміз деу – соқырлықтың белгісі. Тағдырдың жазғаны болар деу – ақымақтықтың белгісі. Адам не тілесе, құдай соны тағдыр қылмақшы.
***
Біз мұсылман екенбіз. Құдайдан тілейді екенбіз. Дұрыс-ақ. Бірақ бізден басқа мұсылмандар құр тілекпен отыр ма? Жер жүзінде 300 миллионнан астам мұсылман бар. Олардың ішіндегі зор мемлекет – Түркия. …Біз не қылып отырмыз? Біз жан-жақты Жасағанға күзеттіріп қойып отырмыз.
***
Біз басымызға түскен таршылықты бұрынғы бабаларымыздан көретін едік. Солар біздің қамымызды жеген болса, біз мұндай қорлықта, тарлықта жүрмес едік деуші едік. Кейінгі буынның ата-бабасы – бүгінгі тірі жүрген біздер. Біз келешекті ойламасақ, кейінгі нәсіліміз бізді қарғамай ма? Алла құзырында, тарих алдында біз жауапкер емеспіз бе?
***
Бұл заманда әскері жоқ жұрт – жұрт емес, құл. Біз қазір екі жолдың тарауында тұрмыз. Қайсысына түсетін болсақ ерік өзімізде. Бір жол – құлдық жолы. Әскер деген сөзден бұрынғыдай ат тонымызды ала қашатын болсақ, осындайда жігімізді ашып жер-суымызды қорғап, билігімізді өзіміз алып қалмасақ, күні ертең бізді алдына салып айдап жүруге ие табылады.
***
Милиция неге керек? Атасы басқа елдермен көрші болып отырмыз. Солардың бұзақылары бізге тимеу үшін керек. Ел ішінде жүгенсіздік шыға қалса, солардан елді қорғау үшін керек.
***
Әскеріміз болмаса, қазынамыз болмаса біз автономия ала алмаймыз. Автономия алмасақ, жұрт бола алмаймыз. Қайтсек жұрт боламыз дегенді ойласақ, жауап біреу-ақ: Әскеріміз болса ғана жұрт боламыз.
***
Сот түзелмей, халық түзелмейді. Сот халықтың жайын, салтын, рәсімін, тілін білмесе, сот емес, ол – сор.
***
Законның мағынасы – әдет-ғұрып, рәсім деген сөз. Закон әдет-ғұрыпқа қайшы келсе, үлкен аяққа тар етік кигізгенмен бірдей.
***
Сот жат тілде болса, жұғымды болмайды, әсіресе, жас балаларға түсінікті болмайды.
***
Біреудің кітабын сынағанда шығарушының кім екенінде жұмысы болмауы тиіс.
***
Сот қызметкері туралы біздің алдымен қоятын шартымыз – тазалық болуы керек. Тазалығы болмаған адам, мейлі, данышпан болсын, мейлі, кім болса, ол болсын, ешкімге опа бермейді.
***
Сот қызметкерлері өз елдерінде болмау керек. Өз елінде, өз ауданында тұрған адамның туысқаны, құдандасы, тамыр-танысы, дос-дұшпаны, партияласы болмай қоймайды.
***
Тарихы, әдебиеті жоқ халықтың дүниеде өмір сүруі, ұлттығын сақтап, ілгері басуы қиын. Әдебиеті, тарихы жоқ халықтар басқаларға сіңісіп, жұтылып, жоқ болады. дай жұрттың болса да жаны – әдебиет. Мансыз тән жасамақ емес.
***
Жазушы да – суретші. Жақсы суретші адамның сыртқы түрін айтпай сала білсе, жақсы жазушы да адамның ішкі сырын, мінезін, әдетін бұлжытпай көрсете біледі, оқығаныңда көріп тұрғандай боласың.
***
Қай жұрттың баспасөзі мықты болса, сол жұрттың өзі де күшті.
***
Мәдениетіміздің қаншалық ілгері басқанын, иә, кері кеткенін көрсетіп отыратын қатесіз өлшеуіштің бірі – газет.
***
Шын қазақша жазылып, тіл мәселесін қолына ала туған осы «Қазақ» екенін ешкім бекер дей алмас. Бұл неден? Әрине, шығарушыдан – дейміз.
***
«Қазақ» газетінің басына үй сүгірет орнатуда мынадай мағыналар бар еді: Киіз үй – киіз туырлықты қазақ халқы. Үйдің түндігі ашық, есігі жабық болуындағы мағына: түндік жарық беретін жол, есік түрлі заттар кіретін жол дегендік. Жарық жолы ашық, еркін болсын, түрлі заттар кіретін жол есігі еркін болмасын делінген еді. Түндіктен түсетін жарыққа өнер-ғылым енгізілген еді. Түндік күнбатыс жағынан ашылуы өнер-ғылым Еуропа жағында күшті болған себепті қазақ ішінде Еуропа ғылым-өнері тарасын деген мағына еді. Үйдің есігі қазақ деген сөзден жасалған. Ондағы мағына «Қазақ» газеті қазақ жұртына әрі мәдениет есігі болсын, әрі сырт жұрт жағынан күзетші болсын делінген еді.
***
Халықтың мәдениет жолында ілгері басып, ел қатарынан қалмасына себепші болатын нәрселердің бірі – баспасөз, яғни, газет-журнал, кітаптар екендігі шексіз.
***
«Қазақ» газеті – әуелі тез ойланып, тез дүниеге шыққан істің бірі, екінші, пұлмен емес, тәуекелмен бастаған істің бірі.
***
«Қазақ» 5 жылдық ғұмырында ешкімге жала жапқан жоқ. «Әкесі өлгенді де естіртеді» дегендей, ешкімнің айыбын жасырған жоқ.
***
Өзінің тарихын жоғалтқан жұрт, өзінің тарихын ұмытқан ел қайда жүріп, қайда тұрғандығын, не істеп, не қойғандығын білмейді, келешекте басына қандай күн туатынына көзі жетпейді. Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
***
Кейінгіге ғибрат аларлық үлгі тастап кетіп, алғыс, рахмет алармыз ба? Жоқ, далаға лағып, жөнсіз кетіп, қарғыс, лағнет алармыз ба? Кеудесінде көзі бар адам көп ойланарлық жұмыс. Тарих — түзу жөн үйретуші. Тарих – түзушіліктің кітабы. Тарих — тіршілікте жолбасшы дейтініміз осы.
***
Тарих дейтін – бұрынғы өткен заманның жайынан сөйлеп тұратұғын, бұрынғы өткен кісілердің ісінен хабар беретұғын бір ғылым. Қазақтың көбі оны «Шежіре» деп атайды.
***
Қазақ – Х ғасырдың ар жағында көп заман бұрын өзінің хандары болып, өзін-өзі билеген, ежелден қазақ атанған түркі жұртының бір тарауы.
***
Бір жақсы нәрсенің қолға түсуі, жаман нәрседен гөрі қиынырақ болады.
***
Өткенге өкінуден пайда жоқ. Тек сол ғапілдіктен ғибрат алып, өзімізден кейінгі жас буынның қамын жеп, қайғысын ойлайық, көз жасына қалмалық.
***
Жақсы істен – жақсылық, жаман істен – жамандық тумақшы. Бұрынғының: «Не ексең – соны орасың» — деген сөзінің терең мағынасы осы.
* * *
Біздің қазақ жалқаулықтың үстіне «ақсүйек» келеді, қара қызметке кіруге арланады. Азырақ оқыса, көзіне «төрелік» елестей бастайды. «Жарлы болсаң, арлы болма» – деген мақал қазақтан шықса да, біздің жарлылар тым-ақ арлы.
***
Қайдан өрбігенін, қайдан өскенін ата-бабалары кім болғанын, не істегенін білмеген жұртқа – бұл талас-тартыс, тар заманда арнаулы орын жоқ.
***
Біреудің көрнеу жауыздығын айтпаудың өзі — жауыздық. Біреудің ұрлығын біле тұрып айтпасаң, сен өзің ұрысың.
***
Бүкіл халықтың тәрбиесі – әйелдің қолында. Әйел – халықтың анасы. Тәрбиесіз ананың өсірген баласы қандай болмақ? Күңнен ер көңілді, кең пейілді азамат қалай туады? Күңнен құл тумақшы емес пе?
***
Адамның алдымен адам сипаты болуы шарт. Өзінен басқаның тілегін тілей алмаған, арын, иманын жеке басының пайдасы үшін қысқа күнде қырық сататын соғылғандардан – қаны тамып тұрған ұлтшыл артық.
***
Жалпы, мұсылман жұрттарына ортақ, жылына екі рет келетін ораза, құрбан айттарын есепке алмағанда, біздің қазақ-қырғызда жалғыз-ақ мейрам бар, ол – Наурыз. Наурыз – қазақтың шын мағынасындағы ұлт мейрамы.
***
Құдайдың әмірімен қазір де Хожа Ахмет Иасауи хазретлері қабірінен тіріліп шықса, қазақ халқына дін үйретпес еді. «Өздерің де мұсылман екенсіңдер», – деп, дүлділіне мініп алып, Қара Еділден — Алатауға, Омбыдан — Әмударияға шейін қазақ бар жерді аралап: «Тез жұрт салып, шәһәр болыңдар, егін саймандарын алып, жер жыртыңдар», – деп жар салар еді.
***
Әр елдің қолданған салт-санасы сол елдің кәсібімен байлаулы. Салт-сананың негізі — елдің қолданған кәсібінде.
***
Қай істің болса да негізі түзелмей – өзі өркендемек емес, көштің беті түзелмей – болжаулы жерге жетпек емес.
* * *
Салт-сананың нағыз тетігі – ғылым емес, кәсіп жасау. Елдің қолданған кәсібі, кәсібінің түрі өзгермей, құрғақ ғылым салт-сананың өзгеруіне артық себеп бола алмайды.
***
Тұрмыстың тетігі – кәсіпте, кісінің ақылын да, мінезін де, тәрбиелеп шығатын – оның қолданған кәсібі. Бұл тұрмыстың негізгі заңы, аспанның астында бұл заңға бағынбайтын жан жоқ.

 

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *