Ахмет Байтұрсынұлының нақыл сөздері

Ахмет Байтұрсынұлы

Ахмет Байтұрсынұлы — 1872 жылы қазіргі Қостанай облысы, Жангелдин ауданы, Сарытүбек ауылында дүниеге келген. Табиғатынан аса дарынды болып туған Ахмет 1882-1884 жылдары әуелі көзіқарақты адамдардан өз үйінде хат танып, артынан жақын жердегі ауыл мектебінен сауат ашады. Сондайақ ол 1886-1891 жылдары Торғай қаласындағы екі сыныпты орысша-қазақша училищеде, 1891-1895 жылдары Орынбордағы мұғалімдік мектепте оқып білім алады.
Ұлт ұстазы 1895 жылдың 1 маусымынан бастап Ақтөбе, Қостанай, Қарқаралы атырабында бала оқытады. Ал 1913-1918 жылдар арасында жалпыұлттық «Қазақ» газетінде Бас редактор болып, ұлт мүддесіне қызмет етеді. Бұдан бөлек 1917 жылы құрылған «Алаш» партиясы мен Алашорда үкіметінің белді мүшелерінің бірі болады. Алайда ол 1919 жылдың наурыз айынан бастап Кеңес үкіметінің сапына өтіп, Қазақ өлкесін басқару жөніндегі әскери төңкерістік комитеттің мүшесі ретінде оның жұмысына белсене араласады.
Әйтсе де Кеңес үкіметі Ахмет Байтұрсынұлына сенімсіздік танытып, қуғындауын тоқтатпайды. Соның салдарынан 1991 жылы тағы репрессияға ұшырап, 1938 жылы ату жазасына кесіледі.

***
Ақ болсын, қызыл болсын, маған бәрібір. Мен Қазақ мүддесін көздейтін үкіметті ғана жақтаймын.
***
Алашқа аты шыққан адамдар! Көсемдіктеріңді адаспай түзу істеңдер! Сендер адассаңдар – арттарыңнан алаш адасады, арттарыңнан ергендердің обал-сауабына сіздер қаласыздар.
Қазақтың бас адамдары! Әуелі, сіздер адаспаңыздар, адаспас үшін ақылдасып, ойланып, ынтымақпен іс етіңдер.
***
Басқадан кем болмас үшін білімді, бай һәм күшті болуымыз керек. Білімді болуға — оқу керек. Бай болуға – кәсіп керек. Күшті болуға — бірлік керек. Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек.
***
Отан – өткенімізді танып, бағалай білу, ең әуелі, өзімізді қадірлей білу.
***
Адамға ең қымбат нәрсе – жұрт қамы, жұрт ісі.
***
Балшық жаман болса, кірпіші жақсы болмайды, кірпіш жақсы болмаса, үй жақсы болып шықпайды.
***
Басшылығы дұрыс болса, әлеуметтi түзейді. Теріс басшылық қылса, әлеуметті адастырады.
***
Задында, тіпті мүддесі жоқ адам болмайды. Адам болған соң, оның көңілі бір нәрсені тілемей тұрмайды, көңілі тілеуіне қарай бір нәрсе істемей тағы да тұрмайды. Көңілінің тілеуі де, ол тілеуінің жолындағы амалы да адамына қарай түрлі болады, неғұрлым қайратты болса, соғұрлым мақсаты да зор болады.
***
Аз болсын, көп болсын әркімнің мұраты бар. Ұлы болсын, үсақ болсын, әркімнің мұраты бар. Тілеусіз, мақсатсыз адам болмаған соң, талассыз, тартыссыз да адам болмайды.
***
Адам қанша дана, білімді болса да, қанша қаһарман, қайратты болса да, әлеумет оның мақсатын ұқпайтын болса, қайраткер қамалға жалғыз шапқан батырдай әлек болады.
***
Үгітті бүтін жұртқа айтса да, бір адамға айтса да үгіт болады.
***
Сайлаудың мағынасын білетұғын жұрттар: талас демейді, сайлау – дейді.
***
Сайлауды өз мағынасында алып қарап көрелік, бәле болып табылар ма екен? Сайлау деген – өзіңе берген ықтияр.
***
Ақылды айту оңай, оны алу да ауыр емес, орнына келтіру қиын кезде қымбатқа айналып кетеді.
***
Әр істің басы — қиын, басында қиналмай кетсе, онан әрі тың кетеді.
***
Ұлт жұмысы – үлкен жұмыс, үлкен жұмысқа көп жұмысшы керек. Алты миллион қазаққа алты ат жегіп, тарта алмады деп өкпелеу жөн бе?
***
Балам деген жұрт болмаса, жұртым дейтін бала қайдан шықсын? Бала деп бағып оқытып, адам қылғаннан кейін жұртым деп танымаса, сонда өкпелеу жөн ғой. Аталық міндетін атқарып отырған жұрт жоқ, жұртқа борыштымын деп жүрген қазақ баласы жоқ.
***
Баланы ұлша тәрбиелесең — ұл болмақшы. Күлша тәрбиелесең – құл болмақшы.
***
Мойындағы борышты білу – білім ісі, борышты төлеу — адамшылық ісі. Білім мен адамшылық екі басқа нәрсе, бірақ борышын білушілер көбейсе, төлеушілер де көбеюі ықтимал.
* * *
Құр съезге жиылып, «анау керек, мынау керек, олай істеу керек, былай істеу тиісті» дегеннен еш нәрсе өнбейді. Халықтың ісі машинаның тетігі емес, бұрап қалса, басқа жөнге түсетін.
***
Жұртқа керегін білетіндер көп, істейтіндер аз. Білушілеріміз білгенімен қоймай, істеуге кіріссе екен. Білушілеріміз істеуші болса, оларды көріп, өзгелер де істер еді. Сөйтіп, көсемдер көбейсе, ерушілер де көбейер еді.
***
Бас қосу жақсы нәрсе (жұрттан ондай жақсылықты неге қызғаналық), бірақ жақсы нәрсенің қолға түсуі жаман нәрседен гөрі қиынырақ болады.
***
Мәдениеті жоғары халық – мәдениеті төмен халықты аз-көбіне қарамай жем қылатыны айдан анық, күндей жарық ақиқат.
***
Орыстан қазақтың көріп отырған отаршылығы, омыраулығы қазақ мәдениеті орыс мәдениетінен төмен болғандықтан.
***
Біздің заманымыз – өткен заманның баласы, келер заманның атасы. Атадан қалған мирасымыздың жайы мағлұм, балаға бұл қалыпта тұрып не мирас қалдырмақпыз, оны болжауға да артық әулиелік қажет емес.
***
Қатерлі жерде қаперсіз отырдық. Өзімізге өкпелемесек, өзгеге өкпелер бет жоқ.
***
Өткен – өтті, іздегенмен – таптырмайды, қуғанмен, жеткізбейді. Өткенді қуғанды қойып, осы күйіңді түзеуге жөн іздеу тиіс.
***
Ағашты кесетін – балта, балтаның сабы — ағаш.
***
Ұлтын керек қылып, халыққа қызмет етемін деген қазақ балалары – қазақ жұмысына қолынан келгенінше қарап тұрмай кірісіп істей берсе, ұлт жұмысы ұлғайып, толықпақшы. Қазақтың іс қолынан келмейтіндеріне сөз жоқ, іс қолынан келетіндері де қарап жатыр.
***
Біреу: жұмыс қылайын десем, тұрған жерім жаман, – дейді, біреу: маңайымдағы елім жаман – дейді. Бұлардың бәрі де бос сөз. Абақтыдан жайсыз орын жоқ, онда да отырып жұмыс істеуге болады.
***
Орыстың мақалы айтқандай «ұжмаққа барғым келсе де күнәләрім жібермейді» деп, қазақ үстіне ұжмақты бір күнде-ақ орнатқым келеді, бірақ қолымнан келмейді.
***
Ұлтына қызмет етуге ниет болса, жұмыс табылады. Көп жұмыстың ауыры да, жеңілі де болады.
* * *
Жадымызда болсын, аз нәрсе көпке сеп болады. Сәл демеу зорға сүйеу болады. Ұлы іс – ұсақтан ұлғаяды.
***
Ұлт үшін деген күштің ұлғаюына үлес қосу қазақ баласына міндет.
***
Ұлттық езгі – ұлттық сезім туғызбай тұра алмайды. Езілген ұлттың бойында езушілерге қарсы жиіреніш және өшпенділік сезімі үнемі дами бермесе де, сенбеушілік сезімнен басқа сезім ояна қоймайды.
***
Мәселе мынада: қазақтар арасында халқы толық сенетін және жаза басып жаңылысса да, жеке басының игіліктері мен пайдасын көздеп, өз халқын ешқашанда саналы түрде сатып кетпейтін зиялылардың белгілі бір тобы бар. Қазақтардың сеніміне ие болғысы келетін орыс пролетариаты үшін ең төте жол – осы зиялылар арқылы өтеді.
***
Қазаққа қатысты барлық қиындық кешегі қазақтардың өзін езушілерге сенім білдіре алмайтынында, ал кеңес үкіметі тиісінше, кешегі қарсыластарына әлі де сенім білдіре алмай отыр.
***
Қазақтар үшін де, жалпы алғанда қараңғы қалың бұқара үшін де коммунизм идеясы, Гейненің сөзімен айтқанда, «шақырылмаған бөтен қонақ».
***
Өзімді қазақ тілі турасындағы еңбекке икемдірек және пайдалырақпын деп ойлаймын. Бұл саладағы менің қызметiм партиялық жиналыстардағы отырыстармен салыстырғанда анағұрлым нәтижелірек болатындығына еш шүбәм жоқ.
***
Қазақтың әлі күнге жерден қол үзбей отырғаны – жер қазыналық болғандықтан, әйтпесе, бүгін тойғанына мәз болып, ертеңгісін ұмытқан қазақ бүгін — жерін сатып тойып, ертең — тентіреп кетер еді.
* * *
Жерді жалдауға тартынбағандар, сатудан да тартынбайды.
***
Қазақ жері қазақтан кетпес еді, қазақ жері қазақтан кетпесіне іс қылсаңдар. Жерін алдыруға болмаса, алдырмасқа іс қылған қазақ жоқ.
***
Біреудің иемденіп отырған жерін аламын деп шығарған дау – біреудің малын, мүлкін аламын деп дау шығарғанмен бір есеп.
* * *
Қазіргі қазақ мәселесінің ең зоры — жер мәселесі. Бұл – қазақтың тірі на өлі болу мәселесі.
***
Халықтың түзелуінің үміті – жастарда. Сондықтан, жастардың қалай оқып, қалай тәрбиеленуін, бәрінен бұрын ескеріп, бәрінен жоғары қойылатын жұмыс.
***
Олжалы жерде үлестен қағылғанымыз, жоралы жерде жолдан қағылғанымыз – бәрі надандық кесапаты.
***
Елді түзетуді – бала оқыту ісін түзетуден бастауымыз керек. Неге десек, болыстық та, билік те, халық та оқумен түзеледі.
***
Жастардың оқу-тәрбие жұмысы түзелмей, жұрт ісі де түзелмейді.
***
Замана сипаты: білімі көптер жұрт билемей, малы көптер жұрт билер заман.
***
Жазу-сызу жоқ жұртта — көсем жұртты шығармалар болмайды. Себебі, жазу-сызу жоқ жұртта өнер-ғылым болмайды. Ғылым дегеніміз – дүниені, яғни табиғатты дұрыс тану, ғылым жоқ болса, дүниені тану дұрыс болмайды.
***
Мінез – іштен туады, бірақ шынығып жетпей тұрғанда мінез түрін тәрбиемен өзгертуге болады. Адамға тәрбие беруге әуелі: ата-ана, сонан соң ұстаз, мектеп, тұрмысындағы төндірек.
***
Үйрену һәм үйрету ең басында қиын. Балалар оқудың басында қиналмаса, оқудан тауы шағылмай, көңілі қайтып, мұқалмайды, оқуға ықыластанып, оқыған сайын қызығады.
***
Оқусыз халық — қанша бай болса да, біраз жылдардан кейін оның байлығы өнерлі халықтардың қолына көшпекші.
***
Бұл заманда қолы жетпегендерді теңдікке жеткізетін, әлсіздерге күш беретін өнер-білім, сол өнер-білімге мезгілі өтпей тұрғанда үйренсек, тұрмысымызды түзетіп, басқалардың аяқ астында жаншылмас едік.
***
Адам баласын: көкте құстай ұшқызған, суда балықтай жүздірген – ғылым. Дүнияның бір шеті мен бір шетіне шапшаң хабар алғызып тұрған – ғылым, от арба, от кемелерді жүргізген – ғылым.
***
Орысша оқу – орыс қолтығында тұрған жұртқа керек, керек болғанда қазақша оқығанның үстіне керек.
***
Адамға тіл, құлақ, қол қандай керек болса, бастауыш мектептерде үйренетін білімдер де сондай керек. Осы заманда хат білмеген адамның күйі – тіл я құлағы, я қолы жоқ адамның күйімен бірдей.
***
Жұртқа тәртіпті мектеп керек.
Мектепке сайлы мұғалімдер керек.
***
Білім – бір құрал. Білімі көп адам құралы сай ұста сықылды, не істесе де келістіріп істейді.
***
Халық – мұғалімдер үшін халық болып отырған жоқ, мұғалімдер – халық үшін мұғалім болып отыр.
***
Мектептің жаны – мұғалім. Мұғалім қандай болса, мектебі һәм сондай болмақшы. Яғни, мұғалім білімді болса, білген білімін басқаға үйрете білетін болса, ол мектептен балалар көбірек білім біліп шықпақшы.
***
Тіршілік – тірлік шарасы. Тірлік шарасына үйрететін білім тірі білім болуы керек. Ондай білімді адам мәніс білімі мен әдіс білімін қатар үйренгенде білмек.
***
Мектептің міндеті – берген баланы ата-анасының үміті мен мемлекеттің мақсатындағы көздеген түрде адам қылып шығару. Бұл міндетін дұрыстап атқару үшін көздеген мақсатқа керек істерді дұрыстап істеу тиіс.
* * *
Тілі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады.
***
Өз тілімен сөйлескен, өз тілімен жазған жұрттың ұлттығы — еш уақытта адамы құрымай жоғалмайды.
***
Әріпке бола тілді бұзбайды, тілге бола әріпті бүзып өзгертеді.
***
Тіл тазалығы дегеніміз – ана тілдің сөзін басқа тілдің сөзімен шұбарламау. Басқа тілден сөз тұтыну қажет болса, жұртқа сіңісіп, құлақтарына үйір болған, мағынасы халыққа түсінікті сөздерді алу.
***
Біз сияқты мәдениет жемісіне жаңа аузы тиген жұрт: өз тілінде жоқ деп мәдени жұрттардың тіліндегі даяр сөздерді алғыштап, ана тілі мен жат тілдің сөздерін араластыра-араластыра ақыры ана тілінің қайда кеткенін білмей, айырылып қалуы ықтимал.
***
Тіл – адамның адамдық белгісінің зоры, жұмсайтын қаруының бірі. Осы дүниядағы адамдар тілінен айырылып, сөйлеуден қалса, қандай қиындық күйге түсер еді.
***
Асыл тіл, түзу емле қазақта – боларға тиіс. Неге десек: ата кәсібін тастамай істеп келе жатқан — қазақ. Басқа жұртқа араласпай, өз алдына оңаша, оқшау жүрген — қазақ. Жат жазудың ыңғайына қарап, тілін бұзбаған, арасына жат жазу жайылмаған түрік баласы – қазақ.
***
Қазақта жазу-сызу болмаған соң, жалғыз-ақ табиғаттың законына ерген, сондықтан тілі азбаған. Өзгелер табиғатты зорлап, емлеге таңып, тілін аздырған.
* * *
Қазақ я құрып жоқ болар, я өз тілімен де өзгелердей тіршілік етер. 20-шы ғасырға шейін түріктің тілін аздырмай асыл қалпында алып келген, тіл турасындағы абырой мен алғыс – қазаққа тиісті.
***
Хат мәдениеті бар халыққа: бір әріпті тастап, екінші әріпті ала қою оңай жұмыс емес. Бірте-бірте барып алып кетуге бірталай уақыт керек…
***
Әліп-би түзеу, емле түзеу жағынан соңғы кезде істелген істер жемісті болып, бұ жағынан біз Еуропа, Америка жұрттарының алдында тұрмыз.
***
Қазақ жат сөзге әуестенбей, пән сөздерін өз тілінен жасауға тырысты. Әдебиет тілі ауылдағы қазақтың хат білетін, білмейтін – қайсысына да болса түсінікті болуын көздеді.
***
Емле мен әліп-би жағына келгенде, біз орыстан да, немістен де, француздан да, ағылшындардан да алда тұрғанымыз мәлім болды. Аз ғана күшімізді озған үстіне озамыз деп, озып тұрған жерімізге жұмсауымыз керек.
***
Шариғат – бір айтылып, тас сияқты қатып қалған өзгерілмейтін жол, тіршілік күн сайын өзгеріп тұрады.
***
Араб әліппесі қазақ арасына дінмен бірге жайылған. Дінмен байланысқан әліппені тастап, қазаққа басқа әліппе алдыру – қиын жүмыс.
***
Қазақ дінге нашар күйден өткен, енді қазақты басқа дінге аударамын деу құр әурешілік.
***
Домбыра тарту, ән салу, өлең айту сияқты халықтың үйреншікті сауықтарына дейін күнә деп, тиғысы келген. Бірақ ұзын арқан, кең тұсауға қалыптанған қазақ шариғаттың тар тұсауына үйрене алмаған.
***
Амалыңды түзет, түземесең, ешкімге кінә қойма! Беті жаманның айнаға өкпелеуі жөн бе? Ниеті жаманның Аллаға өкпелеуі жөн бе?
***
Қысылған жерде қарасу, қиналған жерде болысу – адамшылықтың, мұсылманшылықтың ең жоғарғы дәрежесі еді.
***
Сөз жазатын адам – әрі жазушы, әрі сыншы боларға керек. Сөздің шырайлы, ажарлы болуына – ойдың шеберлігі керек. Ұнамды, орынды, дәмді болуына — сыншылдық керек. Мағыналы, маңызды болуына – білім керек.
***
Сөздің асыл болатын сырын білген адам – сөзді сынай біледі. …Жүйрік аттың белгілі сипаттары сияқты асыл сөзде де белгілі сипаттар болады.
***
Ақындық – жалғыз өз көңілін, күйін толғай білуде емес, басқалардың да халін танып, күйіне салып, толғай алуда.
***
Сөйлеу жүйесінің мақсаты – сөйлеу жүйелерін меңгеріп, сөзден нендей нәрселер жасап шығаруға болатындығын көрсету.
***
Өнердің ең алды – сөз өнері деп саналады. «Өнер алды қызыл тіл» деген қазақ мақалы бар. Мұны қазақ – сөз баққан, сөз күйттеген халық болып, сөз қадірін білгендіктен айтқан.
***
Әр ақын, әр жазушы сөздің басын өзінше құрастырып, өз оцтайымен тізеді. Өз білуінше пікірлейді, сондықтан әрқайсысының лұғатында өзіндік айырымы, өзіндік белгісі болады.
* * *
Дарынды сөзді сынау үшін де білім керек, бірақ қара сөзді шығармаларға өнер білімі көбірек керек. Ұстаның мінін көбінесе ұсталар көреді.
***
Қазақтың баласы – ұлтым, жұртым, бауырым деп үйреніп қалған қазақтың бауырмал қалам қайраткерлері, октябрь өзгерісі болғанда бірден интернационал (бейбауырмал) болып өзгере алмады, өзгелердей «әлімсақтан бері» коммунист, интернационалист едім деп айтуға аузы бармады.
***
Қалам қайраткерлері – жолын тастап, көрінген жолаушыға ере беретін бұралқы ит емес. Бауырмал болып қалған қазақ қалам қайраткерлері, иә, бояумен түсін өзгертіп, иә, түләнмен түгін өзгертіп бейбауырмал болмаса, нақ ішін өзгертіп бейбауырмал бола алмайды.
***
Елде жоқ рух — ақын сөзіне қайдан келсін?!
***
Айтыс — өлеңді сөз болған соң, оған ақындық керек. Ақындықтың үстіне әдіс керек. Күрескенде күшке әдіс серік болуы сияқты, айтысқанда ақындыққа да әдіс серік болады. Әдісі жоқ әйдік ақынды әдісті анау-мынау ақын жеңіп кетуі мүмкін.
***
Бұрынғы қазақ ақындарының мақтау, құттықтау өлеңдерінің көбі қадірсіз болып кетуі – шын көңілден шын толғау болып шықпағандықтан.
***
Өзіміздің елімізді сақтау үшін бізге мәдениетке, оқуға ұмтылу керек. Ол үшін ең алдымен әдебиет тілін өркендету керек. Өз алдына ел болуға, өзінің тілі, әдебиеті бар ел ғана жарай алатындығын біз ұмытпауға тиіспіз.
***
Әдеби еңбекті ешкім мақтаныш үшін жазбайды, ол мінезден туады.
***
Мақал – тәжірибеден шыққан ақиқат түрінде айтылатын сөз.
***
Әркім өзі жақсы білетін нәрсесін сынауы керек.
***
Көркем сөз – көңіл тілі, жалаң сөз – зейін тілі.
***
Әуелі, газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі.
* * *
Қазақта газета, журнал, кітаптар жоқ кезінде жоғалмаған тіл газета, журналы шығып, кітаптары басылып, жылдан-жылға лгері басып келе жатқанда, қазақ тілі жоғалмас.
***
Кұл болған халықтан туып, құлдықтың қорлықзорлығын көріп отырып, қазақ қалам қайраткерлері қаламын ұлтының ауырын – жеңілдету, ауруын – азайту жолына жұмсамасқа мүмкін емес.
***
Халыққа газетаның осындай пайдалы қызметтері бар екендігін білген жұрттар – газетаны киетін киімі, ішетін тамағы, үстіндегі үйінен соңғы керек нәрсеге санайды. Газетаның пайдасын білімді, өнерлі халықтар көбірек біледі. Сондықтан неғұрлым білімді, өнерлі халық болса, соғұрлым газета, журналдары көп.
* * *
Сөздің ең ұлысы – тарих.
* * *
Шежіре, заманхат, өмірбаян, мінездеме – бәрі де тарихтың жемі есебіндегі нәрселер.
* * *
Тарихшылар халық басынан кешкен түрлі уақиғалардың мағлұматын сымға тартқандай сынға салып, мінсіз етіп, дұрыстап өткізеді.
***
Тарихшылардың мақсаты – уақиғаның уақытын ғана көрсету, яки, не түрде болған тысқы сиқын ғана көрсету емес, ол уақиғаның болуына нендей нәрселер себеп болғанын көрсетіп, ішкі мәнісімен де таныстыру.
Түсіне қарап, ішінен түңілме!
Күшiне қарап, ісінен түңілме.
***
Жайдағы қайғыдан, қуаныш үстінде көрген қайғы – жанға көбірек батады.
***
Адамның санасы фотография (сүгірет машинасы) емес, нәрсенің тұрпатын ғана түсіріп қоятын. Нәрсенің саңылауы келіп адамның санасына келіп түскенде, адамның ойын да, көңілін де бірдей оятады.
***
Адамға өз бойындағы үйреншікті міні – мін болып көрінбей, өз үйіндегі кемшіліктер кемшілік болып көрінбейді. Жұртқа да солай: салтындағы, қалпындағы, ғұрыптағы жаман әдет жамандық болып көрінбейді. Бойдағы мін – бойында міні жоқ біреуді көргенде байқалады, үйдегі кемшілік – кемшілігі жоқ үйді көргеннен кейін көзге түседі. Жұрттағы жаман әдет – басқа жұрттың жақсы әдетін көргеннен кейін білінеді.
* * *
Адам қателескен бір ғана ісінен өмірлік тұрмысын ауырлатып алуы мүмкін. Бір дұрыс істеген ісінен – жөнін түзеп, тұрмысын жеңілдетіп алуы ықтимал. Ұсақ уақиғадан ұлы уақиға тууы ытимал болғандықтан, ұсақ істің бәрін ұсақсыну керек емес. Ол ұсақ іс, бәлки, зор шарапатқа, иə зор кесепатқа кілт болатын ұсақ істің бірі шығар.
***
Биік мақсат, зор үміт, ұлы пікірі жоқ өмір – хайуан өміріне ұқсас, бірақ ұсақ істердің ішінде, ұсақсынып байқамай өтсең, опық жегізіп, өкіндіретіндері де көп болады.
***
Тұрмысқа сарын жасайтын – адамның амалы, амалға өң беретін – адамның мінезі, мінезге кейіп беретін тұрмыс төңірегі. Адамның мінезі – ойының түрінен, көңілінің күйінен, істеген ісінен көрінеді.
***
Әркімнің өмір жүзінде көздеген мұраты болады, яғни, сол мұрат көрген нәрсесінің жолында болады. Мұратына жетсе – бақытты болады. Мұратына жетіп, бақытты болған шақта да бақыт ұзақ тұрмайды.
***
Өмір жолы мұратқа тура жүргізбейді. Тура жүргізбесе, көңілге реніш, шер пайда болады.
* * *
Табиғат – тас жүрек, қанша өтініп жалынсаң да, жағынсаң да, өзінің заңынан бұрылмайды. Табиғаттың заңы қатты, үкімі рахымсыз…
***
Өз еркім – өзімде, өз ісіме — өзім қожа, өзім — себеппін деп жүрген адам, тұрмыс ісінің орауынан, шырмауынан әрі аса алмайды.
***
Шабыттанып істемеген – іс оңды да болмайды.
***
Бұрын да қазақ байғұс оңған халық емес едік, енді жұтқа ұрынып, жұқанағың қалғанда оңай оңала қоймассың. Бір күн ашыққанның ақылы — қырық күнге дейін орнына түспейтін болса, күнде ашығып отырған сен бейбақта не ақыл қалсын!
***
Қазақ елінде рушылық дәуірі жоқ, бірақ қалған жұрнақтары бар. Ол қалған жұрнақтары қоғамның бәріне пайдалы емес, қоғам ішіндегі байлар, оның атқамінерлерінің пайдасына жұмсалады.
***
Арзан пәлсапа – алысқа апара алмас.
***
Алушы да, беруші де — өзіне жағымды жағын іздейді.
***
Тән мен жан – сабақтас, екеуі – бірінен бірі айырғысыз. Тәнсіз – жан жоқ, жансыз – тән тұра алмайды.
***
Ауру адамның, аш адамның есі, ақылы орнында болмайды, «Мастық не дегізбейді, аштық не жегізбейді» — деген қазақта мақал бар.
***
Дұрыс пен қатені, қисық пен түзуді айыруға жаратқан көкіректе — көз бар.
***
Кейбір істерді істеу керек бола тұра істеуге болмайды.
***
Өткенді қуғанды қойып – осы күйіңді жөндеуге жөн іздеу керек
***
Талап — жоқ, үміт — мол бір халықпыз.
***
Әр әркім жалғыз өзім демей, өзгелер жайын да ойлап, пейілін кеңге салып іс етпесе, жұрт жұмысы түзелмейді.
***
Күнелту үшін – ас керек, ас істеуге – күш керек, күшті жұмсауға – ес керек. Күш пен есті қатар жұмсап ас қылу — еңбек ету болып шығады.
***
Тіршілік өнерінің артылуы — тіршіліктің керек қылуына қарай болмақ.
***
Мал бағатындар – мал бағуын жақсы білерге керек, ел бағатындар – ел бағуын жақсы білуге керек. Бала оқытатындар – бала оқытуын жақсы білерге керек.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *