МОЙЫНДАУ ДӘПТЕРІ
– Үйге берген тапсырманы орындамай келгендерің бар ма, іштеріңде? – деді үнсіз отырған жиырма сегіз оқушыға айнала шолып қараған орыс тілі пәнінің оқытушысы Нора Михайловна. Әр партаның үстінде алдын ала дайындалып қойылған ашық дәптерлерге күлімдей қараған оның жылы жүзінде «орындамаған оқушы болмауы тиіс», деген сенім бар еді.
Осы бір сенімді оң жақ қатардағы төртінші партадан жүрексіздене көтерілген қол әпсәтте сейілтіп жіберді. Жарқын өңі лезде өзгере қалған оқытушы, өткір көзін әлгі балаға қадап:
– Ыбраев, неге орындамай келдің?.. – деді зілді үнмен. Оқушылар түгелдей оған жалт қарады. Барлық көздер де қатал, тіксіне қалды. Әсіресе, оң жақ парталарда отырған оқушылардың көздері Ыбраевқа зеки қарап, жегідей жеп барады. Қолайсыз жағдайға ыңғайсызданып қалған оқушы, жасқана қимылдап, күмілжи сөйледі:
– Мен… мен Нор… Михайловна ұмытып… байқамай… Ендігәрі… – Әрі қарай сөз таба алмай тұтығып, басын көтере алмай тұрған егіннің сабағындай майысты.
– Отыр! – деді аз үнсіз тұрып қалған оқытушы, көзін басқа жаққа бұра беріп.
Ыбраев қашан сабақ біткенше еңсесін көтере алмай, оқытушыдан да, жолдастарынан да кінәлі жүзін жасыра берді. Ол күресе кетсе алып ұратын қасында отырған кішкентай нәзік баладан да өзін әлсіз сезінді. Әшейінде өктем үнмен бүйірінен нүки сөйлейтін Ыбраев енді:
– «Жетістірдің», – деп жирене қарап, сыбыр еткен оған да ләм дей алмай, іштей тынып, бүрісіп отыр. Бірақ, оған қайтып ешкім көңіл бөлмеді.
Сабақ аяқталды. Нора Михайловна журналды қолтығына қысып, «Көріскенше, қош, балалар» – деп есікке қарай беттей беруі-ақ мұң екен, балалар шу ете түсіп, дүрсе қоя берді:
– Немене сен, бір жаттығуды жазуға уақыт таппадың ба…
– Қалай ұялмай келдің бүгін…
– Молодец, бір ұпай алып бердің! – деп шу ете түсті, оң жақтағы партаның балалары Ыбраевты қоршап алып. Сол жақ парта оқушылары бұл айқайға араласпай, сырттан қарап, үнсіз тұр. Тек Ұлан Асқаров қана ортасынан қақ бөле сызылған дәптердің бетін ашып жіберіп:
– Ал, енді Ыбраев, қолыңды қоятын боларсың, – деді сәл жымия. Айналасындағылардың қатал жүзін көзінің астымен ғана сүзе қарап, партаның арасынан қымтырыла жылжып, қоршаудан шыққан Ыбраев, Асқаровтың жанына келіп тоқтады. Сәл бөгеліп, артына тағы бір қарады да, қолы аз-кем дірілдеп «3 ноябрь күні орыс тілі пәнінен үй жұмысын орындамай келдім», деп жазды да, қолын қойды. Өзі отырған қатардың алдыңғы партасында отырған Сара Сәлімованың қолындағы дәптерге де осылай деп жазды.
Сара Сәлімова мен Ұлан Асқаровтың үйі Базар көшесінің бас жағында болатын. Сабақ аяқталысымен, күндегісінше, бірге қайтқан олар, көп уақытқа дейін үнсіз аяңдай берді. Осы тыныштықты бұзған Ұлан болды. Ол бүгінгі жайды қайта есіне алып:
– Қалай екен, Сара, бізбен таласуға жарамайсыңдар-ау деймін, – деді көзінің қиығымен күле қарап. – Осыны қойсақ қайтеді.
Бірақ Сара оған тіл қатпады, оның бетіне жаратпай бір қарады да, жүре берді.
– Aha, өзің де мойындайын деген екенсің. Байқаймысың, күннен күнге көбейіп барады емес пе? – деп Ұлан тағы да тілімен шымши сөйледі.
Осы кезде ашуға булығып келе жатқан Сараның бота көздері жарқ етіп қадалды да:
– Сендерді де жыл аяғына дейін көрерміз, – деп, сұсты жүзін қайта бұрып әкетті.
– Бізді несіне көресің, көріп жүрген жоқсың ба? – Ұлан, бір пәннен өткен тоқсанда үлгермеген оқушыны жылдам есіне салып, – Нұрахметовты ұмытып кеттің бе?! – деді.
– Нұрахметов. Оның осы тоқсанда қалай дайындала бастағанын байқамай жүрмісің. Сені де староста дейді-ау, – деді Сара теріс қарап. – Көрерсің оның қалай үлгергенін.
– Көрерміз.
– Көрсек көрерміз, – деді де, күнде қоштасып айырылысатын Сара Ұланға қарамастан, бұрылысқа түсіп кете берді.
Балалардың ойлап таппайтыны бар ма! Жаңағылардың арасындағы жұмбақ мынадай еді: олар оқитын 5 класс оқушыларының арасында жыл басынан бері жарысқа түсу басталды. Оған себеп болған – арифметика пәнінен вариантқа бөлініп шығарған оқушылардың ішінен Бекен Каримов деген оқушы, екінші қатардағы Азаматов дегеннің есебін көшіріп алған. Бірақ, артынша бұл жай анықталғаннан кейін, Бекен өз кінәсін мойындады, ендігәрі олай етпек тұрсын, Азаматовпен өзара жарысқа түсетіндігін айтты. Міне, осы жарыс көп ұзамай, бүкіл класс ішін екіге бөле қойды. Олар «мойындау дәптері» дегенді ойлап тапты. Оған екі жақтың да сабақтағы кемшіліктері, нашар тәртіптері түсіп отырады да, ұпай саналып отырады. Әрбір класс жиналысында сол ұпай саны есептеліп, қай көп ұпай алғандары, керісінше, жеңілушілер болып табылады.
«Мойындау дәптері» екеу. Бірі оң жақ партадағы оқу озаты Сара Сәлімовада да, екінші сол жақ партадағы оқу озаты Ұлан Асқаровта. Жарыс оң жақ парта оқушылары мен сол жақ парта оқушыларының арасында.
Одан бері календарь қағаздарының талайы жыртылып, дүйсембі мен жексембілер орын алмастыра, цифр атаулыны қуа жылжып, айдың аяғына қарай алқымдап қалды.
Ұлан бүгінгі сабақ кестесі бойынша болатын пән дәптерлерін көнетоздау портфелінің алдыңғы қабатына сала бастады: орыс тілі, сурет… өзінің мұқият орындаған жұмысына тары бір рет көз жүгірте күлімсіреп қойып, салып жатыр.
Міне, арифметикаға арналған дәптер. Түнде әжептәуір қиындықпен отырып жауабына келтірген есебінін шығу жолын, көңілі тола қарап тұрды да, оны да алдыңғы дәптерлерге қоса берді. Бірақ, дәптер сумкасының ішіне жартылай бара бергенде, оның қолын әлде бір күш ұстай алды; әлде бір ұмытып қалған жайды елестете алмай, қайта суырып алған дәптердің ішіндегі өткен жолғы класс жұмысына үңіле қалып, көзі жыпылық атты. Мына бір аяқталмай қалған есепті «әрі қарай үйде шығарып келіңдер», дегені қайда оқытушының. Оның құлағына: «сен бізді ұятқа қалдырдың». «Бүгінгі ісің үшін бәріміздің алдымызда жауаптысың.» «Сені де тапсырманы орындамай келеді деп кім ойлаған» деген, өзі отырған жақтағы Жанат пен Мараттардың ұрысқан дауыстары құлағына қайта келді. «Солай ма екен, «Ұлан» деп кекете қарағандай болды Сара Сәлімова да.
Жаңа ғана көңілді Ұланның жүзі тез өзгеріп кетті: «Сол күні ұмытпаспын деп, күнделігіме жазуға неге ғана еріндім екен» деп, өз ісіне ыза болып, бармағын шайнады.
Осы кезде:
– Ұланжан-ау, уақытың болып қалды ғой, – деді арғы бөлмеден шыққан шешесі Майра.
– А – а, – деп күмілжіп қалған Ұлан, не дерін білмей, – қазір, мама, қазір, – деп сумкасының аузын бір жауып, бір аша берді.
Тырс-тырс еткен сағат тырсылы оның алып ұшқан жүрек соғысын үсті-үстіне жиілете түсті. Жалма-жан киіне бастаған Ұланның аузында бір-ақ сөз жүр:
– Енді қайттім!
Сабақ басталуға үш-ақ минут қалды. Тағы да есікті шалқасынан аша:
– Ұланжан-ау, қалып қоймайсың ба? Мұның не қылғаның. Сағатқа… – дей беріп, баласының сұп-сұр жүзіне көзі түсіп кеткен Майра, үрейленіп кетті.
– Қарағым-ау, түсің бұзылып кетіпті ғой, ауырып қалғаннан саумысың… Апырмай кеше кешке қарай терлеп отырып шығып кеткеніңде «осы балаға суық тимесе игі еді деп ем», – деп, кешегі бір жайды есіне алды. «Айтқаным келді-ау» деген пішінмен салқын алақанын ұлының маңдайына басты.
Ұланда үн жоқ. Төмен қарап күмілжи береді.
– Тер қатқан екен саған, – деді, аурудың диагнозын жылдам таба қойған Майра. – Бүгін бармай-ақ қойсаң қайтеді, жаным.
Күтпеген жерде анасы есіне салған мына жай, Ұлан үшін бір табылған амал болды. Биыл бір де рет қалып көргенім жоқ, осы жолы бармай қалсам да ештеңе етпес деген ой, оның манадан бері екі иығына зілдей болып тұрған ауыртпалықты жұлып түсті.
«Бәрібір қалдың енді», дегендей, алғашқыда алқына соққан сағаттың тырсылы да енді стрелкасін екіге жеткізе баяу тырсылдап, шабан аяңдағандай болып сезілді Ұланға. Бастапқыда айтып қалса да, ырыққа көнбес-ау деп, баласының оқуға деген ынтасын жақсы білетін Майра, оған дүдәмал қараған еді.
Бірақ, Ұланның көңілсіздеу отыра кеткенін, шын-ақ жанына батып тұр екен деп түсінген шешесі:
– Қарғам-ай, қазір, қазір, – деп асығыс қимылдап, қырын сындыра жинаған төсекті бұза бастады. Қатарластыра қойылған орындықтардың үстіне жастық, көрпелер қалбаң ойнап, топ-топ түседі.
Өзі де ортасында қалбаңдап, төсекті жұмсақ етіп салды да:
– Жаным, ыстық ас ішіп, бүркеніп жатсаң терлер ме екенсің! – деп, пальтосының түймелерін сылбыр ағытқан Ұланның жеңінен тартып, шешіндіре бастады.
Ac үйге қарай жүгіре беттеген анасының артынан жымия қараған Ұлан, қымтап кеткен көрпені төсіне дейін ашып тастап, сеткені қатты селкілдетіп, – бәрі де ойдағыдай, бәрі де орынды болды, – деп рақаттана дем алды.
Жылдам оралған Майра, кішкене жәшік – аптечканың ішіндегі градусникті алып келді де, сілкіп-сілкіп жіберіп, Ұланға берді.
Жүзінде әлі кею мен мұңаю бар.
– Қолтығыңа салып көрші, қарашығым, – деді аянышпен шытылған қабағын баласына сездіргісі келмей, зорлана жымиып.
Ұлан да қабағын шытып, ауруын ауырлағандай белгі жасады.
– Ұланжан-ау, көрпеңді ашып ысырып тастағаның не, шыда енді, – деп, қайта қымтап, тағы да кетіп қалды. Бұл кезде оған қолында түрлі ойыншығы бар кішкентай қызы Сәуле қарсы жолығып қалып еді, оның қолынан жетелей:
– Бұл жаққа келме, көрмейсің бе, ағаң ауырып жатыр! – деп, келесі бөлмеге енгізіп жіберді.
Ұлан анасының артынан бұл жолы жымия қараған жоқ, ойлана қарады. Оған бәйек болып жүрген анасының мейрімділігі өте ұнады. Соған қарай, мына градусник ауру адамның температурасын көрсетсе ғой деп тіледі де. Егер ауру емес екендігі білінсе, шешесінің алдында өзін жауапкердей-ақ санады. Шіркін-ай от, не күннің шуағы сияқты бір жылу болып, градусникті қойып алар ма еді деп те ойлады. Сәл жатқаннан кейін ойына бір амал түсіп, қуанып кетті. Жалма-жан градусникті қолтығынан суырып алған ол, қарап еді, 36,5 ты ғана көрсетіп тұр.
«Ә, қазір мен саған», деді де, Ұлан оны ерніне басып, аузынан шыққан жылы леппен үрлей бастады. Аз үрлеген соң қарап еді, сынап зырлап отырып 38-ге келіпті. Тағы да үрледі.
Осы уақытта ауыз бөлмеден аяқ дыбысы естілді. Ұлан градусникті ернінен жылдам алды да, қолтығының астына тыға салып, теріс қарай қойды.
Мазасын алдым ба деп, аяғын еппен басып жақындаған Майра, баласының әлі ояу екенін көрген соң, ақырын ғана градусникті сұрап алды. Жарыққа апарып оның шкаласына қарай берген ол, өз көзіне сенерін де, сенбесін де білмей, көзі бақырая үрейлене тұрып қалды. Ештеңе айтпастан ауыз бөлмеге шыға жөнелді.
Мұнысы несі, үндемей кеткені, деп бұрыла қараған Ұланға телефон құлағының бұралған дыбысы келді: Тр-тр-тр.
– Үфу-үфу. Алло, алло, станция, маған аурухана керек еді… аурухана… – деген анасының үнін естігенде, Ұлан не істерін білмей, төсектен секіріп түсті.
– Мама!
Бірақ кеш қалды. Оның даусын шешесі ести алмады, асыға сөйлеп жатты:
– Жедел көмек керек. Тыңдап тұрмысың. Базар көшесі, 25, балам аурып қалды. Қызуы 40 градус!
– Қызуы 40! – деді Ұлан, ішінен қайталап, жылы көрпенің астына еніп жатып, – қап, тым көп үрлеп жіберген екенмін!
Аудан орталығында небәрі екі-ақ «Жедел көмек» машинасы болатын. Оның біреуінің көбінесе маңайдағы колхоздарға кететінін Ұлан білетін. Екіншісінің басқа жерге кетіп қалуы да мүмкін емес пе. Ал, егер олар қазір келмей, кешке қарай келетін болса Ұлан сөз жоқ «сауығады».
Бірақ, жағдай Ұлан ойлағандай болмай шықты. Шамасы он бес минуттай уақыт өткен соң-ақ, сыртында қызыл крес белгісі бар жабық автомашина тап терезенің түбіне тоқтай қалды. Кабинадан секіріп түскен, қолында кішкене чемоданы бар, аппақ халатты әйел ебелектей басып үйге беттеді.
Ұланның өне бойы шымыр ете түсті. Жіпси қалған маңдайына, жіп-жиі мөп-мөлдір тер моншақтары тізіле қалды. Ол енді шынында да ауру адам сияқты сезінді өзін-өзі. «Рас, ауырып қалған жоқпын ба», деп маңдайын ұстай алды. Жүрегі дүрсілдеп, екі шекесінде әлде не солқ-солқ етеді.
Қасынан орын алған дәрігер, салмақпен қарап, Ұланның жылы майкасын көтеріп, лүп-лүп еткен үрейлі жүрегінің тұсына басқан статоскопты сабырмен тыңдайды. Төсектің аяқ жағында мұңая қарап анасы тұр.
Қолтығына градусник қойып жатқан дәрігерге Ұлан нағыз науқас адамның қарасындай көзін кірбитіп, жабырқай қарады. Әдейі емес, бұл жолы шынымен-ақ осылай қарағанын өзі де аңғармады.
«Расында аурып қалдым ба, қалай», деген сезім билеп, көңіл жайсыздығы еркін мендеп кетті. Аз үнсіздіктен соң, градусники қайта алып қараған дәрігер Майраға қарап:
– Қазір температурасы бірқалыпты. Жүрек соғысының шамалы жайсыздығына қарағанда, балаңыз бір нәрседен қорқып, не бір жағдайға ренжіген болуы керек. Оған орай қан айналасында ретсіздік болуы да мүмкін. Ештеңе етпейді, ойламаңыз, қауіпсіз, – деді де, орнынан баяу тұра бастады.
– Оныңыз рас. Өзі жасынан қорқақтау болды. Бір нәрсеге ренжіп қалса-ақ, өңі келмей қалады. Қайдам, ауыз күйіп қалған, қорқа береміз. Әкесі де үйде жоқ еді, – деп, Майра апай рақмет айтып, дәрігерді шығарып салды.
Дәрігер справканы ертең келіп алсын дегенді айтып, қоштасып кете берді.
Артынша-ақ Ұланның алдына буы бұрқыраған майлы сорпа әкелінді. Бірақ, ол қанша зауқы соғып, тәбеті шапқанмен, беттей алмады. Өзінің бүгінгі жасаған қылмысын тізбектеумен болды.
Мұның бәрі тап осындай болып шығады деп кім ойлаған. Бұлай еткенше бір ұпайдың ауырлығын көтергені-ақ жақсы емес пе еді. Бірақ, енді ойлағанмен түсер пайда жоқ. Өткен істің өкінішімен жатқан Ұланның ұйқысы да келмеді. Ол біраз уақыт көзін тарс жұмып, теріс қарап жатты да, санай бастады: бір, екі, үш… Тіпті болмаған соң, қалың көрпені басына тұйықтап алып көрді. Бәрібір ұйқысы келмейді.
Шым-шытырық көңілсіз оқиғалар мазалай берді. Ұлан көрпені кейін қарай серпіп жіберіп, қыраусыз қос әйнектен далаға телміре қарап, қимылсыз жатты.
Жақында жауып өткен қар, көрші үйлердің пеш мойнына ұлпадан тымақ кигізіп, шатырлардың екі жақ иығына қалың ақ жақа таққан. Электор, телеграф сымдары жуан арқан секілді. Ұлан, осы сымдарға білеулене жабысқан қардың анда-санда үгітіле түсіп, бытырай ұшқанынан көз алмай жатты. Енді бір кез көшеден сирек өтіп жатқан адамдар мен машиналарды санады. Бірақ, бәрі де қызықсыз, бәрі де көңілсіз, жалықтырып жіберетін жайлар.
Тым-тырыс мүлги қалған бөлме іші, сап-сау жатқан
Ұланның ішін пыстыра бастады. Кітап оқуға да зауқы соқпады. Неде болса, шешесіне білдірмеуге тырысады.
Ашық есіктен машинасын сүйретпей, аюын сүйретіп, аяғын еппен басып өте берген, қысқы шұбар көйлекті қарындасын Ұлан қасына шақырып алды.
– Кел, аяқ жағыма отыр, ойыншықтармен ойнайық. Мен саған ертек айтып берейін, – деді. Әшейінде мұндай сөзге қуана көнетін Сәуле, бұл жолы:
– Жоқ, ойнамаймын, сен ауырып жатырсың ғой, мамам ағаңның тиышын алма деген!, – деп, көзі жаудырай, жаны аши қарап, кетіп қалды.
Тағы да тым-тырыс. Адамдардың бәрі де бір қызықты жерге кетіп, жалғыз Ұланды ғана иесіз үйде қалдырғандай. Стол үстіндегі қоңырау-сағат та бұрауы тасуылғандай дыбысы әлсіреп, жүрісі мандымады. Аспандағы тұтас ыдыраңқы бұлттың арасынан бозара көрінген күн де, етекке жақындамай, бағананың басына қағып қойғандай ілінді де тұрды.
– Қап, – деді өзіне-өзі кейіп, сабаққа жауап беріп жатқан жолдастарының дауысы, үзіліс арасындағы ойнаған ойындары, жаңа тақырыпты түсіндіріп тұрған оқутышылары – бәрі көз алдына келіп мазалана түскен Ұлан.
– Бекер қалған екенмін.
Ойланбай істелген өз ісіне ыза боп кеткен Ұлан, төсек сеткасын үзіп жіберердей дөңбекшіді де, секіріп түсті. Жүгіріп келіп, столда жатқан портфелінің ілмек темірін жұлқылай ашып, мойындау дәптерін суырып алды да, қаламның ұшымен баттитып жаза бастады – «19 декабрь күні үйге берген тапсырманы орындамағандығымды және сол күнгі сабақтарға түгелдей себепсіз келмей қалғанымды мойындаймын». Осы сөздің артына қолын қойды да:
– Бір ұпайдан жасырынып құтыламын деп ең, енді екі ұпай әпердің, «жарайсың, Ұлан!» – деді өзіне-өзі ызалы үнмен.