АЙЫП Сакен Жунисов

  1. АЙЫП

     

    Әрі сирек, әрі бір бағытқа ғана жүретін 3-номерлі трамвай қимасы түскен арбаша салдырлап, адамның ең көп отыратын жері – осы бұрылыстағы кідіріске келіп тоқтады. Күтіп тұрған адамдар жөңкіле екі вагонға бөлініп, артқы есіктерге қарайлап қойысты.

    Жеділ киінген жалаңбас бала алғашқыда есікке бірінші болып келіп қалса да, артқы жағынан ығыстырып келе жатқан кейінгілерге жол беріп, есіктен алыстай берді.

    – Жүр, жүр бала, тезірек, – деп арттағылар рұқсат бергенімен, ене беріңіздер деп ишарат білдірген баланың қылығын сыпайылыққа жорып, асығыс көтеріліп жатыр. Бірақ баланың артын ала төтеден қосылған елеуреген біреу кимелей ентелеп:

    – Кіретін болсаң кір де, кірмесең жол бер былай! – деп баланы қайтадан қысып отырып, есікке алып келді. Әлі де кіргісі келмеген ол, тырмыса бөгеліп көріп еді, бірақ артқы күшке қарсылық ете алмайтынын сезген соң, екінші жаққа қарай бұлтың ете қалды. Бұл жер әлгіден де мазасыз тиді. Топтың ортасында бала қысылып-қымтырылып ығыса берді.

    – Өй, сен неғып жол бермейсің, соңынан кірсең де болады ғой, – деген бір мосқал адамның даусы ғана естілді, қақпақылға түскен әлгі бала қағыла отырып, артқа бір-ақ шықты.

    Әлгінде ғана жыпырлап тұрған халық жәшікше келген, былай қарағанда көзге қомақ екі вагонның ішіне сиыса қойды.

    Кейінгі вагонның жүруге рұқсат берген қоңырауы маңдайға ұрғандай оқыс тық ете қалуы мұң екен, алдыңғы вагонның кондуктор қызы ұзын жіпті оқыс тартып қалды да, сөйлеп қоя берді:

    – Азаматтар, кәне билет алыңыздар, алға қарай жылжыңыздар, алға, алға!..

    Трамвай да жұла тартып, әлгі жолғысынан баяулау алға ұмтылды. Ең артынан кірген жаңағы бала, ішке арқасын бере табалдырыққа сүйеніп, оң жақ қалтасында жүрген екі-үш шемішкенің біреуін аузына салып жіберді де, шырт еткізді.

    – Анау, есіктегі бала, ішке көтеріліп тұр! – деген кондуктордың жартылай бұйрықты сөзін де елеген жоқ, көшеде көрінген бір танысына жеңіл ысқырып қалып, тұра берді. Кондуктордың да оны қайтадан мазалауға мұршасы келмеді.

    – Маған бір билет беріңіз.

    – Екі сом бердім. Екі билет, біреуі чемодан үшін.

    – Маған екі билет беріп жіберіңізші, – деген есік жақтағылар мен алға өтіп кеткендердің қолдан-қолға көшіп келген ақшаларына билетті жыртып жатып:

    – Мынау сізге, мынаны алдағы кісіге беріңіз. Сіз тұра тұрыңыз, есептесіп алайын біреуіңізбен… Кәне, жолдастар, алға қарай. Анау бұрыштағылар, билет алыңыздар… – деумен-ақ, келесі тоқтайтын жерге келіп қалды. Кондуктордың аузында әлі де дамыл жоқ:

    – Пастер көшесі, келесі Кавалерийстер көшесі. Кәне жолдастар, алға қарай жылжыңыздар. Кіргендеріңіз тезірек билет алыңыздар. Кәне, кәне. Міне билетіңіз.

    Трамвай баяулай бергенде секіріп түскен бала, тағы да артта тосып тұрып, кісілер түгелдей енгеннен кейін бағанағы орнына қайтадан жайбарақат тұрып алды. Бірақ бұл жолы тағы да көзінің қиығы түсіп кеткен кондуктордың даусы қаталырақ шықты:

    – Балақай, саған айтылды ғой – ішке еніп тұр, билет ал! – деп, біреулерге асығыс билет жыртып берді. Келесілерге билет те берместен, әлі де тыңдай қоймаған баланың қасына келіп иығынан тартты.

    Селк ете қалып, ештеңе түсінбегендей оның бетіне бажырая қараған бала, енді құтылудың қиын екенін аңғарып, қарсылықсыз ішке көтерілді. Кондуктордың көзі тая бере, кісілердің ара-арасымен алға қарай жылысып берді. Көзі шалып қалған кондуктор да соңынан ұмтылды:

    – Балақай, ба… ей балақай! Билет алмай қайда кетіп барасың?!

    Өзі қысылып тұрған адамдардың сүйкене өтіп бара жатқан балаға бір, кондукторға бір қарағаннан басқа жұмысы болған жоқ. Тек алдыңғы жақта түсуге ыңғайланып тұрған көзілдірікті біреу ғана:

    – Қарағым саған айта ма, билет ал деп? Неге алмайсың, – деп, тершіген мұрнының үшіне қарай жылжыған көзілдірігінің үстінен қарап, күңк етті.

    Кондуктор жолдағыларға билет жыртып алға жақындағанша, трамвай да келесі кідіріске келіп тоқтады. Бала секіріп түсті де, шалқаймасы бар орындыққа отыра кетті.

    Сонымен ол бұл трамвайдан ғана түсіп қалған жоқ, екі-үш трамвайдан қалды. Бірінің алдынан отырса, екіншісінің артынан отырады. Бірде кондуктордың көзіне түспесе, енді бірде контролердің көзіне түсіп қалады. Әйтсе де, соның біріне ренжіген бала жоқ, қыдырып жүргендегі көп сәтсіздігінің бірі ғана деп есептеді.

    Міне, оның ақырғы жолы ғана қалды. Енді асфальтты кең көшемен қалалық паркке тура баратын троллейбуске отыру керек.

    Ашық трамвайлардан троллейбустың көп қиындығы бар. Секіре қашуына мүмкіндік бермейді ғой.

    Әйтсе де бала оның да амалын тапты: Артқы есіктен еніп жатқандарда жұмысы болған жоқ. Алдыңғы есіктен көтерілген, қолында имек таяғы бар, сәл бүкшиген қауға сақал шалмен жанасалай бірге енді.

    Ең алдыңғы отырғышта отырған жас келіншек пен жігіт:

    – Отырыңыз атай, отырыңыз! – деп, орындарын ұсынып, сыпайылық көрсетіп, бәйек бола қалды.

    Орындықтың әйнек жақ түбіне бұрынырақ жып етіп отыра кеткен әлгі бала, көшеге қарап, әйнекке жабыса қалды.

    – Ішке енгендеріңіз, билет алыңыздар, – деген, жексұрын көрінетін кондуктор даусы алға қарай жақындаған сайын, бала да тыжырынып, әйнекке жабыса түседі.

    Шалбарының қалтасынан бақыр аралас бес-алты күмісті күржаңдап алып шыққан қарт, қасына келген кондуктор қызға:

    –Маған келесі кідіріске дейін бір билет беріңіз, – деп отыз тиын ұсынды. Зілсіз жымия қараған кондуктор қыз:

    – Тағы да отыз тиын беріңіз, – деді.

    Тегі осы шал бұл троллейбуспен көп жүрген болуы керек және де аздаған қулығы да бар ма қалай:

    – Қарағым, шалдарға отыз тиынның билеті де жарайды ғой, – деді жымия.

    Бірақ әлгідегідей емес, өні сәл қатқылдана қалған кондуктор:

    – Ата, жұмыс уақытында бөгемеңізші, кәне, отыз тиыныңызды беріңіз, – деп алақанын тосты.

    Өзінің қалжыңына қысылып қалған қарт та көзі жыпылықтап:

    – Қызым, ғапу ет, билеттің бағасы қымбаттап кетіп пе еді, – деді, тағы да күмісін санай бастап.

    – Иә, атай, қымбаттап кеткен! Келесі тарифтік кідіріске дейін әрбір адамға отыз тиыннан, – деді қыз да шімірікпей. Басын қайтадан жұлып алған шал:

    – Айналайын, осы сен не айтып тұрсың. Мен тіпті түсінбей қалдым. Жаңа бір отыз тиын төлеген жоқ па едім, – деді, енді шынында түсінбеген пішінмен.

    – Жоқ, сіз екі билет алуыңыз керек. – деді, кондуктор қыз орнынан жылжи беріп.

    – Қызым-ау, көзіңе мен екі адам болып көрініп тұрмасам екі билетің не?

    Екінші қатардағы орында отырған мосқалдау біреу мырс ете қалды:

    – Шалың өзі пәле деймін!

    Кейін аттай бере тоқтай қалған кондуктор қыз, намыстанып кетті білем:

    – Атай, бір мезгіл ұялу керек емес пе! Ана жаныңыздағы балаға сіз төлемегенде Пушкин төлеуі керек пе, – деді тіксіне қарап. Шал қарқылдап кеп күлді.

    – Ой қызым-ай сол, қызым. Бұл балаға мен де, Пушкин де, сен де шығынданбай-ақ қояйық. Өзінің әкесі төлесін. Көшеде қыдырып жүрген бөтен балаларға шалдар төлесін деген заң қашан шығып еді, – деді, күлкісін тия алмай.

    Іште отырғандар да ду күлісті. Бала ештеңе сезбегендей әйнекке жабыса берді.

    Істің мәнісін жаңа байыптаған кондуктор қыз, қып-қызыл боп кетті де:

    – Ой, ғапу етіңіз атай, ғапу етіңіз, – деді сасқанынан баланың иығынан жұлмалап жатып. – Сорлы басым, сізбен бірге отырғанға, қасыңыздағы еріп жүрген бала екен ғой дегенім. Ох, осы балалар-ақ ұятқа қалдырады. Неғып былқиып отырсың, ай бала! Билет неге алмайсың!

    Кінасыздық пішінмен көзін жыпылықтата қараған бала, орнынан сөйлей көтеріліп, есікке қарай беттеді:

    – Апатай, мен жаңа ғана отырып ем. Келесі кідірісте түсемін.

    – Билетің қайда алған?!

    Бала да өз дәлелін міңгірлеп айта берді:

    – Бір кідіріске де билет сұрайсыз ба?! Мен қазір түсемін.

    – Қара мына баланың айтып тұрғанын, – деп жұлына ашуланған кондуктор, әйнек үстіндегі кнопканы созыла беріп басып-басып қалды: Троллейбус баяулап тоқтай қалды да, есік сырғи ашылды. – Билет ал қазір, әйтпесе диспечерге алып барамын, айып тартасың.

    Кондуктор қыз, балаға бұрыннан да таныс, «билетсіз жүргендерге штраф – 5 сом!» деген ескертуді көрсетті. Бірақ оны өзім де білемін дегендей, көңіл аудармаған бала:

    – Мен қазір түсемін деймін, – деп, бастапқы сөзін қайталап, қасарысып тұрып алды.

    Іштегілердің бірі:

    – Мұндай балаларды жөнге салу керек. Ата-анасына хабарлау керек! – деп ызбарланса, енді бірі:

    – Сол баланы қайтесің әурелегенде, қоя бер. Мүмкін қалтасында ақшасы жоқ шығар, – деседі.

    – Ақшасы болмаса жаяу жүрсін! – деді, кондуктор ашулы үнмен.

    Өз қасындағы кнопканы жедел жеделдетіп, басып-басып жіберіп:

    – Кондуктор, жүргіз троллейбусты. Бір бала үшін жұмысымыздан қаламыз ба! – деп, асығып келе жатқандардың да ащы үні шыға бастады.

    Кондуктор:

    – Бар, түс! – деп үлгермей-ақ рабайсыз бір күліп, әлгі бала көшеге жүгіре түсті.

    «Бұл неғылған тәртіпсіз, бейбастақ бала» деп, ызбарлы көздерін қадай кеткен көпшілік назары баланың кәперіне еніп те шыққан жоқ. «Енді парк алыс емес, жаяу да жетемін» деп, тротуар бойымен шабан аяндап келе жатыр. Бүгін паркте болатын қызықты футбол ойынына барғысы келетіндігін естіген соң, шешесі оған 5 сом ақша берген болатын.

    – Бару-келу жолыңа 2 сом. Ойын көруге 2 сом, балмұздақ жеуіңе 1 сом. Ақшаңды орнына жұмса! – деп, шешесі ескертіп берген еді. Бірақ, оны ойлап келе жатқан бала жоқ. Қайта бір сомның жұмсалмай қалғанына қуанып келеді.

    Паркке келгеннен кейін де, ол шұбатыла үздік-создық халық еніп жатқан үлкен қақпада жұмысы болмады. Өзінің үйреншікті орнына қарай беттеді. Ол – парктің қақпасынан алысырақ жердегі темір шарбақты, жуан терек жапырақтары көмкеріп тұрған орын. Кішкене қазықтың басындағы жұқа тақтайшаға жазылған өзіне таныс жазу көзіне түсті: «Қоршаудан түскендер 5 сомнан 20 сомға дейін айып тартады».

    Бала айнала бір қарап алды. Қауіпті аңдушының жоқтығына әбден көзі жеткен соң, іс-міс жоқ, биік қоршаудың үшкір басынан ұстады да, оюлап иілген темірге аяғын салып, ішке жайбарақат топ ете түсті. Бірақ алға бес-алты қадам аттай бергенде-ақ, сол жақтағы қалың ағаш ішінен милиционер ысқырығы шыр ете қалды. Жүрегі су етіп, ата жөнеліп еді, оның артынан ауыр етікті адам қуып берді. Сасқанда аяғы бар болғыр да әшейіндегі жүйріктігінен жаңылып қалады екен. Ұстап берем дегендей адымын аштырмай кібіртіктеді де қалды. Ауыр етік дүңкілі дәл артына жетіп қалғанда, ағаштың жуан тамырына сүрініп, жалп еткен бала жылап жіберді. Денесі ауырған жоқ, үрейлену мен ұялудың жылауы. Көйлегінен қапсыра ұстап көтеріп алған милиционер, көзінен жас та шыға қоймаған баланың жүзіне көзі түскенде, өз көзіне өзі сенерін де, сенбесін де білмей бажырайып тұрып қалды.

    Өңі құп-қу боп түрегелген баланың жүзі әпсәтте қызара күлімдей берді де, лезде қайта сұрлана қалды. Өзіне тесіле қараған миллиционер ағасы Хамиттың көзі ішіп-жеп барады.

    – Үйден тысқары жерде осындай бұзақылығың да бар екен ғой, Болат! – деді ол. Бұрын еркелетіп Болтай дейтін еді.

    Мойнына асынған жұқа сумкасын ашып, ішінен жазылмаған квитанцияны алды да:

    – Паркке келуге үйден алған ақшаң қайда, әкел! – деді қатал үнмен.

    Болат төмен салбыраған басын да көтерместен қалтасынан бес сомын алып берді.

    Хамит квитанцияға 5 сом деп жазды да:

    – Бар үйге енді, кешке сөйлесерміз! – деді ызбарлана. Жаңа ғана жеңіл секіріп түскен орнынан, Болат осы жолы тәлтіректей дірілдеп, әрең түсті. Айып салмағы мойнын қорғасындай тұқыртып, аяғын кібіртіктей басып, үйіне беттеді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *