РАҚМЕТ
– Болат, Болат, – деді жалынышты үнмен, биік столдың бір бұрышындағы орындыққа тізерлей отырған Сәуле. Есебін шығара алмай қиналып отырған Болат, қабағының астымен алая бір қарады да, жауап қатқан жоқ. Сәуле де жым болды. Әйтсе де демін ішіне тартып, үнсіз отыра беруге шыдамы жетпеді.
– Болат, енді мына біреуін ғана айтып жіберші, содан басқасын сұрамайын, – деп қиыла қарады. Жасқана жыпылықтаған дөп-дөңгелек қара көзі мен бұлтиған ернінде «айтып жіберсе қайтеді екен», деген өкпе бар. Тіл қатпай отырған Болат та шыдай алмады.
– Кәне, қайсысы? – деп, Сәуленің алдындағы әліппеге мойнын созды да, көзі түсер-түспесте, – оны «э» деп оқиды, – деді жай ғана.
Сәуле рас па дегендей Болаттың жүзіне сенімсіздікпен қарады да, оның алдап отырмағанына көзі жеткен соң, кішкентай саусағы майысып барып бір әріпке тірелді.
– Онда мынаны қалай оқиды?
– Қап! – деп, қабағын шыта қалды Болат, – саған соның бәрінің керегі жоқ дегенім қайда. Бәрібір ұмытып қаласың.
– Иә, ұмытқан жоқпын, мұны, мұны сен «е» деп оқиды дегенсің.
– Онда менен несін сұрап отырсың!
– Сонда екеуі де «е» бола ма?
– Мен саған солай дедім бе? Мынаны «е» деп оқиды. Ал, соңғысын «э» деп оқиды (Болат «э» – ні оқығанда тамағын кенеп қысқа оқыды), енді түсіндің бе?
Сәуле үндеген жоқ. Біраз ойланып отырды да:
– Е, таптым-таптым. Түнеу күні киноға мен де барам дегенде, сен «ә», сені мен жетектеп жүреді дейсің бе!» дегенсің, – деп алақанын соғып, қуанып қалды.
– Сәуле? Жетеді енді, мамам, мен сабаққа дайындалып отырғанда саған шулаушы болма дегені қайда? Енді үндесең қуып шығарамын!
Күлкісін тия қойған Сәуле, дәптерін ашып, қызыл бояу қарындашын тілімен жалап жіберіп, баттитып жаза бастады. Ол енді мүлде үндемеуге тырысты.
Бірақ, кенеттен Сәуленің мұрны жыбыр ете қалып, денесі тітіркеніп кетті. Түшкіріп жібере жаздады. Өзін-өзі зорлап, демін аузынан алып, ағасына көзінің астымен қарай қалып еді, болмады, оқыс түшкіріп кеп қалды, тағы да түшкірді. Болат басын көтерместен:
– Сау бол! – дей салды.
Сәуле де үн жоқ. Тағы да түшкіріп жіберді.
– Сау бол! – деді бұл жолы да Болат.
«Осы не деп отыр», дегендей Сәуле Болатқа жайбарақат қарады да, жазуын жаза берді. Қаламын дәуітке сүйей салып, Сәулеге қараған Болат:
– Сен неге үндемейсің, «сау бол» деп отырғанда, – деп зеки сөйледі.
Сәуле ештеңеге түсінбей аңырып қалды.
– Сен неге олай дейсің?
– Түшкірген соң, саған «сау бол» дегенім ғой. Сонда сенің не деуің керек еді? Білесің бе?
Сәуле мойнын сәл қисайтып, екі қолын жайып тұрып қалды.
– Білмесең есіңде болсын, ондайда «рақмет» деуің керек.. Түсіндің бе? – деді, өзінің білетіндігіне масаттанған Болат.
– Үндемесе қайтеді. Әжем бостан-бос сөйлей бермеңдер дейтіні қайда? – деп қарсылық білдірді Сәуле.
– Бұл бос сөз емес. Бізге солай айтыңдар деп мұғалім үйреткен.
– Егер «рақмет» десем, мені де мектепке ала ма?
– Әрине алады, – дей салды Болат.
– Онда, рақмет! Ал енді болды ма?
– Жоқ болмайды. Қазір мен үйретейін саған, – деп ол Сәулеге жақындады. Бағанадан іші пысып отырған Сәуле, енді ағасы көңіл бөлген соң, қуанып кетті.
– Сен мына кітапты сұра, менен, – деді Болат сумкасының ішінен бір кітап алып.
– Жоқ, сұрамаймын, мамам Болаттың кітабын алушы болма деген, – деп Сәуле жоламады.
– Сен өзің түсінбейді екенсің ғой. Мен өзім айтып тұрмын ғой, – деп кейіп қалды Болат.
– Кітабыңды берші, – деді ақырын ғана Сәуле түсінбесе де. Болат кітабын ұсынды да, үндеместен отыра қалды.
– Мә, енді өзің ал, мен жыртып аламын, – деп Сәуле кітапты алар-алмаста қайтарып берді.
– Өзің түк те түсінбейді екенсің. Сабақты да ұқпайтын су ми боларсың! – деп Болат ашуланып тұрып кетті.
– Иә деген, сен білесің, папам ылғи осы қызым бәрінен артық болады, ғалым болады дейді ғой. Папам біле ме, сен білесің бе?! – деп Сәуле дауласа түсті.
– Ғалым болатын адам сен бе. Жаңа ғана айтылған сөз есіңнен шығып кетті. Кітапты алғаннан кейін рақмет деу керек емес пе?
– Е, сен маған «сау бол!» деген жоқсың.
Болат көзі бажырая қарай қалды да, шексілесі қата күлді кеп. Ішін екі алақанымен басып, шаншу тиген адамдай еңкейіп-еңкейіп қойып күледі.
– Мама, мама, мына Сәулені қарашы, – деп ас үйдегі шешесін шақыра күледі. Не істерін білмей ашуға булыққан Сәуленің көзіне мөлтілдеп жас та келе қалды.
– Мақтанша-а-а-қ, мақтанша-а-қ, – болды, кемсеңдей тұрып бар айтқаны.
– Жарайды, Сәуле, сен әлі түсінбеген екенсің. Кел, енді шын үйретейін, – деп, Болат күлкісін тия қойды.
– Керегі жоқ, үйретпей-ақ қой! Күле бересің өзің, – деп Сәуле бұртия қалды.
– Жарайды енді күлмейін, – деп келіскен Болат, салқын ғана: – Сәуле, ана бір қарындашты әперіп жіберші, – деді. Сәуле былқ етпестен үнсіз отырды да, біраздан соң қарындашты алып, Болаттың алдына секірте лақтырып жіберді.
– Рақмет! – деді Болат сыпайы ғана.
Міне, осылайша, бір-екі күн әдейілеп дағдыланып жүрді де, онан әрі қойып кетті. «Рақмет» айту енді әдетке айналды.
Әңгімені тудырған ең бір қызық жағдай ақырғы бір күні болған еді.
Қаңылтыр шатырлы үлкен саман үйге жақындай берген бір топ баланың ішінен Болат:
– Сәуле! – деп айқай салды.
Селт ете қалып, қуыршағын тастай берген Сәуле, әдемі толқынды қысқа шашы желпілдей жүгіріп, ашық әйнектен қарай қалды.
– Гардеробтың ішіндегі допты әперіп жіберші, – деді Сәулені көріп Болат.
Сәуле секіре жүгіріп, үлкен допты ілезде құшақтай көтеpiп, терезеден күле қарады. Екі қолымен бірдей басынан асыра көтеріп тұрды да, лақтырып жіберді. Әлсіз қолмен лақтырылған доп жерге жеңіл тиіп, домалап кетті.
Допты қолтығына қысып алған Болат, өздерінің футбол алаңына қарай беттеді.
– Бол-а-т! – деп Сәуле айқай салды.
– О не? – деді, ойына ештеңе келмеген Болат.
– Мен саған добыңды әпердім, енді сенің не деуің керек еді? – дегенін естігенде, сыпайылықты есінен шығарып жібергені сонда ғана есіне түскен Болат:
– Рақме-е-т! – деп барынша айқай салды да, қолындағы добын бар пәрменімен теуіп қалып, өзі де зымырай жөнелді.