АЛДЫҢҒЫ ВАГОН Сакен Жунисов

АЛДЫҢҒЫ ВАГОН

 

Осы бір көмкерілген қалың ағаш арасындағы әсем үйдің маңына жиналатын халық әлі саябырсып көрген емес. Асфальт төселген түп-түзу жолдың ұзына бойымен бір тобы келіп жатса, енді бір тобы кетіп жатады. Бұлардың көпшілігі ата-анасымен келетін жас балалар.

Бұл үй – Павлик атындағы балалар поезының станциясы. Осы маңға жиналатын балалар саны қанша көп болса, олардың осы жерден алатын әсері мен қосатын жаңалығы да сондай көп-ақ. Соған орай адамдар арасындағы қарым-қатыстан туатын қызғылықты жағдайлар да аз емес.

Жаңа ғана станция алдына келіп тоқтаған, сырты жасыл сырлы балалар поезының маңайындағы адамдардың шет жағын ала ақ костюмді, толықша келген денелі адам, байсалды түрде кішкентай вагондарға қызыға қарап тұрды. Қасында тоғыздар шамасындағы, бүрме шалбарлы, аяғында носкисіз киген сандалы бар бала тұр.

Балалар поезын бұл баланың тұңғыш көруі. Әйтсе де оның жүзінен кішкентай поезға ынтыға қараушылық пен қызығушылықтың бейнесі көрінбейді. Тек әкесіне жалтақтап тықыршып қарай береді. Өйткені ол: «үлкен поездан айырмашылығы жоқ қой, кішілігі болмаса, түрі де бірдей», деп, ендігі өзгешелікті вагонның ішінен іздемекші. Егер ол жалғыз өзі келсе бұлай тұрмаған да болар еді. Вагон ішіндегі ең жақсы деген орынға ие болып отырар ма еді, қайтер еді… Балаларын жетелеген айналадағы үлкен адамдар вагонға кіріп орналасып жатыр. Оларды байқап тұрған Төлептің шыдамы таусылды.

– Папа, кірейікші енді ішіне, – деп өтінді баяу дауыспен әкесінің қолынан ұстап. Сонан кейін алдыңғы вагонге қарай беттеді.

Әкесі оның бұл тілегіне қарсылық еткен жоқ. Бірақ баласының соңынан алдыңғы вагонге қарай жүру орнына, соңғы екінші вагонге қарай бұрыла жүрді.

Әлденеге аңтарыла қарап тұрып қалған Төлеп әкесін қолынан тарта бөгеп:

– Папа, папа, қараңызшы! Әне, алдыңғы вагонның қасына біздің Сәду де келді, мамасымен бірге. Жүріңізші, солармен бірге отырайық, – деп, алдыңғы вагон жақты қуана көрсетті.

Өзімен бірге оқитын Сәдуге қараған оның үлкендеу дөңгелек қара көзіндегі балалық қуаныштың отты жанары күлімдей қадалып, онымен бірге отырып көрген қызықтарын ортаға салу өте көңілді сияқты көрінді.

Бірақ, оның әкесі бұл қуанышты ойын су сепкендей етті. Ол артқы вагонның есігіне барып та қалған еді. Төлеп жүгіре басып әкесінің алдына шықты. Алдыңғы вагонға отыруды өтініп тұр.

– Жоқ, балам, ол вагонға біз отыруға болмайды. Жүр ішке, – деді әкесі.

Ойламаған жерде болған әкесінің бұл ісіне Төлеп ренжіп қалды. Алдыңғы вагонға неге отыруға болмайды? Ол туралы ойлаған да жоқ.

Енді бөгелуге уақыт аз. Ол амалсыздан сол вагонның есігіндегі, өзінен екі-үш жас үлкендеу, ақ кительді, иығында оқалы пагоны бар проводник, балаға екі билетін көрсетті де, вагон ішіне әкесімен бірге еніп, орын алды.

Беті жалпақтау келген сары бала – бас кондуктор аузын толтыра ысқырғышпен қатты ысқырып қалды. Бокзал алдындағы қоңыраудың ақырғы рет қағылған даусына паровоздың ысқыра шыққан жіңішке үні жалғасты да, поезд алға жылжып, қалық ағаш арасымен жүріп кетті.

Бұрын әкесімен бірге, үлкен поезд вагоны ішінде, не машинаға отырғанда айналада кездескен заттар туралы сұрау қойып, басқа бір жайлардан әңгіме айтуды өтініп, тынышын ала беретін Төлеп, бұл жолы томсырайған бойында отыр. Тек анда-санда тиышсыздана ашық әйнектен басын шығарып, алдыңғы вагон жаққа қарай береді. Ол вагонның терезесінен қарап отырған балалардың арасынан Сәдуге ешкімнің тұлғасын ұқсата алмай, оның атын атап айқайлап жібергісі де келеді. Бірақ әлі суй қоймаған реніші олай етуге жол бермей, өзін-өзі бір қалыпта ұстап отыр.

Поезд қайта айналып вокзалдың алдына тоқтағанда, вагоннан түскен балалардың арасынан Төлеп көзімен шолып Сәдуді таба алмады. Оның әкесіне тура қарамай: «Алдыңғы вагонға отырсақ, Сәдулермен бірге қайтатын едік» – деген өкінішті даусынан әлі де реніші тарқамағаны байқалады.

– Өзіміз де қайтамыз ғой, – деді әкесі. Бала үндемей төмен қарады.

– Сен неге үндемейсің?

– Мені Сәдумен бірге алдыңғы вагонға отырғызбадыңыз ғой…

– Сен, Төлеп, түсінемісің, алдыңғы вагонға отыруға біздің хақымыз жоқ қой.

Әкесіне жалт қараған Төлеп, алғашқыда бұл сөзді ойнап айтып тұрған болар деп ойлап қалды. Бірақ әкесінің жүзінен ондай белгіні көрмеген ол, таңданып:

– Неге, папа? – деді. Билет болған соң бәрі бір емес пе? Төлепке сәл езу тарта қараған әкесі:

– Жоқ балам, әңгіме онда емес. Бұл балалар поезы.

– Ал, сонда алдыңғы вагон кімдер үшін? – деп алдыңғы вагонға қарай берген Төлеп, аңырып тұрып қалды. Оның бұл сұрауына вагонның сыртындағы майлы бояумен ірі етіп жазылған үш сөз жауап беріп тұр еді.

Төлептің бүкіл денесі дір ете қалғандай болды. Ренішті қатқыл өңі бірден өзгеріп кетті. Ұялған жүзін, кінәлі адамдай әкесінен жасыра алмай, сасып қалды. Тіпті бағанадан көрмеген алдыңғы вагон сыртындағы үш сөз енді қайда қараса да, көзіне еріксіз түсе берді.

Ол: «оқу озаттары үшін», деген жазу болатын. Әкесінің ол вагонға отырмау себебі Төлепке енді ғана түсінікті болды.

Алғашқыда ретсіз өкпелеген баласының қазіргі жүзіндегі өкініш ізін байқаған әкесі:

– Ренжімес бұрын, айналаңа, өзіңе үңілгенің дұрыс болады, – деп күлімсіреді.

Әкесінің орынды айтылған сөзі баланы құлағына дейін қызартқанына шұбаланар ма екенсіз…

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *