Жаһанша Досмұхамедұлы нақыл сөздері

Жанша Досмұхамедұлы

Жанша Досмұхамедұлы – 1886 жылы қазіргі Батыс Қазақстан облысы Сырым ауданында дүниеге келген. Бала Жанша 1899-1905 жылдар аралығында Орал әскери реалдық училищесінде оқып, бітіріп шығады. Сондай-ақ ол 1906 жылы Орал облысының стипендиаты ретінде Мәскеу университетінің заң факультетіне түсіп, оны 1910 жылы аяқтап шыққан. Ж.Досмұхамедұлы 1917 жылдың ақпан айына дейін Томск сот округі прокурорының орынбасары болып қызмет етеді. Аталған жылы Мәскеуде өткен Бүкілресейлік мұсылман сиезіне басқа да қазақ делегаттарымен бірге қатысып, мұсылман істерін басқаратын «Шуро-и-Ислам» комитеті төрағасының орынбасарлығына сайланады. Сондай-ақ ол «Алаш» партиясы мен Алашорда үкіметінің белді мүшелерінің бірі болады. Ол жалпыхалықтық ІІ съезде Алашорда үкіметінің мүшелігіне облыстардан тысқары делегат ретінде кіреді.
Алашорда тарқатылғаннан кейін ол әртүрлі салада қызмет етеді. Алайда 1930 жылы тұтқындалып, 1932 жылы Воронежге 5 жыл мерзімге жер аударылады. 1938 жылы қайта ұсталып, ату жазасына кесіледі.

***
Біздің мақсатымыз – ел билігін халықтың өз қолына беру, қазақ халқы автономияға ие болып, алдағы уақытта өз тағдырын өз қолына алуы тиіс. Біз тапқа, жікке бөлінбейміз, біртұтас халық ретінде болашақ үшін күресеміз.
***
Қазір желбіреп тұрған бостандықтың жасыл туы – бәрімізді бірлікке, бауырластыққа шақырады. Қазақтың қара шаңырағы бәріне де пана бола алады.
***
Бізге береке-бірлік әкелетін – тек әділдік. Қалың халықты тонаушыларды, момынды жылатушыларды – серіктікке алмаймыз.
***
Қазақты – елдің тұрмысын, тілін, мінез-құлқын, әдетғұрпын білетін қайраткер ғана басқаратын болады. Сол себептен де біз қалай да Ресейден автономия алуға тиістіміз.
***
Біздің тірегіміз барлық халық, қалың жұрт – бай, кедей, ру, ақсүйек, тайпа болып бөлінбей – баршамыз болып бірлік туын көтеру.
***
Қазақстан жағырапиялық жағынан біртұтас мемлекет ретінде басқарылуы тиіс. Барлық жоғары лауазымдар сайланып қойылуы керек. Егер де кеңес өкіметі саяси еркіндік жариялап, еркін партия құруға мүмкіндік берсе, оларға да осы талапты қою керек.
***
Қазақтың бостандығы мен тәуелсіздігі үшін бізбен бірге болатындар – досымыз, өз қара басының қамын ойлап, әркімнің артына ілесіп адасқандар – жауымыз. Автономияға, қазақтардың өзін-өзі билеуіне кеселдік жасаушылар – дұшпанымыз.
***
Кең байтақ жерімізді, дарынды ұлтымызды, шұрайлы тілімізді, халықтық өнерімізді сақтап қалу үшін бәріміз бірігіп, қол ұстасып, сапқа тұратын уақыт келді. Бізді екі ғасыр бойы тепкінінде ұстаған Россия бүлікке бөленді, қандастары біріне-бірі қарсы тұрып, өзара жанжалдасып жатыр. Орыстардың бірқатары дүние-мүлік үшін жанталасса, екіншілері билікке құмартып қан төгуге шықты. Міне осындай шым-шытырық жағдайдан шығудың жолын біз өзіміз іздеуіміз керек.
***
Біздердің мақсатымыз үкімет құру және оның тірегі әскер жасақтау. Үкімет пен әскер үшін қаржы керек, Міне, осы мәселені талқылап, халықтың қолдауына ұсыну.
***
Келіспеушілікті – келісіммен түзейік. Ауырған жерімізге жұмсақ алақанымызды басайық. Жарамызды жазамыз деп езуіміз көпіргенше дауласар болсақ, оның аты — құру.
***
Біздің халқымыз Россия империясының қарауындағы саяси құқықтан әбден қараң қалған, экономикалық қанаудың ең ауыр зардабын көрген халық. Қазақ елінің 17 млн. шаршы километрге жуық территориясы орыс отаршыларының меншігіне көшті. Ең құнарлы, тұрмысқа қолайлы жерлері, қазақ шаруаларынан алынып, Россиядан қоныс ауыстырған-келімсектердің пайдалануына берілді. Қазір қазақ жеріндегі халықтың 42% орыстар. Халқымыздың тұрмысы өте ауыр, тіпті қайыршылық жағдайда, мекені тау мен тас, шөлейт аймақтар. Халықтың ұлт-азаттық көтерілістері аяусыз жанышталып, қанға батырылды.
***
Ендігі біздің мақсатымыз – Россияның құрамында жаңа демократиялық автономия құрып, халқымызға шын мәнісінде тәуелсіздік, еркіндік алу, жерімізге, суымызға, жер асты байлығымызға өзіміз қожа болуымызды көксейміз. Осы позициямызды ортаға сала отырып – біздің айтайын дейтініміз, қазақ еліне шын мәнісінде теңдік, азаттық берсеңіз біз кеңес өкіметін мойындаймыз.
***

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *