Мағжан Жұмабай нақыл сөздері

Мағжан Жұмабай

 

Мағжан Жұмабай — 1893 жылы қазіргі Солтүстік Қазақстан облысы, М.Жұмабаев ауданында дүниеге келген. Төрт жасында ауыл мұғалімінен хат танып, сауат ашады. 1905-1910 жылдары Кызылжардағы медресеге оқып, оны жақсы үлгеріммен бітіреді. Сондай-ақ ол 1910 жылы «МедресеҒалияда», Омбыдағы Мұғалімдер семинария сында білім алады. Ақынның 1912 жылы Қазан қаласында «Шолпан» атты тұңғыш жинағы басылып шығады. Сондай-ақ ол 1917 жылы «Алаш» партиясы мен Алашорда үкіметін құруға белсене қатысып, «Бостандық туы» газетінде жұмыс істейді. Бұдан бөлек «Шолпан», «Сана» журналдарында, «Ақжол» газетінде қызмет атқарып, біраз дүниелерін жарыққа шығарады.

М.Жұмабай 1929 жылы «Алқа» атты жасырын ұйым құрды» деген айыптаулармен 10 жылға сотталады. 1936 жылы М.Горький мен Е.Пешкованың араласуымен аз ғана уақыт бостандық алады. Алайда ол 1937 жылы қайта қамауға алынып, 1938 жылы ату жазасына кесіледі.

 

***

Осы күнгі түрік тілдерінің ішінде қазақ тілінен бай, орамды, терең тіл жоқ. Түрік тілімен сөйлеймін деген түрік балалары күндерде бір күн айналып қазақ тіліне келмекші.

***

Бала тілінің дұрыс өркендеуінің бірінші шарты – балаға сөзді бүзып сөйлемеу керек.

***

Әрбір ел келешегіне негізді балаларын тәрбиелейтін, даярлайтын мектебін де салмақ. Бір елдің тағдыры – мектебінің құрылысына байланысқан нәрсе. Бұл – ескірмейтін игі сөз, өзгермейтін бір шындық.

***

Қазақтың тағдыры, келешекте ел болуы да мектебінің қандай негізде құрылуына барып тіреледі. Мектебімізді таза, берік, һәм өз жанымызға (қазақ жанына) қабысатын, үйлесетін негізге құра білсек, келешегіміз үшін тайынбайақ серттесуге болады. Сондай негізде құра алмасақ, келешегіміз күңгірт.

***

Оқу құралдарының құралатын негізі – мектеп. Оқу құралдарының мінезі – мектеп мінезінің айнасы.

***

Адамзат өсіп-өну тарихында не істесе, бір адам да өсіп-өну тарихында соны істейді. Тарих таңында жалаңаш, тағы адамды — жан, ақыл билеген жоқ, дене биледі. Бері келе-келе жан мен ақыл денеден тізгінді ала берді.

***

Тегінде, әдебиет — көктен түсетін пайғамбарлық емес. Әдебиет — елдің жанында жүре бастаған толқындардың жарыққа шыққан жаңғырығы.

***

Оқушылар бұрынғы ақындардың бәріне: қанша ақындығы күшті болғанымен, мақтауға тұрса-тұрмаса да байды, мықтыны мақтамайтыны жоқ – деп қарайды. Бұл пікірде бірталай қате бар. Тегінде, ақын біткеннің бәрі мықтыны, бай біткеннің бәрін мақтай берген емес. Шын ақындар өздерінше мақтауға тұрарлығын ғана мақтаған.

***

Адам жанын байлап машинаның құрбаны қылуға ұмтылу – адамзат дүниесінің соңғы ауруы.

***

Елге еңбегін сіңірген әр қымбат. Ердің елге бағасы – қаны бір болуда емес, жаны бір болуда, қуаныш-қайғысы ортақ болуда. Ердің бағасы елге еткен еңбегінің зор яки кішілігінде емес, ел деген жүрегінің таза болуында, тілегінің елмен ортақ болуында, ер өмірінің өрі мен көрі — ел өмірінің өр-көрімен бір болуында.

***

Әр халықтың өзінше жаңа жылы, жыл басы болады. Қай уақытта, қай халықта болса да жаңа жыл сол халықтың, шаруа жағдайына қарай белгіленген. Европа жұрттарының бір жерінде жаңа жыл 1 январь, бір жерінде — 1 сентябрь, тағы осындайлар. Азияда жаңа жыл — жазғұтырым, қазақ елінде – марттың 22-сі.

***

Қазақ жаңа жылы дін әсерінен таза. Бүл күні ешбір құлшылық, дін әдеттері жасалмайды. Бар болғаны ел бір-бірімен көрісіп: «Жасың құтты болсын!» — дейді.

***

Қазақтың наурызы – дін мейрамы емес, тұрмыс мейрамы, шаруашылық мейрамы. Бұл мейрамды дұрыстап өткізу керек.

 

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *