БІР ШОФЕРДІҢ ӘҢГІМЕСІ Сакен Жунисов

БІР ШОФЕРДІҢ ӘҢГІМЕСІ

 

Мен ол балаларды қайтып көргенім жоқ, олармен таныс та емеспін. Бар болғаны бір-ақ рет жүз көрісіп, азғана тіл қатысқаным болмаса, аттарын да білмеймін. Сонда да солардың бірінің сәл кішілеу өткір көзі, аз секпілі бар мұрыны, екіншісінің жұқа аққұба өңі мен күлгенде көрінетін кетік тісі, енді бірінің сарғыштау шашы, ерекше көзге түсетін үлкендеу құлағы көз алдымнан әлі кетпейді. Кейде сол балалар есіме түскенде «Ия, олар аса тәртіпті, әдепті балалар еді!» деп іштей қуанып, оларды тәрбиелеген адамдарға шын көңілімнен ризалығымды білдіретінмін.

Осы жүз таныс кішкене адамдармен кездесуім былай болған еді.

«Қызыл ту» колхозының қой фермасынан «Жаңа жол» Колхозына баратын төте жол жүруге ыңғайсыз болса да, тура жүріп кеттім.

Жаңа ғана ала бұлттанған аспан бетін кенет тұрған желдің әсерімен көк жиектен жыртыла айырылып, жөңки көшкен қою бұлт бүркеп, даланы қараңғылай берді. Бір мезгілде нажағай да жарқ ете қалды. Тағы да жарқ-жұрқ…

Күн шығыс жақ беткейден соққан желге сирек өскен жұмсақ шөп жібектей құлпырып, қайта толқи майысады.

Әлден уақыттан соң, жолдың шаңын көтере соққан жел де, аспанның тынышын кетірген нажағай да демін алғандай тына қалды да, таза ауаға жауын исі бірден жайыла берді. Соның артынша-ақ сирек ірі тамшылар кабинаның төбесінен сыртылдатып шерте бастады. Kөп ұзамай бұл шертіс жиілеп кетті. Әлгінде ғана бұрқылдап жатқан шаң бірте-бірте иленіп, сазға айналды. Жауын үдей түсті. Уақыт өткен сайын жүрісім ақырындай берді: кей жерлерде машинаның доңғалағы зыр айналып ызылдап тұрып алады. Ал, бұрылыстарда тайып барып ауып кете жаздайды. Енді жолдың өнбойы мүлде езіліп кетті де, тек жолдың шетімен шөптесінмен ғана жүруге тура келді.

Тағы біраз жүргеннен кейін аумағы жарты шақырымдай жерге созылған теректің қасынан, бұрылыс жолмен өте беріп едім, қолдарында корзинкалары бар, жалаңаяқтанып алған төрт-бес бала жүгіріп шыға келді. Олар жол бойына асыға жетті де, біреуі қолындағы таяғын, енді бірі жаңбырға езіліп мыжырайған қалпағын жоғары көтеріп, алдымнан тұра қалысты. Жолдың нашарлығына зықым шығып, өзім кейіп келе жатқанда, балалардың мына тұрысы ашуымды одан сайын келтірді. «Жидек терген балаларды жинай жүрген жоқ шығармын, сірә» деген ой бірден басыма ұялады да, машинаны барынша қатты жүргізіп, балшықты шашырата өте шықтым. Тосыннан кездескен машинаға күмәнсіз-ақ отырамыз деп, зор үмітте тұрған балалардық «мұнысы несі», дегендей қосыла шыққан «ағай, ағайлаған» дауыстары үзіліп артта қала берді.

Осы қимыл лезде-ақ өте шыққаннан ба екен, әйтеуір балаларға тоқтамай дұрыс жасадым ба, әлде қателік еттім бе, ол жөнінен өзіме өзім сұрау қойып, ойланғаным да жоқ. Бар назарым шеті түріле ашылып келе жатқан, бетінде доғаша иілген түрлі бояулы шұғылалы жолағы бар аспанда болды. Шамасы балалардан екі-үш шақырымдай ұзап шыққан соң, кенет қақ тұрған жерге тап болдым. Бұрын осы қақты айнала өткен бір көліктің ізімен машинаны бұрып өтейін деп ем, артқы доңғалағы бір орында ызылдап тұрып-ақ қалғаны. Тағы да жүргіздім. Бұл жолы доңғалақ бір жерді тереңдей ойып, батуға айналды. Бірсыпыра әрекетім іске аспады. Енді не істеуім керек? Доңғалақтың астына кедергі тақтай төсеп те көрдім, тақтай жерге көміле берді.

Машинаның астыңғы құрылысын бірінші көргендей-ақ шалқамнан жатқан бойымда батпақтан шығудың амалын іздеп, ойға кеттім. Осылай «ақылым алтау…» болып жата берер ме едім, қайтер едім, егер тап қасымнан кенеттен шыққан балалардың дауысы ойымды бөліп жібермесе.

Оларға көз қиығымды тастадым. Бұлар жаңа ғана отырғызбай кеткен балалар емес пе? Ия солар.

– О-ой, мықтап батқан екен.

– Анада бір машина бұдан да жаман батқаны қайда!

– Е, онда кісілер көп болатын, доңғалақтың астына ағаш, шөп салып шығарып алды ғой, – деп дабырласа келді қасыма, сөйтті де, кенет бір ой сап еткендей, бәрі де анадайдағы топ шілікке қарай жүгіре жөнелді.

Көп ұзамай балалар қайсыбірі сындырып, қайсыбірі бәкімен қиып алған бұталарын құшақтап қайта оралды. Олардың ісі мені ұялтқаны сондай, тура қарай алмай, кузовтағы күректі алып доңғалақтың алдыңғы жағын қаза бердім.

Маған жақындау тұрған денесі нәзіктеу, сұр шалбар мен жеңі қысқа көйлек киген бала қолындағы бұтасын доңғалақтың астына сала бастады. Мен оның ісін мақұлдағанымды білдіріп, күректің басымен бұталарды нығыздап тұрдым. Бұтаның бәрін төсеген соң, моторды қыздырып, машинаны алға қарай жүргіздім.

Доңғалағы кедергіге тиген машина ауырлай жылжып, батпақтан шығып кетті.

Назарын сала, бақылап тұрған балалар: – У-ра – а–!– деп қосыла айқайлап жіберді. Машинаны біраз жүргізіп барып тоқтатып, жерге түсіп, өз көмектерінің ойдағыдай шыққанына қуанышпен күліп тұрған балаларға не айтарымды білмей қатты қысылдым.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *