ЖЕҢСІЗ ЖЕКСЕН
Жексембі күні еді.
Халық саябырлау жүретін Дзержинский көшесімен Пастер көшесінің бұрышында, түске жақын жиналған үш-төрт бала коньки теуіп әлі жүр. Бәрі де ойынға лайықтай жеңіл киінген.
Мына бір биік ағаш үйдің алдындағы мұздың үстінде ойнау оларға өте қызықты сияқты. Белгіленген жерлерінен секіріп өтіп, жалт бұрылғанда, ықшамды денелерінің жылдамдық қимылына көз ілеспейді. Дегенмен олар жығылудан да кенже емес. Қайсыбірі шырқ айнала беріп шалқасынан түссе, енді бірі конькиінің ұшы әлденеге тіреліп қалып, етпетінен құлайды да, лып етіп түрегеліп, үстінің қарын қақпастан жүгіре жөнеледі.
Ойын осылайша жүріп жатқан кезде, бір топ бала көше бойлап тротуармен келе жатты. Қолтықтарында біріне бірін беттестіре байлаған конькилері бар. Олар ойнап жүрген балаларға жақындай бергенде, алдыңғы топтың ортасында келе жатқан қысқа пальто киген, жұқа өңді, қызыл шырайлы бала:
– О – о! Мұнда жүр екен ғой ол. Әне! Мен шақырайын оны, – деді де жүгіріп кетті.
Қасынан, қолында басын иген ұзын сымы бар, фуфайкесінің екі өңірі артқа желпілдеген, сұр малақайлы қара бала екпіндеп өте беріп еді:
– Жексен-ей, Жексен! – деп асыға айқай салды. Дауысқа елең етіп, оқыс бұрылған Жексен, бар екпінімен келіп екі иығынан қапсыра ұстап:
– Ә, Ораз, сендер де келдіңдер ме? – деді ентіге сөйлеп.
Оның қызылкүреңденіп тұрған өңі мен тер аралас ұйпаланған қысқалау шашына ойлана қарай қалған Ораз:
– Ойнағаныңа көп болған-ау, тегі, әбден терлепсің, – деп жымия күлді.
–Е, бұлай ойнамаған соң ойынның мәнісі бола ма? Кәне, сендер де конькилеріңді байламайсыңдар ма?!
Тықыршып тұрған Жексен, артына бұрыла берді.
– Тұра тұр, Жексен. Біз бұл араға ойнауға келген жоқпыз, саған келдік әдейі. Жүр «Динамоға» барайық.
– «Динамоға!» Бәсе, сені бұл араға қалайша ойнауға келді десем, стадионға барады екенсің ғой. Онда не бар? Бар болғаны бір жерді айналып жүре бересін, сол да қызық болып па?!
Ондағы спорт ойын түрлерінің көшедегі ойыннан қызықтығын дәлелдей сөйлеген Ораз, сөзін ескерте түйді:
– Класта айтылған сөз есіңнен шығып кетті ме, көшеде ойнамаңдар дегені қайда?
– Мені қайдан біледі мектеп. Көрсең бір класта оқитын сен көрдің. Сенің айтпайтының өзі де белгілі.
Осыған дейін Ораздан көзін алмай тұрған Жексен, енді басқа жаққа қарап:
– Ал, айтқың келсе, мейлің, айта бер! – деді де жолдың қатты қарына конькиінің ұшын тірей, бір-екі демеп қалып сырғанай жөнелді.
Жексенге енді ойын бұрынғыдан да қыза түскендей көрінді. Расында да солай еді. Өйткені, ол ойынның неше түрін табады ғой.
Осылай ерсілі-қарсылы ойынның қызығында жүрумен, олар шаршағанын да білмей қалатыны сөзсіз. Тіпті, кейде қайсыбірі шаршағанмен, үйге қайтып кетуге ұялып, шаршағанын сездірмеуге тырысады. Себебі, кей балалардың:
«Сен өзің нашар екенсің ғой, әлден шаршап қалдың ба?» деп кекететіні де бар.
Дегенмен, күн ұясына жақындай, конькишілер тарауға бет алды.
Осыны байқаған Жексен, әлі де қайта қойғысы келмей, балалардың назарын аудара, қатты дауыстап:
– О – ой! Мына шофердің бізді көріп, әдейі қатты келе жатқанын қараңдаршы. Ерегіскенде ілікпей қоймаспын! – деп, көшенің басынан көрінген бір машинаға көзін қадай, демін ішінен алып, дайындала қалды. Әйтсе де, «осы қайтер екен, тым қатты келе жатыр ғой», деген күдік те ойында тұр. Ол мұны сездіргісі келмеді.
Машина алыстан берген сигналын үзбестен, балонына байлаған шынжыры шылдырай балалардың қасынан өте бергенде, сол жағында тұрған Жексен, кузованың ернеуіне сымын іліп қалды.
Бірден жұла тартқан машинаның күші Жексенді жерге ұшырып түсірді. Оны көрген балалар соңынан ілесе жүгірді.
– Қап, ананың сымды жібермей бара жатқанын-ай!
Сондай сым табылатын еді ғой, – деп келді олардың бірі.
Ал, бұл кезде Жексен болса, сымды қоя берген болатын. Бірақ сымның дөңгелете иген ұстар ұшы, фуфайкесінің жеңіне ілініп, еріксіз сүйретіп келе жатқан-ды. Көшенің бұрыс жерінде оңға қарай машина бұрыла бергенде, солға қарай салмағымен лықси сырғанаған Жексен орнында қалып қойды. Астына қайырыла түскен, сым ұстаған қолына қардың сызы бірден сезіліп, жұқа көйлегі сулана, денесіне жабысып қалғандай болды. Орнынан баяу тұра бере көзінің қиығы иығына түскенде-ақ, тігісінен сөгіле жұлынған жеңінің орнындағы жұлмаланып тұрған мақтасы мен жібін көріп, денесі мұп-мұздай болып кетті. Өз көзіне өзі сенбеген Жексен, келесі көшенің бұрылысына жетіп қалған машинаға қарап еді, артында салбырап бара жатқан өзінің жеңіне көзі түсті.
– Енді қалай барам үйге?! – деп әлде ұялғаннан ба, әйтеуір жылап жібергенін өзі де байқамай қалды.
Жексенді қоршай қалған балалар, оның бір жеңсіз тұрған түрімен, артында жеңі бар машинаны көргенде, еріксіз күліп жіберді.
– Көшеде енді бұлай ойнауды қою керек, – деген бір баланың сөзіне:
–Дұрыс, қою керек! – десті басқалары да.
– Енді стадионға барып ойнаймыз, – десіп үйді-үйіне тараса бастады.
Осы кезде «Динамо» стадионынан топтана қайтқан балалардың арасынан Оразды көрген Жексен де, өз ісіне қатты ұялып, басын көтерместен аяңдап бара жатты…