Дәрілік өсімдік шикізатына қатысты жасалған ФС және ВФС белгілі бір талаптарға сәйкес жасалуы керек.
ФС және ВФС-ті дәрілік өсімдіктер шикізатына қатысты былайша хаттау керек. Мақаланың (ФС) басында шикізаттың аты латынша, орысша, қазақша беріледі. Одан кейін сол шикізатты беретін өсімдік және оның қай тұқымдасқа жататыны (орысша, қазақша, латынша) беріледі, шикізаттың жиналған уақыты қандай ауруларға арналғаны көрсетіледі. Одан кейін белгілі бір тәртіппен жазылады:
Шикізатты кесу – шикізатты бөлшектеу мөлшері және оның сипаттамасы;
Микроскопиясы – шикізаттың диагностикалық белгілері келтіріледі;
Сапалық реакциясы – микрохимиялық реакциясы, хроматографиялық сынағы;
Сандық көрсеткіштері – ББЗ-дың пайыздық мөлшері, экстракты заттардың, ылғалдың, күлдің, шикізаттың бөлшектерінің мөлшері және оның ауытқу мүмкіндігінің шегі, органикалық және минералдық қоспалары көрсетіледі;
Бақылау әдістері;
Буып-түю немесе орау;
Таңбалау, тасымалдау, сақтау;
Жарамдылық мерзімі.
Негізгі фармакологиялық әсері (медицинада қолданылатын өсімдік шикізаты үшін). ФС және ВФС бекітілгеннен кейін денсаулық сақтау министрлігінде тіркеледі. Меншіктілігі көрсетіледі, ол меншіктікте министрлік индексі, тіркелген номері және бекітілген жылдың соңғы екі саны көрсетіледі.
Меншіктілікті көрсету мысалы:
ФС 52-208-2012; мұнда 52-министрлік индексі, 208-тіркеуге алынған номері, 2012-документтің бекітілген жылы.
Дәрілік өсімдіктер шикізатын шетке шығару өте жауапты мәселе. Өйткені бұл шикізат дүниежүзілік сұранысты қажет ететін өнім. Сондықтан оған мұқтаждық тұрақты болатын нәрсе. Бұл шикізат табиғаттың бізге тегін берген сыйы. Соған байланысты біздер дәрілік өсімдіктер шикізатын шетке шығарғанда еліміздің экономикасына зиян келтірмей, керісінше пайда келтіру туралы ойлауымыз керек. Жас жаңадан аяғынан тұрып келе жатқан біздің елімізде бұл проблема әлі заңды түрде бір жақсы жүйеге келіп үлгермей жатыр. Сондықтан бұрынғы КСРО кезінде бұл мәселе қалай болып еді соған қысқаша тоқталып өтейік.
Дәрілік шикізатты шетке шығару КСРО-да 1922 жылдан басталды. Жекеменшік фирмалардың орнына Советтік әртүрлі ұжымдар келді: Госмедторгпром, Госторг, Юготрава, Центрсоюз және т.б. Көптеген дәрілік өсімдік шикізаттарын шетке шығару бұрынғыдай қалпына келтірілді, олардың ішінде түйемедағы (ромашка – matricaria), жөке ағашы (tilia – липа) гүлдері, мия (glycyrrhiza – солодка) және т.б.
Бұл бағыттағы жұмыстар 1929 жылы түбегейлі жақсарды. Өйткені көптеген ұжымдардың орнына бір ғана ұжым – «Лектехсырье» пайда болды. Осы ұжым ғана шикізаттарды жинап, дайындау және шетке шығарумен айналысатын болды. «Лектехсырье» КСРО-да бірнеше (Ленинградта, Одессада, Новосибирскіде және Владивостокта) үлкен экспорттық базалар ұйымдастырды. Осы базаларға КСРО-ның әртүрлі региондарынан тауарлық массалар келіп, осы базаларда ол шикізаттарға лабораториялық сараптамалар жасалып, шикізаттар қосымша жөнделіп экспорттық кемелге жеткізілді. Бұл базаларда тиісті сорттаушы, буып-түюші, таңбалаушы машиналар болды. 1937 жылы «Лектехсырье» ұжымы «Разноэкспорт» ұйымының бір конторасы болып өзгерді. Ал 1960 жылы Сыртқы Сауда Министрлігінің қарамағында арнайы «Медэкспорт» бірлестігі құрылды. Сол 1930 жылдан бастап барлық дәрілік шикізаттарды, медикаменттерді шетке шығару және шеттен әкелу операцияларын осы «Медэкспорт» бірлестігі жүргізді. ХХ ғасырдың екінші жартысында дәрілік шикізатты шетке шығарудың сипаты өзгерді. Шетке КСРО-да онда қажеттігі жоқ шикізаттарды шығара бастады. Мемлекет ішінде қажеттігі бар шикізаттарды сыртқа шығаруға бірте-бірте тиым салынды. Мысалы, мияны (солодка) ішкі мұқтаждыққа пайдалана бастады. Оны ішкі өндірісте фармацевтикалық тамақ және басқа өндірістік салаларда кеңінен пайдалана бастады. Сонымен қатар дәрілік эфир-майлы шикізаттар (бәден – anisum – анис; жалбыз – mentha – мята; дәуаскөк – foeniculum – фенхель), құрамында жүрек гликозидтері бар (жалынгүл – coronaria – горицвет; наперстянка – digitalis) және т.б. пайдаланыла бастады. Өндірістің мүмкіншіліктері қазіргі кезде тек шикізат қана емес, сонымен қатар шығу тегі өсімдіктерге байланысты препараттарды шетке шығаруға мүмкіншілік береді. Қазіргі кезде ТМД мемлекеттерінде өндірілген фитопрепараттарды көптеген мемлекеттердің дәріханаларында көруге болады. Патшалық Россияда фармакопеяны басып шығарудың кешендеуіне себеп болған ол көптеген дәріханаларындың қожайындарының шет елдің азаматтары, көбінесе немістер болуына байланысты. Бұл дәріханалар ХІХ ғасырдың ортасына дейін шет елдік дәрілік шикізаттарға тәуелді болды. Дәріханалар Россияда көптеген дәрілік өсімдіктердің бар екендігіне қарамастан шикізаттарды шет елдерден әсіресе Германиядан алдырып отырды. Ол шикізаттардың көбісі Россияда өсетін өсімдіктерден алынғанына қарамастан олардан алынған препараттар Россияда қымбат бағаға сатылып отырды. Мысалы сантонин, ол алынатын шикізат тек Қазақстанда өсетін өсімдіктен алынады. 1925 жылы КСРО-да мемлекеттік фармакопеяның (МФ) UII басылымының шығуы бірінші қадам еді, ал 1946 жылы фармакопеяның VII басылымының шығуы Ресми қабылданған дәрілік өсімдіктерді регламенттеуге дұрыс өзгеріс жасады. МФ VIIІ-ден бастап фармакопеяға ендірілген өсімдік шикізатының бәрінің шығу тегі отандық болды. Тек кейбір экзотикалық дәрілік шикізаттар мысалы: чиебухи, строфанты тұқымдары, қынаның қабығы, инеккуана тамыры ғана шеттен келетін болды.
2.2. Дәрілік өсімдіктер ресурстарын қорғау
ХХ ғасырдан бастап дәрілік өсімдіктер мен олардан алынатын препараттарға айтарлықтай назар аударыла бастады. Дәрілік өсімдіктерге назар аударудың басты себебі – олардың жоғары терапевтикалық (емдік) құндылығы, кері әсерінің аз болуы.
Адамзат пен табиғат арасындағы тепе-теңдік бұзылып, табиғатқа көптеген зиян келіп жатыр. Оның басты бірінші факторы – жер бетіндегі халық санының күн санап өсуі. Егерде 1800 жылы планетамызда 1 млрд адам тіршілік етсе, 1900 жылы 2 млрд., 1980 жылы 4 млрд-қа жетті. Адам санының тез өсуінің бір себебі – санитарлық жағдай мен медициналық көмектің жақсаруы. Өткен ғасырларда мыңдаған адамдар оба, тырысқақ ауруларынан қайтыс болған. Сонымен қатар, халықтың таралуы да айтарлықтай әсер етеді. Көптеген жылдар бойы халықтың көп бөлігі ауылды жерлерде тұрған.
Табиғатқа әсер ететін екінші фактор – ауыл шаруашылығында химиялық заттардың (тыңайтқыштар, пестицидтер, инсектицидтер) көптеген пайдалануы мен өндірістік индустриализациясы.
Үшінші фактор – өндірістік және транспорттық қалдықтардың атмосфера, топырақ пен суға таралуы. Атмосферадағы екі газдың (СО2 О2) тепе-теңдігі де өте маңызды орын алады. Атмосферадағы СО2 реттеуге мұхитта қатысады. Мұхиттың буферлік маңызының ролі оның бетінде қауіпті мұнай пленкаларының көбеюі нәтижесінде төмендеп отыр. Өттегі тек қана тірі заттарға емес, сонымен қатар машиналар мен самолеттерге де қажет. Ауада СО2 концентрациясының көбеюі парник эффектісіне әкеліп соқтыруы мүмкін.
Осындай глобальды жағдайлардың барлығы шабындықтар, далалар, ормандар мен ондағы дәрілік өсімдіктерге әсері бірден байқалмайды. Ресейдің Европалық бөлігі, Солтүстік Кавказ бен Карпатта орман көптеп кесіліп, ондағы неше жылдар бойы қалыптасқан фитоценоздар бұзылды. Осы экосистемалардың біраз өсімдіктері жойылып кеткен. Ауылшаруашылығында, тың жерлерді жыртып, игеру, шөп шабуды күшейту жайылымды көп пайдалану – осындай іс-шаралардың барлығы дәрілік қасиеттерге ие өсімдіктердің тіршілік ортасын бұзады.
КСРО аумағында дәрілік өсімдіктер мен гүлдері әдемі өсімдіктерді теріп, букет жасау, сату бір жылдары бақылауға алынып, тыйым салынды. Қорғауға алынған мұндай өсімдіктердің тізімдері газеттер мен плакаттарда басылып шығарылды.
Алайда табиғаты бұзылмаған жерлерге туристер, демалушылар келіп кеткен соң осының өзі қиратушы фактор ретінде әсер етеді. Кез келген табиғи экосистемада адамдар санының көбеюі ол экосистема үшін зиянды болып табылады. Адамдардың іздері көбейіп кетсе топырақ тапталып тығыздала бастайды, ал бұл топырақтағы қалыпты биологиялық процестердің бұзылуына әкеліп соғады.
Қорықтарда ерекше қорғауға алынған территорияларға, белсенді туризмге шек қойылған. Мемлекеттік табиғи қорық – қоршаған ортаның табиғи эталондар, реликтілері, ғылыми зерттеулерге, ағарту білім беру ісіне, туризмге арналған нысандары ретінде экологиялық, ғылыми және мәдени жағынан ерекше құнды, мемлекеттік қорғауға алынған аумақтарының жиынтығы. Қорықтардың басты мақсатына – табиғи ландшафтар эталонын мұндағы тіршілік ететін өсімдіктер мен жануарлар дүниесімен қоса сақтау, табиғат кешендерінің табиғи даму заңдылығын анықтау. Соңғысы адамның шаруашылық әрекетінен табиғатта болатын өзгерісті болжау аса қажет.
«Ерекше бағалы орман объектілеріне» шаруашылық саласында ерекше қызығушылық тудыратын орман учаскілері жатады. Мұндай аймақтар адам аяғы баспаған жерлер болып табылады.
Қорықтарда қорғауға бүкіл табиғи комплекстер емес, тек қана бірқатар элементтері алынады. Қорғауға алынған объектілерге қатысты бұл жерде ормандарды кесу, мал жаю, шөп шабуға тыйым салынуы қажет.
Табиғи объектілерді қорғаудың ерекше формасы – ұлттық парктер. Ұлттық парктер – ерекше экологиялық, ғылыми, тарихи – мәдени және рекреациялық құндылығы бар мемлекеттік табиғи – қорық қорының бірегей табиғи кешендер мен объектілерінің биологиялық және ландшафтық сан алуандығын сақтайтын, оларды табиғи қорғайтын және ғылыми мекеме мәртебесі бар ерекше қорғалатын табиғи аумақ.
Табиғатты қорғау мен демалуды біріктірудің ең кең таралған түрі – ірі қалалардың айналасындағы «жасыл зоналар» болып табылады.
Жақсы дамыған елдерде флора мен фаунаның кедейлену себептері айтылады. Табиғатты және табиғи ресурстарды қорғаудың халықаралық одағының XIV Бас Ассамблеясында (Ашхабад, 1978) табиғатты қорғаудың әлемдік стратегиясы талқыланды. 1980 жылы халықаралық нормативтік акті қабылданды. Қызыл кітаптың алғашқы баспасы «Дикорастущие виды флоры СССР, нуждающиеся в охране» жарияланды. 1981 жылы бүкіл одақтық ботаникалық қоғам Қызыл кітаптың екінші баспасын шығарды. Сирек және жойылып бара жатқан өсімдіктер бойынша табиғатты қорғаудың халықаралық одағы қауіп төніп тұрған өсімдіктерді категорияларға бөлді: 0 категориясында табиғатта болған, қазір жойылып кеткен, алайда дақылда сақталған түрлер жатады, 1 категориясына – жойылып кетуге қаупі төніп тұрған, ерекше қорғауды қажет ететін түрлер, 2 категориясына тікелей қауіп төнбеген, табиғатта сирек және шектеулі аудандарда кездесетін өсімдік түрлері, 3 категориясына – саны азайтып, таралу аймағы кішірейіп, табиғи немесе адам қатысуы нәтижесінде жойылып кететін өсімдіктер жатады.
Айтылған барлық категорияға жататын өсімдіктер бірдей қорғауды қажет етпейді: кейбір түрлер еліміздің барлық территориясында қорғауды талап етсе, кейбірейлері тек сирек кездесетін жерлерде қорғауды керек етеді. Дәрілік өсімдіктерді жинауға сәйкес ережелер бекітілген, арнайы нормалар бойынша жиналып, әрдайым бақыланып отыруы керек. Дәрілік өсімдіктерді үлкен өндіріс үшін емес, өз пайдасын ажырату үшін жинаушылар көбейіп кетті. Сондықтан сирек өсімдіктер категориясына жататын өсімдіктерді ең аз мөлшерде де жинауға болмайды. Олардың біразы қазіргі медицина көп қолданылады. Мұндай өсімдіктерді сақтап қалудың бір жолы – оларды дақылдар қатарына енгізу.
Өсімдіктерді жинауға шек қою, әрине сұрақтар тудырады: мұның барлығы не үшін жасалып жатыр, егер жер бетінен бұл өсімдіктер жоғалып кетсе не болады.Адамдар басқа өсімдіктер сияқты жоғалған өсімдіктер сорттарын шығарып алады деп ойлайды. Бұл сұрақтардың барлығына нақты жауаптар бар. Олар эстетикалық, этикалық және практикалық себептер. Эстетикалық себеп – адамдар таза ауада, табиғат аясында демалғанда көңіл – күйлері көтеріліп, денсаулықтарын жақсартады. Этикалық себебі, мысалы бұзақылар әйнектерді сындырып, қабырғаларға жазу жазса, қоғамның ашуы келеді. Дәл осы жағдайды табиғи ландшафтарды бұзылуымен салыстыруға болады. Генофондты сақтау – әр организмнің өзіне тән генетикалық ақпараты болады. Егер осындай бір генотип жоғалса, онымен қоса биогеоценоз немесе экосистеманың бір бөлігі де жойылады. Экожүйенің қалыпты жұмысы, әдетте, оның компоненттері түгел қатысқанда қалыпты болады.
2.2.1. Қазақстан өсімдіктері ресурстарын зерттеудің негізін қалаған ғалымдар және ресурстанулық зерттеу жұмыстарының болашағы
Академик Николай Васильевич Павлов – Қазақстандағы ботаниктер мектебінің негізін қалаған және ұйымдастырған. Қазақ ғылым академиясының Ботаника институтының бірінші директоры. Акад. Павлов 1893 жылы 23 мамырда Санкт-Петербургте қызметкердің жанұясында өмірге келген. 1917 жылы Москвада ауылшаруашылық академиясын (қазір Тимирязев атындағы ауылшаруашылық академиясы) бітірді.
Студент кезінен бастап Павлов ботаникаға қызығып бірнеше экспедициялардың жұмысына қатысты. 1917 жылдан бастап Павлов КСРО территорияларында ұйымдастырылған әртүрлі 32 экспедициялардың жұмысына қатысты немесе басшылық етті. Ол экспедициялар Кавказда, Камчаткада, Байкалда, Қазақстанда болды. 1923 жылы акад. В.Комаровтың ұсынысымен Н.В. Павлов ботаник ретінде А.К. Козлов басшылық жасаған Монғолия экспедициясының мүшесі ретінде жұмыс жасайды. Монғолияға барған экспедицияның жұмыстарының нәтижесі 1929 жылы «Введение в растительный покров Хангайской Горной Страны» деген және 1928 жылы «По Монголии» деген атпен кітаптар жазылып баспадан шықты. Москва университетінің доценті болып жүргенде «Гүлді өсімдіктер систематикасы» және «Ботаникалық география» деген пәндерден сабақ беріп жүріп, әр түрлі региондарды зерттеуге арналған экспедициялар жұмысына қатысты.
Н.В. Павлов өзінің ғылымдағы өмірінің көп бөлігін Қазақстанға арнады. 1920 жылдары Павлов Торғай, Ақмола, Талдықорған және Алматы облыстарын, Жоңғар Алатауын, Балқаш өңірін зерттеді.
Бұл зерттеу жұмыстарының нәтижесінде бірнеше іргелі жұмыстар жазылып жарияланды.
Н.В. Павлов аса білгіш флорист, өте жақсы ботаник – географ және білімді ресурстанушы еді. Қазақстанға келгеннен кейін Н.В. Павлов жабайы өсетін пайдалы өсімдіктер систематикасын зерттеуді жалғастырды. Соның нәтижесінде үлкен «Растительные ресурсы Южного Казахстана» (1947) деген монография жазып жариялады.
Н.В. Павлов құрамында илік заттары бар өсімдіктерді зерттеуге өте көп көңіл бөлді. Ол Қазақстанда өзінің шәкірттерімен бірге 13 рет экспедицияға шығып. Қазақстанның әртүрлі региондардағы илік затты өсімдіктерінің құрамын, таралуын және қорын зерттеді. Сол жұмыстардың нәтижесінде 1947 жылы ол «Растительное сырье Казахстана» деген монография жазып жариялады. Ол монографияда 1100 пайдалы өсімдіктер туралы мәліметтер берілген. Акад. Н.В. Павловтың жетекшілігімен және редакциялық басшылығымен мәңгілік өте бағалы 9 томдық «Флора Казахстана» (1956-1966 жж.) еңбегі құрастырылып жарыққа шықты. Н.В. Павлов үлкен білімдарлығының, ботаникалық әдебиетті өте жақсы білуінің және көптеген экспедицияларда жинақтаған мәліметтерінің барлығына байланысты іргелі өте көлемді 700 беттік «Ботаническая география СССР» деген кітабын жазып шығарды. Ол кітапта бүкіл одақтың флорасы және өсімдіктер жабыны қамтылған. Кейінірек демалысқа шыққанына қарамастан 1965 жылы Н.В. Павлов. «Ботаническая география зарубежных стран» деген кітабын жазып шығарды. Н.В. Павлов көптеген флористикалық ресурстанулық экспедицияларының нәтижесінде ғылымда көптеген жаңалық ашты. Мысалы ол ғылымда бірінші рет екі жаңа туысты (Сыреищиковия, Угамия) және 150-ге жуық жаңа өсімдік түрлерінің алғаш рет сипаттамасын берді.
Академик Н.В. Павлов 160-тан астам ғылыми еңбек жазды, оның ішінде 20-сы монография. Павлов Бүкілодақтық ботаникалық қоғамның Қазақстандық бөлімінің негізін салып, өзі басқарды. Павлов Қазақ ғылым академиясының негізін салушылардың және алғашқы академиктерінің бірі.
Биология ғылымдарының докторы Михайлова Валентина Павловна академик Павловтың өте жақын шәкірттерінің бірі. В.П. Михайлова 1912 жылы Кострома қаласында туылған. 1931 жылы ол Москва университетінің биология факультетіне түседі. МГУ-ді 1935 жылы бітіріп Қазақстанға акад. Павловтың қарамағына жұмысқа келеді. Ботаника институтында өсімдіктер ресурстары лабораториясы ұйымдастырылып, оның жұмысын алға бастырған осы Михайлованың еңбегі. В.П. Михайлова 20 жыл шамасында сол лабораторияның меңгерушісі болып қызмет жасады. В.П. Михайлова Қазақстанның әртүрлі региондарында ботаникалық экспедицияның жұмыстарына белсенді қатысты. Ұлы Отан Соғысы кезінде Михайлова илік затты өсімдіктерді зерттеу үшін Іле-Алатауына, Кетментауға, Қаратауға және Балқаш өңіріне экспедицияға өздігінен шығып зерттеу жұмыстарын жүргізді. Экспедициялық жоспарлы зерттеу жұмыстарымен шектелмей В.П. Михайлова өзінің қарамағындағы қызметкерлермен басқа да пайдалы өсімдіктерді де зерттеп, олардың биологиялық ерекшеліктерін екпе жағдайда да зерттеумен айналысты. 1944 жылы В.П. Михайлова «Промышленные дубильные растения Заилийского Алатау» деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғады. 1950 жылдан бастап В.П. Михайлова Ботаника институтының директорының ғылыми жұмыс жағынан орынбасары болып қызмет атқарады. Ал 1956 жылы Михайлова В.П. институттың құрамында өсімдіктер ресурстары бөлініп ашып өзі сол бөлімнің меңгерушісі болып 1976 жылға дейін жұмыс жасады. «Өсімдік ресурстары» бөлімінің қызметкерлері В.П. Михайлованың жетекшілігімен іргелі ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізді. Мысалы жабайы өсетін илік затты, дәрілік және техникалық өсімдіктерді жан-жақты зерттеу жұмыстары жүргізілді. Бұл жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде алынған мәліметтер әртүрлі техникалық жинақтарда және монографияларда жарияланды. В.П. Михайлова өзінің илік затты өсімдіктерді зерттеу жұмыстарының нәтижесін «Дубильные растения флоры Казахстана и их освоение» деген монографиясында 1968 жылы жариялады. Осы монография негізінде Михайлова докторлық диссертациясын қорғады. В.П. Михайлова Қазақстанда мияны жан-жақты зерттеудің бастаушысы болды. Михайлова өзінің ғылыми жұмыстарын басқа академиялық және салалық ғылыми институттарының және жоғары оқу орындарының лабораториялық жұмыстарымен байланысты жүргізді. Мысалы тининді өсімдіктерді зерттеуді КазМУ-дің проф. Т.К. Чумбалов басқаратын химия кафедрасымен және ботаника институтының биохимия лабораториясымен (жетекші проф. Л.К.Клышев) тығыз байланыста жүргізеді. Эфир – майлы өсімдіктерді зерттеу жұмыстары химия ғылыми зерттеу институтымен (акад. М.И. Горяев) бірге жүргізді. Барлық шикізаттық өсімдіктерді зерттеу сол шикізатты тұтынушы мекемелермен, мысалы «Союзлакрица», «Союзлекарпром», жеңіл өнеркәсіп министрлігімен және т.б. тығыз байланысты жүргізіледі. В.П. Михайлова бөлімнің жүргізетін ғылыми зерттеу жұмыстарын КСРО-дағы жетекші ғылыми зерттеу орталықтарымен үйлестіріп жүргізуге тырысты. Мысалы КСРО ғылым академиясы Ботаника институтының жетекші ғалымдарымен (А.Федоров, В.А.Соколов) және Өзбекстан ғылым академиясының ботаника институтының ғалымдарымен (К.З. Закиров және т.б.) және Түркменстан ғалымдарымен (Б.К. Кербабаев, К.М. Мурадов) үйлестіріп жасады. В.П. Михайлова өзінің ғылыми және әкімшілік жұмыстарын мамандар дайындаумен бірлестіре жүргізді. 1976 жылы В.П.Михайлованың ұсынысымен өсімдіктер ресурстары бөлімінің меңгерушісі болып М.К. Кукенов сайланды. М.К. Кукенов, В.П.Михайлованың көптеген шәкірттерінің бірі еді. М.К. Кукенов 1940 жылы туған. Ресурстанушылардың ішіндегі Қазақстан ғылым академиясының мүше-корреспонденті блып бірінші сайланған ғалым. М.К. Кукенов биология ғылымдарының докторы, профессор. 1997 жылы қайтыс болғанға дейін сол бөлімінің меңгерушісі болды.
Биология ғылымдарының профессор Кукенов Мәдениет Картайұлы Қазақстандағы «Ботаникалық ресурстану» ғылымының негізін қалаушылардың бірі болды, ол бұл ғылымның ғылыми негізін жасап, пайдалы өсімдіктерді тиімді пайдаланып қорғауға үлкен үлес қосты. М.К.Кукеновтың жетекшілігімен және тікелей қатысуымен бірнеше іргелі ғылыми жұмыстар орындалып өндіріске енгізілді. М.К.Кукенов шикізаттық өсімдіктерді зерттеудің ғылыми – теориялық негізін, шаруашылықтағы игерудің негізін, және Республика территориясында ресурстық жұмыстарды жүргізудің көпжылдық бағдарламасын жасады.
М.К.Кукенов 180-нен астам ғылыми еңбек жазды, оның ішінде: 1) Флавоноидсодержащие растения Юго-Востока Казахстана (1984); 2) Ресурсы лекарственных растений Казахстанского Тянь-Шаня (1989) деген монографиялары және «Ботаническое ресурсоведение Казахстана (1999) деген оқулығы бар.
Қазақстанда әртүрлі табиғи аймақтар және белдеулер бар және олардың флорасы және өсімдіктер ресурстары өте бай екендігін ерекше айтуға болады. Қазақстан тәуелсіздік алғанға дейінгі халық шаруашылығының шикізаттық бағытта дамуы Қазақстан биоферасына өзінің үлкен зияның тигізді. Көмір, қара және түсті метал, фосфорит және т.б. нәрселелерді өндірудің қарқынды дамуы Қазақстанның көптеген облыс орталықтарында экологиялық ортаны бұзды. Оларға қосымша тың және тыңайған жерлерді жалпы қайта жырту топырақ қабаттарының бұзылуын апатты жағдайға алып келді. Қазір Қазақстанда бұрынғы кезде кең тараған бетегелі-жусанды табиғи далаларды табу қиын.
Қазақстандағы ядролық сынақ полигондарының көп жылдар бойы қызмет жасауы, Қазақстанның көптеген территориясына, әсіресе Орталық Қазақстаның, Шығыс Қазақстанның экологиялық жағдайына үлкен зиянын тигізді.
Жоғарыда аталған техногендік экологиялық факторлардың зардабы әлі көпжылдар бойы халықтың денсаулығына кері әсер етеді. Бұл айталғындарға Арал, Балхаш және Каспий проблемаларын қосатын болсақ, онда Қазақстанда әртүрлі сынақтар өткізілгенін табиғатты пайдаланудың ең сорақы, қиратқыш әдістері қолданғандығын көреміз.
Солардың салдарынан Қазақстанның көптеген региондары, территориялары экологиялық апатты аймақтарға жатқызылғаны және тез қалпына келтіру бүгінгі заман талабы.
Өсімдіктер және жануарлар әлемі қандай жан түршігерлік өзгерістерге ұшырағаны өзінен-өзі түсінікті. Бұл процестің бір көрінісі ол Қазақстан Қызыл кітабына енген өсімдіктер және жануарлар түрлерінің жылдан-жылға өсуі. Мысалы, 1981 жылы шыққа Қазақстан Қызыл кітабына 190 шамасында өсімдік түрлері кірген болса, жақында шығатын қызыл кітапқа 400-ден астам өсімдіктер түрлері кірген. Бұл әрине тірі табиғат үшін апатты жағдай. Ғалымдардың мәліметтерінде Қазақстан территориясының 60% антропогендік деградацияға ұшырап және шөлге айналып бара жатқандығы айтылады. Қазақстан Республикасы үшін қазіргі кезде ең өзекті мәселе ол өсімдіктер әлемін және олардың ресурстық потенциалын қалпына келтіру және олардың алуантүрлілігін сақтау.
Пайдалы өсімдіктерді тиімді пайдаланып қорғап және сақтаудың негізгі екі жолы бар:
1) Өндірістік популяциялары бар жоғары өнімді учаскелер есепке алынуы керек және тұрақты бақылауда болуы керек.
2) Шикізаттық өсімдіктерді мәденилендіру. Бірақ та пайдалы өсімдіктерді мәденилендіру процесі өте ұзақ және шығыны көп, яғни экономикалық жағынан тиімсіз. Өйткені өсімдіктерге алдымен суарылатын, құнарлы топырақты жер керек.
Ал біздің республикамызда мұндай жерлер өте аз. Ондай жерлердің көп бөлігіне ауылшаруашылық дақылдары, бау-бақшалар егілген. Сондықтан адамдарға өте қажетті тағамдық өсімдіктердің орнына әлі тиімділігі толық дәлелденбеген дәрілік өсімдіктерді егуге халық та, мемлекет те рұқсат бере қоюы өте қиын нәрсе. Сондықтан пайдалы өсімдіктерді қорғап сақтаудың логикаға сиятын халық қолдайтын тәсілі ол сол табиғатта бар пайдалы өсімдіктердің қорын өте ұқыптылықпен ғылыми тұрғыдан дұрыс пайдалана білу керек. Республикамызда бірнеше ірі химиялық өндіріс орындары (Шымкенттегі химфармзавод, Оралдағы мия өңдейтін завод, Алматыдағы фармацевтикалық фабрика және т.б.) бар болғанымен елімізде медициналық және фармацевтикалық өндірістер күшті ғылым потенциалын әлі құра алған жоқ (Кукенов, 1999). Соңғы жылдары бұл бағытта алғашқы қадамдар жасалды. Мысалы Қарағанды қаласында фитохимия ғылыми – зерттеу институты ашылды, алғашқы отандық препараттар шығарыла бастады. Профессор М.К. Көкеновтың (1999) ойынша, Қазақстанның ботаник-ресурстанушыларының алдында болашақта мынадай міндеттер тұр.
1. Қазақстан және оның жеке региондары флорасындағы пайдалы өсімдіктердің биологиялық алуантүрлілігін зерттеуді жалғастыра беру.
2. Әрбір жеке шикізаттық өсімдіктердің ресурстық сипаттамасын жасау, оның ішінде міндетті түрде болуы керек: 1) Экологиялық-фитоценотикалық; 2) фитохимиялық ерекшеліктері; 3) ресурстық көрсеткіштері; 4) экономикалық бағасы; 5) пайдаланудың тиімділігі және т.б.
3. Жоғарыда келтірілген көрсеткіштердің бәріне талдау жасаудың негізінде республикамыздығы бар өсімдіктер ресурстарын тиімді пайдаланудың жүйесін жасау.
4. Республикада бар шикізаттар негізінде ұзақ жылдарға арналған бағдарлама жасау. Ол бағдарламада Республиканың әр регионы үшін қандай саланы және өндірісті қамту қажет екендігін көрсету.
5. Бірыңғай ғылыми-өндірістік орталық құру. Ол орталық өсімдіктер шикізатын жинаудан бастап соңғы өнім алғанша жүргізілетін жұмыстардың барлығын үйлестіру керек.
6. Шикізатты жинау, кептіру және сапасына қойылатын талаптар туралы жасалған барлық инструкциялардың қатал орындалуын тұрақты бақылауда ұстау керек.
7. Жергілікті халық пайдаланатын жеке өсімдіктердің пайдалы қасиеттері туралы мәліметтер жинау (Этноботаникалық зерттеулер) және бұрын зерттелген өсімдіктерді сын көзбен қарап тексеру.
8. Шаруашылық үшін бағалы қасиеттері және белгілері бар перспективті өсімдіктерді тереңірек зерттеу.
9. Шикізат ресурстары таусылған (немесе ескірген) өсімдіктерді толық айырбастай алатын жаңа шикізат көздерін іздеу.
10. Ресурс сақтайтын зерттеу тәсілдерін, жинау технологиясын, шикізатты толық пайдалануды қамтамасыз ететін тәсілдері жасау.
11. Табиғатта тапшы және сирек кездесетін пайдалы өсімдіктерді терең жерсіндіру жұмыстарын күшейту.
Профессор М.К. Кукеновтың (1999) көтерген проблемалары 15 жыл өтседе әлі толық шешілген жоқ яғни өзектілігін жоғалтқан жоқ.
Республикамызда дәрілік өсімдіктер және олардың ресурстарының жағдайы туралы тек соңғы 3 жылда 3 докторлық диссертация қорғалды (Д.К.Айдарбаева 2010, Н.Г. Гемеджиева 2010, А.Б. Мырзағалиева 2010). Д.К.Айдарбаева (2010) Оңтүстік Қазақстан облысында (Сарыағаш, Арыс, Отырар, Шардара аудандарында) өндірістік маңызы бар өсімдіктердің 4 түрін, Жетісу Алатауында (Сарқант, Ақсу, Алакөл, Ескелді, Панфилов Кербұлақ аудандарында) 19 түрін, Оңтүстік Алтай тауларының (Қатонқарағай, Күршім аудандары) бұрынғы зерттелмеген өндірістік маңызы бар қопа құрайтын 26 – өсімдік түрлерін анықтап олардың карта сызбасын жасаған. Оңтүстік Қазақстан облысында 4 өсімдіктің өндірістік қорлары анықталған (ferula foetida өндірістік қоры 2109,9 тонна, allochrusa gypsophiloides – 98.0, allochrusa paniculatum – 97.7, glycyrrhiza glabra L. – 50-53 тонна) болатындығы анықталған. Жетісу Алатауында 19 пайдалы өсімдіктердің табиғи қорлары анықталған. Олар (жерүсті, жерасты бөліктері) buphleurum aureum (0,3 т) aconitum monticola (0,6/0,3 т), hypericum perforatum (3,5 т), achillea millefolium (6,4 т), thymus marshalianus (0,6 т), delphinium dictyocarpum (6,1 т/10,0 т), ephedra eguisetina (744,7 т), patrinia intermedia (35,0 т), salvia diserta (65,0 т), berberis sphaerocarpa (67,0 т), tussilago fur-fara (0,18 т), origanum vulgare (0,5 т), rosa laxa, rosa pergerium (21,5 т). Оңтүстік Алтай тауларында 26 өсімдіктерінің табиғи шикізат қорлары зерттелген: filipendula ulmaria (21,1 т), ephedra equsetina (154,7 т), crepis sibirica (4,6 т), veratrum lobelinum (189,9 т/221,8 т), veratrum nigrum (8,6 т), sanqusorba officinalis (10,8 т тамыры), buphlurum anreum (11,6 т жерүсті), buphlurum multinerve (5,8 т жерүсті), bergenia crassifolia (32,4 тамыры) және т.б.
Д.К. Айдарбаева (2010) пайдалы (оның ішінде дәрілік өсімдіктер бар) өсімдіктердің қазіргі жай-күйін және пайдалануын есепке ала отырып, бұл өсімдік түрлерінің шикізат даярлау қарқынын сараптап, әр өсімдік түрлеріне жеке-жеке тоқталып, оларды тиімді пайдалану және сақтау жөнінде ұсыныстар берген.
И.Г. Гемеджиева (2010) алғаш рет Солтүстік Тянь-Шань Жоңғар провинцияларында таралған алкалоидты өсімдіктердің тізімін жасап, оларға жан-жақты талдау жүргізген. Нәтижесінде алкалоидты өсімдіктердің таралуы жөнінен Қазақстандағы ең кең таралған орталығы екендігі анықталған және оларды тиімді пайдаланудың ғылыми негізі жасалған.
Зерттеу нәтижесінде «Қазақстан алколоидты өсімдіктерінің тізімі» жасаланып, олардың ценоз түзуші 207 түрі (21,8%) анықталған. Олардың 161 түрі (77%), Солтүстік Тянь-Шань-Жоңғар провинцияларында таралған өсімдіктер екендігі анықталған. И.Г. Гемеджиева (2010) Солтүстік Тянь-Шань Жоңғар провинцияларында таралған алкалоидты өсімдіктердің дәрілік фармакопеялық келешегі бар түрлерін сақтап және оларды тиімді пайдалану туралы ұсыныс берген.
А.Б. Мырзағалиева (2010) Батыс Алтай және Нарын жоталарының табиғи флорасының дәрілік өсімдіктерін зерттеген нәтижесінде зерттеуге алынған 8 жотаның өнімдік қоры келесідей екендігін айқындаған. Иванов жотасында – 21 түр (2737, 4 т), Үлбі жотасында -22 түр (2162,1 т), Оба жотасында -13 түр (1986,3 т), Листвяга жотасында -23 түр (3032,3 т), Холзун жотасында -30 түр (3328,1 т), Көксу жотасында -15 түр (2654,8 т), Тигирецкий жотасында -11 түр (1487,3 т), Нарын жотасында -22 түр (2843,0т) бар екендігін зерттеу нәтижелерінде анықталған.
А.Б. Мырзағалиева (2010) дәрілік өсімдіктер ішінен өндірістік қор түзетін түрлерге veratrum lobelinum (2664,2 т), delphinium elatum (1134,4 т), chamae nerion angustifolium (1141,2 т), aconitum apetalum (911,8 т), aconitum leucostomum (1297,5 т), bergenia crassifolia (765,5 т), saussarea latifolia (558,5т), paeonia anomala (786,1т) жататындығын жете анықтаған.
А.Б. Мырзағалиева (2010) жалпы алғанда, Батыс Алтай және Нарын жоталарында дәрілік өсімдіктердің түрлік құрамын, таралуын және олардың табиғи қорларын анықтаған. Мысалы, Батыс Алтай жоталарында дәрілік өсімдіктердің 459 түрі (184 түрі официальді, ал 275 түрі болашағы зор) ал Нарын жотасының территориясында дәрілік өсімдіктердің 312 түрі, олардың 151 түрі официальді, 161 түрінің келешегі мол екендігін анықтаған.
3. ДӘРІЛІК ӨСІМДІК ШИКІЗАТЫН МИКРОСКОПИЯЛЫҚ ЗЕРТТЕУ ТУРАЛЫ
Өсімдік шикізатының микроскопиясын зерттеу жарық және люминесцентті микроскоп көмегін жүргізіледі. Микроскоп көзге көрінбейтін объектілердің қатты ұлғайған бейнелерін алуға мүмкіндік береді. Микроскоп көмегімен микробейнелердің мөлшерін, құрылысын, және т.б. сипаттамаларын анықтайды. Микроскоп элементтердің арасы 0,20 мкм-ге дейін болатын құрылымдарды ажыратуға мүмкіндік береді. Микроскоптың шешу қабілеттілігі жарықтың толқындық қасиеттерімен байланысты. Препараттың құрылымын ажырату оның бөлшектерінің жырықты сіңіру, шағылыстыру және сыңдыру қасиеттеріне бір-бірінен ажыратылғанда ғана мүмкін болады. Дәрілік өсімдік шикізатынан микроскопиялық препараттарды даярлау техникасы алуан түрлі және де зерттелініп отырған объектінің морфологиялық тобына, оның күйіне (бүтін, бөлшектелген, кесілген немесе ұнтақ) байланысты болады.
Жапырақ, шөптер, гүлдер.
Бүтін және кесілген шикізат. Бүтін шикізатты зерттеу кезінде жапырақ тақтасының жүйкесі бар бөлшектерін алады. Шөптерден жапырақтарды, кейде сабақ пен гүлдің бөліктерін, гүлдерден-тостағанша мен күлтені жеке қарастырып алады. Кесілген әртүрлі бөліктерді алады. Препараттарды жиі ақшылдандыру қажет болады.
Төмендегідей тәсілдер қолданылады:
1. Шикізаттың бөлшектерін пробиркаға салып, сумен араласқан 5% натрий гидроксидін қосып (1:1), 1-2 минут қайнатады. Кейін Петри табақшаларына көшіріп, сумен мұқият шаяды. Шикізат бөліктерін заттық шыныдағы глицерин немесе хлоралгидрат ерітіндісіне салады.
2. Жапырақтардың бөліктерін 1:1 қатынаста сумен араласқан хлоралгидрат ерітіндісінде 5-10 минут қайнатады да (ақшылданғанға дейін) затты шыныдағы глицерин немесе хлоралгидрат ерітіндісіне салып, скальпель немесе инемен екі бөлікке бөледі. Оның біреуін ақырын аударады. Объектіні жабындық шынымен жауып, ауа көпіршіктері жойылғанға дейін спиртовканың жанында аздап қыздырады да, суығаннан кейін зерттейді. Жапырақтың екі жағын да микроскоп арқылы кіші және үлкен ұлғайтулармен қарастырады. Сабақтың бөлшектерін 5% натрий гидрооксидінде 5-10 минут қайнатып, сумен шаяды. Эпидермисті скальпельмен немесе инемен бөліп алып, бетін қарастырады, қалған ұлпаларынан объектіні заттық шыны бетіндегі хлоралгидрат немесе глицерин ерітіндісіне езу арқылы препарат жасалынады. 10 минут хлоралгидрат ерітіндісіне қайнатылған жапырақтардың көлденең кесіндісін шикізат бөлшектерін өзегінің ортасына қыстыру арқылы әзірлейді.
Ұнтақ. Заттық шыны бетіне 1-2 тамшы хлоралгидрат ерітіндісін тамызып, зерттелінетін ұнтақтың аздаған мөлшерін салады. Ұнтақты хлоралгидрат ерітіндісіне батырылған иненің ұшымен алып, мұқият араластырып болғаннан кейін, бетін жабындық шынымен жабады да, ауа көпіршіктері кеткенге дейін спиртовка жалынына қыздырады. Шынының үстін препараттық иненің сабымен ақырын басып, шетіне шыққан сұйықтықты сүзгіш қағаздың көмегімен сорып алады. Қатты жапырақ пен қатты сабақтан жасалынған ұнтақты 5% натрий гидроксидінде қайнату арқылы мөлдір түске енгізеді.
Тұқымдар, Жемістер.
Бүтін шикізат. Тұқым қабықшасынан, жемісқап бетінен немесе көлденең кесіндісінен препараттар даярланады.
Тұқым қабықшасынан және жемісқаптың бетінен жасалынған препарттар. 2-3 тұқымды немесе жемісті 5% натрий гидрооксидінде 2-3 минут қайнатып, мұқият сумен шаяды. Объектіні заттық шыныға орналастырып, препараттық инелермен тұқымды қабықшасынан, жемісқапты ұлпаларынан ажыратып, хлоралгидрат немесе глицирин ерітіндісінде қарастырады.
Кесінділер. Кесінділерді әзірлеу үшін құрғақ тұқымдар мен жемістерді тәулікке ылғалды камераға салу арқылы алдын-ала жұмсартады. Ылғалды камера ретінде бірнеше тамшы хлороформ қосылған суы бар эксикатор алынады. Сонымен қатар жұмсартуды объект қаттылығына байланысты су буымен 15-30 минут өңдеу арқылы іске асырады. Ұсақ жемістер мен тұқымдарды 0,5х0,5х1,5 см парафинді блоққа ендіреді. Балқыту төмендегідей жүргізіледі: отқа қыздырылған препараттық иненің ұшымен ойық жасап, дереу арада сол жерге объектіні орналастырады (объектінің беті құрғақ болуы керек). Кесінділер парафинмен бірге жасалынып, парафиннен сұйықтыққа матырылған иненің ұшымен тазартылады. Микропрепараттар глицерин немесе хлоралгидрат ерітіндісінде жасалынады.
Қабық.
Бүтін және бөлшектенген шикізат. Қабықтың тігінен және көлденеңінен кесінділерін төмендегідей тәсілмен дайындайды: 2-3х0,5-1 см мөлшеріндегі шикізат бөлшектерін суы бар пробиркада 5 минут қайнатып, бөлшектердің нақты тігінен және көлденең кесіндісі кесілуі үшін скальпельмен тегістейді. Жасалған кесінділердің микропрепараттарын хлоралгидрат немесе глицерин ерітіндісінде даярлайды. Әртүрлі құрылымдар мен заттарды айқындап қажет болған жағдайда цитохимиялық реакцияларды жүргізеді. Сүректенген (лигнификацияланған) элементтерді флороглюцин ерітіндісінің бірнеше тамшысы мен 25%-дық тұз қышқылының 1 тамшы қоспасымен айқындайды. Бір минуттан кейін сұйықтықты сүзгіш қағазбен сорып алады да, хлоралгидрат ерітіндісі немесе глицеринге салынған кесіндіні жабындық шынымен жауап қыздырусыз қарастырады. Сүректенген арқаулық элементтер алқызыл түске боялады. Сүректенген элементтерді бояу үшін сафранин ерітіндісін де қолдануға болады. Кесінділерді 50% спирттегі 1% сафранин ерітіндісіне 30 минут ұстаған соң (жабық бюкс немесе сағаттық шыныға), алдымен 50% спиртпен, одан кейін қышқылданған спиртпен (100мл спиртке 2 тамшы концентрлі хлорсутекті қышқылды қосады) шайып, заттық шыныдағы глицеринге енгізеді. Сүректенген клетка қабықшалары қызыл түске боялады.
Крахмал. Крахмалды айқындау үшін құрғақ қабықтың кырындысын жасап люголь ерітіндісінде және жоғарыда көрсетілгендей суда қарастырады.
Илік заттар. Илік заттардың барын құрғақ қабықтың ішкі жағына 1 тамшы теміраммонийлі кварцтың немесе хлорид тотықты темірдің ерітіндісін тамызу арқылы айқындайды. Қара-көк немесе қара-жасыл бояу пайда болады.
Антрацен туындылары. Антрацен туындыларын қабықтың ішкі бетіне 1-2 тамшы натрий гидроксиді ерітіндісін тамызу арқылы (қан қызылға боялады) немесе микросублимация арқылы айқындайды.
Тамырлар, тамырсабақтар,
Бүтін шикізат. Тігінен және көлденең кесінділерді даярлайды. Жерасты мүшелерінің кішігірім бөлшектерін суық суға салып, бір тәулік ұстаған соң, 3 тәулік 95% спирт пен глицерин (1:1) қоспасына енгізеді. Жұмсарған объектілердің нақты тігінен және көлденеңінен кесіндісі кесілуі үшін скальпельмен тегістейді. Жасалған кесінділердің микропрепараттарын хлоралгидрат немесе глицерин ерітіндісінде даярлайды. Нақтамалық белгілерді алдымен кіші, сосын үлкен ұлғайтумен қарастырады. Құрғақ жерасты мүшелердің қырындысымен қажетті микрохимиялық реакцияларды жүргізеді. Сүректенген элементтері крахмал, шырыш, шыны мен эфир майлар, илік заттар мен антрацен туындыларының барын «Жемістер мен тұқымдар», «Қабық» бөлімдерінде көрсетілген әдістемеге сәйкес айқындайды.
Инулин. Инулинді айқындау үшін заттық шыныдағы 0,1 г ұнтақты 1-2 тамшы а-нафтол (резорцин немесе тимол) және 1 тамшы концентрлі күкірт қышқылының қоспасына салады. Қызғылт-күлгін бояу (резорцин мен тимолдан шоқсары-қызыл т.с) пайда болады. Инулиннің бары туралы тұжырымдарды крахмал жоқ болған жағдайда ғана жасауға болады.
Бөлшектенген шикізат. Жерасты мүшелерін бөлшектерін 5% натрий гидрооксиді ерітіндісінде 3-5 минут қайнатады. Суға мұқият шайған соң бөлшектерді глицерин немесе хлоралгидрат ерітіндісінде езе отырып микропрепараттарды дайындайды. Жерасты мүшелерін қырындысы және ұнтағымен жүргізілетін микрохимиялық реакциялар «Қабық» бөлімінде көрсетілгендей іске асады.
Ұнтақ. Жерасты мүшелерінің нақтамалық белгілерін және оның құрамындағы заттарды айқындау үшін бірнеше препараттар (хлоралгидрат ерітіндісінде) әзірленеді. Сүректенген элементтер, крахмал, шырыш, шыны мен эфир майлар, илік заттар мен антрацен туындыларының барын «Жемістер мен тұқымдар», «Қабық» бөлімдерінде көрсетілген әдістемеге сәйкес айқындайды.