ФУТБОЛКА Сакен Жунисов

ФУТБОЛКА

 

Ежелден баласының тілегін бірден орындай қоймайтын Жамила апай, қазір де қарысып отыр.

– Басымды қатырма дейімін! – деп, ұлының бетін қайырып тастады.

– Aпa деймін, тігіп берші! – деп Болат сонда да қыңқылдай берді.

– Баланың меселін қайтармай, тігіп бере салсайшы, о не еді өзі? – деп жұмысына кетіп бара жатып, қаға берісте Болаттың әкесі Байтас та күңк етті.

– Қойшы енді, сен де бір жағынан… Баланы құптап жаман үйретесің. Қайдағы бір жоқты тауып бер дейді. Түнеугүні сол құрғырдың балаларға шағы дүкенге түскен кезде алып бере қоятын адамсың ғой. Енді екі ортада менің басым қатты.

– Жарайды, ештеңе етпес, тишымызды алатын баланың барына шүкіршілік. Өзі не ол, тігіп бер деп жүргені? – деп, Байтас қайта сұрады.

– Өй, әлгі шолақ жең көйлек, бутболка дей ме, немене өмірімде тігіп көрмеген затым.

– Бірдеңе қып көңілін аулай салсаңшы, – деп, Байтас жұмысына кетті.

Болат шешесін түп етектен ұстап, айырылар емес.

– Aпa, апа, осыдан кейін ештеңе сұрамаймын, тек осы айтқанымды ғана орындашы! – деп жалынып та көрді.

– Осы бір бутболка деген бәле қайдан шыққан. Майкемен-ақ жүре бермеуші ме еді, бала деген, – деп, Жамила шаруасына беттеді, – Жас басыңнан киім таңдайсың, бара-бара…

Бірақ, жыламсырап отыра кеткен баласын қимаған Жамила қайта бұрылды. Болаттың өкпелі жүзіне көзінің астымен үнсіз қарап тұрды да, «қап!» деп, қатарластыра қойылған чемодандарды бір-бірлеп ала бастады. Ең астыңғы үлкен абдыраның ауыр қақпағы ашылды.

Мейірленген анасының ширақ қимылына қуана қалған Болат, жүгіріп келіп мойнына асылды.

– Кәне, қайсысынан тігейін. Мынадан ба, әлде мына бірі лайықты ма? – деп, Жамила ылғи бір кір көтеретін қоңыр, көк түсті маталарды нұсқады.

Болат басын шайқап, шешесі көрсеткендердің бірін ұнатпады. Абдыра ішіне үңіле түсіп, бір бұрышында жатқан ақ шытқа көзі түсті.

– Мынадан тік.

Манадан жылушырамай, әлі қытымырланып отырған Жамила апай оқыс күліп жіберді.

– Балам-ау, кешеден зар илеп қоймай жүргендегің осы ма. Алты сомның жаман сисасын қайтейін деп едің!

– Апа, бола берсін, ақтан кигім келеді, – деп, Болат ризалық білдірді.

– Қой, әйнектің ішкі пердесіне де жарамайтын осындай жұқа ақтан көйлек кие ме екен. Міне, мына біреу қандай жақсы, түсі де әдемі, балаларға ұнамды екен өзі, – деп шешесі тор көз матаны жаза бастады.

Болат тағы да бүртия қалды. Оның жақтырмаған кейпін аңғара қойған Жамила:

– Мейлің ендеше, тігіп берейін. Бірақ, бір сағатқа жеткізбей қап-қара қылып шығарасың ғой. Кір көтермейтін жаман ақтың несіне құштар болғаныңды… – деп, басқа маталарды абдыраға сала бере, бір ой түсіп қайта бөгелді. Абдыраның түбіне қолын сүңгітіп жіберіп, сарғыштау үлбіреген жібекті суырып алды. Болаттың жүзіне күлімдей қарап:

– Мен кимей-ақ қояйын осыны, сен киші құлыным, ана бөз сияқты жаман аққа жұрт күлер тіпті, – деп, әлгі матаны биік стол үстіндегі іс машинаға қарай лақтырып жіберді.

Болат аң-таң. Түнеугүні шешесінің осы жібекті алып келіп, көйлек тіктірем деп жүргені есінде. Енді шетінен ойып алып, өзіне футболка тікпекші. Қымбат матаны ысырап ететіні қалай?

Чемодандарды жинастырып болған Жамила:

– Ал, енді не ғып тұрсың, бар, ойнай бер. Сенің ана бір көк көйлегіңе салып пішемін. Жеңін шолақ қылсам болмай ма? – деп, машинаның қақпағын көтере берді. – Сөредегі құртқа көзіңді сала жүр.

Болат, шешесінің қолындағы өткір ақ қайшы, сарғыш жібекті қырш-қырш қия бастағанда барып үйден шықты. Әйтседе, далада тағаттай алмай, үйге бір кіріп, бір шығып, сабыры кетті. Шыдамы таусылды. Көйлекті тігіп болмай бір шаруасына кетіп қала ма деп те уайымдайды. Онда шешесінің бір жұмаға дейін қайтып машина қасына оралмайтынын жақсы біледі. Далада жүргенінде Қайныш деген көрші әйелді де алдап қоя берді. Үйге ене берген оған:

– Апам жоқ үйде, дүкен жаққа кеткен, – деп міз бақпастан өтірікті соға салды. Өйткені, Қайныш үйге кірсе, футболканың тігілмеуі ақиқат. Апасы екеуі кешке дейін бас шұлғысын қойып, әңгіме дүкенін құрар еді.

Әйтеуір апасын қалай көңілдендірудің қарасын ойлап:

– Сөре үстіне бір топ торғай келіп отырып алыпты. Бәрін тырым-тырағай қып қудым-ау, – деп, даладан өз қызметін айта кіреді…

Түс ауа көйлек те дайын болды.

– Ал, ки енді, қаншама шаруамнан қалдырдың, – деп, Жамила апай баласын биік айнаның алдына-алып келді.

Футболканы киіп алып, айнадағы суретіне жымия қарап Болат тұр. Жағасын тартқылап, иығын түзеп, шыр айналып шешесі жүр.

– Қолыңды жоғары көтерші. Былай, былай,.. Қап! Оң жақ қолтығыңды тартып жіберген екем, әкел қайта сөгіп, жөндеп берейін, – деп мүлт жіберген жеріне өкіне таңдайын қақты. Енді сөгілсе, қайтып тігілмейтіндей көрген Болат:

– Жоқ апа, ешбір тартылған жері жоқ. Бәрі шақ, – деп шешкісі келмеді. Бала мінезіне қызықтай қараған Жамила апай келісе салды:

– Жарайды ендеше, бара бер.

Болат аяғына бәтінкесін киіп, ұзын шөлкесін шолақ шалбарының балағына дейін көтеріп, резинкамен қысып қойды.

– Балам-ау, мына күннің ыстығында мұның не? Жеңіл сандалыңды кимейсің бе, – деген шешесіне де қараған жоқ, «осы жақсы», – деп, лып етіп далаға шықты. Аумақты колхоз селосының орталық көшелеріне беттеген Болаттың жол бойы көңілі көтеріліп, ширақ адымдайды. Футболкасының жеңіне, иығына қарап қойып, допты теуіп қалғандай аяғын оқыс серпіп, айқайлап та қояды.

Бәрінен де кешкі болатын футбол ойынына өзінің қатыса алатынына қуанышты. Бүгін, көптен бергі келісім бойынша, екі көшенің таңдаулы футболшылары кездеспекші. Болат өз көшесіндегі балалар командасының негізгі шабуылшысы. Бұл ойнамаса, ол команданың біраз кемшілік көретіні де рас. Сонда да, өткен жолы команданың капитаны Жапар:

«Абай көшесінің балалары көк футболка киетін болды. Ал, біз ақ футболка киеміз. Кімде-кімнің футболкасы болмаса, ол ойынға қатыстырылмайды. Дұрыс емес пе?» – деп қатты ескерткен болатын. Бұл сөзді балалардың бәрі мақұлдаған еді.

Көшеден ұзай бере-ақ Болатты өзінен кішілеу екі-үш бала қоршап алды. Футболкасына қызыға түсіп:

– Дәл кинода көргеніміздей, иә? – десіп, бір-біріне қарап қойды.

– Нағыз футболистерді, әлі, ойында көрерсіңдер! – деп, Болат үлкен адамдарша алшақтай басып, иығын көтере түсті…

Байтас жұмыстан кеш оралды. Ол келе Жамиладан футболка жайын сұрай бастады.

– Болат қайда кеткен, үй маңында көрінбейді, көйлегін тігіп беріп пе ең? – деді.

– …Баламысың деген ғой, киіп алған соң қуанғанын айтсайшы. Не керек, бір жасап қалды!

– Еһ, не дегенің, бала жаңа киім киген сайын екі елі өспей ме! – деп, Байтас та қуанды.

– Айтқандай, Байтас-ау, оған көйлекті және неден тігіп берді дейсің? Түнеугі өзің ұнатқан сарғыш жібек бар еді ғой, содан тігіп бердім. Тіпті құлпырып кетті.

– Оны өзіңе көйлектікке де тапшылау болады деп жүргенің қайда. Енді мүлде шықпай қалатын болды ғой, – деп Байтас таңырқай қарады.

– Шықпаса, шықпасын. Баламның кигені менің кигенім емес пе! – деп Жамила өз ісіне көңілі көтеріле сөйледі.

– Е, онда өзің білесің.

– Әй, өзі осы уақытқа дейін қайда жүр, бағана кеткеннен келген жоқ қой тегі, – деп Байтас қабырға сағатқа қарады.

– Көйлектің буы қойсын ба. Жолдастарына көрсетіп жүрген шығар. Қызығы басылған жоқ қой әлі, келер, – деп, Жамила аузын жиғанша болған жоқ, ентіге басып Болат кірді.

– Бес те үш есебімен абайлықтарды жеңіп салдық. Бұрыштан берген Жайнақтың добын теуіп кеп жібергенімде, қақпа ішіне дәл түсті. – О-ой жиналған балалардың көбін-ай. Үлкендер де болды. Көке, сен болған жоқсын ба? – деп аптыға сөйледі.

– Жарайды, жарайды добыңды қоя тұршы. Қәне, көйлегіңді көрсетші көкеңе, – деп Жамила Болатты терезе алдына қарай шақырды. – Сабазың сол, салтақтап-ақ тастағансың ба?! Қолтығыңды көтер… Мына бір жағын тартып жіберіппін, әйтпесе қонып тұрған жоқ па?!

– Туһ, көке-ай сіздің бармағаныңызды қарашы. Айтан мен Әйтімнің әкелері де барыпты. Ендігі жолы барасыз ба? Жақында тағы да кездесу жасайтын болдық. Қанша дайындалса да, бәрі-бір, быт-шытын шығарып жеңеміз! – деп Болат әлі сөйлеп тұр.

– Жетер енді, тіпті басымды ауырттың ғой, кәне көйлегіңнің артын көрсетші, – деп, Жамила апай Болатты бұра бергенде жайраңдап сөйлеп тұрған бала су сепкендей тиыла қалды. Өңі бозарып, көзін жыпылықтатты.

– Өй, тыртыспай бұрылсайшы, – деп, айнала берген Болаттың арқасына көзі түскен Жамила, ішін тартып, қалшиып тұрды да қалды.

Көйлектің артында баттита жазған қап-қара «8» дің цифры тұр.

– Міне, нағыз футболист! – деп Байтас шек-сілесі қатып, күліп жатыр.

– Ой, сен мынаны немен жаздың! – деп Жамила апай жеки бастады.

– Қарамаймен, – деді Болат күмілжіп.

– Қап, мынаны-ай!..

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *