АҚЫРҒЫ БӘЙГЕ
Кейінгі жылдары қайғыдан қайғыға ұшырап, Ұрқияның1азасынан соң, туыстарының ішінде ала-бөтен ақынның өзіне тартып жаңа ержете бастаған ең сүйікті інісі, әнші Әйберген аттан құлап өлгелі сері әбден қажып, жиі-жиі төсек тартып, шерменде боп жатып алатын күйге ұшыраған. Оның үстіне ел арасындағы «кие соқты, ант атты» деген қожа, молдалардың сөзі шынға айналғандай болып, Ақан көпке топырақ шаша алмай, іштен тынатын еді. Ең жақын серігі – әнін ел арасында еркін шырқап айта алмай, дәтке қуат санаған жалғыз Құлагерін ұлы бәйгеге қосып, қызығын көре алмай үйде тобан аяқ боп отырып қалды. Осыны сезген ет жақын жұрағаттары, көңілі жақын дос-жандар Сағынай асына барып, бір серпіліп қайтуын мақұл көрген. Оның үстіне Біржаннан, Мәшһүр Жүсіптен арнайы хабар келген. Біржан: «Мен болсам, кейінгі кезде ауру-сырқаулы болып, үйден шыға алмайтын халге ұшырадым. Тегі, осы жиынға да бара алмаспын. Ақан – елдің ақыны. Оған қарауыл, керей деп екі араны бөлер деңгей жоқ. Халықтың шөлін қандырып, бас қосқан жиынның көркі болу, жаңа ән, жаңа сәнмен күйге қосу – ақын парызы. Ақан барса екен, екі ел арасындағы қараңғы араздыққа аз да болса шырақтай жарығын түсірер ме екен. Мен баруын қалаймын», – деп сәлем айтып жіберіпті. Мәшһүр Жүсіп те хат жолдап, аяғында былай депті: «Ақан, сенің бұлай қан жұтып, қайғы арқалап жатып алуың атыңа лайық емес. Сен қайғырсаң да, ел қайғырмасын. Қалың ел сені де, әніңді де жоқтап отыр. Жоқтатпа қауымыңды, серпіл, жаным!» Мөңке би: «Ер қайғысын тұлпардың тұяғы, сұңқардың қияғы алады» деген екен. Ендеше үйде жатып басылу ел еріне жараспайды. Көтер еңсеңді! Қосыл жұртыңа! Сал думанды! Сағынай асында амандықпен көрісейік…»
Ақан енді ештемеге алаңдап, тоқтар емес. Атын әдейі баптап, алыс сапарға жүргелі жатыр.
Маңайдағы ауылдастары жиналып, түс ауа қараталдың бауырын шуға бөледі. Қыз-желең, жастармен бірге таяғына сүйеніп Қорамса2 да шығыпты. Құлагерін сылаңдатып, жетекке алған Ақанның жолына шешесі Жаңыл сықпа құрт аралас, ақ бауырсақтан шашу шашып, оң баталарын беріп жатқанда, Қоскөл жақтан бір топ аттылы сау ете қалды.
Жүргіншілер елеңдеп, бөгеле берді. Жақындап келгенде таныды: өңкей тоқ ат мінген, қабақтары салыңқы, өңдері сұсты адамдар – қарауылдың шонжарлары. Ең алдында Нұртаза, Шоғырмақ болыстар, Мырзалы балалары – Мұқанәлі, Сердалы, Баялы; Ақанның бұрынғы қайын жұрты Боқанның шонжар балалары – Балапай, Қалқа; Кемел балалары – Сүлеймен, Әнәпия; ағайынды байлар
– Нара, Тілеубай, тағы басқа игі жақсылар. Аттарынан түспей, қалың топқа қарсы кеп, үзеңгілеріне шірене қалған аттылы әкімдер сазарып, аз үнсіз тұрып қалды.
Бұлар жаңа көрші ауылда бас қосып, ұзақ құпия кеңес құрып, елдеріне аттанар сәтте әдейі Қорамса аулына бұрылған. Ақанға кісі салып, алыстан хабарласқан бұлар енді өздері жолай соғып, жөнге көшпеген серімен біржола араларын ашпаққа келген.
Ел азаматтары шылбырына оралып, аттан әрқайсысын қолтықтап түсірмекке ұмтылғанда барып, Нұртаза сөз бастады.
– Біз қонақтап жүрген жоқпыз. Ақан жол жүреді деп естігесін келдік.
– Онда тілектерің қабыл болсын, аттан түсіп дәм ауыз тимейсіздер ме? – деген Жаңылдың сөзін тағы да Нұртаза киіп кетті.
– Біз тілек айта келген жоқпыз.
– Не дейт!
– Бұл не сөз?!.
– Тағы не сұмдықты бастағалы тұр?! – деп әйелдер жағы үрейленіп, қасқырдан үріккен қойдай шоғырлана берді.
– Ақан, – деді тағы да көптің атынан сөйлеген Нұртаза, жеңіл құндыз бөркін сары ала қол қамшысымен жөндеп, алшысынан киіп. – Сенің баруыңа бүкіл ел, сегіз ата қарауылдың баласы қарсы. Бұл бүкіл елді шақырғанда ала қойды бөле қырыққандай алалап, қарауыл жұртын аластап, жеке қалдырып отыр. Бұдан асқан мазағы, бұдан өткен қорлығы жоқ. Оны сен де бізден кем түсінбейсің. Шақырмады екен – тентіреп, телміріп өз аяғынан ешкім бармайды. Барам дегенге де жол жоқ. Ондай намыссыз адам болса, ол бүкіл қарауылды суық топырақпен бүркеп, жауып кетсін.
Атының тізгінінен қымтай ұстап, ішін ыза, ашу кернеген Ақан булыға күлімсіреп тұр. Отты көзінде шоқты кекесін. Баласының мінезінен қаймыққан Қорамса ара түсіп, бұрынырақ сөйлеп, жуып-шаймақ болды.
Нұртаза-ау, той десе қу бас домаламаушы ма еді.
…Құлагер бәйгенің алдын алса, қарауылдың атын шығару деген сол емес пе?
– Қореке, – деді екінші бүйірден атын тебіне түскен Сүлеймен мүсіркеп, – ендігі қалған жасыңызға Құлагердің бәйгесін нәсіп етіп қайтесіз?! Соның алатын бір үйір жылқысын өзім-ақ берейін.
Ақан шыдай алмады:
– Әй, Сүлеймен, сенің байлығың кімге дәрі?!
Артық боп бара жатса, ана қатыныңның таз басына езіп жақ.
Сүлеймен қуарып кетті. Жұрт бір сойқан болар деп, Ақанның ашулы, уытты сөзіне күлмей, іштен тынды. Әйелдер жағы бірін-бірі шымшып, жарылайын деп тұр.
– Жарайды, сөз таластырып қайтесіңдер? – деп мыңқ етіп Шоғырмақ араласты. – Ақан, біздің ұйғарғанымыз – сен Сағынай асына бармайсың…
– Бізің кім? – деді Ақан.
– Біз, енді, осы өз қарауылыңның бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығаратын бектері, әкімдері, игі жақсылары.
– Игі жақсылары дегенше, игі пасықтары десеңші. Сендердің өз жалшыларыңа жасаған әкімдік, өктемдіктерің де жетпей ме осы. Менің басымның билігіне қашанғы араласа бересіңдер? Құлагердің тізгіні де, шідері де менің қолымда! Менің достарым – ешкімге қиянаты жоқ ақын, әншілер. Амалы, айласы аз, жаны абзал, көңілі шат қарапайым жұрт. Мен соларға барамын. Көңілімде сайраған құсымды, төрт аяғы дүбірлеген қанатым Құлагерімді апарып, көптің көңілін жадыратамын, солардың қалғыған жүрегін оятамын.
Қасындағы шонжарларды арқа тұтып, молда Мұқанәлі де шаптыға кетті:
– Әй, Ақан, егер бұл жолға шығар болсаң, осы көптің атынан айтарым – теріс бата!
– Ау, Мұқанәлі-ау, не деп кеттің? Екі дүниеден тілегің бар емес пе, алыс сапар үстінде тұрғанда не ырымға бастадың? Қарғысың күлмен кетсін! – деп Жаңыл көзі жасаурап, жан даусы шықты.
– Апа, көбік ауыз Мұқанәлінің құраны мықты болса, әуелі ана Бегалы балаларын шетінен топшысынан қырқып түсірер еді. Оған қысылмай-ақ қой, талыс ауыз өзінікі болған соң, қайыстай соза берсін де, – деп Ақан сары ала атына қонды. Қасына ерген жігіттер де аттарына міне бастаған.
– Тоқтаңдар! – деп аюдай ақырған Нұртазаның көзі шатынап кетті. – Ақан кетсе, жалғыз кете берет, егер осыдан бір жігіт еріп көріңдерші! Осы жерде қан қылайын! Нұртазаның сөзінен соң-ақ, кейіндеп тұрған болыстың қамшыгер жігіттері аттарын тебініп, ілгері ұмтыла берді. Әнші Аяған, Құлагерді күтуші Шәкейлер жасқанып, қаймығып қалды. Тек Ожымбай балуан ғана Ақанның қасына барып, қасқия қарап тұр.
– Жігіттер, – деді Ақан айғай салып, – тоқтаңдар! – Ақан өз жігіттеріне қарады: – Азаматтарым, достарым, сендерге ырзамын. Мен үшін таяқ жеп, қор болмай-ақ қойыңдар. Мынау кеп тірелген ессіз дүлей, көкпеңбек сең ғой. Адам тұр-ау, жан баласы бар-ау деп қарайтын ақылы, ойы жоқ меңіреу, долы күш қой. Рақмет сендерге, көңілдеріңе рақмет! Мен өзім-ақ жол тауып барамын. Ал маған еремін десеңдер, оларыңа тыйымды енді мен саламын, – деп Ақан қозғала бергенде, сымбатты бойы талдырмаштанып, кішірейіп, өңі жүдеу тартқан шешесі шылбырына жармасты.
– Жоқ, мен жалғыз жібермеймін. Онда өзім барамын бірге.
– Тым құрмаса мені ал, Ақан аға, серігің ем ғой, – деді Ожымбай да.
– Aпa, мен жауға бара жатқам жоқ, несіне қайғырасыз. Қойыңыз, о нағылғаныңыз?! Ожымбай, сен де бармайсың, ниетіңе алда риза болсын, – деп жұбатқан Ақанның қасына Сердалы келді.
– Ақан, елдің ақсақалдарының тілін бір жолға ала салсайшы. Осының арты, мен білсем, жақсылыққа саймайды. Екі елдің арасы бұрынғыдан да бүлінгелі тұр.
– Тым құрмаса, аттың басына мінер біреу де табылмағаны ма, – деп анадайдан Қорамса да кемсеңдеді.
– Жоқ, тірі жан, тірі қарға қосылмайды, – деп Нұртаза зірк еткенде, көптің арасынан білегін түрінген, қолы, басы қап-қара сояу жүн, қаба сақал, қалың қабақ, аш көз біреу шыға келді. Қасында жетектеген баласы бар. Бұл осы өңірге әйгілі ұры Байбатыр еді.
– Ақанжан, менің өзім… баламның баласы мынау Мөңке. Бұған болысыңның ортақтығы жоқ. Қырым асырып жіберем десем, билік өзімде. Бұл да өзіңнің ініңнің бірі. Атыңды бағып, бәйгеңе қосылатын осы болсын. Сенің қасыңда жүріп суға кетсе де қыңқ етпеймін. Осыны серік ет! Маған тартқан ұл болса, саған бір септігі тиер. Әйтеуір осындағы қалып бара жатқан қуыс қурайдың бірі құрлы болар, – деп ешкімнен жасқанбай жолбарыстай ширығып, Шәкейден босаған атқа, тоқпақтай қара баланы бір қолымен атып отырғызды.
Әйелдер жағы жеңдерімен көзін сүртті. Ақан да бір түрлі көңілі бұзылып, жұртқа тура қарай алмай:
– Ал, қош, есен тұрыңдар, – деп Мөңкені ертіп кете барды. Аттылардан ешкім батып ұзатып сала алмады. Жаяулар ғана шұбыра жүгіріп қала берді.
Нұртаза тобы кейін бұрылды.
Алыста, көз ұшында мұнартып Ақан, Мөңке кетіп барады. Сәнді сары ала жабулы Құлагер жетегінде. Елге бір-екі рет бұрылып қарап, маң-маң басып, ол да сағым арасында бұлдырап, бөтен елге қарай тәуекел қайығындай шайқалып, ұзай берді.
* * *
Жаратқан атының бабымен жүріп, аса қыспай, ұзақ жолда шашырай қонған ауылдарға жиі қоналқылаған Ақан Ереймен бауырына жаңа жеткен. Түн ішінде аспандағы жұлдыздардай шаңырағынан жарық көрінген жыпырлаған киіз үйлердің арасымен Мөңке екеуі ұзақ жүрді. Бұлардың келгенін ешкім білмеді.
Жүргіншілер есік алдында көп самауыр гүжілдеген оңашарақ үйге бұрылды. Бұл шай қамдайтын ас-су ұстаған үй екен. Екі-үш әйел қатар-қатар тізілген дәу самаурындардың оттығына кезек-кезек түйміш салып, жанталасып жүр. Жолаушылар жақындағанда ащы түтіннен жас аққан көздерін сүртіп, елеңдегендей болды.
Ақан аттан түсіп, Мөңкеге тізгінін ұстатқан да, соларға қарай аяңдаған.
– Қарағым, бөгеліңізші, – деп, өз әбігерімен үй жаққа беттей берген келіншекті тоқтатып алды. – Есенсіз бе, Нұрмағанбет үйі қайсы?…
Келіншек жол соғып өңі қуарған, ашаң жүзді сымбатты адамға, отыз шақты самаурынның оттығынан ұшқан жалын сәулесіне қызараңдап, ұялшақ қарап, аңырып қалды.
– Сіздер жаңа келдіңіздер ме?
– Ие, жаңа жеткен жолаушы едік.
– Онда қазір адам көп қой, мына үйлердің біріне орналаспайсыздар ма, тамақтанып алыңыздар алдымен.
– Жоқ, әуелі қазақ ғұрпымен ас иесіне сәлем бергеніміз жөн шығар. Тамақ қайда қашар дейсіз.
– Әй, мында кел, – деп келіншек біреуді шақырып еді, үйден бір қолына мүжілген қабырға, бір қолына майға жентектелген бауырсақ ұстаған бала шықты. – Мына ағаларыңды Нұрекеңнің үйіне апар, бер жағынан хабар берсең, біреу шығады ғой. Ал, ағай, аттарыңызды қалдырып кетіңіздер.
– Рақмет, айналайын, – деп, Ақан жалаң аяқ баланың соңына ерді.
Қасындағы сөлеңдеген сабалақ итке қолындағы бауырсағын көтеріп:
– Ақтөс, Ақтөс, ал қақ, секір, – деп көкке лақтырып қалған бала, – жүріңіз, ол үй ана жақ шетте. Онда қазір болыстар, байлар отыр, әдемі қылыш таққан орыстар да бар. Сіз де байсыз ба, қайдан келдіңіз? – деп сұрап, тегін, мол асқа кенелген тоқ бала бауырсағын асықша иіріп, итімен ойнап келеді…
Нұрмағанбет үйіндегі шонжарлар етке тойып, қымыз ішіп есіре бастағанда жолаушы хабары жеткен. Ауыз жақта жүрген табақшы жігіттің бірі аты шулы Ақанның келгенін естігенде, бір-біріне арқа сүйей қотандана отырған адамдардың ара-арасымен алдыңғы үйге өтіп, әшейіндегі сыпайы сыбырды ұмытып, даурыға сөйледі:
– Сәке, Сәке, алыстан қадірлі қонақ келіп тұр, үйге енуге рұқсат сұрайды.
Бетінің ұшы қыздың бетіндей шұңқырая күліп, қуанып тұрған жігітке Саққұлақ:
– Ол кім екен, қай жердің адамы? – дегенде, жұрт та елеңдеп, «бұл кім болды кешігіп жеткен», «мықтылардың бірі ғой тегі, шіреніп келген» десіп жігітке қарасты.
– Кім ол, қазақ па, орыс па? Қарсы алдыңдар ма? – деп, әлі де көңілінде генерал-губернатор келіп қалмас па екен деген үміті үзілмеген паң Нұрмағанбет, мойнын соза өзеурей түсіп еді, жігіт одан сайын даурығып:
– Ақан сері, Көкшетаудың Ақаны! – дегенде паңның көзі шатынап кетті. Ұзақ отырысқа белі ұйи бастаған денесі ауыр Батыраш бір жамбастай қисая түскен. Ақан атын естігенде, біреу астына шоқ басып алғандай, басын оқыс жұлып алды.
– Ақан сері дей ме-ей?!
– Жеткен екен ғой ол сабаз да!
– Бәсе, той десе жаны жай тауып отырар ма?
– Өз аузынан әнін тыңдайтын болдық, керемет дейді ғой, шіркін!
– Құлагерін де әкелген шығар! – десіп жан-жақтан күбірлеген жұрт тына қалды.
– Әй, бала, – деді Нұрмағанбет зілденіп, – өзің шешең ұл тапқандай қуанып тұрсың ғой. Ақан келсе қайт дейсің, әкем бе еді ол. Оны кім шақырыпты?!
– Бәсе десейші, – деп қалды Батыраш та.
Хабаршы жігіт әкеле жатқан табағындағы тұздығын аңдаусыз төгіп алғандай, ыңғайсызданып қызарақтап қалды. Түсі өзгеріп, ақтала сөйледі:
– Сәлем беріп шығам деп тұр.
– Маған керегі қарауылдың сәлемі еді. Ол кім еді сонша. Кетсін әрі, атамнан әрмән! Өнесі-ай!
Жігіт күмілжіп шыға берді.
– Әй, бала, тұра тұр! Қалжыңды түсінбейтін неме екенсің, – деп қонақтарға сыр білдірмей, Нұрмағанбеттің ноқайлығын бүркеген Саққұлақ орнынан тұрып, жігіттің соңынан тысқа беттеді.
Жүзін бір көруге зар болып, алыстан жеткен әнін жаттап өскен жігіт ақынға не дерін білмей тысқа шыққанда, Ақан да ұзап бара жатыр еді. Киіз үйдің сыртына кеп тоқтаған ол, Нұрмағамбет сөзін естігенде қара жердей боп, іші мұздап, кері бұрылған. Қайда барарын білмей есі ауған киікше, мәңгіріп барады.
Қараңғы далаға шыққан Саққұлақ көзі түк көрмей аз тұрды да, Ақанның кетіп қалғанын естігенде ұяттан өлердей боп:
– Қап, – деді әлдекімге тістеніп. – Әй, қарағым, жүгір тез, қуып жет те, ана оң қапталдағы кісісі аз үйлердің біріне апар. Аттарын байлаңдар! Құрмет көрсетіңдер! Біраздан соң өзім барып шығамын. Бар, жүгір!
«Ақан сері келіпті», «Көкшетаудың Ақаны», «Әйгілі Құлагер келіпті» деген хабармен асқа жиналғандар түгелдей құлақтанды. Күн шығып, жуынып-шайынып алған соң-ақ, жұрт таңғы асты күтуге шыдамдары жетпей Ақан сері жатқан ең шеткі боз үйге қарай жөңкілген еді.
Анна Ивановна3 келгенде, таңертеңнен басталған ән-думан әлі қызып жатқан. Боз үйдің сырты үйме-жүйме адам. Киіз үйдің айнала етегін түріп, туырлық арасындағы шиін сырып тастаған алты қанат тор көз керегеден сығалап андыздаған жұрт, бірінің үстіне бірі шығып кете жаздап, мойындарын қылқылдатып созады. Іштегі әншілердің даусын ғана естіп, дидарын көре алмаған кейбірі ине шаншар қуыс таба алмай, әр жерден бір кимелеп, басын сұғып кіре алмай, жанұшырып жүгіріп жүр. Іштен әншілерді көтермелеген «һоу, шіркін!», «Аһ-ай!» деген дауыстар шықса, сырттағылар да делебесі қозып, бірге айғай салады. Көйлегі жоғары түріліп, арқасы жалтыраған екі ер бала, тылтиған шағын қамзолының күмістері жарқыраған, тақиялы, кішкентай бір қыз шашы жалбырап, киіз үйдің төбесіне шығып кетіпті. Шаңырақтан бастарын сұғып, тапжылмай жатқан балаларды ешкім аңғарар емес.
Жұрт әншілерді қошеметтеп, думандатып жатыр.
Бұлардың келгенін көпке дейін ешкім байқамады. Жайынбектің даусын да естір құлақ жоқ. Ауыл ішінде қожаңдап, еркін жүріп қалған тілмаш науадағы суға анталап, шөліркеген қойлар құсап шүпірлеген жұртты иығынан жұлмалап, жағасынан тартып сүйрелегенде барып беттерін бұрды.
– Әй, жол беріңдер, маржа келді, маржа!
– Ойбай, ояздың қатыны келіп тұр.
– Жол беріңдер, маржа, – десіп ілтипатпен ығыса бастады. Анна Ивановнаның келгенін естіп, іштегілер де өлеңдерін аз уақытқа доғарысты. Екі жарылған жұрттың арасымен «Спасибо, спасибо!» – деп бас изеп, күлімсіреп өткен ояздың әйелін жұрт неше түрлі әңгімемен қақпақылдап:
– Әй, өзі сыпасиба дейді. Дегенмен сыпайы екен.
– Күйеуінен жүзі жылы.
– Әй, жел сөзді қойсаңдаршы, қонақ емес пе?
Анна Ивановна қолдарына үкілі домбыра ұстап, үнсіз отырған әншілерді айнала бір сүзіп өтіп, қасындағы ықшам киінген, тұлға-бітімі ерекше, қоп-қою мұртының ұшы сәл ширатылған, ат жақты кербез жігітке кірпігі ұзын, тобылғы түсті қоңыр үлкен көзінің қиығымен қарап отырып қалды. Омбыда оқыған Жайынбек қала тәртібімен оған әншілерді таныстыра бастады.
Арқаның өңкей атақты әнші, ақындары осында. Бәрі де Ақанды пір тұтатын, оның серілік, аңшы-саятшылығын жүрген жерінде сөз етіп, ақын басына түскен өткен-кеткен қайғысына ортақтас жанашыр жандар. Әуелі сәлем бере келіп, ақыры өнерлерін бір араға құйып жатқан саңлақтар. Тап ортада тіп-тік боп қаздиып отырған Ақанның екі жағына қанаттаса жасына қарай жайғасқан әншілер – Қарқаралының Қу болысынан Айтпай, екі көзі жоқ, қари атбасарлық Қапаш, керекулік Байтұлым, Шорман төренің әншісі атанған баянауылдық жас жігіт Жарылғапберлі, Аққошқар-Сайдалының малайы Сармұраттың баласы Құлтума, ел арасында жаңа аттары шыға бастаған жас әншілер.
Тоқтап қалған әнді жалғап кеткен Айтпай болды. Бағанағы әзірде «Ардақ», «Қанапияны» тік шырқап, жұрттың айызын қандырған әнші, енді сызылтып, «Раушанға» басты. Баяу қалқытып, ара-арасында күрт тоқтап, қайта толқытқан. Айтпайдың даусына риза болған Анна Ивановна, қасындағы тілмашқа бұрылып:
– Әттең, сөзін түсінбеймін. Лирикалық ән екен. Даусы не деген ашық, таза! – десе, Жарылғапберді ән шырқағанда:
«Өзі жас жігіт екен, оқытып, опера әншісін дайындар ма еді», – деп Петербург театры әншілерімен іштей салыстырды.
Енді Құлтума домбыраны алып, «Үш көтермені» басқанда, ұзақ тыңдап қалған Анна Ивановна тілмашқа тағы сыбырлады:
– Қазақ жұртының бәрі әнші ме, қалай?! Және бір ғажабы үндері де, әндері де неше түрлі, бір-біріне ұқсамайтын не деген өзгеше бай дүниелер. Қазақтың тамаша өнері қасиетті әнінде жатыр екен ғой.
Россияның ең ірі қаласында жасынан дүние жүзі әншілерінің үнін тыңдап өскен, классикалық өнер атаулыдан мол хабары бар Анна Ивановнаның аса таң қалғаны Жаман баласы Қапаштың даусы болды. «Қарғам», «Гауһар», «Арман сал», «Шалқақ кер», «Қапірені» бірінен соң бірін тізбектей салған әншінің күре тамырлары білеуленіп, айтқан сайын гүрілдеген кең даусы үйді теңселткендей дауылдатып ашыла түседі. Біресе әупілдекше гүмпілдеп, біресе ашық шаңырақтан шығып шырылдап көтерілген ащы, құлашты дауыс бір адамның емес, қатар отырып айтқан бірнеше әншінің үніндей неше құбылады.
Шымырлаған биік үн, бір кезде күрт төмендеп, қайта гүрілдеп барып жұмсақ үнмен, күшінен айрылмай бір деммен таза толастағанда:
– О-о-х! – деп қалған Анна Ивановна жұқа қол орамалымен көзін сүртті. – Не деген үн! Шіркін, мұндай дауыс үлкен опералық мәдениеттің құты ғой, – деп, орта жасқа келген денелі, сұсты адамның кірпіктері дірілдеп, бір ашылып, бір жұмылған зағип көзіне аянышпен қарады. Қапаштан соң жұрттың көзі өз-өзінен жадап, тек ақындар ән салып қыздырғанда барып жаңа-жаңа ширығып, көңілдене бастаған Ақанға ауысты. «Ақан ағайға кезек келді», «Ақан сері өлең айтпай ма» деп ынтығып, күбірлей бастаған дауыстар жиі-жиі айтылып, көбейіп кетті. Су қараңғы екі көзінен қорғалап, сөйлегенде тура қарауға жасқанып отырған Қапаш, басын төмен тұқырып, қоңыр даусымен Ақанға көптің атынан қолқа салды:
– Осында Ақан кепті деп естігенде тағатымыз қалмай, осылай қарай жосыдық. Таяғыммен жер түртіп, мен де жеттім. Атыңызға сырттан қанықпыз. Жүзіңізді көрмесем де, үніңізді естісем бе деп ем, осындағы қауымның шеліркеп тұрғаны да сіз.
– Иә, Серім, сіз бізге әнші ғана емессіз, осынау жалпақ өңірге ерекше біткен қос шынардың бірісіз, бәрімізге ұстаз, әннен де, өлеңнен де үлгі тұтар өнегеміз – сіз. Алыс жолдан қажып келген шығарсыз, әйткенмен бір-екі ауыз лебіз білдірсеңіз екен. Солай емес пе? – деп Айтпай ашық даусы саңқылдап, айналасына қарағанда, кереге сыртында анталаған жұрт ду ете қалды: «Иә, қарағым, бір-екі ән айтсаңыз», «Майда қоңыр», «Маңмаңгер», «Кепсер», «Сырымбет», «Үш тоты», «Шәмшіқамар» деп өздері жатқа білетін өлеңдерін қалап, таласа-тармаса айтып, үйді жығып кетердей сықырлатып, маңайды басына көтерді.
Басқа қазақтардан киім киісі, отырысы да бөлек, кескін-келбеті бір көргенде адамды еріксіз баурап алатын ардагер Ақанға бағанадан бері ұрлана қарап отырған Анна Ивановна да жұрт қалауын түсініп, ақынға бұрылды.
– Ән айтыңыз, мен де шын қиылып сұраймын, – деп мәдениетті, сыпайы әйел қолындағы желпуішін әдеппен жиып, басын сәл иіп, сұлу көзін төңкере, қиыла қарады.
Ақан аппақ тістері ақсиып күлді де, жұртқа қаpaп:
– Жарайды, бір-екі ауыз айтайын. Жолдан шаршаңқырап келгенім рас еді, кейін қолдарыңыздамыз ғой, – деп, теректен ойып жасаған домбырасымен әсем бір саздарды жеңіл қағып тартты да, «Маңмаңгерді» тербеп кетті.
Жұрт бірінің-бірі құлақтарының тусынан ғана сыбырласып:
– Мынау өзінің Құлагеріне шығарған әні.
– Өй, атыңнан айналайын!
– Шіркін-ай, атты қалай таңдап қояды!
– Өй, тыныш тұр, ән тыңдайық, – десіп керімсал, кербез әнді ұйып тыңдады.
Ән аяқталды.
– Өй, шіркін-ай, қалай-қалай маң-маң басады!
– Желмаядай екен ғой жүрісі!
– Қалай қоңырлатады, – деп қошеметші жұрт гуілдеп кетті.
Аясы кең көзімен ақынның әр қимылын бағып, салалы, етсіз ұзын саусақтарына тесіле қараған Анна Ивановнаға Жайынбек өлең сөзін, Құлагер жайын түсіндіріп жатыр.
– Ән де, сөзі де өзінікі ме? – деп Анна Ивановна тілмашқа ақша бетін бұрды.
– Мұндағы әншілердің бәрі өзі шығарған әндерін ортаға салады.
Асқа келген жұрттың аузына Ақан мен оның Құлагері қатар ілікті. Түні бойы әр киіз үйдің астында, болашақ ұлы бәйгені шуылдасып сөз қылғандар қазақ даласында соңғы жылдары алдына ат салмай жүрген Көкшенің дүлдүлін көргенше асыққан. Таң сәріден тұратын Ақан «тіл-көзден аулақ болсын» деп, оның үстіне кейбір сыншылардың атының тұла бойын сүйеммен өлшеп, бақайшағына дейін мінейтін мінезін жақтырмай, Мөңкеге жетектетіп, айдалаға жеке жіберген.
Түс ауа сары ала атпен шылбырынан жетектеп, сары ала жабулы Құлагерді Мөңке алып келгенде, аңдып жүрген атқұмарлар үстіне қарғаша үймеледі.
– Әне, Құлагер келе жатыр!
– Мына бір сары ала жабулы Құлагер болар, – деген дауысты естігенде жұрт лезде жиналды.
– Кәне, кәне, қайсы?
– Мына бір әдемі жабулы ма? – деп үстіне төніп, қоршап алғандар, ынтыға жетіп көргенде, сенбей де жатыр.
– Қой, мынау Құлагер емес шығар.
– Жүрісі босаңдау екен.
– Мынау – көп жайбасардың бірі ғой.
– Кім біледі, болса болар. Мынадай жабу сері де ғана болмақ.
– Туһ, өзін де келістіріп тіккен екен!
– Әй, бала, аты шулы Құлагер осы ма, жабуын алшы, «жақсыны көрмек үшін» деген.
Ұзын кермеге байлап, қасынан тапжылмаған Мөңке:
– Қайдағы Құлагерді айтасыңдар? Бұл Қарақай аты – Кермаңғаз, – деп маңына жуытар емес.
– Әй, қарағым, атыңды жеп қояр деймісің, алсаңшы жабуын?! Ертең бәрібір көреміз ғой.
– Ұзатайын деп әкеп пе ең, осыншама бүркеп, – кейбіреулері балаға ыза болса, енді біреулері:
– Айналайын, Ақанның Құлагерін бәріміздің көргіміз келеді. Көруге ынтықпыз.
– Бұл қазағымның дүлдүлі ғой. Бәрімізге мерей емес пе?
– Атағы мәлім тұлпар осы болса, көрейік, – десіп Мөңкеге жалынды.
Аттың қасынан шықпай қызғышша қорыған өткір бала көзі жайнап, шаңқ-шаңқ етеді.
– Бұл бетін ашып көретін қалыңдық емес сіздерге. Бірінші рет бәйгеге әкелген өзімнің атым – Кермаңғаз. Құлагерді білмеймін. Құлагерлеріңді тауып алыңдар, менің атымда шаруаларың болмасын!
Өз Құлайкөгімен жарысқа түсер жүйріктерді бір топ жігітімен қарап, аралап келе жатқан Батыраш та жетті бұл кезде.
Жамыраса-шуласып Құлагердің үстіне түсіп тұрғандар Батыраштан сескеніп, үнсіз тосылып қалып еді, жуанның қолпашшылары мұрындарын шүйіріп, кимелей жөнелді:
– Ей, Құлагер дегенің мынау ма, тәйірі?!
– Мынау әншейін ауыл арасындағы шілдехана-мілдеханада қосатын ат қой. Құнан бәйгесіне алдап қоспаса, ат бәйгесіне жарамас.
– Өзінің ұсқыны қалай жаман: қиқы-шойқы бірдеме ғой.
– Өзі не көксау, не қыршаңқы болар, терісін қараңдаршы.
– Рас-ай, байқадыңдар ма, тісін қайрап тұр, мынау – дәу де болса, жамандаттың іштен болатын түріне шалдыққан ат.
– Өзінің қабағы салыңқы екен, мен білсем мынау — ыстық-суықты болып, маңқаға айналған ат.
– Қай маңқа? Көкірек маңқа4 ма, без маңқа ма, танау маңқа ма?
– Жоқ, мынау шұбырта – мандамға5 кезіккен мал.
– Рас, рас, буындары ешкі буындас екен, тегі буын-буыны салдырай бастаған «жаңбыр мандам» болар.
– Мынау қараөкпеден де cay емес.
– Мына қарын жай жараған бәйге атының қарны емес, тым қабырғасына жабысып қалған екен, ішекқұрт болар мұның ішін жайлаған.
– Иегін кермеге асып, алмауын қарашы, басы ауырады-ау деймін, мынау – тегі тісі сыздап, жалмақ ауруымен ауырған мал.
– Әй, өзінің ауырмайтын бір мүшесі қалмады, несіне мұнда әкелген?!
– Бәсе, бұл Құлагер емес. Ол бұдан гөрі жібі түзулеу болса керек еді. Мынауың үстіне желқом салсаң, жаман қойшылар мінбейтін кержалқаулардың өзі ғой! – деп ыржақай жігіттер Батырашқа қарап қойып шуылдасып, қарқ-қарқ күледі.
Батыраш атты мінеп-шенеген неше түрлі мазақ сөздерді естісе де, айызы қанып бір езу тартпады. «Атым сыры өзіме мәлім» деп Құлагерге зәрлі көзін қадап, қалың етті бұжыр беті күреңітіп, долырып, неше бір сұрқия ойға кетіп, өзімен өзі әлек. Жұрт тағы да оның көңілін көтерейін деп:
– Бәсе, бұл Құлагер емес, егер ол болса, Құлайкөк пен Топайкөктің бір қылына татымайтын, ширегіне де келмейтін нағыз маубастың өзі ғой.
– Дұрыс айтасың, Құлагер емес, – десіп, кейін серпіле беріп еді:
– Жоқ, бұл Құлагердің нағыз өзі! – деп шаңқ еткен дауыс шықты.
Жұрт жым болып, жалт қарасты. Үстінде жеңі салақтаған кең шидем шапан, басына елтірі бөрік киген, жағына пышақ жанығандай арық, шоқша сақал, шүйкиген шал екен мұны айтқан.
Батыраштың бір жігіті шарқы шалға ұнатпай қарап:
– Оны қайдан біле қойдың, бұл – маңқа ат, – деді. Шал атқа көзін сығырайта қараған күйі бұрылмастан:
– Өзің маңқа! – дегенде, жұрт ду күлді.
– Өй,өй, мына шал не дейді, – деп әлгі жігіт қызарақтап, не айтарын білмей қалып еді.
– Ойбай, Күреңбай ақсақал, – десіп, атақты Күреңбай сыншыны жаңа танып, бәрі соның аузына үнсіз қарасты.
Күреңбай көп ішінен алға суырылып шығып, аттың жалынан сипап, мойнынан қағып, кейін шегініп, тағы да алды-артын бір орап шықты. Жұртта үн жоқ. Ертеңгі болар бәйгенің болашағын табан аузында осы Күреңбай шешетіндей, демдерін іштерінен алып, сыншының әр қимылын бақты. Шал бір кезде:
– Апырмай, мақтаса мақтарлық, алдынан аң құтылмас, бойына шаң жұқтырмас, нағыз ауыздығымен құс тістеген жануар екен. Мен көрген сәйгүліктердің ішінде мұнымен үзеңгі қағыстырып, тізе соғар жылқы баласы әлі бұл өлкеде туған жоқ, – деп тамсанғанда, жұрттың аузы ашылып, Құлагерге тесіле қарады.
– Оны қайдан біле қойдың, сен де танти береді екенсің! – деп Батыраш намыстан булыққанда, Күреңбай оған да мойын бұрмады. Жүйріктің әр мүшесіне баға беріп сөйлеп кетті:
– Шіркіннің тұрқын қарашы, тұрқын, он екі таспадан өрген ұзын бишіктей. Күзендей бүктетіле шапқанда тұрқы қысқа бұзау тұлып аттарыңның екі-үш аттағанын бір-ақ алатын қарышты жануар. Терісі қандай: жұқа – көзел етіктің былғарысындай мап-майда, ет пен терінің арасында жылтыраған бір май жоқ, басқа аттар ақ көбікке малынғанда, құлағының түбі де жіпсімейтін көнбіс-ақ. Денесінде бір жапырақ арам ет жоқ, тамырлары білем-білем боп шодыраюын қарашы. Қанша шапса басы айналмайтын қаны мол, тынысы тарылмайтын құлаш кеңірдек талыс танау. Тәует бастағы қос құлақ Балқаштың қисық кескен қамысындай, жағында ұстарамен кесіп алар қырым ет жоқ, топшысы қаршығаның топшысындай, қос шынтақ күреске ыңғайланған балуанның шынтағындай, кең қолтыққа атан түйенің қос тобығы сыйып кеткендей, аяғы қаққан қазықтай тік, тұяғы мүжілмейтін Оқжетпестің қайрақ тасындай, быртық бақай, ит жіліншік, тазы тізелі, бөкен санды, сіңірлі бура тілерсек, екі бұттың арасынан екі адам қатар жүрелеп өткендей, жібектей күлтеленген майда жал, жеңіл құйрық. Жаясы қандай жазық, қасқыр жауырын, түлкі төс, қоян жонды – тәулікке танбай шапса да, теңселіп, шатқаяқтамай садақтың оғынша түзу шабатын малдың белгісі… Жарықтықтың маужырап, бейғам, марғау тұруын қарашы. Ала қашпа, тыз етпе ақпа емес, қаны қызып, денесі бусана келе ағындайтын лағыз ұзақ шабыстың деген өрен жүйрігі, шапқан сайын үдей түсетін, өрге салсаң, өршелене түсер ұшқыр, нағыз құйынның құйыны, – деп, Күреңбай Құлагердің қасына келіп, төспен астасқан, қолтық тұсындағы тасты қабырғадан сипап, бүйірге дейін барды да: – Па, па, біліп едім-ау, ерен туған ерекше мал екенін. Бәссе, бәсе! – деп таңдайын қақты. – Қанаты бар екен жануардың. Мынау жай мал емес, пырақ екен! Тіфе-тіфе, тіл-көзден сақтасын!
– Не дейіт, қанаты?.. Пырақ!..
– Қанаты бар дейді-ай!
– Ол қай жерінде?
– Қолтығында ма-ай?.. – десіп таңырқағандар үнсіз қалған Күреңбайға шыдамсыз телмірді.
Күреңбай көпке дейін ынтықтырып айтпай тұрды.
– Неғылған қанат? Біраздан соң сен шал, жаман керді Көкшенің басында ұшқан бүркітке теңестірерсің, – деп Батыраш ерніндегі былжыраған насыбаймен қоса шашырата түкіргенде барып:
– Кез келген жылқыда, өздерің білесіңдер, он екі қабырға болады. Ал Құлагерде бір қабырға артық, міне, қанат деген сол қабырға, көріктей өкпені қыспай, кең тыныстауына бірден бір себеп сол, – дегенде, жұрт:
– Не дейді?!
– Естімеген елде көп!
– Мынауың шынында да жаратылысы бөлек жануар болды ғой! Нанайын ба, нанбайын ба?
– Кәне, кәне, санайықшы, – десіп, Құлагердің қабырғасына ұмтылғандарды Күреңбай тыйып тастады.
Әрі тұрыңдар, өнесі-ай! Сенбей тұрмысыңдар?! Бәйгеге шабар атқа қол тигізбес болар. Еті қанталап кетеді: бұл қазір бабына келіп, сылап-сипаумен тұрған, сұлы бұлаудан бусанып шыққан сұлудай нәзік жануар емес пе. Қолдың уыты тиеді, – деп, шаңқылдаған ащы даусымен көпті кейін шегіндіріп, аттың терін жалады.
Содан соң сыртта жетекте көп жүріп келіп, бір-ақ құмалақ тастаған аттың қиын алақанына салып, сығып көрді де, қолын етегіне сүртті.
– Шіркін-ай, атым да ат-ақ, баптаушысы да сабаз екен. «Ат шаппайды, бап шабады» деген бар емес пе?
Құлагердей аттың бабы келіссе, мұның алдына кім түсер,
– деп, Күреңбай тамсанып тұрды. – Терінде сықпа құрттың дәміндей дәм жоқ, жеті тері алынған, бір қасық ащы тері бойында қалмапты. Құмалағында да қоянның көз жасындай бір тамшы су жоқ. Осынша жас өмір сүріп, тап бүгін алжасып, шатаспасам, Ақан серінің мына Құлагері тұрғанда бас бәйгеден үміттенген қазақ баласында ес жоқ. Маған салса, шаппай-ақ бәйгесін бере берсе де болады. Шіркін, асыл ердің аты да асыл, бабы да асыл. Тұрысыңа болайын! Мыңдап жылқы айдап, сендей бір ат ұстай алмаған менмен байлардың кеудесіне бір шықты!
Күреңбай Құлагерге сүйсіне бір қарап, көптің арасына сіңіп кетті.
Үлкенге ауыз салып елірген, әдепсіз есірік байдан бағанадан бергі есесін бір-ақ қайтарып кеткен Күреңбайдың соңғы сөзіне жиын топтың кейбірі мырс-мырс күлсе, Батыраш не дерін білмей есеңгіреп, сазарып қалды. Қайтсем бас бәйгені алып, атымды шығарам деп келген байды мысқылдап, кекете бастады. Алдынан «қарақайлап» Құлагер өткендей көзі бұлдырап, жынын алдырған бақсыдай сұлық тұрып, тек зәрлі көзімен өзіне ажалдай боп көрінген атқа қарай берді.
Бұл кезде Құлагерді айнала қоршағандарды көріп, топ ақындармен желпінуге шыққан Ақан да жүгіре басып жеткен. Мөңкенің қолындағы бір жақ шеті жыртылып жұмарланған жабуды алып атына жапқанда, көңілі босап кетті.
– Қай антұрған еді, кісі дүниесіне арам қолын салған, – деп Ақан жұртқа бұрылғанда.
– Қарауылдың баласы амандықтан қашаннан бері қалған? – деп Батыраш мықшыңдап, терең қалтасынан шақшасын суырды.
Ожар байдың үніндегі кекесінді сезген Ақан жабуды алған ызалы адам да осы екенін жазбай таныды.
– Мойны қашық алыстан келген адамға ата жолымен кеп сәлем бермеген наданға, иесінен бұрын атына келіп кісінескен жаранға менің амандығымның қажеті не?!
– Сенің алыстан келгеніңді білмей қалдық, бұл аста қарауыл баласы аяғын қия баса алмайды деп естіп ек, қайсыбірінің тентіреп келіп қаларын қайдан білейік, – деп, «қатырдым ба» дегендей Батыраш маңындағыларға қарқылдай күліп қарап еді, мұны қостаған өз тобы ғана болды. Кеңкілдеп, ырқылдап, күлкілері шашырап, жараспады.
– Әй, Батыраш, – деді Ақан оқты көзін қадап. Жұрт тына қалды. – Тентіреп келген мен емес, тебінгілі Құлагердің тепкісі шығар сенің теріңді көн терідей құрастырып тұрған.
Жұрт шыдай алмай ду күлгенде, Батыраштың да қаны ду етіп бетіне шықты. Ақан тоқталған жоқ:
– Одан да Құлагерді алақаныңа салып аялап, құшағыңа алып неге көріспейсің? Екеуіңнің мысық пен иттей дүрдиісіп – бұл тұрыстарың не?!
Жұрт тағы да мәз болып күліп, бірін-бірі түртіп, шынымен ит пен мысықтай ма дегендей Батыраш пен Құлагерге алма-кезек қарап, жымыңдайды.
Батыраш қоңқ етті.
– Әй, Ақан, көп ділмарсымай, тұратын жеріңді айт!
– Тұрар жерімді айтатындай, жарқыным, мен сенімен белдесуге, қандасуға келгем жоқ. Қыранның қабанды алғанын қашан көріп ең? Шынымды айтайын, менсінбеймін. Өзің емес пе жаман түйенің жабуындай жарбаң-жарбаң етіп ылғи етегімнен тікендей жабысып, соңымнан майлы аяқтай қалмайтын. Өшің Құлагерде екен, жарылып кетсең де, шыным сол: мейлі бүкіл алдыңа салып өргізген мыңғырған малыңды сал бәйгеге, әр тоспадан тұрып тың жүйріктеріңді қос, бәрібір жалғыз Құлагерімнің шаңына да ілесе алмайды. Несіне әулекілене бересің?! Сенің байлығың кімге дәрі, өңкей ит мініп, ирек қамшылап жүрген.
Батыраш шын жарылып кете жаздады.
– Ей, жамағат, бәріңе айтамын! Егер Құлагер осы бәйгеде алдымен келсе, мына басымды қыл мойыннан кесіп берейін.
Ақан мырс етіп күлді:
– Құлагердің үнемі алып келе жатқан бәйгесі неше тайтұяқ алтын, неше жүз ділда, үйір-үйір жылқы. Ал сен осынау үлкен аста оның бәйгесін неге арзандатасың. Өз басыңның құны қанша екенін білмейді екенсің ғой, – дегенде жұрт даланы басына көтерді.
Батыраш күйініп, ұмтыла түсті.
– Егер менің Құлайкөгім, не Топайкөгім алдымен келмесе, қаңғырған қарауылдың атының қасына торсық етіп байлап қоя беремін. Егер алдымен келсе, Құлагер дегеннің де, Ақан дегеннің де аты мүлдем өшетін болады.
– Ол ат қалай өшпек. Көкшетау десе біздің қалың жұрт «Ақанның елі», «Кершолақтың елі», «Құлагердің елі» дейді. Оны жер жылап, көр жыласаң, өшіре алар ма екенсің. Ал, Батыраш, Құлайкөк дегендеріңді ести алмай арманда өлетін шығармыз, – деп көптің ортасынан біреу гүж ете қалғанда, жұрт жалт қарады. Ақанға бата алмай тұрған Батыраш «бөрі ашуын тырнадан аладының» керімен ежіреңдеп, оған тап-тап берді.
– «Жерден жік шықты, екі құлағы тік шықты». Сен қайдан келген сұмырайсың? Жоқтауыңды асырайын ба осы!
Екі шекесі торсықтай, киім киісі бөлектеу, еңгезердей, алпауыт қара жігіт көзі шатынап, қарсы ұмтылды. Батырашпен төс қағысып тұрып қалған ол:
– Қай сұрағыңа жауап берейін әуелі, – деп жеп барады. Тайсалар емес. Ә дегенде мұндайды күтпеген Батыраш күмілжіп қалды:
– Қай сұрағы несі?!
– «Қайдан келген сұмырайсың?» дедің. Мен – сұмырай емес… Екінші – «жоқтауыңды асырайын ба?» дедің. Ер екенсің, жеке шық, қайсымыздың жоқтауымыз асар екен. Көптің көзі шарасынан шығып, әр жауырыны диірменнің кесек тасындай жігіттің тұлғасына қарасты.
Тақпақтап сөйлеп, тұла бойы дірілдеп, аруақтана төнген балуанның ортасына Ақан түсті.
– Күшіңе тілің де сай жігіт екенсің, бір ашуыңды қи, елінде еліріп өскен өркөкірек наданға адамдық етер болар.
Шегіне берген Батыраш:
– Әй, әй, әттең, қонақ екенсің. Әйтпесе ме?! – деп кіжінген болды. – Ер екенсің, бес жүз ділда бәс тігемісің Құлагерге?
– Сені кең қолды бай деп тұрсам, аузыңды қу шүберекпен сүрткен сараңның сараңы екенсің ғой. Құлагерге мың ділда тігемін. Құлагер келсе, сенің ділдаң керегі жоқ. Тыр жалаңаш шешіндіріп, жұрттың алдынан көк шыбықпен айдап өтем. Осыған тұрамысың?! – деп балуан қарсы шықты.
Батыраш не дерін білмей тістеніп, тосылып қалды.
– Жарайды, олай қорламаймын, Құлагер келсе, сенің атың бай Батыраш емес, көрінген жерде шаптығатын қатын болсын! – дегенде жұрт ду күлді.
Батыраш беті қабарып, қолын бір сілтеп, жолдастарын ертіп, ішіне арам ой түйіп кете барды. Күреңбайдан да, жат жұрттан келгеннен де, мына тұрған көпшіліктен де аяусыз таяқ жеп, күйініп барады.
Ақан болса, қатты-қатты сөздер айтып, жұрт алдында масқара қылған Батырашты енді іштей аяп тұр: «Неге ғана адам баласы осынша менмен, өр-көкірек болады екен?! Алдынан Құлагердей жүйрік шықса, оның жүйріктігін қызықтау орнына, қашан табалап, жерлегенше әлек. Өз кемсінін неге ғана адамдар білмейді, іштей болса да неге ғана мойындамайды? Қара бұжыр, қауға бас, нойыс Батыраш, қазір байлығым, қара күшім ғана артық емес, тіпті өңім де бір адамнан кем емес, сұлумын деп барады…»
…Ерейменнің бауыры маужырап, желсіз тымық күндер жиналған азашылардың көңілін өсіріп, той-думанға дала табиғаты бар нұрын төгіп тұрғандай. Елдегі сәскеге дейін жататын бейғам ұйқы жоқ, жұрт таң сәріден тұрып, көршілеріне қатынап, ақ үйлердің арасында жосыла бастайды. Күн шыға Құсақ көлінің айдынына шомылып, қаздай жүзіп, бойлары сергіген жұрт таңғы астарын шуласа, даурыға отырып ішкен. Кей үйлердің астында бірін-бірі қақпақылдап әзілдеп, ұзақ сонарға түсіп, қызық хикая шертісіп, өзді-өзі мәз болысқан қонақтар бір кезде үріккен қойдай дүрлігіп, далаға ұмтылды. Әр үйдің киіз есіктері түріліп, желпілдеп, қызыл-жасыл оюлы қос есіктер шалқасынан сарт-сұрт ашылып, адамдар бірін-бірі баса сыртқа атып-атып шықты.
Кең көшенің басында су жорғаны тайпалтып жалғыз аттылы келеді. Ат үстінде жас бала, тікесінен тік тұр. Қолында сырнай. Сырнайдың кеңірдек көрігін жыртып жіберердей құлаштай созған бала айғайын салып әнге басып, шырқап барады. Көшенің екінші басына жеткенде, қайта бұрылып, қолындағы сырнайын анадай тұрған топқа лақтырып жіберіп, енді ат үстінде неше түрлі ойын көрсетіп, жүз бұратылды. Тиіндей домалап, басымен тік тұрып, біресе екі қолымен көтеріліп, енді бірде жорғаның мойнына жыланша оратылып, аттың кеудесінен, астынан бишіктей сумаңдап, қайтадан ердің үстінде қаздиып, оқыс құлап, бір аяғымен таралғыға ілігіп, басын салбыратып жерден күміс алғандай созыла түсіп, қайта лып етіп ат үстіне көзі ілеспей шығады.
– Ойпырмай, мына бала не деген өнерлі еді!
– Өзінде буын жоқ неме ғой!
– Ойпырмай, мерт болар ма екен!
– Мойны үзіліп кетер ме екен!
Па, па, мынау болайын деп тұрған бала ғой. Жігіт екен!
– Шіркін-ай, шіркін-ай! – деп, таңдайларын қағып тамсанған жұрттың арасынан баланы танушылар да табылып жатыр.
– Әй, мынау кеше ақындармен бірге өлең айтқан бала емес пе?
– Сол-л, сол.
– Кешегі, әлгі, бас құйқасын, құлағын қимылдатып ойнататын бала ма?
– Иә, иә, тап соның өзі.
– Е, онда, тобықтының баласы болды ғой.
– Иә, әлгі Шашубай деген бала, Қошқарбайдың Шашубайы.
– Шашубай!
– Шашубай!
Он бір-он екілер шамасындағы Шашубай енді бір өткенінде қолына қабығы аршылмаған талдан қиған екі таяқ алып ойнатты. Саусағының басынан иығына дейін жорғалаған қос таяқ, ұзын көк ала кесіртке сияқты. Енді бірде кесірткелер оқ жыланша атылап, баланың басының айналасында зу-зу етеді. Енді бір сәт төбесіне қойған қос таяқ қаққан қазықтай қақиып, ін аузындағы суырша сілейіп қимылдамай сіресіп қалады.
Бұл – халықтың назарын аудару үшін істелген әрекет екен. Ендігі бір айналымда Шашубай бала даусы шырылдап, жар салып, жорғасын тайпалта өтті:
– Уа, жарандар, жарандар, бәрің де маған қараңдар, тез арада тараңдар, аттарыңа мініңдер, тауға қарай жүріңдер! Онда ат жарыс, онда көкпар, онда күрес – бәрі бар. Жасың да бар, кәрің бар, бірің қалмай бәрің бар, көмулі жатқан сап алтын ат үстінен ділда алсаң, садақ тартып биікке, жалтыраған жамбы атсаң, бірің қалмай бәрің бар, бар қызықтан қаласың, қымыз ішіп, ет асып, құр жамбастап жай жатсаң. Ал, жарандар, жарандар, атқа жылдам қоныңдар, ал болыңдар, болыңдар, жұрт бас қосқан, неше күнгі ас тосқан, неше бір қызық ойын бар, белшеден батып тойыңдар, ал болыңдар, болыңдар!
Жұрт алас-күлес. Біреулері белдеудегі, кермедегі дайын аттарының айылын тартып, енді бір жайбасарлар сыртта оттап жүрген аттарына жүгірісіп, опыр-топыр. Ішіп отырған аяқ-аяқ сары қымыз, табақ-табақ тоңжелін семіз ет киіз үй ортасында шашылып, жиналмай қалды. Жау шапқандай дүрліккен ел қаз-қатар тізіліп, үздік-создық шұбатылып, тауға қарай беттеді. Салдыраған арбалар да, шұбырған жаяулар да қым-қуат, қалың көпір.
Бөгенбай жазығы деп аталатын тау бөктерінің бір пұшпағына әп-сәтте жиналған мың қаралы адам Ерейменнің қарағайынша қара-құрым тартып, алқа-қотан жазылып, қақ айырыла бозға жайғасты. Алыстан қарағанда үйме-үйме құмырсқаның илеуіндей.
Бірнеше қара пәуескені бастап, қос арғымақ жеккен жеңіл фаэтоннан Измайлов әйелімен түсіп, беті жасыл мауытымен жабылған столға омырауларында медальдары жарқыраған бір топ шонжарларымен келіп отырғанда ат жарыс басталды. Көзілдірігінің алтын жиегі күнге шағылысып, оязбен бас шұлғыса сөйлескен паң Нұрмағанбет Саққұлақ биге ымдап еді, анау оң жағына қарап, бір аттылы жаршы жігітке қолымен белгі берді.
Атылы жігіттің үні де зор екен. Жағалай отырғандарды жеңіл бүлкілмен жағалап, тақпақтата жөнелді.
– Уа, жарандар, жарандар! Уа, халайық, халайық! Сарыарқаның белінде, Ақ сары, Күр сары елінде, жасыл құрақ, ақ айдын шалқар Құсақ көлінде, жоңышқасы жайқалған, бәйшешегі шайқалған, ну орманы шулаған, ақ бұлағы тулаған Ерейменнің жерінде… неше бір жүйрік сәйгүлік, демеңіз мұны қай мүлік, бағасына құн жетпес, шабысына үн жетпес, ұзаққа талмай салғанда, неше бір дүркін күн жетпес, тұлпарлар мұнда келіп тұр… Алдынан киік құтылмас, жетпесе сіру ұмтылмас, тасқа да салсаң шабатын, басқаға салсаң шабатын Алатаудың Аласы: «Барса келмес» аралда құланды қойша қайырған, жыланның көшкен ордасын…
* * *
Жаршының даусын күтіп тұрған, бастарына өңкей қызыл, көк, ақ шыт үшкілдеп байлаған балалар кекілдерін бунап, үкі таққан аттарын ойнақтатып шыға берді. Жеңіл ер-тоқымды жарау аттар әсем билеп: бір қырындап, ойқастап, ауыздықтарын қарш-қарш шайнап, енді бірі ортекеше орғып, кейбірі қайраңға шыққан балықша жондары жалт-жұлт етіп аласұрып, шыр көбелек айналып тулап, көкке шаншыла қарғып ұзақ жарысты сезіп, қатты-қатты пысқырып, тұра қалып шегіншектеп, жер тарпып, өздеріне қадалған мың-мың көздің алдынан лек-легімен өте берді.
Мойнын соза қараған, аттарға ұмтыла түсіп кейін ығысып тәртіпке келтірген аттылардың қамшысынан жасқанған жұрт шулап тұр.
– Әне, Құлайкөк пен Топайкөк!
– Әй, ана бір сүліктей қара кімдікі?
– Ана қазмойын – біздің Көкдауыл!.. – дескен жұрт, астыңғы ерні салпиып, жай басып, марғау аяңдап, кекіліндегі тұмарға таққан медалі жарқырап топ арасында Құлагер өте бергенде гу етіп, орындарынан тұрып кетті.
– Әне, Құлагер!
– Па, Құлагер шықты, әне!
– Сабаздың маңғазын-ай!
– Тұрқыңа болайын!
– Құлагер!
– Құлагер, Маңмаңгер!
– Үркеккер!
Жаршының жағында тыным жоқ: Бас бәйге – бір тай тұяқ алтын, боталы інген, тай, құлынымен бір үйір жылқы; екінші – бір атан түйе, он құлынды бие; үшінші бәйге – бір қоспақ, бес құлынды бие, он қой; төртінші – үш құлынды бие, бес қой; бесінші – бір құлынды бие, күміс кісе… Бас бәйгеге ояздың медалі бар, екіншіге күміс сағат, үшіншіге күміс таяқ…
Ақан бәйгеші балаларға біраз еріп, Мөңкені тоқтатып алды да:
– Ал, қарағым, жолың болсын! Атқа шабудың әдісін білесің ғой. Дегенмен мына бәйгенің сұрқы бөлек. Байқа, Құлагерді тым қыспа, шаң қаптырып топ ортасына, ыққа түсе көрме, жел жағында отырғайсың. Түйе тастан аса бере тақымды бір қысып, қарқындатып ал да, Көкөзекке бұрын түс. Ойлы-қырлы өзек ішінде атыңды сәл теже. Сүріндіріп алма. Одан шыға Құлагердің көзін бір сүртіп, қиқуды салып, басын еркін қоя берсең, ар жағын қанатымның өзі-ақ көрсетеді, – деп, Құлагердің мойнынан құшақтады. Мөңкенің де, атының да маңдайынан сүйіп, өз-өзінен торығып қала берген Ақанның көңілі бұзылды. Құлагер ең жақын досы, құнанынан серік болған қадірлі иесіне екі-үш рет мойнын бұрып қайырыла қарады да, қалың көпірдің соңында жібектей құйрығы күлтеленіп кете барды.
* * *
Жер қайысқан бес жүз аттың шет жағын ала Мөңке де желе жортып келеді. Жасы да, бойы да, киімі де сан қилы бес жүз бала масаты даланың қызыл ала, сары гүліндей жайнап, топ-топқа бөлініп, өзді-өзі жеке-жеке даурыға сөйлесіп барады. Қайтар жолдағы бақталас балалар әзір сәби мінезбен бірімен-бірі жылы тіл қатысып, кейбірі ауылдарын, ел-жұртын айтып, танысып, ұлы бәйгеге қатысып, ат басына мінгендеріне мәз.
* * *
Қанаты кең жазылған бәйгешілер, айыл-тұрмандарын ат үстінде отырып та бір тексеріп алып, айдаушының шаршы орамалына қарасты. Тықыршып, кісінеп, жер тарпыған сәйгүліктер көздері жайнап, ауыздықпен алысады.
Айдаушы орамалды көкке көтеріп тұрып, серпіп қалды. Өрт тигендей дүр етіп, бес жүз ат жұла тартқанда, аспан асты шайқалып, теңселіп кеткендей болды. Дүңк-дүңк еткен қара жер қозғалғандай дірілдеп, тербеліп, тып-тымық ауаны екі мыңтұяқтан ұшқан шаң көміп кетті. Күздің аласапыран қою бұлты жерге аунап түскендей Ерейменге, Құсақ көліне қарай ұйтқып жөңкіле көшіп барады. Екі мың тұяқ жерді тасырлата шертіп, жалпаң түзді лекіткен дала күйіне бөлеп жіберді. Кемеріне сыймай лықылдап, буырқанып тұрған өзен арнасын ашып жібергендей, лақ етіп төгілген бұйра толқын кең жазықта айдаһардай бүктеліп, зымырап барады. Бірін-бірі баса-көктей қарғыған ақ кебік, ақ жалдар екпіндеп, ентелей құйғытып, сары даланың төсіне кең жайыла берді. Дүңк-дүңк соққан бес жүз бала, бес жүз тұлпардың мың жүрегі жерді солқылдатып, шымырлатып барады…
Әлден уақытта бетегенің басында жеңіл қалықтап жайыла берген шаң тұманының арасынан артта қалған кейбір аттың нұсқасы да қылаң етіп көрініп қалды. Кей тұсы бой-бой боп сөгіліп, алдыңғы жақта бірен-саран жүйріктер жеке кезген құйындай оқыс ұмтылып, қылт етіп сытылып шыға берді. Желбіреген құйрығымен бұйра толқынды ширатып, өріп барады. Үздік-создық шыққан төрт құйын бір кезде қатар салды. Тақтайдай жазыққа бауырын төсеп, қатар көсілген төрт құйын, күн астында созылған қынаға малған түйе жүнінің шүйкесіндей. Енді бір кезде арттарынан жер шытынай жарылып, жіптіктей түтін бұрқырап шұбатыла шығып бара жатқандай. Қызыл, жасыл, көк, сары орамалды төрт бала бір заматта қатар айқасып, қабырғаласа салды. Жауын артынан айшықтала қалатын кемпірқосақ секілді иіліп, сары белден асып ғайып болды.
Бірін-бірі жібермей үзеңгі қағыстырған төрт жүз тоқсан алты ат та белеске өрмелей жайылып, аралары бытырап, сирей бастаған. Алды белестен асып, арты жаңа көтерілген жүйріктер енді бір кезде қалың шаңды келесі жазықтан бір-ақ бұрқ еткізді.
Алдыңғы буында кеткен төрт ат Батыраштың Құлайкөк, Топайкөгі мен Алатаудың аласы, Нарынның Нақжүйрігі еді. Құлайкөктің үстіндегі бала жан-жағына тышқан көзі жылтыңдап қарап келеді. Маңында Құлагердің жоғын көріп, көңілі өскендей, атының басын еркін жібермей Топайкөкпен қатар отыр. Балалардың көкейінде қалған, үлкендер айтқан бұл да бір әдіс. Екі шаңды қатар қосып, қоюлатып жіберді.
Құлагер кейінгі буынның алдында еді. Мөңке екі тұманның ортасында алдағы төрт аттылының шаңы жайылып қосылғанша ашық алаңқаймен атына шаң қаптырмай келеді. Оң жағына қиыстай салып жеке-дара отырайын деп еді, желдің аңғарын байқай алмады. Тегі күн еңкейе самал да басылса керек. Ат тұяғынан ұшқан шаң тез сейілмей, жеңіл қоңыр түбіт шәліше ұзақ қалықтап тұр. Оның үстіне құйрық тістесе шапқан он шақты ат та қалар емес. Кейде бастары озып, кейде амал жасағандай кейіндеп, қалмай келе жатқан кейбір аттардың жобасын да Мөңке таныды: Тарбағатайдың Тарланкөгі, Баянның Буырылы, Таразының Тарланы, қалғандарын анық тани алмады. Бұл уақытта арқалары жіпсіп терлей бастаған аттарға шаң қонып, қайсысының қылаң, қайсысының баран екенін айыру қиын еді.
Мөңке біраз жерге дейін атына риза болмай, көңіліне күдік орала берді. Құлагер қайта-қайта пысқырып, өз-өзінен тосаңсып, адымы ашылмай қойды. Алдыңғы лекте отырғысы келіп, тақымын сәл қыса түсіп еді, Құлагер шабысына шабыс қоспады, қол қамшысын жайқап, сауырына тигізгісі келген баланың есіне Ақан ағасының «Құлагерге қамшы сала көрме» дегені түсіп, батылы бармады.