КҮЗЕТШІ ҚОРҒАСЫН (Медеу Сәрсеке)

КҮЗЕТШІ ҚОРҒАСЫН
«Күзетші қорғасын» дегенге, балдырған, сен мүмкін таңданарсың. Қорғасын қайдан күзетші болмақ, күзетші болатындай оның зейіні бар ма, немесе кәдімгі күзетшілердей мылтық ұстап тұратын қолы бар ма дерсің. Әбден дұрыс. Қорғасын күзетшіде зейін де, мылтық та жоқ. Бірақ ол – сондай мықты күзетші. Өмірі қалғу дегенді білмейді, өз ісін көзінен ешқашанда таса етпейді. Өзіне тапсырылған қызметті мүлтіксіз бақылап қана тұра береді.
Қай үйде электр жарығы болса, сол үйде қорғасын күзетші бар.
Бір күні біздің көршінің үйінде мынадай оқиға болды. Ол үйдің Жақан деген баласы бар еді. Өзі тым шалдуар болатын. Үлкеннің айтқанын тыңдау деген қайда. Қайта ерегесіп, беттен алатын. Жақан бір күні үйіндегі бұзылған өтекті электр жүйесіне қосамын деп болмай қойды.
– Қой, балам, ток жүйесін бұзасың, – деді шешесі Жақанға.
– Ма…ма, қосамын, – деп болмады Жақан.
– Қоспайсың! Өрт шығуы ықтимал.
Жығылған жағынан тұрмайтын қыңыр Жақан үйде оңаша қалған шақта неде болса көрейінші деген оймен өтек бауын ток жүйесіне қосып кеп жіберді.
Сол мезетте не болғанын көр! Бөлме ішінде әлдене найзағайша шарт ете қалды. Жақанның қорыққаны сондай, шалқасынан түсті. Не болып қалды дейсің ғой? Бұзылған өтек бауы ток жүйесіне түйіскенде, екі тарам сым бойымен келе жатқан ток ағыны өзара айқаса кетеді. Токтың мұндай күйге түсуінен күшті от тұтанды. Өздерің ойлап қараңдаршы. Бұлқына тулап төмен қарай жөңкіліп келе жатқан ағын суға көлденең бөгет тұрғызсаң, қайтер еді? Ілезде су деңгейі көтеріліп, арық ернеуінен асып төгілмей ме? Міне, ток жүйесі де сөйтеді. Әдеттегіден артық ток күші пайда болад
ы. Ол қайда барады? Арықтың арнасын су кернегені сияқты сым бойын ток кернейді-ай кеп. Тек айырмашылығы, су ернеуден асып төгілсе, ток сымды қатты қыздырады. Одан сыртқы қаптауы балқи бастайды, ақырында өрт шығуы мүмкін.
Бірақ олай болмады, өрт шыққан жоқ. Өртті болдырмаған – біз жоғарыда айтқан күзетші қорғасын. Қандай көреген, батыр күзетші десеңші! «Бәрін жандырып, күл етемін, өртеймін!» – деп, лықылдап келіп қалған ток ағынына қасқайып жалғыз өзі қарсы шықты.
– Өтемін, өтемін де өртеймін! – деді ток.
– Өтпейсің, өткізбеймін! – деп қорғасын күзетші де қасқая қарсы тұрды.
Ток оны тыңдамады, бар күшімен екпіндеп келіп, соғып өтті. Қорғасын күзетші де тайсалмады. Бірақ, не керек, өзі де мерт болды. Тұтқиылда төнген апат жайында үй қожасына ақырғы рет шарт етіп белгі берді де, балқып жүре берді. Жолы кесіліп қалған әлей ток қайда барсын? Кілт тоқтап, өзінің ежелгі арнасына түсіп, жуаси қалды.
Қорғасын күзетші бұл арпалыста мерт болды, бірақ үйді өрт қаупінен аман сақтап қалды. Өз қызметін ол мүлтіксіз атқарды.
Ал көршім баласына қатты ұрсып, балқып кеткен қорға сын күзетші салынған тығынды ток есептегіш тақтадағы бұрандасынан бұрап алды да, оның орнына дәл сондай тағы бір қорғасын күзетшісі бар тығын қойды. Сөйтіп, сымды бойлап ток үйреншікті қалпымен бұрынғыдай жүре бастады. Жақан болса, сонан бері бұзылған өтек, электр плитканы ток жүйесіне қоспау керек екенін басқа балаларға өзі айтатын болды.

Алматы, 1958 жыл

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *