БАЙҚА, ФОТО» Сакен Жунисов

«БАЙҚА, ФОТО»

 

Қаланың шет жағындағы, бір кварталды тегіс алып жатқан жеміс бақшасының жуан сом темірден оюлап иіп жасаған үлкен қақпасы алдында биік бағана бар. Оған қағылған почта жәшігінің хат салатын қақпағы, бүгін де күндегіше, сан рет ашылып, сан рет жабылды.

Жеті-сегіз жасар, жеңіл киінген бір бала осы жуан бағаның түбінде отыр. Бұл араға келгелі шамасы бір-екі сағаттай өтті білем…

Бақша ішінде қою бурыл сақалды, сәл еңкіштеу бір қарт адамнан басқа ешкім көрінбейді. Ол мана бақшаның осы жақ басында еді, содан бері әлі жүр. Отырған балаға таяу келгенде, көзілдірігінің үстінен кішкентай өткір көздерін қадай өтеді.

Уақыт өтер емес. Бала көшенің бұрыла берісіндегі төрт қырлы бағанаға жанасалай орнатылған үлкен сағаттан көзін алмай біраз отырды. Сағаттың ұзын тілі анда-санда бір селк етіп алға жылжып қояды.

– Балақай, біреуді тосып отырсың ба? – деді кенеттен көзілдірікті шал бақша ішінен.

– Ә, иә, – деп күмілжіп қалған бала, тосын сұрауға жауап бере алмай, сасқалақтап орнынан тұрып кетті. – Ата, мен жай әшейін…

– Жай әшейінді қой. Сен отырғалы қанша уақыт өтті. Күн кешкіріп барады, жауын астында қаласың, бар үйіңе, – деді аспандағы қою бұлтқа шалқая қараған шал.

Расында да, бұл кезде төңірек қараңғыланып, ымырт үйіріле бастаған еді. Бұлт торлаған аспан түсі сүреңсіз-ақ. Көшедегі жүріс-тұрыс та сирей бастаған. Жауын келе жатқанын сезіп, жүгіре басқан адамдар әр жерден бір қылт етіп көрініп қалады. Бірақ, бала бұл арадан ұзар емес. Көшенің екінші жағындағы жуан теректің түбіне барып паналай қойды.

Бірақ, оған бұл жер пана болмады. Әуелі жауын бір жауса, теректің жапырақтары екі жауа бастады.

Мойнын ішіне тыққан бойы, сыртынан шыққан жуан дауысқа жалт бұрылған ол, үстіне төне қарап тұрған дождевикті адамға көзі түсіп селк ете қалды.

– Не ғып отырсын жауын астында? Бағана үйіңе бар дегенім қайда?!

– Ата, атай…

– Жоқ, бар үйіңе, – деді күзетші түсін суытып. Күзетші қарт оны қолынан жетелеген бойы біраз жерге ұзатып салды да, күбірлей сөйлеп қала берді. «Түсінбеймін. Жынданған ба, әжептәуір бала секілді. Дені дұрыс адам жауын астында отыра берер ме!?»

Орнынан қуылған бала, амалсыздан үйіне қарай ақырын басып, артына қарайлап келе жатыр. Жұқа көйлегі су болып, қатты тоңғанын жаңа ғана сезді. Қанша бекінейін десе де, тісі тісіне тимей сақылдай бастады.

Осы кезде оның қасынан «ГАЗ-69» машинасы өте шықты. Ішінде шоферден басқа бір әйел отыр екен. Марат машинаны көзімен ұзатып салып, тұрып қалды. Соңынан жүгіргісі де келді. Бірақ, көрінген машинаның артынан жүгіре берудің реті жоқ та ғой. Әйткенмен, машина бақшаның қасынан өтіп кеткенше, баланың жүрегі алып ұша берді.

Газик ызғытқан бойы бағанаға қағылған почта жәшігінің қасына барып тоқтай қалды.

Бала не істерін білмей, біресе алға ұмтылып, біресе кідіре түсті. Қолында хат жинайтын арнаулы қапшығы бар әйел машинаның ішінен шығып, бағанаға жақындай бергенде, солай қарай әлде не деп айқайлап жүгіре жөнелгенін баланың өзі де байқамай қалды. Бірақ, қатты жауған жауын суылы мен жақын жерде өтіп жатқан трамвайлардың шылдырынан оның даусы ешкімге де естілер емес. Әйел ішіне қайта енісімен машина орынан жылжып кете барды. Жаңа ғана жарқ ете қалған баланың үміті келесі көшеден бұрылып, көрінбей кеткен осы бір машинадай лезде ізін жоғалтты. Манадан көзіне жылы көріне беретін почта жәшігінде енді түк қасиет қалмағандай сезіледі.

Бос жәшіктің осындай көңілсіз түріне ренжи қарап, сылбыр аяңдап келе жатқан ол, бақша решеткаларының қасында әрлі-берлі жүрген күзетшіні көргенде бір-ақ тоқтады. Күзетшінің таңдана қараған кезі өзіне түскенде, не алға жүрерін, не кері қайтарын білмей сілейіп тұрып қалды.

Жыпырлай жауған жаңбыр тамшылары биік бағана басындағы электр шамның жарығының астында жылт-жылт етіп, көзге анық көрінеді. Сәуле астында жерге сұлап жатқан күзетшінің рабайсыз ірі көлеңкесі бұрынғысынан да зорайып, жақындай берді.

Күзетші, осы баланы әлгіде ғана көрсе де, ол емес шығар деп күманданғандай, бетіне еңкейіп, тесіле қарады.

– Тағы да сенбісің? – деді ол не айтарын білмей.

«Апырай, бұл бала шын жынданған екен, – деген ой келді оған. – Әйтпесе, бұл арадан айналсоқтап шықпайтын несі бар? Егер ондай болса сөйлеген сөзінен белгілі болады ғой, сынап көру керек».

– Қай жаққа барасың, бала? – деді ол еңкейген белін жаза беріп.

– Осында, осы жерге келіп едім, жаңағы машинадағы…

– Бұл жерден не алмақшысың? Қарағым, есің дұрыс па өзіңнің? – деді ол тағы да еңкейіп, құлағын оның аузына тақап.

Бала үндемеді. Тегі есінің дұрыстығын сұрағанды көңіліне ауыр алып қалса керек. Бұған енді не сұрақ берсе болар екен?.. Түсініксіз жай одан сайын тұмандана түсті. Жоқ, бұл баланың бұлай жүрісі тегін емес. Анықтау керек. Осы арадан қуғанмен, үйіне кететін түрі жоқ. Және жауын астында мынадай жеңіл киімімен қалдыруға да болмайды ғой.

Қашып кетпесін дегендей баланың қолынан мықтап ұстап алған күзетші бақшаны аралай жүріп, қалың жапырақты ағаш ішіне орнатқан кішкентай ағаш үйшікке келді. Бұл жер балаға бір түрлі қорқыныштырақ көрінді.

«Мұнда неге келдік» дегендей, жүзін ашық көрмесе де, күзетшінің бетіне қарап та қойды ол.

Үйшікке кірген күзетші сіріңке тұтатты. Әлсіз жанған ши қараңғылықпен жылжып келіп, кішігірім стол үстіндегі бір затқа тірелді. От тиісімен лып етіп жанған май шам фанералы тар бөлме ішіне алакөлеңке сәуле берді.

Үстінде төсекшелері бар сөренің төр жағында әлгі бала отыр да, есік жақ бұрышында күзетші өзі отыр.

Ол қалтасынан көлемі жарты метрдей қоқырала орамалды алып, бетіндегі жауын суын сүртті. Қатты бір сіңбірініп:

– Иә, балақай, атың кім өзі? – деп тілге келді.

– Марат… Сіздің атыңыз кім болады? – деді Марат та қымсына.

– Александр Трофимович, – деді күзетші баланың кекілінен сипап.

Мараттың қатал ма деп ойлағанындай емес, күзетшінің қазіргі жүзі өте жылы екен.

– Туғайдарын бар ма?

– Б-бар, – деді, оны неге сұрады дегендей Марат таңдана қарап. – Папам да, мамам да бар. Бірақ, папам қазір үйде жоқ.

– Ал, бұл жақта неғып жүрсің? Әлде адасып кеттің бе?

Бірақ осындай жігіт адаса ма екен?

Күзетші сұрау берген сайын бұл неғылған бала екендеп Мараттың әр қимылын көз қиығымен байқап отыр.

Иә, бұл адамға енді шындықты айтпай болмайды.

* * *

Әңгіме былай болған еді. Мана, күндіз бақша жанындағы почта жәшігінің алдына Марат келген-ді. Ол, әуелі жан-жағына сабырмен көз тастады да, содан кейін асықпай қолтығындағы кітабының арасынан бір көк конверт алды. Өзінің ірі, әдемі етіп жазған адресімен оң жақ жоғарғы бұрышындағы «Осторожно, фото» деген жазуынан көз алмай қарап күлімсірейді. Аяғының ұшымен көтеріліп, биік жәшіктің тесігінен түсіре бере, қимай тұрғандай қайтадан алдыда, ақырғы рет қарады.

Жол бойы Мараттың есінен әкесіне жіберген жаңағы тұңғыш хаты шықпады. Оның бұрышындағы «Осторожно, фото» деген жазуды оқығанда папам қандай қуанар екен. Конверттің желімін ашып жіберіп, не бір жағынан жыртып, ішіндегі фотокарточканы жарқ еткізіп суырып алғандағы кезін айтсайшы. Почтальон хатты жұмыс уақытында апарып берсе ғой, оның жолдастары да жиналып көреді. Мамамның қасында отырған мені, мынау менің балам деп таныстырар еді.

Осындай бір-біріне араласқан шым-шытырық нешетүрлі қуанышты оймен, ол үйіне де қалай жеткінін білмей қалды. Марат бөлме ішіне мақтанышпен енді. Біразға дейін ештеңе істей алмай, терезе алдында жымиып күліп тұрды.

Бұдан былай хатты үзбей жазып тұратындығы туралы өзіне өзі сенім де беріп қойды.

Міне қызық, Мараттың өңі жазу столына отыра бере өзгеріп кетті. Әлденеден шошығандай көзі бір ноқатқа түйіліп қимылсыз отыр.

Стол үстіндегі гүл егілген құмыраға шешесі мен өзі түскен сурет сүйеулі тұр. Әлгінде ғана хаттың ішіне салып, әкесіне жөнелткені қайда бұл суретті?!

Марат қолы сәл дірілдеп, фотоны алып сыртына қарды. Иә, анық сол. «Папа, мамам екеумізден сәлем!» деген жазуына дейін сол күйі. Сурет жағын қайтадан ашып қарап еді, шешесінің күле қараған мейрімді көзі өзіне тура қадалып, «Балам, мұның не?..» деп тұрғандай болды.

Суретті көйлегінің ішіне қалай болса солай сала салған Марат, үйден асыға шықты.

Ол бақшаға қарай жүгіріп келеді. Жәшіктегі хаттарды почта қызметкерлерінің машинамен жүріп жинап алатынын Марат күнде көретін-ді. Оның бар ойы сол адамдардан өз хатын сұрап алу. Солай етуге болады ғой…

Бақшаға жеткенше оның басынан кетпеген өкініш:

«Хатты алғанда папам қатты алданатын болды-ау, қап!..» деген ой еді. Қазір күзетшінің үйшігінде отырған Марат Александр Трофимовичке көйлегінің ішіндегі шетіне су тиген суретті де алып көрсетті.

Александр Трофимович әуелі сенерін де, сенбесін де білмей отырды да, оның анасы мен екеуі түскен суретін көргенде, рақаттана жуан даусымен қарқылдап тұрып күлді.

– Ай, баламысың деген! Саған далада тұрып кім хат береді деп ойладың? Бүйтпесеңдер сендерді бала деп те атамас еді-ау! Соншама уақыт жауын астында отырармысың! Тағы бір хат жазып ішіне мына суретті салып, сыртына авиамарка жапсырып жіберсең ғой, болды. Ол ана хатыңнан бұрын барады. Ай-ай, баламысың деген! – деп күзетші тағы да күлді.

Мараттың қуанғаннан беті дуылдап кетті. Ол тіпті хатты бұлай салу жолын білмейтін де болатын.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *