Медеу Сәрсеке
ҚАУЫРСЫН ҚАЛАМ, АҒАШ ҚАЛАМСАП ЖӘНЕ БОЛАТ ҚАЛАМҰШ ТУРАЛЫ ЕРТЕГІ
Асыранды ақ қаз көл жағасында мамырлай жайылып жүр еді, кенет шаң-шұң керіскен дауысты естіді. Дауыс шыққан жаққа мойнын созып қараса, о, ғаламат, кәдімгі ағаш қаламсап пен болат қаламұш! Екеуі терезенің алдына шығып алып, біріне-бірі кіжініп, салғыласып тұр.
– Менің пайдам адамға сенен гөрі он есе артық тиеді. Мен оның көңілдегісін ақ қағазға айнытпай жазып беретін қолғанаты мын. Менсіз сен түкке де аспайсың, – дейді Қаламұш шіңкілдек жіңішке үнмен.
– Мен болмасам, сенің өмірің мүлдем қараң! Шүмшиген қалпыңмен сен менсіз қолға ұстауға да жарамайсың. Егерде мен беліңнен сүйеп тұрмасам, сия сауыттың ішіне күмп етіп, біржола батып кетер едің. Болмаса иеңнің қолын былғап, сөгіс естіп, күресінге тасталар едің, – дейді Қаламсап оған дау айтып.
Ақ қаз бұл сөздерді естіп, өз-өзінен мырс етіп, рақаттана күлді.
Содан соң мойнын созыңқырап:
– Әй, достарым, сәл сабыр етіңдер. Екеуіңнің таластарың менің күлкімді келтіріп тұр, – деді жайбарақат қана.
– Неге? – деп үрпиісті Қаламсап пен Қаламұш.
– Негесі жоқ, достар, мен болмасам, сендер дүниеге келмес едіңдер, – деді Ақ қаз.
– Қалайша? Сені мен біздің бір-бірімізге қандай ілік-шатысымыз бар? – деді Қаламсап.
– Сен болсаң, асыранды үй қазысың. Бар болғаны сол ғана, жұмыртқа тауып бересің, иә сонсоң сені сойғанда қожайын етіңді жеп, мамығыңнан жастық жасайды. Мен болсам, адамзат тарихын қағазға түсіретін асыл қаламұшпын, – деп Қаламұш та шіңкілдей күлді.
Ақ қаздың бұған ашуы келіп, ал сөйлесін:
– Мен сендердің тұп-тура аталарың боламын! Сендер, екеуің де менің қауырсынымнан жаралғансыңдар, – деді.
– Қайтіп? Нені сандырақтап тұрсың?
– Білмесеңдер, мені тыңдаңдар босқа әулекіленбей, – деп, Ақ қаз әңгімесін шұбырта жөнелді. – Адам баласы бір кезде менің қауырсынымды ұштап, бір басын екі айырық қып үшкірлеп, барлық жазуын, кітаптарын да сонымен жазатын еді. Оны «Қауырсын қалам» деп атайтын. Арада талай заман өтті. Жер бетінде жаза білетін адамның саны мың-мыңдап көбейді. Менің қанатымдағы санаулы қауырсыным олардың бәріне жетпейтін болды. Содан соң адам ағаштан қаламсап жасап, оған менің қауырсынымды қаламұш етіп байлайтын амал ойлап тапты. Солай еткенде бір қауырсыным талай адамның неше ай пайдалануына жарайтын болды. Одан соң тағы да көп жылдар өтті. Жазу білетіндер бұрынғыдан да молайды. Тіпті мың-миллиондап көбейді. Қаздың қауырсынына мұқтаждық бұрынғыдан арта түсті. Сол кезде адам әрі толғанып, бері толғанып, мына сені, болат Қаламұшты ойлап тапты. Екеуіңнің дүниеге келу тарихтарың, қысқартып айтқанда, міне осындай… – деп Ақ қаз әңгімесін аяқтады.
Ағаш Қаламсап пен болат Қаламұш бұл жәйтті бұрындысоңды естімегендіктен, екеуі бір-біріне таңырқаса қарасып, мелшиіп тұрып қалды.
Семей, 1960 жыл