ӘКТАС ПЕН ТЕРЕК
Әктас пен Терек ерте заманнан көршілес еді. Әктас Теректің көлеңкесінде жататын. Терек болса, жазда жасыл жапырақтары сыбдырлап, неше түрлі ән салатын.
– Гу, гу… – дейтін Терек көлеңкесіндегі көршісі Әктасқа сыбдырлап, – әнім қандай тамаша, көлеңкем қандай саялы! Әктас, сенде мұның бірі жоқ, гу, гу… Әрлі-берлі өткен жолаушы маған еріксіз бұрылады. Көлеңкемді сағалап дамылдайды, гу, гу…
Мұны естіген Әктас зәбірден жарылып кете жаздаушы еді. Оның Терек сынды көркі де, сыбдырлар жапырағы да жоқ. Оның бетінде атам заманнан бері кенедей жабысқан қына ғана бар-ды. Қына болса, Әктасты ертелі-кеш мүжігеннен басқа білері жоқ барып тұрған арамтамақ еді.
Терек жаз келген сайын Әктасты өстіп әжуалауын қоймады. Осылайша талай жаз өтті. Өткен жаздың көптігі сондай, баяғы
Терек қартайып шіри бастады. Бірақ оның орнына жас теректер өсіп шықты. Олар да жаз болды-ақ, тұс-тұстан бір дауыспен:
– Гу, гу!.. Әнім қандай тамаша, көлеңкем қандай саялы! Әктас, сенде мұның бірі жоқ, – деп ән салатын болды.
Дәрменсіз үнсіздіктен әбден мүжілген Әктас күндердің күнінде мүлдем көрінбей қалды. Бетін топырақ басты. Үстіне неше түрлі өсімдіктер шықты.
Күндердің күнінде баяғы кәрі Теректің түбіне бір адам келіп демалуға отырды. Аптығын басқан соң жол дорбасынан кішкене балғасын шығарып, саялап отырған жерін шұқылай бастады. Бір уақытта болат балғаның ұшы тасқа тиіп, шақ-шұқ етті, тіпті кей тұста кәдімгідей от ұшқындады. Жолаушы жалма-жан кішкене күрегімен отырған жерін кеңейте қазып, ақыры топыраққа көміліп қалған баяғы Әктастың бетін аршыды.
Ол жер қазынасын іздейтін кәнігі маман геолог еді. Кәрі теректің түбінде адамдарға аса қажет қымбат зат жатқанын сезіп,
Әктасын әр жерінен қатты-қатты ұрып, бірнеше кесегін сындырып, жолдорбасына салып алды.
Қызғаныштан өле жаздаған теректер:
– Гу, гу… біздің әніміз қандай тамаша, көлеңкеміз қандай саялы. Әктас мұның бірін жасай алмайды, гу, гу… – деп, баяғы әндерін айтып сыбдырлай жөнелді.
Геолог бірақ теректердің әніне көңіл бөлмеді: келесі күні бір топ жұмысшы ертіп келді де, Әктасты көптеп қаздырып, машинаға салып, қалаға әкетті. Бірер айдан соң әлгі жерге көп көп кісі келіп, экскаватор мен тракторлар жеткізіліп, Әктасты жағалай қазуға кірісті. Ал теректерді әншілігіне қарамай, түбірімен қопарып тастады.
Ежелгі орнынан көшкен теректердің кейбірі қалаға апарылып саябаққа отырғызылды. Бақтың төңірегі бетон қорғанмен қоршалды. Жаңа жерде бұрынғыдан да бойлап өскен теректер бәз-баяғы әнін салатын болды.
– Гу, гу… Әнім қандай тамаша, көлеңкем қандай саялы!
Ал Әктастан жасалған цемент қорған өйтіп әндете алмады. Егер оған ғайыптан тіл бітер болса, неше түрлі тамаша жырды күні-түні желсіз-ақ төгілтер еді. Тіпті мына әнші теректердің де алаңсыз өсуіне жағдай туғызып, анау бақтың айналасындағы неше қабат әдемі үйлер мен зәулім мектеп ғимаратын да тұрғызуға өзінің қызмет еткенін небір асқақ сөздермен жырлап берер еді. Амал қанша, ол бәз-баяғы қалпында әнші теректердің гуілін тыңдап, үнсіз тұр…
Семей, 1960 жыл