Каудальды шажырқай артериясы

а) сол тоқ ішек артериясы

ә) краниальды тік ішек артериясы

Алдыңғы аяқ артериялары бұғанаасты артериясының жалғасы — қолтық артериясының тармақтары болып табылады. Бұғанаасты артериясы сыртқы көкірек артериясы ажырағаннан кейін, қолтық артериясы — деп аталады.

Қолтық артериясы (подмышечная артерия) — бұғанаасты артериясының тікелей жалғасы. Ол иық буынының медиальды бетінде аттас венамен қатар орналасып, өз кезегінде алдыңғы аяқ аумақтарын артерия қанымен қамтамасыз ететін бірнеше артерия тармақтарын бөледі. Олар:

1. Сыртқы көкірек артериясы (наружная грудная артерия) — көкірек бұлшық еттерін артерия қанмен қамтамасыз етеді.

2. Жауырынүсті артериясы (надлопаточная артерия) — жауырын аумағының терісі мен теріасты бұлшық етін тамырландырады.

3. Жауырынасты артериясы (подлопаточная артерия) — жауырынның артқы жиегімен каудодорсальды бағытта жауырынның жоғарғы негізіне қарай көтеріліп, үшбасты бұлшық еттің ұзын басының медиальды бетімен жүріп, жауырынасты және үлкен жұмыр бұлшық еттеріне қоректендіргіш артерия тармақтарын бөледі. Жауырынасты артериясынан бұлардан басқа бірнеше артериялар ажырайды.

4. Иық артериясы (плечевая артерия) — иық аумағының негізгі магистральды артерия қан тамыры. Иық артериясынан иық аумағын артерия қанымен қамтамасыз ететін бес артерия ажырайды. Олар:

1) терең иық артериясы иық артериясьшан тоқпан жіліктің орта шенінде каудальды бағытта ажырап, шынтақ буынының жазғыш бұлшық еттерінде тарамдалып, соларды қоректендіреді.

2) коллатеральды шынтақ артериясы иық артериясынан тоқпан жіліктің дистальды бөлігінен каудальды бағытта ажырайды.

3) екібасты бұлшық ет артериясы иық артериясынан тоқпан жіліктің орта тұсынан ажырап, екібасты бұлшық етті қанмен қамтамасыз етеді.

4) шынтақтың көлденең артериясы шынтақ буынының бүккіш бетінен краниальды бағытта бөлініп, тізе және бақай буындарының жазғыш бұлшық еттерін тамырландырады.

5) жалпы сүйекаралық артерия білек сүйектерінің проксимальды сүйекаралық саңылауы тұсынан басталып, сүйекаралық каудальды және краниальды артерияларға ажырайды.

а) сүйекаралық каудальды артерия дорсальды тізе торын және терең пальмарлық доғаны түзуге қатысады. Терең пальмарлық доғадан өз кезегінде жіліншіктің пальмарлық терең артериялары шығады.

ә) сүйекаралық краниальды артерия білек аумағының алдыңғы бүйір бетімен өтіп, тізе және бақай буындарының жазғыш бұлшық еттерін тамырландырады.

5. Орталық артерия (срединная артерия) — иық артериясының жалғасы. Иық артериясы жалпы сүйекаралық артериясы ажырағаннан соң, орталық артерия — деп аталады. Орталық артерия кәрі жіліктің медиальды бетімен төмен түсіп, тізенің тамырлы торы мен жіліншік артерияларын түзуге қатысады. Орталық артериядан алдыңғы аяқтың білек аумағынан бастап, одан төмен жатқан аумақтарды артерия қанымен қамтамасыз ететін бірқатар артериялар ажырайды. Олар:

1) терең білек артериясы тізе және бақай буындарының бүккіш бұлшық еттерін тамырландырады.

2) кәріжілік артериясы тізе буынының жазғыш бұлшық еттерін қоректендіреді.

3) тізенің дорсальды тамырлы торы мен пальмарлық жіліншік
артерияларын 
түзуге қатысатын артерия тармақтары.

Кәріжілік артериясы II дорсальды жіліншік артериясына байланыстырғыш артерия тармағын бөлгеннен кейін, терең пальмарлық доғаны түзуге артерия тармағын ажыратады да, одан әрі екі артерия тармағына бөлініп, II және III пальмарлы жіліншік артерияларына айналады. Бұл артериялар үшінші сүйекаралық бұлшық етке қоректендіргіш тармақтар бөліп, одан соң, III бақайдың жалпы пальмарлы артериясының тармағымен қосылып, беткей пальмарлық доғаны  түзеді.

Орталық артерия кәріжілік артериясы бөлінгеннен соң, коллатеральды шынтақ артериясымен жалғасатын пальмарлы тармақ бөледі де, III бақайдың жалпы пальмарлы артериясы — деп аталады. III бақайдың жалпы пальмарлы артериясы III жіліншіктің дорсальды артериясы тармағымен қосылып, медиальды бақай артериясымен жалғасып кетеді.

Беткей пальмарлық доғаны жасауға артерия тармағын ажыратқаннан соң, орталық артерияның жалғасы II бақайдың жалпы пальмарлы артериясы — деп аталады. II бақайдың жалпы пальмарлы артериясы — тұсамыс буынының жоғарғы жағында латеральды және медиальды бақай артерияларына тарамдалады. Аталған бақай артериялары бақайдың дорсальды және пальмарлы беттерінде проксимальды, ортаңғы, дистальды тармақтарға ажырайды және дистальды майтабан артериясын бөледі. Латеральды және медиальды бақай артериялары II бақай буынына топай артериясын бөлгеннен кейін, тұяқ сүйектің ұлтан бетінде бір-бірімен жалғасып, соңғы доғаны  түзеді.

Жамбас қуысы қабырғасының сүйектік негізін оң және сол жамбас сүйектері мен құйымшақ сүйек және олардың бұлшық еттері мен тері жабыны құрайды. Жамбас қуысында азық қорыту, жыныс және зәр бөлу мүшелер жүйелерінің мүшелері орналасады. Артериялар кұрсақ қолқасының соңғы бөлімдерінен бөлінеді. Құрсақ қолқасынан алдымен жануарлардың артқы аяқтарын қанмен қамтамасыз ететін оң және сол сыртқы мықын артериялары  бел омыртқалардың тұсынан ажырайды. Ал жамбас қуысы қабырғасы мен оның қуысындағы ішкі мүшелерді қоректендіретін оң және сол ішкі мықын артериялары құрсақ қолқасынан 6 (7) бел омыртқаның тұсында бөлінеді. Ішкі мықын артериялары ажыраған соң, құрсақ қолқасы орталық құйымшақ артериясы — деп аталады. Қүйымшақ аумағын қоректендіретін дорсальды және вентральды артерия тармақтары бөлінгеннен кейін, орталық құйымшақ артериясы орталық құйрық артериясына айналады да, дененің құйрық аумағын қанмен қамтамасыз етеді.

Ішкі мықын артериясы кұрсақ қолқасынан ажыраған бойда төмен қарай және жамбас қуысымен каудальды жаққа бағытталып, жамбас қуысынан кіші шоңданай ойығы арқылы шоңданай доғасы жанындағы жамбас қуысы қабырғасынан сыртқы бөксе аумағына шығып, каудальды бексе артериясы — деп аталады да, санарты бұлшық еттер тобын тамырландырады. Ішкі мықын артериясы өзінен жамбас қуысының қабырғасын қоректендіретін, париетальды артерияларды және жамбас қуысында жатқан ішкі мүшелерді тамырландыратын, висцеральды артерия тармақтарын бөледі.

1. Ішкі жыныс артериясы (внутренняя срамная артерия) — жамбас қуысын бойлай жыныс жүйкесімен бірге шоңданай доғасына қарай бағытталып, жамбас қуысынан шыққан бойда екі артерия тармағына ажырайды. Олар:

а) күнтимес (аралық) артериясы  анусты (артқы тесік), сыртқы жыныс мүшелерін және күнтимес аумағын тамырландырады. Күнтимес артериясы өз кезегінде дорсальды және вентральды артерия тармақтарына ажырайды. Жылқы мен итте вентральды тармақтан, ал күйіс қайтаратын жануарлар мен шошқада дорсальды тармақтан каудальды тік ішек артериясы бөлінеді.

ә) баданалық артерия еркек жануарларда дорсальды жыныстық мүше артериясына айналады. Ұрғашы жануарларда баданалық артерия клитор артериясы деп аталады да, сарпайды (клиторды) тамырландырады.

2. Кіндік артериясы (пупочная артерия — іштөлі организміндегі ең күшті жетілген артерия. Кіндік артериясы арқылы қан іштөлі организмінен ұрықжолдасқа (плацентаға) жеткізіледі. Төл туғаннан кейін, кіндік артериясы негізгі қызметінен айырылып, қуықтың бүйірлік байламына, ал ұрғашы жануарларда қосымша жатырдың жұмыр байламына да айналады. Артерия қаны бұл артерияның тек бастапқы бөлігімен ғана ағады. Кіндік артериясы
ішкі мықын артериясының бірінші тармағы. Кіндік артериясынан:

а) несепағар артериясы несепағарды қоректендіреді;

ә) краниальды қуық артериясы қуықты тамырландырады;

б) шәуетжолы артериясы еркек жануарларда шәуетжолын қоректендіреді. Ал ұрғашы жануарларда ортаңғы жатыр артериясы — деп аталады да, жатырды тамырландырады.

3. Каудальды қуық артериясы (каудальная пузырная артерия) —қуықты тамырландырады. Каудальды қуық артериясы еркек жануарларда қуықалды без артериясымен, ал ұрғашы жануарларда каудальды жатыр артериясымен бірге бір артерия бағаны болып басталады..

Артқы аяқ артерияларының тармақтары.

Филогенездің бастапқы кезеңінде артқы аяқтың қан тамырлары да, алдыңғы аяқтың қан тамырлары сияқты, негізінен метамерлік (сегменттік) қан тамырлары ретінде қалыптасады. Кейіннен, аяқтардың ұзарып өсуіне және олардың бөлімдерге бөлінуіне байланысты, қан тамырлардың метамерлік тармақталуы жойылып, олар магистральды бағандарға ауысады.

Қосмекенділерде, бауырымен жорғалаушыларда және құстарда артқы аяқтың негізгі магистральды қан тамыры қызметін шоңданай артериясы атқарады. Бұл артерия аталған жануарларда құрсақ қолқасынан, жамбас-ортан жілік буынынан сәл кейінірек ажырайды да, аттас жүйкемен бірге тырнақтарына дейін тарамдалады. Сирақ аумағында шоңданай артериясы шыбық артериясы — деп аталады.

Сүтқоректі жануарлардың жамбас аумағында шоңданай артериясының қалдығы: ішкі мықын және каудальды бөксе артериялары ретінде сақгалған. Сүтқоректі жануарларда құстардағы және басқа жануарлардағы магистральды шоңданай артериясының орнында басқа магастральды қан тамырлары, атап айтқанда: сыртқы мықын, сан және тобықасты артериялары қалыптасады. Сирақ аумағында асықты жіліктің алдыңғы артериясы бақай артерияларымен қосылып, кұстардағы шыбық артериясының орнында жетіледі. Бұған қоса, сан артериясынан артқы аяқ басының артқы жағын қоректендіретін анық (сафена) артериясы ажырайды.

Сыртқы мықын артериясынан төмендегідей негізгі артериялар ажырайды:

1. Айналмалы терең мықын артериясы (окружная глубокая подвздошная артерия) — сербек аумағындағы бел және құрсақ қабырғасы аумағындағы бұлшық еттерді қоректендіреді. Өз кезегінде бұл артериядан краниальды және каудальды тармақтар ажырайды.

2. Терең сан артериясы (глубокая бедренная артерия) — сыртқы мықын артериясынан құрсақ қуысында бөлініп, каудо-вентральды бағытта кұрсақ қуысынан шығып, жамбас-ортан жілік буынының жақындатқыш бұлшық еттерін (аддукторларын) тамырландырады. Терең сан артериясынан кұрсақүсті-жыныс артерия бағаны және медиальды айналмалы сан артериясы ажырайды.

Вена қан тамырлары

Жануарлар дене мүшелерінен қан жүрекке вена қан тамырлары (көктамырлар) арқылы жеткізіледі. Көптеген вена тамырлары қатар жатқан аттас артериялар және жүйкелермен бірігіп, тамыр-жүйке будаларын құрайды, Сондықтан, тамыр-жүйке будаларындағы вена тамырларының атаулары да, катар орналасқан артерияларға сәйкес келеді. Дегенмен, вена қан тамырларының тек өздеріне тән құрылымдық заңдылықтары мен тармақталу ерекшеліктерінің бар екендігін атап өткен жөн. Сондықтан, вена тамырларына тән морфологиялық зандылықтарға тоқтала кетейік. Олар:

1. Жануарлар организмдерінде артерияларға сәйкес келмейтін, өздерінше жеке дара жататын веналар да кездеседі. Бұларға жануарлар денесіндегі краниальды және каудальды қуыс веналар, көкірек керегесінің тақ веналары, бауырдағы қақпақтық вена, бас аумағындағы терең бет және ұрт веналары жатады.

2. Жануарлар денелерінде тамыр-жүйке будалары құрамындағы
терең магистральды веналардан басқа, тері астында беткей орналасқкан веналар да болады. Оларға: мойын аумағындағы сыртқы күретамыр (мойындырықтық) венасын, кеуде және құрсақ қабырғасының төменгі бөліктеріндегі, алдыңғы және артқы аяқтардағы теріасты веналарын жатқызады. Аяқтардың төменгі бөліктеріндегі, буындар аумақтарындағы теріасты веналарында және олардың ірі негізгі әкеткіш вена бағандарына ашылатын тұстарында көптеген жалғамалар болады.

3.  Кейбір тамыр-жүйке будаларындағы артериялармен қатар өтетін, артериямен аттас веналардың саны бірнеше болуы мүмкін. Мысалы, сыртқы және ішкі күретамыр   венасы т. б.

4.  Вена тамырлары бір-бірімен өзара жалғасып, көптеген жалғамалар (анастомоздар), вена тораптарын, вена доғаларын және вена тамырларының торларын түзеді. Веналардың арасындағы жалғамалардың көп болуы вена қан тамырлары жүйелері қызметінің жоғары деңгейде жүретіндігінің және вена тамырларының өз қызметтерін еш кедергісіз атқаратындығының белгісі.

5.        Вена кан тамырларының қабырғасы артерия қан тамырларының қабырғасына карағанда жұқа болып келеді. Веналардың ішкі қабаты интимада, тек жүрекке қараған бағытта ғана ашылатын қақпақшалар болады. Бұл кақпақшалар жүрекке қарсы бағытта веналардың арналарын жауып, қанды кері жаққа өткізбейді. Ал вена тамырларының арналары артерия арналарына қарағанда кең болып келеді. Жануарлар денесі қан тамырларындағы қанның жалпы мөлшерінің 85 % — ы вена тамырларының арналарында, тек 15 % -ы ғана артериялар арналарында болады. Оның үстіне, жануарлар денесінде вена қан тамырларының саны артериялар санына қарағанда екі еседей көп. Сондықтан, кейбір дене мүшелерінің вена қан тамырларының арналарында қанның қоры сақталады. Мысалы, бауырдың веналарында денедегі қанның жалпы мөлшерінің 20 % — ы, көкбауырда 16 %-ы, тері тамырларында 10 %  -ы, басқа дене мүшелерінде 36 % — ы қор ретінде сақталады.

5 сурет. Сиыр денесіндегі негізгі веналар

1 — ішкі мықын венасы, 2 — сыртқы мықын венасы, 3 — артқы қуыс вена, 4 — көкет, 5 — алдыңғы қуыс вена, 6 — желін негізінің артқы венасы, 7 — желін негізінің алдыңғы венасы, 8 — артқы құрсакүсті венасы, 9 — алдыңғы желін венасы, 10 — теріасты құрсақ (сүт) венасы, 11 — жалғама (аностомоз), 12 — алдыңғы құрсақүсті венасы, 13 — сүт құдығы, 14 — ішкі көкірек венасы

Лимфа айналым жүйесі

Лимфа айналым жүйесі қызметі мен құрылысы жағынан қан айналым жүйесі мүшелерімен тығыз морфологиялық байланыста болады. Себебі, бұл жүйе ұлпалар мен мүшелерде, олардағы зат алмасу процесі кезінде қаннан, оны қоршаған ұлпаға сүзіліп шыққан ұлпа сұйығынан басталып, соңында организмнен лимфаны жинайтын ірі лимфа өзектерінің (оң лимфа бағаны, көкірек өзегі) алдыңғы қуыс венаға құйылуымен аяқталады. Лимфа айналым жүйесінің жануарлар организмдеріндегі атқаратын қызметі алуан түрлі. Атап айтқанда:

1) ұлпааралық кеңістіктегі артық ұлпа (ткань) сұйығын өзіне
 сорып алып, дренаждық қызмет атқарады;

2) ұлпалардағы қан капиллярларының қабырғасы арқылы өте
алмайтын ірі молекулалы белоктық зат және ішекте қорытылған майдың мономерлері (май қышқылдары, глицерин) тікелей лимфаға сорылады;       

3) сыртқы ортадан организмге түскен бөгде заттар мен микроорганизмдерді жойып, лимфаны биологиялық және механикалық тазалаудан өткізеді;

4) лимфа түйіндерінде лимфоциттер мен антиденелер (иммунды глобулиндер) түзіледі.

Лимфа жүйесінің дамуы. Омыртқасыз жануарлар мен төменгі сатыдағы омыртқалы жануарларда лимфа жүйесінің қызметін вена қан айналым жүйесі атқарады. Балықтар мен қосмекенділерде лимфа айналым жүйесі қарапайым лимфа қойнаулары түрінде жетілген. Олар негізінен терінің астында және ішкі мүшелерде болады. Құстарда лимфа қойнауларының орнында жіңішке келген, түтікше лимфа тамырлары жетіледі. Лимфа тамырлары тек жүрек жаққа
қарай ғана ашылатын қақпақшалармен жабдықталған. Бірақ олардың
саны аз. Ал сүтқоректі жануарларда лимфа тамырлары тым жақсы
жетілген. Олардың ішісі бетінде қакпақшалар жиі орналасады.

Лимфоидты құрылымдар мен лимфа түйіндері тек жылы қанды жануарларда ғана болады. Мысалы, құстарда мұндай құрылымдар жұтқыншақта, өңеште жене бүйенде орналасады. Ал лимфа түйіндері негізінен сүтқоректі жануарларда жоғары деңгейде жетілген.

Лимфа — тірі сұйық ұлпа. Ол жануарлар организмдерінің сұйық ішкі орта ұлпасы ретінде торшалардан (лимфобласттар, лимфоциттер, макрофагтар, плазмоциттер) және торшааралық заттан (плазмадан) кұралған. Лимфа плазмасын ұлпалар мен мүшелердегі жоғарыда баяндалған торшааралық саңылаулардан, кеңістіктерден, қойнаулардан және қуыстардан сорылып, лимфа айналым арнасының лимфа капиллярларына өтетін ұлпа сұйығы кұрайды. Құрамы жағынан лимфа плазмасы қан плазмасына ұқсас. Ішектен ағып шығатын лимфаның құрамында ішек қабырғасы арқылы сіңірілген липидтер болатындықтан, оның түсі ақшыл болып келеді. Соңдықтан, ішек лимфа тамырларындағы ақшыл келген лимфаны хилюс  — деп атайды.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *