Ұлыбритания
Бірінші дүниежүзілік соғыс қорытындысының Ұлыбританияға әсері. Ұлыбритания алдыңғы қатарлы державалардың бірі ретінде Бірінші дүниежүзілік со- ғыстағы жеңісінің нәтижесінде өзінің көптеген саяси мақсаттарын жүзеге асыруға қол жеткізді. Германия Англиямен бақталас болудан қалды. Африкадағы не- міс отарларының және Түркиядан тартып алған аумағы 21 есебінен Британия отарлық империясы кеңейді. Версаль келісімі бойынша Германия төлеуге міндеттенген төлемнің көп бөлігі Англияға берілді. Алайда Ұлыбританияның қаржылық-экономикалық жағдайы соғыстың салдары- нан біршама әлсіреген болатын. Ол ұлттық байлығының үштен бір бөлігін жоғалтты. Өндіріс салалары 20%-ға қысқарды. Дегенмен 1914—1918 жылдары соғысқа қа- жетті тауарлар өндіру, автокөлік, ұшақтар жасау, хи- мия өндірісін дамыту жолға қойылып, металл қорыту қарқыны айтарлықтай артты. Ал көмір өндіру, кемелер жасау, керісінше қысқартылды. Өндірісті ұлғайтудағы арасалмақтық қайшылықтар Англия экономикасына көп кедергі жасап, оның өнімдері қымбат болғандықтан, саты- лым деңгейі төмендеді. Экспортқа қарағанда, импорты екі есе өскендіктен Ұлыбритания шетелдерден қарыз алуға мәжбүр болды. Егер соғысқа дейін АҚШ Ұлыбританияға қарыздар болса, соғыстан кейін бұл державалар бір- бірімен орын алмастырды. 1919 жылы Ұлыбритания АҚШ-қа 850 млн фунт стерлинг (4 млрд долл) берешек болды. Дүниежүзілік қаржы орталығы Лондондағы Сити қалашығынан Нью-Йорктің Уолл-стрит қалашығына қоныс аударды. АҚШ Ұлыбританияны сыртқы саудадан қысқан сайын екеуінің арасындағы бәсеке күрес күшейе түсті. Ұлыбританияға қарсылас болып Еуропада — Фран- ция, Азияда Жапония саяси аренаға шықты.
Ағылшын үкіметінің ішкі және сыртқы саясаты. Соғыс біткен кезде билік басында Дэвид Ллойд Джордждың ли- бералдар, консерваторлар және лейбористерден құралған коалициялық үкіметі тұрған еді. Коалицияның мақсаты соғыс жылдарында азаматтық бейбітшілікті сақтап тұру болды. Соғыс аяқталған соң бұл коалиция тарап кетті. Ұлыбританияда көтерілістер, қақтығыстар болған жоқ. Бұл мемлекеттегі өзгерістер эволюциялық жолмен, біртіндеп, өркениетті түрде өтіп жатты. Дегенмен ел өмірінде жаңа сатылы бағыттар туғызатын оқиғалар да орын алды. 1918 жылы сайлау туралы жаңа заң қабылданып, дауыс берушілер саны 8 млн-нан 21 млн-ға дейін өсті. 21 жасқа толған ер адамдар мен 30 жасқа толған әйелдер сайлауға қатысуға және сайлануға құқылы болды. Соғыстан аман қайтқандарға жұмысқа орналасқанға дейін ақшалай кө- мек беру мәселесі шешілді. Әскери өндіріс орындарының қысқартылуына байланысты жұмыссыз қалғандарға да қаржы бөлініп, мемлекеттің әлеуметтік деңгейі әжептәуір өсті. Ллойд Джордж үкіметі, сонымен қатар халық ағарту, тұрғын үй салу ісіне басты көңіл бөле бастады. Сыртқы саясатта Ұлыбританияның беделін көтеруге тырысқан Ллойд Джордж үкіметі Париж бейбіт конфе- ренциясында батыл ұстанымдарды жақтады. 1917 жылы империялық конференцияда оның отарлары: Канада, Аустралия, Жаңа Зеландия және Оңтүстік Африка Одағы автономиялы мемлекеттер мәртебесін иеленді. 1923 жы- лы олар басқа елдермен дербес келісімдер жасауға қол жеткізді.
1918—1924 жылдарда қалыптасқан екіпартиялық жүйе күрделі өзгерістерге ұшырады. Либералдық пар- тия екі топқа бөлінді де, сайлаушылар саны бірден ке- міді. Ал лейбористер партиясының ықпалы күшейе түсті. Олар миллиондаған мүшелері бар тредюниондарға (жұмысшылардың жалпы кәсіподақ ұйымына) арқа сүйеді. Лейбористер партиясы парламенттегі басым күшке айналды. 1924 жылы қаңтар айында палатада көпшілік дауыс ала алмағандықтан, консерваторлар кабинеті биліктен кеткенін хабарлады. 23 қаңтарда лейбористердің жетекші- сі Рамсей Макдональд Ұлыбритания тарихында алғаш рет лейбористер үкіметін құрды. Бұл үкімет жұмыссыздар мен зейнеткерлердің жағдайын жақсартуда біршама жұмыстар атқарды. Алайда лейбористер сайлау алдында халыққа берген — жұмыссыздықты жою, капиталға салық салу арқылы мемлекет қарызынан құтылу, шахталар мен электрстансыларды мемлекет меншігіне алу және т.б. уәделерін орындай алмады. Сондықтан мерзімінен бұрын болған сайлауда консерваторлар жеңіске жетті. 1924 жы- лы қазанда консерватор С. Болдуин қайтадан үкімет ба- сына келді. Ұлыбританияда басқарушы топтар парламенттік, өркениеттік бағытта әрекет етсе, отарларда ұлт-азаттық қозғалысты қарулы күшпен аяусыз басып-жаншуға ты- рысты. 1919 жылдың ақпан айында Үндістанның Амритсар қаласында ағылшын әскерлері бейбіт митингіге қатысқандарға оқ жаудырды. Дегенмен Мохандас Карамчанд Ганди бастаған ұлт-азаттық күрестің өршуіне орай, Ұлыбритания 1919 жылы Үндістанда реформа- ларды бастауға кірісті. 1919—1922 жылдары Египеттегі көтерілістер қатал жазаланғанымен, Ұлыбритания оның тәуелсіздігін мойындауға мәжбүр болды. Сондай-ақ оның Ауғанстан мен Иранның ішкі және сыртқы саясатына ара- ласудан бас тартуына тура келді. Түркия халқы 1922жылы грек әскерлерін талқандап, дербес мемлекет құрды. Кемал паша басқарған Түркия үкіметін Англия ресми түрде мо- йындады. Ағылшындардың ежелгі отары — Ирландияның ға- сырларға созылған күресі нәтижеге қол жеткізді. Ирлан- дықтар өздерінің тәуелсіздігі мен бостандығын жеңіп алды. 1919 жылы Дублин қаласында ұлттық парламент құрылып, Ирландияны республика деп жариялады. Үш жыл өткен соң, 1921 жылы желтоқсанда Англия 26 графтықтан тұратын Ирландия тәуелсіз мемлекетін мойындады. Бірақ индустриясы дамыған 6 Солтүстік- Шығыс графтық (Ольстер) Ұлыбританияның құрамында қалып қойды. Ирландияның сыртқы саясатын бақылауды, онда әскери-теңіз базасын және әскер ұстау құқығын Ан- глия өзіне заңды түрде бекітіп алды.
Соғыстан кейінгі Ұлыбритания экономикасы. 1920жыл- дары британ экономикасы баяу түрде болса да қайтадан нығая бастады. Автокөлік, электротехника, химия секіл- ді алдыңғы қатарлы өндірістер қарқынды дамыды. Бірақ сауда, құрылыс, көмір өндірісі өркендеген жоқ. Британ- дық капитал сыртқы экспансияны қалады. Шахта иелері- нің алдында екі жол тұрды: бірі — жаңа техникаға капи- тал құю арқылы көмір өндіруді жаңғырту, сөйтіп сыртқы саудада көмірдегі бәсекелестерін басып озу, екіншісі — шахтерлердің еңбекақысын төмендету. “Арзан жол” ретінде екінші жол таңдалды. Бірақ бұл жағдай 1926 жы- лы елдегі жұмысшы табының жаппай ереуілін туғызды. Консерваторлар үкіметі 1927 жылы жаппай ереуілге жол бермейтін заң шығарды. Осыдан кейін көп ұзамай 1929 жылғы кезекті парламенттік сайлауда лейбористер партиясы жеңіске жетті. Сөйтіп, екінші лейбористер үкіметі құрылды. 24 1929 жылы басталған дүниежүзілік экономикалық дағдарыс Ұлыбританияға тек 1932 жылдың көктемінде жетті. АҚШ, Германия және Франциямен салыстырғанда Ұлыбританияда өнеркәсіптік өндіріс аз қысқарды, өйткені оның экономикасы қалыптасу жылдарында гүлдене алған жоқ-ты. Дағдарыс бәрінен бұрын өнеркәсіптің көмір өндіру, болат құю, кеме құрылысы салаларында көрініс берді.
Үкімет басына екінші рет келген Р. Макдональд 1931 жылы тамызда “ұлттық” коалициялық үкімет құрды. Оның құрамына 5 лейборист министрмен бірге, консерва- торлар мен либералдар кірді. Олар ереуілшіл қозғалыстар- ға қарсы саясат жүргізді. Бұл кезеңде жұмыссыздығы үшін берілетін жәрдемақы да көп қысқарып кеткен бола- тын. Үкіметтің бұл әрекеті жұмысшылар қозғалысының өрлеуіне әкеліп соқты. Үкіметті қайта жасақтау барысында 1937 жылы ка- бинет басына Германияны жақтаушы Невилл Чемберлен келді. Англияның сыртқы саясатында консерваторлар партиясының бір топ қайраткерлерінің ықпалы арта түсті. Олар немістің қаржы және өнеркәсіптік алпауыттары- мен тығыз байланыста болды және Германиямен қарым- қатынасты дамытуды қолдады. Чемберлен үкіметі Гитлердің 1938 жылы наурыз айында Австрияны қосып алуына ешқандай қарсылық көрсетпеді. Консерваторлардың мюнхендік саясаты Екін- ші дүниежүзілік соғыстың алғышарттарын күшейте түсті.