ЖОЛАУШЫ(Сакен Жүнісов)

ЖОЛАУШЫ

 

Ұзыннан-ұзын шұбатылған жолаушылар поезы кеше Шу станциясынан шыға бере кілт жалтарып, терістікке қарай туралай салған. Бетін көкала қына жапқан арса-арса тасты состиған шатқалдар бірте-бірте жатаған қыраттарға айналып, ғұмыры табанына күн көзі тимеген домалақ-домалақ қойтасты, жыңғылды сайлар бара-бара жазыққа айналып жер беті шыр көбелек дөңгелей қалды.

Бірде қиялай, бірде құлдилай тартып, оңы мен солына жалтақтап бұлтандаған бұралаң жол адымын аштырмай, қашаған малды қуғандай діңкесі құрып, зықысы шыққан поезд қазір кең жазықта бауырын еркін жазып, желдің етіне маңдайын төсеп зымырап келеді.

Бүйірінен Арқаның қоңыр самалы желпи бастаған соң, төбесінен күннің табы өтіп. Қабырғасын аңызақ қуырған қапырық вагон ішінің тынысы кеңіп сала берді.

Шыққалы ыстықтан барлығып, түтігіп кете жаздап сусыннан басқа нәр татпаған жолаушылар да сөрелерінің үстінде тыраңдап рахаттанып қалған. Таңның атуы, күннің батуы мына шыжыған аптапты қарғап-сілеп, «лағынет жаудырудан» аузы бір босамаған жалғанның жартысындай мес бәйбіше де қабырғаны сүзе жанбастап құлапты.

Вагон ырғалғанда ірге ырғалып, алға қарай дамылсыз лықсып тербетілген жоғарғы сөредегі буулы жүктер де, қазір тойған қозыдай бүлк етпестен бұйығып жатыр.

Осы әңгіменің тууына себепкер болған адам менің қарсымдағы екінші сөреде. Астына салғаны плащ болуы керек кішкене қара чемоданды жастанып алған. Ұйқыда. Чемоданның қыры батпас үшін тілдей күнқағары бар көнетоз қалпағын желкесінің астына келтіріп салыпты. Шеткерірек жатқандықтан, болар-болмас ақ жолағы бар ортақол көк трикодан дөрекілеу етіп тіккен пенжегінің ішкі өңірі төмен салбыраған. Ішкі қалтасының аузынан автомат қаламның, ұзынды-қысқалы екі-үш қарындаштың басы қылтияды. Өңінің жастығына қарағанда он жеті-он сегіздегі бала. Көзін жай ғана жұмған адамдай монтиып тәтті ұйқыда жатыр.

Егер ол осылай бүлк етпей жата берсе, не болмаса, жайбарақат оянса да, әңгіме тумас еді.

Ол шошып оянды. Әуелі бақырып, бар пәрменімен вагонның қабырғасын періп қалып, басын оқыс көтеріп алды. Көзі жыпылықтап айналасы ұйқылы ояу қарап, маужырап отырды да, мырс етіп күліп жіберді. Жаудыраған көзінде әлдебір балалық екпенің ізі бар. Сөренің үстінде аяғын салбыратып жіберіп мәз боп отыр.

Жігітім-ау, вагонның қабырғасын сындырып жібере жаздадың ғой, – деп қалжыңдап ем, тісі ақсиып одан сайын күлді. Жауап беруге сөз таба алмағандай үнсіз күле берді.

Сәлден соң, сөреден секіріп түсті. Бет-қолын жуынып келді де, қалта орамалымен сүртініп, чемоданның ішінен тамақтарын алып, менің қасыма отырды. Екеуміз де тамақ, ішуге кірістік.

– Жол болсын, балақай, қайда барасың?

– Қарағандыға қарай, – дей салды, жұмыртқаны аршып отырып. – Қолы ауырып қалған болуы керек, қарай береді. Аузына басып, үрлеп қояды.

– Соншама неден шошындың? – деп жаңағы әңгімені қайта қозғадым.

Бала тағы күлді де, бұл жолы күлкісін тез тиып, өзінше қабағын түйіп томсырая қойды. Барынша түнергендегі түрі болар, бірақ үлкен кісі түгілі кішкентай бала сескенетіндей сұс жоқ. Нанға өкпелеген бала секілді бұртиып отыр. Аздан соң қайта жадырады:

– Ағай, тыңдасаңыз басынан айтайын. Менің осы сапарымның өзі бір қызық, – деп жымыңдап қойып нанына май жақты.

– Айта ғой, қайда асығып барамыз. Қайта жол қысқарсын.

Бала нанды қарбыта асап отырып әңгімеге кірісті.

Мен онжылдықты биыл ғана бітірдім, – деді, оны өзіне қомсынғандай. – Жасыратыны жоқ, онжылдықты ойдағыдай бітірмегендікі ме, әлде бұрын-соңды үйден қырық қадам ұзап көрмегендікі ме, әйтеуір жоғарғы оқуға баруды ойлағанда өз-өзімнен ұнжырғам түсіп, енжарланып табалдырықтан аттап шыққым келмей-ақ қойды.

Онымды бір күні үй-ішіне де айттым.

Оқуға барғым келмейтіндігін естігенде, көкем не болды десеңізші. Қисайып жатқан жастықтан басын жұлып алып, көкке ұшып жерге түсті:

– Өй, жасық, неме. Ат атандырып, сүйек сындыратын ынжық сол! Сен секілді жұрттың балалары оқып жүр ғой. Немене, солардан ауқатың кем бе, тұқым-жұрағатың кем бе. Әттең, жасым асып кетті, әйтпесе көрер ем! – деп кіжініп, әуелі менің жер-жебіріме жетіп ұрсып алды да, біраздан соң өзінің қуақы күлкісіне басты.

– Е-ей, баламысың деген. Өмірдің ащысы мен тұщысының дәмін әлі айыра білмейсің. Есіңде болсын, дүниеде біреусіз біреудің күні жоқ, біреу өлмей, біреу күн көрмек емес. Ана Қалмұқанның, Исаның боқмұрын балалары да қайбір асып кеткен зеректігімен оқып жүр дейсің. Бәрі де тұқым-жұрағаттың, қалтаның күші. Кәне, Жанторы, қолыңа қағаз, қалам ал, – деп төс қалтасынан шеттері жымырланған, атам заманғы сап-сары ала бір Құшақ қағаз шығарып, ақтара бастады. – Сені оқуға түсірткізбесем жер асып, күн көріп жүрмейін!

Қуанышым қойныма сыймай, жүрегім алып-ұшты. Өзімді астанада оқып жүрген студенттей сезіндім. Үйде отырған кәрі атам мен әжем де құдайға шүкіршілік айтып:

– Өй, садағаң кетейін, Төлеужаным сол. Тәубе, тәубе! Сені сегіз қырлы етіп жаратқан құдайдан да айналайын. Осы бір, соныңнан ерген қарашығын Жанторы ғой. Шығасыға қарай, кіресі деген. Қолда барыңды аямай, оқыта көр, тең құрбысынан кем болмасын. Ой, құлыным сол, Төлеужаным тұрғанда сен де қатарыңнан кем қалмассың, бақытың жансын, бақытың! – деп олар да қуанысып жатыр.

Көкем өзіміз тұратын қаракөл қой совхозының бухгалтері. Жұрттың айтуыншы сол маңдағы жүзіктің көзінен өткен жылпос, пысық жігіттің бірі. Оның үстіне айтқанынан қайтпайтын, екі сөйлемейтін ұр да жық, бір мінезді ер жігіт.

«Төрт кластық білімімізбен әлі біреу құрлы нан тауып жерміз» дегенді екі сөзінің бірінде аузынан тастамайды.

Көкем қағаздарын ақтарып отырып арасынан бір адамның адресін тауып алып, жымың етті. «Бір кәдеге жарарсың,» деп ем-ау, бүгін сәті түскен шығар. Кәне, енді жаз, – деп маған қысқа бұйрық берді. Мен де сүйкей жөнелдім:

«Аса қымбатты, қадірлі досымыз Әбілхамит! Сізді бүгін есіне алып, ақ қағаздың бетіндегі өрнек арқылы туыстық жүрегінен сәлем жолдап отырған мен – Төлеужан Мақсұтұлы деп білерсіз. Үй іші замандастың, бала-шағаның, дені-қарны сау, аман ба? Қызмет бабы қалай? Дәрежеңіз биік, мәртебеңіз жоғары болар. Илаһим, солай болғай-ақ та.

Биылғы өзіңізбен кездесіп, жүз көрісіп танысқаннан соң сіз менің достық көңіліме берік ұялапсыз. Талай күндер сіздің асыл бейнеңіз, көрікті тұлғаңыз көз алдымнан кетпей-ақ қойды.

«Қандан абзал, бекзат адам» еді деп, аузымнан әсте тастаған емеспін. Тасбиығым Секілді. Сіздің мәртебеңізге алыста жатып-ақ иығым көтеріліп, көңілім өсіп отырады. Иә, не дегеніңіз, сіз секілді қазақтың аяулы адамдарына қалайша қуанып, қалайша мақтанбассыз. Әттең, сізді тағы да бір көріп, бір тілдесіп шөлімді басып, құмарымды тарқатып қайтқым келеді. Бірақ, не керек, ұшарға қанат жоқ, жұмыс бабы өзіңізге белгілі. Қол тие бермейді.

Әйтсе де, соның амалын бүгін тапқан секілдімін. Менің ағамның жалғыз ұлы Жанторы (биыл өзіңізге айтқан ем, есіңізде болар) оқу бітіріп отыр. Бәріміздің ортамыздағы жалғыз еркеміз ғой. Сол енді ауылдың шаңын жұтып жүргенше, сіз секілді ағасын сағалап, жақсыдан ұлағат алып, тәуір адамдардан тәлім-тәрбие, үлгі көріп жүрсін деп астанаға жібермекші ойымыз бар. Бауырыңызға басып, қанатыңыздың астына, саяңызға ала көріңіз. Иншалла, еңбегіңіз зая кетпес.

«Ер мойнында қыл арқан шірімейді» дегендей, жақсылығыңыз бен шапағатыңызды өле-өлгенше ұмытпаймын. Тірі жүрсем, борышымды өтермін.

Ал енді қала жағдайы бәрімізге аян: Іздегенің табыла бермейтіні де бар. Жанторыдан біраз қаракөл елтірісін беріп жібердім. Замандас екеуіңізге жіберген бұл азбыншы сәлемдемемді қомсынбай ала тұрыңыздар. Құдайға шүкір, кішкентай адам болсақ та, жолымыздан жығылмаспыз.

Айтқандай, Жанторының оқуға түсуін өзіңіз-ақ сол жерде тойларсыз. Жолдас-жора бола ма, қол ұшын бергендер табыла ма, солардың көңілін аулай салуыңыз үшін 3–4 мыңдай ақшаны баланың қалтасынан табарсыз. Тағы қажет болып қалған жағдайда, телеграмма арқылы хабарларсыз.

Басқа не айтайын, сағынышпен көріскенше сау болыңыз.

Замандасқа сәлем!

Айтпақшы, ұмытып барады екем-ау, қысқы соғым үшін ақша шығармай-ақ қойыңыз. Ол біздің қорада жемделеді.

Жұрағатың Төлеужан». Көкем осы хатты ойланып-толғанып ұзақ отырып жаздырды да, қисынсыз сөздерін өшіртіп, қайтадан көшірткізді.

– Енді оқуға түстім дей бер. Әбілхамит Алматыдағы бір деген үлкен адам. Оның қолынан бәрі келеді. Мынадай байлықты қолына ұстата берген соң, көрейін оның қалай жанын салмасын. Үлкендердің де кемейі жоқ деп отырмысың. Тек құлқынын таба біл, құлқынын, әр жағы шепуха!

Сөйтіп, кішкенелеу қол чемодандағы он шақты мөлдіреген қап-қара елтіріні басып-басып салып, төрт мың сомды қойын-қоншыма тығып алдым да, астанаға аттанып кеттім.

Үйдегілер:

– Жортқанда жолың болсын! – деп оң баталарын беріп қала берді.

* * *

Бұрын-соңды кісі үйіне жатып әдеттенбегендікі болар, әншейін түске дейін бас көтермей рахаттанып ұйықтайтын ем, Алматыға келген алғашқы күні ерте ояндым.

Таң жаңа атқан екен, ашық терезеден таңғы самал еседі. Әйнекке төне түсіп иілген терек жапырақтарының арасында отырған кішкентай торғайлар чирик-чирик, чир-р-р деп сан құбылтып, сайрай бастады. Сонау Алатаудың қар жамылған өркеш-өркеш шыңдары да ұйқыдан оянғандай алауланып шығып келе жатқан күн шұғыласына күле қарап, алтынға малынып сылана қалды.

«Қандай ғажайып қала! – деймін ішімнен.— Осында оқыған адамның не арманы бар екен?!»

Бұл тұрғын үйім, өзіңізге мәлім, Әбілхамиттің үйі. Өткен күні осы үйдегі Сара апай көкемнің телеграммасы арқылы поезд басында күтіп алып, таксимен әкелген. Содан бері ағай да, жеңгей де асты-үстіме түсіп бәйек болып жүр. Таңертеңгі шай үстінде олар көшегіден де жылы сөйлеп:

– Қалай дем алдың, ұйқың қанды ма?

– Бұл үйді өгейсіме, өз үйіндей көр, – деп іші-бауырыма еніп барады. Өткен түні жатар алдында көкемнің хатын берген едім. Тегі соның қуанышы болу керек, – деп ойлаймын, жымың-жымың етіп, мүлдем өзгеріп кеткен.

«Шіркін дүние-ай, не қылмайсың, мынау ғой сендердің құлқындарыңды тесіп отырған» деп, ышқырымның екі жақ астарына қақ бөліп тігіп алған жүз теңгеліктерді шытырлатып басып-басып қоямын. Әйтсе де, «Кім біледі, сыралғы адамдар емес, бір қылығым жақпай қалып, шалқасынан түсе ме» деп, аса бәлсінбей, ізет сақтап, сөз әлпеттеріне қарай сөйлеп: ыңғайларымен отырмын, және де көкемнің «Жанторы, ел ішіндегі балалықты таста. Еркелігіңді үйде ғана жаса. Ал пайдасы тиетін ана Әбілхамит сияқты адамдарға иіліп жастық, жатып төсек бола сал, одан ештеңең кетпейді», – деп шегелеп ұғындырғаны да көкейімде.

Шай ішіп болған соң Әбілхамит ағай, қызметіне барайын деп жатып, мені жеке бөлмеге шақырып алды. Неге шақырғаны белгілі ғой. Бірден күп етіп түсе қалмайын деп, орнымнан созалаңдау тұрып, салқын жүзімді өзгертпей баяу басып бөлмесіне ендім. Әбілхамит өзінің бұрынғы әдетінше жымия күліп отыр екен. Арқамнан қағып, қасындағы орындықты ұсынды. Сөйтті де орнынан ауыр түрегеліп, ерсілі-қарсылы жүре бастады. Әжептәуір уақытқа дейін әңгіменің суыртпағын таба алмай қиналған адамша, үн-түнсіз теңселіп жүрді де қойды. Аяғының астындағы еден жүрген сайын сынып кетердей сықыр-сықыр етеді. Әбілхамит ағайдың зор тұлғасынан көз алмай мен де үнсіз отырмын.

Әлден уақытта барып Әбілхамит ағай қарсы алдыма келіп кілт тоқтады да, менің отырғанымды жаңа ғана байқағандай маған тіктеп қарап тұрып қалды. Әбілхамит ағайдың жүзінде бұл жолы ешқандай күлкінің ізі көрінбеді. Көзіндегі күлкі оты сөніп, оның орнына басқа бір от тұтанған секілді. Келгеннен бері алғашқы көруім. Маңдайына түскен екі-үш әжім сызаты мен самайындағы күзгі ақ таңдақ қырау тәрізді күміс шаштарын да тұңғыш рет байқадым.

Әбілхамит ағай қатарласа келіп отырды да, еті қалың, салмақты алақанын иығыма қойып, қоңыр дауыспен баяу сөйлей бастады. Үнінен ақылдасып, кеңесіп отырған адамның түрі сезіледі.

– Қалқам, – болды алғашқы сөзі, – ағайыңның хатын кеше жатар алдында оқып едім, бекер-ақ оқыған екенмін деп өкіндім. Қарағым, сен әлі жассың ғой, сені кінәламаймын. Жақын туыс болмасаң да, меймансың, жатам десең біздің үйде жата бер. Оған таршылық етпеймін. Ал енді жасыратыны жоқ, ана ағайың айтқан қылмысқа бара алмаймын. Оған ренжіме. Талаптансаң ешбір көмексіз өзің-ақ оқуға түсіп кетерсің. Қол ұшын беріп пара алу дегенді атама. Мал құлағы саңырау, естір құлаққа ұят нәрсе. Ол менің кәсібім емес. Сенің ағайыңды жол-жөнекей бір рет көргенім болмаса, түстеп қараған адамым емес. Аты-жөнін де білмеймін. Сонда да оның маған соншама ауыз салуына қарағанда, сенің көңіліңе келмесін, барып тұрған сұғанақ, орысша айтқанда нахал адам ба деймін!

Жүрегім су ете қалды. Алғашқы сөздерін төмен қарап, ұялыңқырап отырып тыңдап ем, соңғы сөзін айтқанда басымды көтеріп алып, жақтырмай қарадым, туысын жамандағанды кім жақсы көруші еді.

Ал, балақай осы үйде саған бөгет ететін ешкім жоқ, институтына барып кел де, дайындал. Қалтаңа сенбе, мынаған сен, – деп сұқ саусағымен шекесін тақылдатты.

* * *

Әбілхамит ағайдан мүлдем күдерімді үзіп, салым суға кетіп жүргенде, ойда жоқ жерден қол ұшын беретін адам табыла кетті.

Бұл – бірінші емтихан тапсырардан бірер күн бұрын еді. Институттың үлкен басқышында бала біткен қаз-қатар тізіліп оқуға түсу мәселесін әдеттегідей әңгіме етіп отыр ек, қатарда отырған бір бейтаныс жігіт:

– Балалар, – деп сыбыр ете қалды. Сөйтті де, осылай қарай келе жатқан бір адамды иегімен ұрлана нұсқап, «қарап алыңдар» дегендей ишарат білдірді.

Біз біресе жігітке, біресе әлгі келе жатқан адамға қарай қалыстық. Ол жас мөлшері орта жастағы адам екен. Бұрын соңды институт маңында көрінбеген кісі. Үстіне үлбіреген ақ жібектен китель киген, басында әдемі тесік-тесік гүл өрнегі бар, ақ шетен капрон шляпа жасының мосқалдығына қарамай, пышақтың жүзіндей қыр түсірген тар балақ шалбар киген. Аясы кең үлкен кезді, сәл таңқы мұрындау, қара торы, тапалтақ келген тығыршықтай адам. Көзге бірден түсетін ерекшелігі өте пысық, қунақ жүреді екен. Денесін қаққан қазықтай тік ұстаған бойы қасымыздан сып етіп өте шықты. Ол өтісімен бәріміз де әлгі бейтаныс жігітке бұрылдық. Жігіт жан-жағына үрейлене қарап алды да, тағы да сыбырлап:

– Бұл адам былтыр талай балаларды оқуға түсіртті.

Қолынан келмейтіні жоқ, – деді.

Балалардың кейбірі «тәйір-ай», – дегендей, алғашқы ынтықтары басылып, селқос тыңдады да, ал біразы жігіттің үстіне құлындай түсті.

– Оны сен қайдан білесің?

– Ол қайда істейтін адам еді? – деп сұрақтың астына алды.

– Қайда істейтінін білмеймін, әйтеуір беделді адам. Өткен жылы конкурстан өте алмаған балалар жылап барған екен, соларды оқуға алдырыпты ғой.

Кең жауырынды, бадырақ көз, қара жігіт күректей қолын бір-ақ сермеді:

– Ай, қойшы, сондайларыңды. Жақсылап тапсыра алмайды екенмін, ешкімнің алдына барып мүләйімсірер жайым жоқ. Машинаның баранкесі жалынсын.

– Менің де ойым сол. Балалар-ай, осы бар ғой, егер өзіміз нашар оқысақ, кімге реніш жасаймыз. Өзімізден-өзіміз көрмесек, ол үшін кім кінәлі, – деп шикісары тымпиған кішкентай бала да өзінше мән айтқансып тықылдай қалды.

Басқа балалар да, әңгімені аяқсыз тастап, ертеңгі емтихан жөнінде өзара сөйлесіп кетті. Әлгі бейтаныс жігіт елеусіз қалған соң, орнынан тұрып:

– Мейілдерің, әшейін керегі болып қалар деп айтып едім. Мен үшін келер-кетері жоқ, – деп мұрнының астынан ғана міңгірлеп орнынан тұра берді.

Шынымды айтайын, маңайдағы балалардан намыстандым, әйтпесе сол жерде ол жігітті бас салып, қайтсең де сол адаммен таныстыр дейтін едім. Өзімді-өзім әрең ұстадым. Әйтсе де, жүрегім алып-ұшып отыра алсамшы. Бір қаға берісте балалардың қасынан сытылып шығып оның ізіне түстім. Сәті түскенде ол да ұзай қоймапты. Оңашарақ шығып, бар мұнымды шақтым. Оқуды жаңа бітіргенімді, орташа оқығанымды, ақша жағының да біраз барлығын – не керек бәрін де ақтардым.

Жігіт келісті, жаңағы адаммен таныстыратын болды.

Өзімен бірге ертіп алып, адам саябыр аз жүретін аңдаусыз деген бір көшенің бұрылысындағы ағаш арасына алып барды. Кешкі сағат тоғызда осы арада кездесетін болдық. Кешке уәделі жерге бірі сағат бұрын келдім. Жігіт те келді. Бірақ, бағанағы айтқан адамы жоқ. Жігіт оның келер-келмесіне екіұштылау жауап берді.

– Ойпырмай, ағай-ай, енді бір жақсылығыңды жасай гөр. Қолымнан келгенінше не айтқаныңызды орындайын. Менің де бір керегім болар, – деп жалына бастадым. Шынында аянайын деп тұрған мен жоқ. Тіпті ақша сұраса да, суырып бергім келіп тұр. Бірақ айтудың ретін таба алмадым. Ондайдың адамы болмай шықса, қайтемін.

–Оһ, келе жатыр, – деді, бір кезде әлгі жігіт. Жүрегім жарылып кете ме деп едім. Не істерімді білмей қуанғанымнан шашымды тарай беріппін.

Бағанағы шапшаң жүрісімен, әлгі адам сыпсың етіп келе сала қасымдағы жігіттен:

– Осы бала ма? – деп сұрады да, жаратпаған пішінмен бас-аяғыма жылдам көз жүгіртіп өтті. Сөйтті де:

– Өндірістік стажың жоқ қой, балақай, ә? – деп, бірден іске кірісті.

– Жоқ, – деп айтқанымша болған жоқ.

– Қалай оқып едің? Ә, айтқандай, орташа бітірген деп еді-ау, – деп қасын керіп, кейігендей болды.

Апырай, айнып кетпесе екен деп, жүзіне жалбарына қарадым. Ол датандайын тық еткізіп қынжыла бастады:

– Туыс, жолдас деп-ақ құритын болдым. Оның үстіне қайдағы бір қиын жұмыстар-ақ, үйір, – деп, біраз уақыт төмен қарап ойланумен болды. «Ағай, енді ағай» деп жігіт екеуміз екі жақтап қылқылдап жалына бастадық.

Бір кезде басын көтеріп алып:

– Жарайды енді, ақырғы рет кірісейін. Мұндай іске араласудың, алды-арты осы болсын. Бұдан кейін әкемнің баласы болса да, қайырылмаспын. Сен де енді жолдасым еді, анау еді, мынау еді дегеніңді бұдан былай естіртпе, – деп ана жігітке зеки қарады. Жүрегім орнына түскендей болды-ау, әйтеуір.

– Ал, балақай, – деді бір кезде көзімен атып жіберердей қарап. Қарашығы кішкентай ала көзі өңменіңнен өткендей суық, кәрлі. – Менің атым Қыдыр, «Жортқанда жолың, жолдасың қыдыр болсын» дегенді естуін бар ма? Оны естісең, менің атымды да ұмытпайсың». Бірақ ешкімге мен жөнінде айтушы болма. Сенің атың Жанторы деді ме, қалай?

– Иә, ағай, Жанторы.

– Жанторы, Жанторы. Атың неткен сұмпайы еді. Жанторсық дегенге келеді екен, – деп мырс етті ре, сөзін жалғай берді. – Жарайды, әңгіме онда емес. Ал, Жанторы, сонымен тәуекел деп сенің ісіне бел байладым. Өндірістік стажың жоқ, білімің нашар. Сондықтан істің қиындығын сезетін шығарсың. Оның үстіне, жасыратыны жоқ, талай балалардың соңында бір-бірден адамы бар. Бірақ шын жыласаң соқыр көзден жас шығады демекші, бәрін де реттеймін. Ол жөнінен қам жеме. Тек қана ол үшін саған мынандай шарт қоямын. Алдымен ана Әбілхамит Досовтың үйінен институт жатақханасына шығасын. Ол тірі жанға қайырымы жоқ, іші тар адам. Содан кейінгі ең ескеретінің аузыңа сақ боласың. Ертең институтқа түскеннен кейін де, менің көмектескенім жөнінде ең арты елдегі көкеңе тіс жарып ештеме демейсің.

– Ой, ағай, не дегеніңіз, өліп кетсем ішімде кетеді, – деп безек-безек еттім. – Тіпті, ертеңгі күні «институтқа өз күшіммен түстім» деген сөз өзіме де мерей емес пе?!

– Тұра тұр, тұра тұр тықылдамай! Мерей-серейді қайтейін деп ең. Әуелі байыптап тыңдап ал. Егер көшеде кездесе қалсақ та бір-бірімізді танымайтын адамдай боламыз. Түсіндің бе? Әйтпесе, пәле іздеп, ізіңді аңдитын жалақорлардың бірінің көзіне шалындық-ақ біттім дей бер. Егер сыр сақтай алмайды екенсің, осы бастан айтып қой. Далаға тастай алмай жүрген басым жоқ. «Аш құлақтан, тыныш құлақ…»

– Ағай-ау, соншама, мені бала дедіңіз бе. Түсінемін ғой.

– Ал, түсінсең, ендігі айтарым мынау. Мен өзім, қарағым Жанторсық, а-а… Жанторы, бетін бар, жүзін бар демей тура айтуды ұнататын адаммын. Сен менің екі туып бір қалғаным емессің, тек мына Жексенбай інішек қиылып сұраған соң ғана араласайын деп отырмын, – деп қасындағы жігітке қарады. Ол да, қайтсін-ай.

– Аға, айттым ғой. Ең жақсы көретін досымның інісі еді, – деп жанын салып жатыр-ау.

– Қазақта атамзаманнан бері келе жатқан мынандай мақал бар, – деді Қыдыр маған тағы да тіксіне қарап, – «жылы-жылы сөйлесең, жылан іннен шығады», «береген қолым – алаған». Олай болса, біреумен сөйлесіп, базына қылып, бедел салу үшін де тілге тиек боларлық бірдеме керек. Әйтпесе, өзі күнің түсіп тұрғанда, құрғақ қасық ауыз жыртса, ол істің нәтижесі де болмақ емес.

Бағанадан осыны қашан айтар екен деп тұрған мен, қолды ышқырлыққа салдым келіп, белдіктің, астындағы астарын дырылдатып сөгіп, бөксере бастадым. Ар жағынан шытырлақ жүз теңгеліктер де қат-қат болып шыға келді. Қыдыр ағай да білегімнен шап беріп ұстап алып:

– Тұра тұр, аптықпай. Қанша ақшам бар деп ең, төрт мың ба еді. Әзірше екі мыңы да жетеді. Кейін көре жатармыз. Мүмкін, сонымен де ауыздарына құм құярмын, – деп екі мыңды санап алды да, – ал, енді Жексенбай арқылы хабарласып тұратын болайық. Жексенбай, сен ертең мына Жанторсықтың жатақханаға орналасуына көмектес. Ана елтірі салған чемоданын біреу-міреу қағып кетпесін. Ол бұған ертең қып-қызыл ақша ғой… Тіпті, соның өзін біздің үйге әкеліп қоя салшы. Кім біледі, көпшілікке сеніп те болмайды… Жарайды, енді ерте күнді кеш қылмай, тарайық. Жанторсық, туһ, ауызға түсе береді, Жанторы десе, ештеңеден қапа болма, дайындала бер. Тек қана… – деп ернін саусағымен басты. Ол аузына сақ бол дегені шығар. Сөйтті де, Жексенбайды қасына ертіп, қас пен көздің арасында қараңғы көшеге сүңгіп, жоқ болды. Аумаған көкемнің мінезі: «Турасын айтып, ағынан жарылып тұрған бір жан».

Кетіп бара жатып көкемнің «Жанторы-ы, есіңде болсын біреусіз біреудің күні жоқ», – дегені есіме түсіп, өз-өзімнен жымың еттім. – «Тек, құлқынын таба біл, құлқыны-ен, әр жағы шепуха».

Арада бірер күн өтті. Алғашқы пәннен қанағаттанарлық деген баға алып шықтым. Әрине, оған пәлендей қуана қойған жоқпын. «Мұнысы несі, әлгі Қыдыр ағай мен Жексенбайдың жақсылығы қайда жасаған. Неге өте жақсы деген баға қойғызбады екен» деп өкпелі шықтым. Өкпемді бүгіп те қалғаным жоқ. Қыдыр ағайдан гөрі сөзім өтетін, етене боп үйренісіп алған Жексенбайға келесі күш-ақ салдым ыланды: «Ау, бұларың қалай, жақсылап келіспеп пе едіңдер, тым құрмаса бір баға артық қоймағаны несі, үшке өзім де жауап бердім…» деп тасыраңдап, міндетсіне сөйледім. Бірақ, текке арамтер болыппын. Жексенбай айтқанымның бәрін жымиып тұрып тыңдап алды да:

– Енді болдың ба? – деді.

– Иә болдым.

– Болсаң, жағдай мынадай: сен үш тұрмақ екіге де жауап бермепсің…

– Екіге дейді. Қой әрі, – мына сөз төбемнен ұрғандай болды. – Екіге дегені несі-ей…

Тұра тұр, тұра тұр. Тыңдап ал. Сен билеттегі сұрақтарды айту орнына, мүлдем лағып кетіпсің. Оқытушы өтірік бас изеп отырып, ақыры үш қойып беріпті. Сен оны түсінбей тұрып бетімен ренжисің. Содан кейін, бұдан былай есіңде болсын, саған айтатын бір жай бар: Қыдыр ағай комиссия мүшелерін айналдырып солардың аузын алып жүр. Сондықтан, емтиханда үштік баға алып қалдым деп кейіме. Тек құламасаң болғаны. Ар жағы қолдағы нәрсе. Енді түсіндің бе?

– Түсіндік… – дедім өзімді-өзімді әрең зорлап. Айтқанының бәрі көкейге қонып, көңілге ұялап-ақ тұр. Әйтседе, алғашқы арыным басылмай, жуық маңда қабағымды бермедім. Содан соң мені қинап тұрған жай – билет сұрағына дұрыс жауап бермейсің деген сөз. Жауапты сұрақтың төңірегінде бергенім қайда? Бұл қалай?.. «Қойшы деймін тағы да, – мүмкін сасқалақтап отырып жолдан шығып кетсем, шығып кеткен шығармын. Ол үшін несіне таласып уақыт аламын. Әйтеуір оқуға түссем болғаны емес пе. Мейлі, күл болмаса, бұл болсын.

Сөйтіп, келесі пәндерден бір жақсы, бір қанағаттанарлық баға алып шықтым. Күннен-күнге дайындыққа немқұрайды қарап, емтиханға қалай болса солай баруды шығардым. Өйткені, «жұмыс ыңғайға келді. Енді бір ғана кілтипаны тұр. Соны жөндеп жіберу үшін» деп, қалтамның түбінде қалған соңғы 500 сомды Қыдыр ағай Жексенбай арқылы сұратып алған. «Оны жөндеген болар. Енді несіне уайымдайын». Осы оймен кеудеме нан пісіп, ең соңғы емтиханға кітаптың бетін ашпастан салып-ұрып жетіп бардым. Ести беріңіз, бұл емтиханның қызығы бар.

Кезегіммен ішке ендім. Емтиханды екі адам қабылдап отыр екен. Бірі айна таз секілді төбесі жап-жалтыр, сақал-мұрттың орны көкпеңбек көктұқыл, ерні қаймиған, мұрны пістиген, қарны қабақтай бір шал екен. Екіншісі шашы елтірі құсаған бұп-бұйра, көзі отша жайнаған, домалақ мұрын, көнтек ерінді, қайыстай қара жігіт екен. Бірден, «Мені тапсырған адам осы жігіт болды-ау» деп топшыладым. Бірақ, ол мізбақпайды, танымаған адам құсап отыр:

– Билет алыңыз, – деді, менің емтихан бағасы қойылатын қағазымды аударып-төңкеріп қарап.

Билет алдым (қолым дірілдеу дегенді ұмытқан). Орынға барып жайғасқан соң жүзіне бір-ақ қарадым. Денем шымыр ете қалды. Бірінші сұрағын мүлде білмеймін. Екінші, үшіншісін оқыдым. Оларды да білмейді екемін. Әйтеуір алыстағы сағым ішінен көрінген нәрседей болар-болмас бір елес бар. Саңылау ғана. Әйтпесе жыға білетін ештеңе жоқ басымда. Көзімді тарс жұмып алып ойға кеттім.

Әрі ойладым, бері ойладым. Алдымдағы қағазымды шимайлаған болдым. Бірақ, не керек құр шимай, іліп алар ештеңе жоқ. Тіпті ойлаған сайын шала білетіндерім ұмытыла беретін секілді. Өстіп отырғанымда менен бұрын кірген үш бала да айтып болып, кезек маған келіп қалды. Шыққым келмей, төмен қараған күйімде үн-түнсіз отырмын. Оқытушылардың көзін ала беріп, қасымдағы кезегі менен кейін бір қызға «сен шыға бер» дегендей иегімді көтеріп қалдым. Ол да түсіне қойды.

Көзі жыпылықтап, сезіп қояр ма екен дегендей жасқана басып жауап беруге отырды. Оны сезген оқытушылар жоқ. Бастарын шұлғысып қойып отыр.

Бір кезде менің күткенім де болды: кәрі мұғалім орнынан созыла тұрып, таяғын секірте тастап тысқа шығып кетті. Қарғып орнымнан тұрып, стол басына мен де жеттім.

– Бірінші сұрағым, – дедім де, ар жағын естілер-естілмес күмілжітіп айта бастадым. Айтып отырғаным өзім білетін басқа бір сұрақтың жауабы. Анада, бірінші пәннен «сұрағына дұрыс жауап бермепсің, бірақ оқытушы сезбеген болып баға қойып беріпті» деген Жексенбайдың сөзі бар жадымда. Аян-жорғамен сыпырта жөнелдім. Бірақ, масқара болғанда қызып тұрған машина моторын кілт сөндіре қойғандай:

– Қарағым, сен өз сұрағыңа жауап берсең қайтеді?

Бұл мүлдем аты-жөні басқа дүние ғой! – деп тұншықтыра қойғаны бар емес пе бұйрабастың. Не дерімді білмедім. Пышақ кескендей тоқтап, көзім жыпылық атып қарай беріппін. Осы дәрменсіз мүшкіл халімді жақтырмаған мұғалім:

– Білмесең, екінші сұрағыңа көш, – деді. Көштім. Бірақ амал қанша, онда да қоныстай алмадым. Сырғып үшіншіге түстім.

Бұл жолы, үшіншіні айтпас бұрын, «мүмкін осы мұғалім ұмытып отырған болар, есіне салайыншы» деген ой келді. Сол оймен:

– Ағай, менің фамилиям Көмекбаев, біліп отырсыз ба, Көмекбаев, – деймін күбір-күбір етіп.

– Е, біліп отырмын Көмекбаев екеніңді. Міне, мынау емес пе, – деп алдында жатқан емтихан тапсырушылардың қағаздарының арасынан менің қағазымды қолына алды ол.

Әбден састым. «Е-е, қара басқанда әлгі шал отырғанда шықпаған екенмін, Менің қолдаушым сол болды ендеше» деп көзім төрт болып, есік жаққа алақтай бастадым.

– Балақай, тоқ етерін айтшы өзің, дайындалып па едің? Мына сұрақтарды білмейсің, – деп бұйрабас та жан-алқымға алып, қыл кеңірдектен қысты дейсің бе.

– Ағай-ай, аға, енді осы пәннен ғана өтсем, ілігер едім, – деп жалына бастадым. Қайтейін басқа дәрмен қалмады.

Сөйткенше болмай шал да келіп, кірді-ау.

– Уһ! – дегенімді өзім де аңғармай қалыппын.

Жас мұғалім қолына қаламын алып, баға қоймас бұрын:

– Мына бала үш сұрағына да жауап бере алмады, қанағаттанғысыз! – деп қатарына отырып жатқан ақсақалға күбір ете түсті.

Мәссаған, қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көресің деуші еді, сол айтпақшы: – Несін ойланып отырсың, екіні қой да жібер! – дегені бар емес пе шалдың.

– Ой-ой, ата, ата мен Көмекбаевпын ғой, Көмекбаевпын! – деп, жүрегіме тақалған істіктей қаламға жармастым, Ана қалам сыр ете қалса, менің жүрегімнің қабы да сыр етіп жарылатындай көрінді. Көз алдымнан «Сені түсірмесем жер басып, күн көрмейін деген» көкем, «енді қам жеме» деген Қыдыр, Жексенбай, шытыр-шытыр өткен кілең жүз теңгеліктер бәрі де лезде өте шықты.

– Көмекбаев болсаң қайтеміз енді. Көмек беруіміз керек пе! Дайындалмаған өзіңнен көр! – деп шал да қисайған жағына қарап жығылып, көнер емес. Ақырғы демім қалды-ау дегенде:

– Сіздер Қыдырды білмейсіздер ме, Қыдыр ештеңе демеді ме? – деппін ғой.

– Қыдыры кім? – деп екі оқытушы бір-біріне қарасып, иықтарын көтерісті. Қыдырың кім өзіңнің. Оның бұл жерде қатысы қандай?

Амалсыздан одан да жалтардым. Маңдайымнан шып-шып суық тер шықты:

– Ағайлар-ау, тым құрмаса қосымша сұрақ қойыңыздаршы. Қосымша сұрақ! – деп Қыдыр жайлы сөздерді аяқсыз қалдырдым. Шынымды айтайын, қалай шыққанын білмеймін, көзімнен де бір-екі тамшы жас ытып кетті. Оқытушылар да аяды білем.

– Жарайды, ал, мына сұрақты айтшы…

«Мынаны қалай түсінесің?» – деп ең бір жеңіл сұрақты қоя бастады.

Ішім жылып кетті. Өйтіп-бүйтіп тілге келіп, жауап бердім-ау. Шал да «болды» дегендей қолын сілтеп команда берді. «Қанағаттанарлық» деген баға да қағазға түсті.

Маңдайымды сүртіп, өлдім-талдым дегенде жан шақырып, институттан ұзай бергенімде, бір ағаштың қалтарысынан бипазданып, маң-маң басып, ыржия күліп Жексенбайым келмесі бар ма. Маңдайдан ала кеп…

Жоқ, перген жоқпын. Өзімді-өзім ұстай алмадым. Барлығы бітіп тұрғанда, ендігі қалғанын шыдай алмай, мені жын ұрып па! Тек қана қозы қарындай ішімде жолбарыс ойнап, зығырым қайнап келеді.

Менің сұп-сұр өңімнен секем алған Жексенбай да езуіндегі күлкісін жия қойды. Қалың шашын бастыра киген өзбек тақиясын басында ойнатып, үрейленіп қалды:

– Иә, не алдың, не болды? – деп жасқана жақындады.

– Не болушы еді, өлдім-талдым деп үшті әрең алдым. Ана жалтыр бас пен бұйра басың кенеше қадалып аттатпай қойды. Мені қайсысына тапсырып едіңдер?

– Ойбай-ау екеуіне де тапсырғанбыз, екеуі де біледі.

– Ой қойғаны құрсын, ащы терімді шығарды.

Сол сол-ақ екен, Жексенбайым шек-сілесі қатып күлмесі бар ма. Цирктегі клоундерше ішін басып алып, үзіліп бара жатқан адамдай шиқылдады да қалды. Ә дегенде «мынаған не болды, заматта жынданғаннан сау ма» деп түк түсінбей өңіне қарай беріппін. Жоқ, аман екен. Қалтасынан төрт бүктеулі орамалын алып, көзін сүртті.

– Ай, өздері айтқанды орындаған екен, – деді күлкісін әзер жиып. Сен біздің Қыдыр ағайдың жайын білмейсің ғой. Дүниедегі қалжықбас адамның бірі. Одан өтетін адам дүние жүзінде, ілуде біреу болар. Әлгі оқытушыларға:

«Әйтеуір баға қойып бересіңдер ғой, баланың жанын мұрнының ұшына келтіріп бір қысып көріңдерші» – деген сол Қыдыр ағаның өзі болатын. Көзіңді бір алақандай қылған екен, – деп Жексенбай тағы да қарқылдап күлді де, әп-сәтте байсалды түрге енді.

– Ал, Жанторы, қолыңды әкеп қой, – деп қолымды қысты. Қап-қара тышқан көзінің түкпірі жылтың-жылтың етеді. – Ана жағын Қыдыр аға кеше пісіріп қойған. Онжылдықты бітіре салып келгендерге бес-ақ орын бар екен, біреуінде сенің фамилияңды бірінші етіп тіркетіпті. Бауырым енді құтты болсын. Үлкендер айтпақшы әуелі бір құдай да, онан соң Қыдыр жар болды ғой. Оның жақсылығын ұмытпассың да.

Жүрегім лүпілдеп, не болғанымды білмеймін, қуаныштан жарылып кете жаздадым. Лақша секіргім келе ме, екі өкпемді қолыма алып жүрегім күйгенше жүгіргім келе ме, әлде көшені басыма көтеріп айқайлайын ба, әйтеуір не істерімді білмедім. Шіркін, көкем данышпан ғой, оқымаған адамдардың ішіндегі бір зерек, көріпкелі бар білгіш-ау деймін іштей. «Көмейін таба біл, көмейі-ен» дегені қайда. Ай, көкем-ай, көкем!

Байғұс қайтсын. Жексенбайда да ес жоқ: «еңбегіміз жанды ғой, еңбегіміз» деп арқамды жиі-жиі қағып ол да қуанып келеді.

Екеуміз көшенің бойындағы ағылған адамдардың арасымен аты-жөні жоқ, көлеңдеп мақсатсыз жүре беріппіз. Бір кезде Жексенбай:

– Әй, Жанторы, осы біз қайда бара жатырмыз. Тұра тұр, бүгін бір адам секілді қыдырмаймыз ба? – деп, мені тоқтатып алды.

Шынында да, қыдырғаннан артығы бар ма. Келгелі қаланың ішін жөндеп аралаған да жоқ едім. Әуелі оқуға түсіп алайыншы, содан кейін көре жатармын деп өзімді-өзім тұсап жүруші ем. Енді, міне, арқам кеніді, қайда болса да тарта бергім келеді. Оның үстіне, қасында қаланың ұңғыл-шұңғылына дейін білетін жолбасшын болса, не тартынатыны бар:

– Қыдырсақ, қыдырайық. Баста, – дедім.

Бірақ, біз қала ішін аралай алмадық. Бағанадан түсінбей келе жатыр екем. Құтты болсын айтылғаннан кейін оны жуу деген пәлесі болады екен ғой. Ондайды кім біліпті.

– Мұны жууға сараңдық істеу – ұят нәрсе, – деп Жексенбай ойыма салғанда қатты ұялдым.

Әйтсе де, қалтамда не бары екі жүздей-ақ ақшам қалған соң, оның үстіне оқуға тұяғым іліккенін естіген соң, аздап тарлық та қыла бастадым.

– Паркке барсақ қайтеді, – деп жалтарып ем, Жексенбайым түп етектен ұстап айырылар емес.

– Ой, ұлыстың ұлы күні ішілмеген дүниені не қыласың. Қаланың қызығынан зерігетін де күн табылар әлі, – деп тақымдады-ай кеп.

«Қойшы, азар болса 40-50 теңгем кетер, көбіне шыдағанда азына шыдайын» деп, мен де:

– Кеттік! – дедім. Жексенбай:

– Сені астананың ең үлкен ресторанына апарайын, – деп «Алматы» деген ресторанға қарай бастады. Атқан оқтай түп-түзу асфальт көшемен салып отырып, ресторанға келіп бір-ақ тірелдік.

«Алматы» рестораны мақтаса мақтарлықтай-ақ екен. Зәулім тас үй. Бір жақ қабырғасы түгел терезе. Мүмкін көрген де шығарсыз. Биік басқышпен табалдырықтан көтеріліп ішке ендік. Іші де көздің құртын алғандай жайнап тұр.

Өмірімде бірінші рет келуім еді ресторанға, өз-өзімнен ыңғайсызданып қысылып отырмын. Онымды Жексенбай да аңғарды білем.

– Елден келгендігіңді сездірмей, үйде отырғандай, еркін, кең отыр. Жұрт мұнда демалуға келеді. Ресторанда отыра білу де мәдениеттіліктің бір белгісі. Егер кім көрінген біле берсе, кәне, неден бастаймыз, тамақ қалай сұратып аламыз, айтшы, – деп маған сынай қарап, көзі күлімдеп жылмаңдай қалды.

Расында да ештеңе білмейді екеміз-ау. Оныма іштей қорланып, маңайдағылар көріп отыр ма екен деп, жан-жағыма қарағыштай бердім. Бір жағынан «үлкендермен қатар отырып, есейген адамдардың санатына қосылуыңның алды осы шығар, «Жанторы» деп іштей күпсіп, көтеріліп-көтеріліп қоямын.

– Жарайды, ничего, – деді Жексенбай сыбырлап, – Біз де алғашқы кезде қараңғылау болатынбыз. Кім іштен туа үйренеді дейсін.! Бәрі де жүре-жүре қалыптасады. Қазір өзіміз деген ана-мына адамдарыңды сатып жібереміз.

Бұрын аңғармаушы едім, осы жерде Жексенбайдың аздап бөспелігі де барлығын бірінші рет байқадым. Біраз серпіп-серпіп алды да, қолындағы қатырмақ тысы бар қағазды көрсетіп, түсіндіре бастады:

– Мынау «меню» деген қағаз. Не керегің осының ішінен табылады. Есіңде болсын, сен мені ресторанға шақырып отырсың ғой, әсте бұл қағазды өзің алма. Қонағына бер. Қонақ не қалайды, неге зауқы соғады соған заказ береді. Бұл – білімді адамдардың ісі. Енді сен елдегі оқушы емессің, студентсің, біліп қой, – деді де, ана жерде жүрген әдемі киімді қызды шақырып алып, заказ бере бастады.

– Он бөтелке сыра, екіншіден мынандай тағамдар, – деп атап жатыр. – Ал, ақаңнан бір жарты болса жетеді.

– Қойыңыз, о не дегеніңіз, Екі адамға соншама арақты бере алмаймыз. Болмайды, – деп официантка ыршып түсті.

Менің де көзім шарасынан шықты:

Өй, Жексенбай, өмірімде аузыма алып көрмеген нәрсем, атама, анауың тым көп, – деп зәре-құтым қалмады.

Жексембайым көзін қысты. Өзінің тапқышына не берерсің:

– Апатай-ау, сіз қалайсыз. Біз жарылып өледі дедіңіз бе, осыншама дүниені ішіп. Қазір келетін екі-үш жолдасымыз бар тыста, – деп қолма-қол сөз тауып, менің санымды бұрап алды.

Сонымен не керек, әлгі ішімдіктерді Жексенбай екеуміз тізе қосып отырып алып сілтедік. Алғашқыда «ішпеймін мына пәлеңді, аулақ, аулақ!» деп ақ безер де, көк безер болып едім, оған көнеді деген қайда, «Сен ішпесең мен де ішпеймін. Мен сені сыйлап отыр екен десем, әшейін бер жағың ғана екен», – деп Жексенбайым ауыр-ауыр сөздерге барды. Қайтейін, көңілін жығу қиын, «сенің оқуға түсуің үшін!» деп шекесіне айдар таққан бірінші тосты тастап-ақ жібердім. Екіншісі де кетті. Бір сәт елдегі әжем мен атамның жүрер кездегі айтқан ақылдары да есіме түсті, – «Құлыны-ем, әйтеуір бір жалғызға тапсырдық. Бар айтарым ана жынды судан сақ бол, жынды судан. Бұл күндегі жастардың айтпай келетін жауы сол болды ғой. Сен түгілі ана көкең де ішкен кезде ақылынан мүлде адасады. Қарғам, сақ бол, сақ бол!» деп қақсап қалған.

«Бірақ, мас болу болмау, адамның өзіне байланысты ма», – деймін ішіп отырып. Сөйтем де анда-санда өзімді тексеріп көремін. Жоқ, мас емеспін. Қаз қалпым.

Әлден уақытта денем өз-өзінен ұйып, маужырай бастадым. Көзім дамыл-дамыл еріксіз жұмылып, тәтті бір ұйқы қамап алды. Буын-буынымның бәрі талып, ұйқыға қарай жетелей берді. Бірақ, байқаймын, мас емес сияқтымын. Есім дұрыс…

Енді бір мезгілде көзім бір жұмылып, бір ашылып отырып, қалғып та кетіппін.

Қанша уақыт өткенін кім білсін, әйтеуір маңдайым қатты бір нәрсеге тық ете қалды да, жалма-жан шошыған адамдай басымды көтеріп алып, көзімді аштым. Сөйтсем, көшеде тұрмын. Айналам азан-қазан. Біреулер күледі, біреулер дабырласып өзді-өзі сөйлеседі. Тап алдымда қарасам жол үстінде қаз-қатар самсап кішкентай балалар тұр. Қол ұстасып, иінтіресіп алған. Мені өткізгісі келмейді.

«Кетіңдер жолдан, былай тұрыңдар! деймін. Әлгілер кету орнына міз бақпастан орындарынан тапжылмай күледі. Зығырым қайнап кетті. «Мә, саған!» – деп, шетінен алып, бірақ итердім. Күлдір ете түсті. Қайдан келгенін білмеймін, жын секілді сол екі ортада қасыма бағанағы официантқа қыз сап ете қалды. Және біреу ғана емес-ау, екеу. Екеуі де – сол қыз. Екеуі де мықынын таянып алып, байбалам салып жатыр. «Төле мына шынылардың құнын. Содан кейін үйіне бар, дем ал!» – дейді екеуі де. «Қайдағы шынылар. Шынылары несі?» – деймін.

Әлден уақытта құлағым шалып қалды, әлгі қыз «милицияға, милицияға» деп жоқ болды. Осы не дейді деп тағы да көзімді ашып алдым. Сөйтсем, мына ғажапты қараңыз, әлі ресторанда отыр екем. Осы кезде Жексенбай есіме түсті. Ол қайда кеткен? Жан-жағыма қараймын. Жоқ, «Жексенбай, Жексенбай!» деп орнымнан ұшып тұрып алға ұмтылдым. Сол сол-ақ екен, дәл тілерсегімнен біреу қағып жібергендей болды. Ұшып түстім. Столдың сирағын құшақтай құладым. Бір абұйыры еш жерім ауырған жоқ. Атып тұрайын деп едім, денем зілдей, ап-ауыр. Жата тұр дейді. Жата бердім. Көзім де тәтті ұйқыға жұмыла берді…

Бір кезде әлдекім «тұр, тұр!» деген соң оянып кеттім.

Біреу аяғымнан теуіп тұр. Ұйқымды қимай, ыңырсып, аунап түстім. Әлгі неме аяғымның басын жаншып, тағы да тұр, тұрдың астына алды.

– Әй, тұр деймін, балақай. Әкеңнің үйінде жатқандай керілмей тұр, бол! Өзің шаңыраққа қарашы, қайда жатыр екенсің?! – деп қарқылдап тұрып күледі. – Шалжиуын қарашы, шынашақтай болып ап!

Mac болғаным содан ғана есіме түсті. Жалма-жан басымды көтеріп алдым. Масқара-ай, екі шекем қылбұраумен бұрап тастағандай солқ-солқ етеді. Басым бас емес, екі пұттық гирдің тасы секілді. Жаңағы аяқ жағымда тұрған отыз-отыз бестер шамасындағы мосқал жігіт екен. Шашы дудыраған. Сүзектен тұрғандай өңі құп-қу, алқам-салқам. Тізерлей отырып, құлағыма сыбырлайды:

– Қалтаңда бас жазатындығың қалып па еді, қалса, ешкімге айтпа, шыққан соң бас жазамыз.

«Бас жазатыны» несі, апырай мен ғана емес, мына жігіттің де басы ауырып тұр екен-ау. Тегінде, сұрап тұрғаны дәрі болар, ол менде қайдан болсын. Жоқ деуге тіл күрмеліп келмейді, басымды болар-болмас шайқаймын. Ол менен күдер үзіп әрі кетті. Тағы біреуді барып жұлмалап, оятып жатыр. «Бұ неғылған адамдар, қай жердемін» деп жан-жағыма қарадым. Ылғи бір жағының түгі шыққан ұсқынсыз адамдар. Қабақтарынан қан жауып, өлік шыққан үйдің адамдарынша томсырайып-томсырайып, қайғы жұтып отырған біреулер. Үйдің едені тас, ызғарлы. Терезесінен қарап ем шошып кеттім: Top көз. Түрменің терезесі секілді. Шығып келе жатқан күн сәулесі де ара-арасымен қымтырыла өтіп, еденге көмескі түсіп тұр.

Едендегі сәуленің бетінде де тор-тор дақ бар.

Орнымнан тұра бере байқадым, белім босап қалыпты. Шалбарымның белдігі кең болатын, тіземе қарай түсіп кетті. Жалма-жан көтеріп алып, отырғандарға қарадым:

– Белбеуімді кім алды?

Жауап беру орнына олар мырс-мырс етіп күліп жіберді. О, ғажап, қасымда отырған бір мосқалдау адамның беліне көзім түсіп еді, онда да белдік жоқ. Екінші біреуде де жоқ. Түгел сүзіп өттім, бәрінде де жоқ.

Осының ішіндегі ең көңілдісі – әлгі мені оятқан. Ол тағы да қасыма келіп:

Тұңғыш рет келуің болар, сірә? – деп жымиды. – Асықпа әлі талай келесің.

Осы кезде есік ашылды да, бір милиционердің басы көрінді. Жүрегім су ете қалды. Соны сезгендей ол да:

– Көмекбаев, – деді.

– Иә, мен.

– Соңымнан ер.

Мен жаңа білдім, бұл «вытрезвиловка» – сауықтыру орны екен. Оны бөлмесіне шақырып алған бір майор айтты. Столының үстінде белдігім, қалта орамалым, 3 сом ақша жатыр екен. Көзіме оттай басылды. «Бар ақша осы ма» деп, 3 теңгелікті алып жатып қайран қалдым. Түнде аямастан жұмсасақ керек. «Үйден ақша келгенше қалай күн көрем» деген ой бірден басыма келді. «Қойшы, сол да сөз бе екен, Жексенбайым тірі болсын» деп іштей өзімді-өзім жұбатып, басу айтам. Бірақ бір жаманы осында жатып шыққаным үшін ақша төлеуге тиісті екем, оны қайдан аламын. Көп ойланған жоқпын, оның да амалын таптым. Ертең әкеп берейін деп, қолхат жазбақшы болдым.

– Қолхатың керек емес. Сен әлі бұл жерден кетпейсің, балақай. Сені 15 күнге соттаймыз, ресторандағы тәртіпсіздігің үшін. Кеше өзің не істегеніңді білемісің? – деп майор қарап отыр.

Қалай көзіме жас келгенін білмеймін, – өкіріп қоя бердім.

– Ағай-ай, аяңыз, аяй көріңіз. Кеше ғана емтихан тапсырып болып едім. Оқуға түсуге келген абитуриент едім. Екінші қайтып ұрттап алмаймын!

– Оқуға түсу дегеннен күдер үз енді. Қара өзің, әлден мұндайсың, ертең студент болып алған соң, есігімізді босатпассың. Одан да біз институтыңа хабарлаймыз. Сені оқуға алмайды, – деп майор зірк-зірк етеді.

Ботадай боздап мен отырмын. Туғаннан бері тап мұндай жыламаған болармын. «Неге ғана іштім екен. Шығындалып-шығындалып, оқуға енді түсемін деп тұрғанда бармақтай пәле бәрін жуып жібермесе игі еді» деген ой келгенде көзімнен аққан жас одан сайын парлай жөнелді. Қап! – деп өкінгенде жүрегім қарс айырылып, ішім удай ашиды.

Ұят-ай:

– Түйедей боп еңіреп отыруың қандай лайықсыз. Бар, институтыңа хабарламай-ақ қояйық. Бірақ, ендігәрі қайталасаң, менен жақсылық көрмейсің, – деді де, майор босатты.

Еніп кетерге жердің тесігі жоқ, сөлбірейіп шықтым тысқа. Сол күні жатақханаға барып, басымды көтерместен жатып алдым.

Келесі күні ғана институтқа келдім. Институт маңайында күндегіден де бүгін адам көп. Абыр-сабыр. Бірі кіріп, бірі шығып жатыр.

Жексенбайды іздеп жүрмін. Сыңсыған көп адамның арасынан бірді бір тауып болар емес. Ығы-жығы сапырылысып жатқандардан аяқ алып жүргісіз. Кең залдың бас жағына қарай келсем, менімен бірге тапсырған балалар үйме-жүйме болып үлкен тақтаға жапсырылған қағаздарға үңіліп оқып жатыр. Бұл оқуға түсірушілердің тізімі екен. Мен де көз жүгірттім. Олай қараймын – бұлай қараймын. Менің фамилиям жоқ. Сөйткенше болмай, тақылдақ сары бала:

– Сен өзіңді ана тізімнен қара, өтпей қалыпсың! – дегені бар емес пе.

Жүрегім су ете қалды. Басым айналып, көзім қарауытып кетті. Ілби басып өтпегендердің тізіміне таяндым. Фамилиялар екеу, үшеу болып бұлдырайды. Көзімнің шарасы жасқа толды. Өз көзіме сенерімді де, сенбесімді да білмедім – үшінші болып Көмекбаев жазулы тұр. «Балың жетпей қалған ғой» деп оқуға іліккен балалар жұбатқан болды. Құлағым түкті естімейді. Шың-шың.

Айнала жүгіріп Жексенбайды іздедім. Қыдыр да, Жексенбай да бұл маңда үшті-гүйлі көрінбейді.

Сол көрінбегеннен мол көрінбеді. Қала ішінде шарламаған, тінтпеген жерім қалмады. Зым-зия, із-түзі жоқ.

Институтқа да айналып соға бердім. Жоқ. Екінші күні-ақ институт маңындағы адамдар саябырсып, ал одан кейінгі күндері мүлдем қаңырсып бос қалды. Оқуға түскендер жақын жердегі колхоздарға аз күнге жұмысқа кетіп, қабылданбағандар үйді-үйлеріне тарап, кісі аяғы басылды. Мен ғана жалғыз состиып, төңіректеп кетпей жүрмін. Институт алдындағы табалдырықта ұзақ күнге отырам да қоям. Қыдыр, не Жексенбай бір жақтан шыға келетіндей болады да тұрады.

Екі-үш күн осылай сарыла күтіп, келмеген соң мүлдем күдерімді үздім. Ендігі уайым институт емес, тамақ жайы болды. Екі күн бұралып аш жүрдім.

Жатақханаға келсем, тамақ ішіп отырған балалардың үстінен шығамын. «Отыр, тамақ іш» деп шақырады олар. Қымсынып келіп отырамын. Бірақ, канша ашқарақтансам да, ақшамның жоқтығын сездіргім келмейді. Өтірік кірпиязданып, мелдегімнен шыға тойып, ықылық атып отырған адамдай қолымды батыра алмаймын. Елмен хабарласайын десем, оған да ақша жоқ. Енді не істеу керек? Қаладағы бар танысым Әбілхамит ағайдың үйі. Оған қалай барарсың.

Осылай дағдарып, «мүйізсіз жүргенімде, сақалымнан да айырылдым». Ымырт үйіріле жатақханаға келсем, есік алдында отыратын кемпір шақылдап: «Қайда барасың, мұнда ешкім де тұрмайды, неғып тентіреп жүрген баласың» деп, ішке енгізсейші. Бір сағаттай кемпірмен бітім сөзге келе алмай керісіп-керісіп, ақыры оның алдында да жыларманға келіп, әкетай-көкетайлап, өлердегі сөзімді айтып ішке ендім. Кемпір бүкжең-бүкжең етіп соңымнан қалар емес. «Бәрі де колхозға жұмысқа кетті. Мұнда енді ремонт болады», – деп сөйлеп келеді. Расында да кең залда тырс еткен дыбыс жоқ. Тым-тырыс. Бөлмелердің есіктері алқам-салқам ашылып қалған, іші қаңырап бос тұр. Кемпір екеуміз мен жатқан бөлмеге де келдік. Бөлмеде тірі пенде жоқ. Известь, краска құйылған шелектер, шашылған қағаз. Бір бұрышта қара чемоданым, үстінде шаң-шаң болып екі бүктеулі плащым жатыр. Қолыма алып тысқа шықтым.

Көшені бойлап ілбіп келемін, ілбіп келемін. Аяғым Әбілхамит ағайдың үйіне алып келді. Есігінің көзіне чемоданымды қойып, өзім соған отырдым. Не кірерімді, не кірмесімді білмей, дағдырып отырмын. Түнеугүні осы үйден кетерде, Сара апай: «қарағым-ау, қайда барасың. Бұл үйді жатырқағаның ба бұл. Қой, ешқайда бармайсың, осында жатып дайындал» деп қолымдағы чемоданыма жармасқан. Бірақ, мән бермей, бұртиған қалпымда тіл қатпастан, төмен қарап тұқыраңдап шығып кеткем. «Қайтып келер, есігіңді қатты серппе» деген осы екен-ау.

Енді сол есікке кіруге бетім жоқ. Бұл үйдің есігі әсте жабылмайтын. Ауылды жердегідей, қашан жатқанға дейін тиегі салынбайтын. Саңылаулана ашылған есіктен кешкі астың исі аңқып тұр. Мұрын жарады. Ішім шұрқырай бастады.

Сол үйде Сәуле деген кішкене қыз болатын. Бауырмал-ақ еді. Бір кезде сол шыға келіп, залды басына көтермесі бар ма. «Жанторы дядя келді» деп мамалап жүгірді. Жалма-жан Сара апай шығып, «Мұның не, әлдекім құсап отырғаның, жүр ішке» деп ұрсып, алып кірді.

Оқуға неге түсе алмауымның себебі, тұрмыс халімді ежіктеп, егжей-тегжейіне дейін сұрап қоймаған соң, Әбілхамит ағайға болған жайды түгел ақтардым. Әбілхамит ағай жұдырығын түйіп, түтігіп кетті.

– Қандай сырдан сыңар аяқ еткен алаяқтар еді. Қап! Тым құрмаса қайда тұратынын да біліп алмаған екенсің. Түсі түрін анық білесің ғой? Ертең милицияға хабарлау керек. Ондайлардың көзін жоғалтқаннан басқа еш аяушылықтың керегі жоқ. Қап! Әттеген-ай! Ол арамтамақтар тағы да бір жерде, сен сияқтыларды жондап жүр-ау, – деп тісін қайрап, зығыры қайнап, бір орында отыра алмай біраз сенделіп жүрді де, қайта сабасына түсті. – Жарайды, енді өкінгенмен өткен істі қайтаруға болмайды. Ендігі ойың не Жанторы, не істемекшісің? – деп маған қарады.

– Не істейін…— деп не айтарымды білмей күмілжи бердім.

– Енді елге барасың ғой,— деп маған сынағандай қарады.

– Қалай жетем деп қорқып отырған шығарсың, жолдық ақшаңды мен төлейін. Қолыңа түскен кезде, салып жіберерсің.

– Әрине, ағай барысымен қолма-қол. Бірақ, күмілжіп тұрып шынымды айттым, – сол елге қайтып барғым келмейді. Осы жерден бір жұмыс табылса, неше жыл істе десе де істер ем.

Әбілхамит ағайдың қатқыл өні жуасып, көзі күлімдеп сала берді:

– Міне, жігіт. Өзің-ақ түсіндің. Елге барсаң, ана үлбіретіп өсірген әке-шешең де, ағайын да сені алақанға салғаннан басқа жақсылық істей алмайды, – деп ұғындыра бастады. – Жанторы, қазір бала емессің, өз қолың өз аузыңа жететін уақыт, жақсы мен жаманды айыратын шағың бұл. Есіңде болсын, сенің осылайша адасып, жүліктерге жем болуыңа себепші, – алдымен, сенің көкең. Ол сені жанындай жақсы көрер-ау, бірақ оның нұсқаған бағыты, сілтеген сапары қисық. Егер, сен ақшаның күшімен түсіп кеттің дейік, не мұратқа жетер едің.

Ғұмыры сенің қолыңды біреу жылы суға малатындай көрініп, өмір сүруді арзанға бағалап өтер ең. Елге бара қалсаң, айтпады деме, ағайың өзінің қарамағынан қызмет тауып береді. Өзінің жолына баулиды. Сондықтан… – деді де жазу столының тартпасын ашып, ішінен бір хатты шығарды.

– Көрдің бе? Теміртау қаласынан. Менің сен секілді ұлым бар. Соның хаты. Кеткелі бір жыл болды. Өмірді көрсін, білсін деп жібердім. Рас, кезінде көбірек аурулы болып, оқуды ойдағыдай бітіре алмады, қазір тәуір. Енді дайындалса, бірер жылдан соң оқуға да түсер. Мүмкін, сырттан оқып, жұмыс істей берем дер. Тағы еркінде. Міне, өмірдің талқысынан ету, ащысы мен тұщысын айыра білу деген. Егер тілімді алсаң, сол жерге бар, жастардың қайнаған өмірі сол арада. Мен баламды жек көргендіктен жібермегендігімді сезетін шығарсың… Барамысың?

– Барамын! – дедім ойланбастан-ақ. Расында не ойланатыны бар, жүрегім өз-өзінен дүрсілдеп қоя берді. – Барамын, барамын! – дедім тағы да қайталап.

Ертеңінде-ақ Әбілхамит ағай жолдама қағаз әперіп өзі шығарып салды. Міне, сол Теміртауға қарай келе жатқан сапарым.

– Бары осы, – деп Жанторы әңгімесін аяқтады. Жанторының әңгімесі мені үлкен ойға қалдырды.

Жап-жас бала жігіттің бір ай ішінде көрген өмір өткелдері ғажап-ақ. Егер, Жанторы параның күшімен оқуға түсіп кетсе, келешегі не болмақшы деймін ішімнен…

Менің ойымды Жанторы шорт үзіп жіберді:

– Айтқандай, – деді ол, – шошынып оянғаным туралы айтпаппын-ау.

– Иә, иә, соны айтшы енді, – дедім мен де. Шынында әңгіменің қызығымен отырып оны ұмытып та кетіппін.

Ағай, ол әшейін!.. – деді Жанторы. – Түсімде Қыдыр мен Жексенбайды кездестіріппін. Осы поезда келе жатыр екен деймін. Тамбурда кездесіп қалдық. Зығырым қайнап жүрген мен алдым жағадан. Сол сол-ақ екен қалай тигенін білмеймін, Қыдырдың тастай жұдырығы иегімнің астына келіп сарт етті. Жағымды уатып жібере жаздады. Көзім қарауытып, ұшып түстім. Орнымнан қарғып тұрып, тәлтіректеп тағы ұмтылып ем, екеуі мені көтеріп алды да, вагонның есігін ашып жіберіп, тысқа қарай лақтырды. Жан даусым шыға айғай салдым. Өз даусымнан өзім шошып ояндым. Тірі екендігіме көзім жеткен соң, қуанғаннан күліп жібергенім сол еді.

Жанторы тағы да күлді.

* * *

Жанторы Қарағандыға келген соң ажырастық, шығарып салып, қолын қатты қыстым. Перронда кең адымдап Жанторы ұзап барады. Электр жарығының астында сұлап жатқан көлеңкесі барған сайын зорайып, талдырмаш бала Жанторы емес, ақыл тоқтатқан, байсалды адам кетіп бара жатқандай көрінді.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *