КІШКЕНТАЙ ШАХТЕР

КІШКЕНТАЙ ШАХТЕР (Медеу Сәрсеке)
Біз үлкен қалада тұрамыз. Көкем шахтада істейді. Оны жұрт «Құрметті шахтер» деп атайды. Онысы шахтерлердің ең шебері дегені.
Шахтер болуды мен де ұнатам. Шахтерлердің әдемі қалпағы – касканы киіп, көшеде әрлі-берлі жүруге ерекше құмармын. Шынайы шахтер болу үшін, әрине, шахтаға түсу керек. Бұл ойымды бір күні көкеме айттым.
– Балаларды шахтаға жібермейді, – деді ол. – Әуре болма текке!..
– Неге?
– Бастығымыз қатал кісі, рұқсат бермейді.
Әйтсе де сол шахтаны көргім келді. Қайда екенін білемін. Анау биік қара таудың іргесінде. Соның бергі етегінде зәулім үй тұр. Шахтаға түсетін ауыз сол жерде.
Ақыры, шыдамадым. Көкем сыйлаған электр фонарымды алып, шахтаға тарттым. Өйткені жер астына күн сәулесі түспейтінін, тастай қараңғы екенін көкем айтқан.
Үлкен үйге кірсем, іші толған шахтер екен. Ерсілі-қарсылы ағылып жатыр. Тәуекел деп, бір ағайдың соңынан ердім. Көп-көп есіктен өттік. Сонсоң үлкен бір залға келдік. Соның бір шетінде темір тор тұр. Анау ағай кішкентай бір тесіктен менікіндей фонар алды да, солай беттеді. Мен де соңынан қалмадым. Кенет әлдекім желкемнен шап беріп ұстай алды. Жалт қарасам, жирен мұрты едірейген орыс шалы. Өзінің түрі әлей сұсты: сасқаным сонша, бақырып жыладым…
Сол сәтте тордың ішінен қоңырау шылдырлады. Мұртты ағай мені тастай салып, жүгірген бетінде темір тордың есігін жапты. Қызықты қара: темір есіктің ар жағында тұрған шахтерлер әп-сәтте жоқ болып кетті. Кең залда мұртты шал екеуміз ғана қалдық. Қарап тұрам ба, қаша жөнелдім. Неше есіктен өткенім есімде жоқ. Кенет даңғарадай үлкен, еңсесі биік әрі әдемі безенген бір кабинетке тап болғанымды бір-ақ білдім. Төрдегі үстел басында бұйра шашты бір ағай отыр. Әрине, сасып қалдым. Жалмажан шегініп едім:
– Тоқта, балақан. Кімді іздеп жүрсің? – деді әлгі ағай.
Үні биязы. Жүзі де жайдары, күле сөйлеп, орнынан тұрып, қасыма келді. Шашымнан сипады. Тіпті арқамнан қақты. Сонсоң мен де батылданып:
– Ой, ағатай, шахтаны көрмекке келіп едім, мұртты бір шал жібермеді, – дедім.
– Әрине, жібермейді. Бастықтың рұқсатынсыз шахтаға түсуге болмайды.
– Ал шахтаның бастығы қатал кісі дейді. Оған баруға қорықтым.
– Қой, оның бекер болар.
– Балаларды жек көреді екен. Көкем мені шахтаға кіргіз десе, рұқсат бермепті, – дедім. – Ал менің көкем – атақты кісі,
«Құрметті шахтер»…
Бұйра шашты ағай сылқ-сылқ күлді.
– Сен өзің батыл бала екенсің. Кел танысалық. Атың кім?
– Атым – Ақан, фамилиям – Сәрсенов.
– Ал мені Саша ағай деуіңе болады.
– Саша ағай, – дедім жалма-жан, – Мені шахтаға апарсаңыз қайтеді?
– Жарайды, Ақанжан. Мен саған шахтаны көрсетейін, – деді жымиып, – Бірақ сен әуелі маған қасымнан қашып кетпеуге уәде бер.
Мен уәде бердім. Сөйтіп, шахтаның аузындағы темір торға келдік. Біз ішіне кірісімен қоңырау шылдырлады. Сол-ақ екен, тастай қараңғы тұңғиыққа сүңги жөнелдік. Темір тор зырлап келеді. Жүрегім атша тулап қоя берді. Қорыққаным сонша, Саша ағайдың қолынан мықтап ұстадым.
– Қорықпа, – деді ағай. – Шахтаға түсіп келеміз.
Сөйткенше болған жоқ, іші жер үстіндегідей жап-жарық тас үңгірге жетіп тоқтадық. Төбеде сүттей ақ шамдар самсап тұр. Үңгірдің табанына темір жол төселіпті. Ал айналаның бәрі тұтасқан қара тас.

Үңгірді жағалай жүріп келеміз. Темір жол бойымен паравозы жоқ пойыздар ағылып жатыр. Вагондары тура ойыншық сияқты, жердегіден әлдеқайда кіші.
Саша ағай менің таңырқағанымды байқап:
– Бұларды электровоз дейді. Өйткені ол электр тогымен жүреді. Ал оған тіркелген арбалар – вагонеткалар. Оларға көмір тиеледі. Жер үстіне бұлар темір арқанмен тартылып алынады. Көтеруге жеңіл болу үшін оларды әдейі кішкентай етіп жасаған, – деп түсіндірді.
Біраздан соң алғашқыдай емес, жарығы күңгірт тағы бір үңгірге кірдік.
– Бұл забой, – деді де, Саша ағай маңдайындағы шамды жақты. – Забойда көмір шабатын комбайн бар. Сенің көкең сонда істейді.
Қалта фонарымды ала келгенім көрім болды. Соның жарығымен алдымдағы қарыстай жерді ап-анық көріп келемін. Ал жарықты тас қабырғаларға бағыттадым бар ғой, тіпті қызық. Алып бір бейнелердің көлеңкесі сәуле жолында ойнақтап тұрады. Құдды ертегілерде айтылатын батырлар айқасы тәрізді.
Біз тіпті көп жүрдік. Тіпті мен шаршайын дедім. Бір мезетте Саша ағай тоқтап:
– Қарсы алдымызда ербиіп тұрған – машина көмір комбайны, – деді.
Қарасам, ұп-ұзын машина. Алдындағы бұрғы сияқты ұршығы зыр-зыр айнала береді екен. Ол айналған сайын қабырғадағы көмір опырылып құлайды. Ал құлатылған көмір комбайнның артындағы астаумен кейін қарай үздіксіз құйылып жатыр.
– Мұны конвейер дейді. Вагонеткаларға көмірді осымен тиейміз, – деді Саша ағай.
Сәлден соң комбайн тоқтады. Маңдайында жалт-жұлт еткен шамы бар, үстіне брезент костюм, басына каска киген еңгезердей кісі біздің қасымызға келіп, сәлем берді. Даусынан таныдым. Өзімнің көкем. Құшақтай алдым.
Осыған дейін мен көмір жер астында тау-тау боп үйіліп жатады, шахтерлер соны күні-түні вагондарға күрекпен тиейтін шығар деп ойлаушы едім. Сөйтсем, мүлдем басқаша. Көмір қалың-қалың тас қабаттарының арасында, жал-жал боп сіресіп тұрады екен. Шахтерлер әуелі жақпар тасты тесіп, көмір жалына жол ашады екен. Сол сәтте әкем комбайнын жұмысқа қосып, көмір қабатын ұңғиды білем. Ал жер бетіндегі қара таулар – шахта ішінен шыққан бос тастардың үймесі.
– Осы сен, нан жеуге қалайсың? – деді сұрады көкем.
Шынымды айтсам, нақ сол сәтте бір таба нанды түгел жеуден бас тартпас едім. Өйткені қарным ашып тұрған-ды.
– Көмір де өндірістің наны, – деді Саша ағай. – Көмір болмаса пеш жағылмайды, су қайнамайды, бу да алынбайды. Ал бусыз үй жылымайды, нан да піспейді, электр машинаның ұршықтары да айналмайды. Сол себептен де бізге көмір өте көп керек. Сондықтан да шахтер еңбегі ерекше қадірлі. Сенің көкең көмірді өте көп шабады, сонсоң да ерекше құрметте…
– Саша ағай, сіз көкемнің қатыбас бастығындай емес, балаларды ерекше жақсы көретін жақсы адам екенсіз, – дедім.
Бір нәрсені бүлдірсем керек. Өйткені көкем жеңімнен тартып, одан әрі сөйлетпей, аузымнан басты. Саша ағай болса, ішек-сілесі қатып рақаттана күлді.
– Балам-ау, біздің шахтаның бастығы Саша ағайыңның өзі емес пе, – деді көкем.
Мен ұялғаннан тілім байланып, төмен қарадым.
– Ештеңе етпейді, – деп Саша ағай қолымнан ұстады. – Сен өзі жақсы жігіт екенсің. Сірә, үлкейгенде шахтер болғың келеді білем?
– Мен қазір де шахтермін. Өйткені нағыз шахтаның ішінде тұрмын…
– Жоқ, – деді Саша ағай. – Жер астына түскеннің бәрі шахтер бола бермейді. Нағыз шахтер атану үшін көкең сияқты көп жыл еңбек ету керек. Сен әлі жассың, бойың да құртақандай. Оқы. Ержет. Ал әзірше кішкентай шахтер бола тұр, жарай ма? Содан бері таныстарым мені «Кішкентай шахтер» деп атайтын болды.
«Кішкентай шахтер» өседі де, нағыз шахтер болады» дейді көкем.
Шынымды айтайын, мен сол күнді асыға күтіп жүрмін…
Семей, 1963 жыл

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *