РИНГТЕ

РИНГТЕ

 

Мөп-мөлдір көмірдей қара бұйра шашы маңдайына ұйыса түскен, аясы кең өткір көзді, қалың ерінді, қара торы жігіт менің досым. Ол екеуіміздің жолдас болып бірге жүргенімізге, міне, табаны күректей жетінші жылға аяқ басты. Төртінші кластан бері парталас болдық та, қазір жоғарғы оқу орнына бірге келіп түстік.

Сондықтан да, бір-біріміздің мінезімізді бес саусақтай білеміз. Екеуміздің арамызда жасырын сыр, белгісіз оқиға жоқ. Қуаныш та, реніш те екеумізге ортақ. Айта берсең, қиялымыз да ортақ. Олай болса арамыздан қыл өтпейтін дос екендігімізге шүбә келтірудің орны жоқ сияқты. Аңғарып отырған боларсыңдар, бұл Асқар деген досым, бір сөзбен айтқанда, өзіме қатты ұнайды. Ұнағаны сол, кей жерде оған ұқсағым келіп, еліктейтінім де болатын. Әсіресе, бокс жөнінде. Мектеп қабырғасында жүргенде-ақ Асқар аудан бойынша «күшті боксер» атанды. Сол кездің өзінде оның нәзік денесі бірте-бірте толып, бұлшық еттері ойнап тұратын. Шыныққан, Ширақ сымбатты тұлғасына қызыға қарайтын ем.

Әйткенмен, Асқар екеуміздің арамызда келіспей қалушылық та ұшырайтын. Әңгіме осы бір татулық шырқын бұзып кететін жағдай туралы болмақшы.

Ия, ол екеуміз Алматы қаласына келген соң да күтпеген жерде ренжісе қалдық. Демалыс күні еді. Реніштің басы орталық көшелердің біріндегі үлкен дүкен ішінде басталды. Не үшін екені есімде жоқ, әйтеуір, бір зат алмақшы болып ек, бізге керек бөлмеде кезек күтіп тұрған адамдар көп-ақ екен. Иін тіресе тізіліп тұр.

Бір шолып өтіп ек, кезектегілердің алдыңғы жағында өзімізге таныс бір бала ұшыраса қалды. Асқар қуанып кетті. Қалтасынан суырған ақшасын жанаса беріп, оның қолына ұстата салды.

Бірақ, қанша сездірмеймін дегенмен оның артында тұрған, сырт қарағанда талдырмаштау келген, өңі жайдары өзіміз қатарлас бала аңғарып қалды.

– Жолдас-ау, мұның қалай, жұрт құсап кезекке тұрмайсың ба? – деді жайбарақат қана.

Қалың қабағының астымен оқты көзін ата сүзіле қараған Асқар:

– Сенің не жұмысың бар менің қалай алғанымда. Жөніңді біліп тиыш тұр! – деп шамдана кетті.

– Мейлің онда. Ұят емес пе дегенім ғой, – деп, әлгі бала естілер-естілмес күңк ете қалды.

– Ой, сенің ұятың не?! Өзің бір сыпайы екенсің, – деп, Асқар қуатты саусақтарымен иығынан бүре ұстап, өзіне қарай жұлқи бұрды.

Осы кезде маңайдағылар да ду ете түсті.

– Әй, бұйра бас, сенікі дұрыс емес қой!

– Қарағым, оның бар кінәсі кезекке тұр дегені ме?

– Әй, қара бала, өзің бір тәртіпсіз екенсің ғой!

Денем шымыр етті. Бетім дуылдап, қызарып кетті білем, Асқардың жеңінен тартып, арашаға түстім. Бірақ, пәлендей ештеңе болған жоқ, бейтаныс бала Асқардың қуатты қолынан босанып:

– Енді мен… мен саған… жөн сөз айтқанға кінәлімін бе? Онда ғапу ет! – деп шын кешірім сұрап, жанжалдан тайқи берді.

Кезекте тұрған ересек адамдардың сөзі батқан Асқар, ту сыртында тұрған мені кеудесімен қаға-маға далаға шықты.

Ашуланып, сұп-сұр болып кеткен. Өне бойы қал-қалш етеді.

– Әлгі біреудің түсін анықтап қарап алшы, қап, бір кездесерсің! —деп, тістене демікті.

– Сонда о балаға не істемекшісің, сен де бір кейде…

– Сен өзің әлгіні жақтап келемісің?! – деп, қатар келе жатқан Асқар кілт тоқтап, бетіме бажырая қарады.

– Енді, жақтамағанда, сенікі жөн болып па?! Масқара, ұят болды әлгіміз.

– Әй, сен несіне қынжыласың. Сенің нең кетті?! Егер ұялатын болсаң, ендігәрі менімен бірге жүрмей-ақ қой!

– Көрінгенге күш көрсету де өнер болып па?

– Сен ақыл үйретпей-ақ қой. Әлгі баланы үйретпесем, атым құрсын!

– Мүмкін, ол сені үйретер!

– Сені үйретер. Тапқан екенсің! – деп Асқар мені кекете мырс етті.

Оның шоқпардай жұдырығы тастай боп түйілген, қарысып қалған саусақтары алақанына қадалып, батып бара жатқан секілді. Тегі, әлі тістеніп келе жатса керек, жағы бүлк-бүлк етеді.

– Асқар, сенің бар кемшілігің – менмендігіңде. Өзіңнен басқа жанды әлсіз, төмен санайсың, – дедім.

– Болды, болды! Мен саған кемшілігімді айтып бер деп келе жатқаным жоқ. Өзің тәртіпті, таза адам болсаң болды ғой, – деп, сөзіме құлақ аспады.

– Сен тыңдап ал әуелі…

– Тыңдамаймын…

– Мысалы, сен әлсіз екенсің дейік. Өзіңнен мықты біреу келіп, басыңа таяқ ойнатса, жақсы көрер ме едің?

– Жарайды, жарайды!.. – деп, сөзден жеңілді білем, дәлел таба алмай күмілжіп қалды.

Бірақ, мен бастырмалатқан үстіне бастырмалата түстім. Талай рет көлгірсітіп айтқан болатынмын. Онымнан ештеңе шықпаған. Енді ақырғы рет шамына тие ауыр-ауыр сөздер айтпақпын.

– Жарайтын ештеңесі жоқ. Өзіңнен басқа жұртты кем санайсың… Менменсің. Ақылсызсың.

Асқардың көзі жалт ете қалды. Екі танауы қусырылып, тынысы тарылып бара жатқандай ентіге дем алды. Бұрын талай көргенім бар: қарсы боксшыдан тегеурінді жұдырық жеп қалғандағы кейіп. Оның артынша-ақ басын бұра бере, сарт еткізіп соғып жіберетін еді. Мен де жасқанып қалдым. Міне міне, тастай жұдырық бетіме келіп сарт ете қалатын тәрізді… Жоқ, ол өйтпеді.

– Бүгіннен бастап, енді сен менің жолдасым емессің. Айтқаным айтқан! – деді де, жалт бұрылып, он жақтағы көшенің бойымен жүре берді.

Оқиға осылай аяқталар деп ойламаған мен, не дерімді білмей, үнсіз қалшиып тұрып қалдым. Бұрын да осылай шартпа-шұрт ашуға килігіп, көп ұзамай қайта қабысатын жолдасымның мінезіне қанша сыралғы болғанмен, бұл жолы жүйкем босап кетті. «Апырым-ай, шынымен ренжітіп алған жоқпын ба! Қатты кеттім-ау», деген ой адымымды аштырмай қойды. Досым келесі көшеге бұрылып, жоқ болды.

Шынында, Асқардың әлгі ісі жөн бе? Егер боксшы болмаса ше? Ол көрінгенге күш көрсетпекші болар ма еді? Әлде мықты адамдардың бәрінің әдеті ме? Мүмкін, мен өзім әлсіз болған соң, оның ісін теріске шығара беретін болармын. Ал, егер әлгі жерде қарсы адам да өзімен тең түсерлік мықты болса, қалай болар еді. Сойқанның атасын сонда көрер едік-ау. Жоқ, күшім бар деп көтеріле беруге болмайды. Асқардың ісі қисық. Жолдас болмаса еркі. Әйтеуір мен қате айтқан жоқпын.

* * *

Содан бері бірер ай уақыт өтті. Асқар екеуміз, шынында, көріспей кеттік. Шынымды айтайын: мен оны қатты сағындым. Мүмкін, ол да сағынып жүрген болар. Міне, бүгін оны кездестіруіме тура келді. Сағат жеті болмай-ақ кітаптың бетін жаба салып, физкультура институтына қарай тарттым. Өйткені, бүгін, кешкі сағат жетіде, физкультура институтының спорт залында, қала боксшылары кездеспекші болатын.

Мен келгенде кең залдың іші жаңғырығып, гу-гу етеді.

Жиналған халық адам айтқысыз көп, ығы-жығы. Бәрі де бокс жайында қызу әңгімелесіп, даурыға таласады.

Залдың қақ ортасында айналасына білектей арқанды керіп тастаған ринг тұр. Дәл төбесінен төне қараған абажур ішіндегі электр шамы, сол рингтің үстіне жарығын мол түсіріп, болар қызықты көрсетер менмін дегендей жарқырап тұр.

Халық бір сәт тым-тырыс бола қалды. Рингтің қасына қойылған стол жанына және төрт бұрышына төрешілер келіп жайғасты. Репродуктордан шыққан зор дауыс:

– Бүгін, қала бойынша ең жеңіл, жеңіл және орта салмақты боксшылардың кездесуі болады, – деп хабарлады.

Осыдан кейін әдеттегідей бокс ойыны өте берді… Менің айтайын деп отырғаным Асқардың ойыны туралы. Ия, кезек Асқарға да келді.

– Рингке орта салмақтылардан Асқар Атамбаев пен Болат Өсербаев шығады, – деп бас төреші хабарласымен, рингтің екі бұрышына екі боксшы шыға келді.

Көрушілер демін іштерінен ала тына қалды. Барлық көз сол екеуіне қадалды.

– Ой, Болат шықты, қазір ол… – деп, менің мақайымда отырғандардың бірі күбір ете қалып еді, екінші бірі:

– Ай, ана жігіт те осал тимес, денесін көрмейсің бе! – деп өз күдігін айта бастады.

Расында, Асқардың бұлшық еттері Болаттікінен шымырлау секілді. Бірақ, Болаттың төсі шығыңқы да, сан еттерінің бұлшығы нығыздау көрінеді.

Бас төреші екеуін де көпшілікке таныстырды. Болат лып етіп бұрылып, айнала күле қарап басын иді. Ал, Асқар атылғалы тұрған жолбарысша, қалың қабағының астынан отты көзімен жұртқа қарады да, самарқау ғана тәжім етті.

Енді бір кез жез тарелка қаңғыр ете қалып еді, теріс қарап арқанға асылып тұрған боксшылар жалт бұрылып ортаға ұмтылды. Қолғаптарын түйістіре беріп, созылған резинкадай екеуі де серпіле беріп, ыршып түсті. Ойын басталып кетті.

Алғашқыда үнсіз қадалып отырған көпшілік, аздан соң дабырлап, айқайлай бастады.

– Болат, ұр!

– Асқар, соқ! – деген дауыстар залды басына көтерді. Олардың сөзін естімесе де жұдырықтасып жүрген боксшылардың қолғаптары сарт етіп денелеріне тисе, көрушілер де өзіне соғылғандай қиқаң етіп:

– Ойпыр-ай! – десіп қалады.

Алғашқыда екеуінің қайсысының күші басым екені аңғарылмап еді, соңына қарай Асқардың бір-екі соққысы жеңетіндігінің кепілдігіндей болып кетті. Басын оң жағына бұра беріп, сол қолымен Болаттың ашық қалған иегінің астынан сақ еткізіп ұрып жіберіп еді, жұрт ду ете түсті.

– Ұр, ұр, тағы да!

Болатты жақтайтындар үнсіз қалды. Мойындарын ішіне тығып, іштей қынжылып, берекелері кетті. Бірінші раунд, осылайша, Асқардың басымдығымен аяқталды.

Екі бұрышта қолдарын арқанға аса шалқалай керіліп отырған Асқар мен Болат біріне бірі көздерінің астымен қарасады. Орамалмен баяу желпіп, әлденені ұғындырып тұрған тренерлері шыжалақтап, абыржып жүр.

Отырған жұрт та қыза таласып, өзді-өзі дабырласады.

– Асқар жеңеді, – десе бірі, екіншісі:

– Әлі кім біледі, Болаттың тынысы кең болатын. Кейінгі раундтарда басым болып кетуі мүмкін, – деп, өз жорамалын айтады…

– Ақырғы раунд!

Бұл жолғы боксшылардың қимылына көз ілеспеді.

Шыға бере кезекпе-кезек жұдырық тастасып алды.

Асқар айнала бере ұрып-ұрып жіберіп еді, Болат арқанға барып асылып қалды.

Асқар тағы да сілтеді, бірақ бұлт етіп шығып кеткен Болат, бұл жолы жұдырық жолатпады. Асқар өз екпінімен алға кеткен еңсесін игере алмай қалды. Қайта бұрыла беріп еді, осы кезеңді аңдып тұрған Болат атылып барып соққының астына алды. Екі қолын баурына жиып, қолғабымен бетін көлегейлеген Асқар, үсті-үстіне төпелеп тиген соққының астында қимылсыз тұрды да қалды.

– Ұр! Ұр!

– Иегінің астынан!

– Сұлат, сұлат!

– Ұр, ұр! – деген дауыстар залды жаңғырықтырып жіберді.

– Асқа-а-р-р! – деп буын-буыным дірілдеп, қалай айқай салғанымды да байқамай қалдым.

Мұндайда ақылшылардың көбейетіні қандай: тіпті, бір шитімдей жігіт те:

– Қап, Болаттың орнында мен болсам… – деп тістене сөйлеп даурығып отыр.

Сөйткенше болмады, Асқар да лып етіп тегеурінді соққыдан құтылып кетті. Ортаға шыға бере жүні тікірейген мысықша дүрдие қалды да, жақындай берген Болаттың иегінің астынан қағып жіберді. Қатты соғылмағанмен күтпеген жерден тигендіктен Болат шалқалай шегініп, тәлтіректеп қалды. Бірақ, қайтадан денесін жинап алғанша болмай, Асқар секіріп барып соғып-соғып жіберді. Арқанға асыла берген Болат қайта серпіле көтерілді.

Жез тарелка «дың-ң» етті. Боксшылар өз бұрыштарына беттеді. Отырғандар бір сәт қимылсыз анталай, бұрыш-бұрыштағы көк, қызыл жарықтарға қарасты. Төрешілер де біріне бірі жүгірісіп, абыр-сабыр бола қалды. Осыны аңдып отырған көпшілік шуласып жатыр.

– Жеңіс Болаттікі!

– Асқардікі!

– Болат…

– Асқар…

Оң жақ бұрыштағы көк лампа жанды да, лып етіп қайта сөнді. Қызыл жарық та көзін жыпылық еткізді. Бір сәт екеуі де бозара қалды. Әлден уақытта барып он жақ төрешінің лампасы қып-қызыл болып жанды да тұрды… Сол жақтан да көрінді… Үшеу болды. Тек бір ғана көк лампа қасарып тұрып алды.

Ортағашыққанекібоксшыныңортасындатұрғанрингтегі төреші Асқардың қолын көтерді. Ду қолшапалақтау зал ішін тағы да жаңғырықтырып жіберді.

Асқар қарсы боксшысына салқын ғана қолын ұсынды. Болат жымия күліп, «басымдығыңды мойындаймын» дегендей басын иіп, көпшілікке қарап ылтипат білдірді. Жұрт риза болып, тағы да үсті-үстіне қол соқты.

Ойын біткен соң, залдан шығып бара жатқан адамдардың ара-арасымен қымтырылып, боксшылар бөлмесіне беттедім.

Есіктен шығып келе жатқан Асқар, мені аңғармаған болып өте берді.

– Өй, Асқар аманбысың. Жеңісіңмен құттықтаймын! – деп шап беріп білегінен ұстай алдым.

Асқар сәл езу тартып, қолымды алды да:

– Несін құттықтайсың. Жеңілісіңмен десейші! – деп қулана күлді.

– Түсінсем бұйырмасын! Жеңілісің не айтып тұрған?

Жеңісті саған берген жоқ па?

Асқар бұл кезде қасынан өте берген Болатты бөгей беріп, кінәлі жүзбен қолын алды.

– Болат, бүгін мен сенен де, мына жолдасымнан да жеңіліп тұрмын. Жеңіс сендердікі! – деді.

«Енді түсіндің, бе?» – дегендей маған бұрылды. Мен өз көзіме өзім сенерімді де, сенбесімді де білмей мелшиіп тұрып қалдым. Киініп шыққан Болатты жаңа таныдым. Бұл – түнеукүнгі дүкенде кездескен жігіт екен. Қандай сыпайы еді!

Мен тіл қатпастан Болат пен Асқарды қоса құшақтап, қыса беріппін.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *