Ақыл-ой əрекетіне негіз –жалпы нышандармен бірге арнайы нышандар да ұрпақтан-ұрпаққа беріледі. Белгілі іс əрекет түрінде адамды қалыптастырудың бастауы осы арнайы нышандарда. Егер адамға қажетті жағдайлар жасалса, арнайы нышандар ерте жастан-ақ белгілі болады. Мұндай нышандар: əн-күй, сурет өнері, математика, лингвистика, спорт жəне т.б. үлкен маңызға ие.
Дамуға нəсілдіктің, қоршаған ортаның жəне тəрбиенің ықпалына қосымша əсер ететін аса маңызды жағдаяттардың жəне бірі – бұл тұлға іс-əрекеті. Іс-əрекет ұғымы қандай да жұмысты орындау үшін жасаған адам қимыл-қозғалыстарының бəрін аңдатады.
Тарих тұңғиығынан іс-əрекет бабында небір дана бақылаулар бізге дейін жеткен: «балаңның немен жəне қалай шұғылданатынын айтсаң, оның қандай адам болып жетілетінін айтып беремін»; «қаңғыбас болғанның ешқайсысы да, дегеніне жете алмаған»; «қанша тер төксең – сонша емерсің», «адам өз бақытының ұстасы»; «ерте тұрғанның ырысы артық»; «еңбегіне қарай – сый-сияпаты»; «өнерлінің қолы гүл» т.б.
Даму нəтижелері мен іс-əрекет қарқындылығы арасында тікелей байланыс болатыны айдан анық. Бұдан даму процесінің жəне бір жалпы заңдылығы ашылады: оқушы неғұрлым белгілі салада көбірек іс-əрекет жасаса, оның сол саладағы даму деңгейі соншама жоғары келеді. Əлбетте, бұл заңдылықтың шексіз қолданыла беруі мүмкін емес. Ол жағдай əрбір адамның қабілеттеріне, жасына, іс-əрекеттің өзінің қарқындылығы мен ұйымдасуына тəуелді келеді.
Іс-əрекет барысында адамның жан-жақты жəне біртұтас тұлғалық дамуы жүріп жатады, оның қоршаған дүниеге көзқарас, қарым-қатынасы қалыптасады. Таңдалған іс-əрекет көзделген тұлғалық қасиеттердің қалыптасуына ықпал етуі үшін оны қажетті деңгейде ұйымдастыру жəне келелі бағдарлап отыру қажет. Бұл тəрбие практикасында өте күрделі іс. Өкінішке орай, көп жағдайларда осы күрделілік даму мүмкіндіктерін шектейді; кейде тəрбиеленушілер ең қажетті болған жағдаяттарға – қоғамдық, еңбек, таным əрекеттеріне белсенді араласа алмай, енжар бақылаушы күйінде қалып, дайын ережелерді жаттаудан ары өте алмайды.
Балалар мен жасөспірімдердің іс-əрекеттерінің негізгі түрлері – ойын, оқу, еңбек. Бағдары бойынша іс-əрекет танымдық, қоғамдық, спорттық, көркем өнерлік, техникалық, кəсіптік, құмарлық (гедоникалық) болып ажыралады. Барлық жастағы оқушылардың іс-əрекеттерінің ерекше түрі – тілдесу, қатынасу (ортақтасу).
Іс-əрекет сипаты бойынша белсенді (актив) жəне енжар (пассив) болуы мүмкін. Тіпті, құрттай ғана сəбидің өзі белсенді тіршілік иесі болып көрінгенді қалайды. Ол жасына қарамай үлкендерге, қатарына қандай да талаптар қояды, төңірегіндегі кісілерге, заттарға, болып жатқан оқиғаларға өз қатынасын білдіруге тырысады. Уақыттың озуымен қоршаған орта жəне тəрбиенің ықпалы арқасында белсенділік көтерілуі де мүмкін, кейде төмендеуі де ықтимал. Мысалы, адам көп жұмыс істеуі мүмкін, бірақ іске құлықсыз, көңілі құламай, орындалуы қалай болса, солай – енжар. Əлбетте, мұндай іс-əрекет адамды жоғары нəтижелерге жеткізбейді. Дамудың тиімді болуы іс-əрекеттің белсенділігіне, көңіл-күй жарасымдылығына тəуелді. Адам таңдаған ісіне жан-тəнімен кірісіп, өзіндегі бар мүмкіндіктердің бəрін іске жұмылдырып, өзін кемелденген тұлға ретінде көрсете білуі қажет. Мұндай қызмет адамға қанағат лəззатын əкеліп, шабыт пен қуаттың көзіне айналады. Сондықтан да, іс-əрекеттің маңыздылығы оның өздігінен ғана емес сол əрекетте көрінетін тұлға белсенділігінің деңгейіне байланысты.
Белсенділік оқу барысында шəкіртке тезірек жəне табысты əлеуметтік тəжірибе топтауға мүмкіндік береді. Оның қарым-қатынас, тілдесу қабілеттерін дамытады, қоршаған болмысқа деген көзқарасын қалыптастырады. Баланың ақыл-парасатты дамуын танымдық белсенділік қамтамасыз етеді. Бұл үшін балаға танымдық мəселелерді шешуімен бірге игерілген білімдерді практикада қолдану қажеттігі де тəн болуы тиіс. Себебі еңбектегі белсенділік тұлғаны өзінің рухани жəне адамгершілік дүниесін тез арада жəне тиімді қалыптастыруға ынталандырады, оны көп жəне нəтижелі еңбектенуге бағыттайды.
Белсенділіктің барша көріністерінің негізінде бір ғана тұрақты дерек көзі- қажеттік орын алған. Адам қажеттіктерінің көп түрлілігі оларды қанағаттандыру үшін қолданылатын іс-əрекеттердің де сан қилылығын туындатады. Өсіп келе жатқан адамға белсенділіктің пайдалы бағыттарын көрсетіп, алдамшы қырларын мейлінше бəсеңсіту – педагогтар үшін тұрақты да жəне өте күрделі де міндет. Күрделілігі – адамның жеделдете кемелденуі дəуірінде іс-əрекет қажеттері мен сеп- түрткілері (мотивтері) өте қозғалмалы жəне ауыспалы келеді. Сондықтан, əртүрлі жас сатыларында іс-əрекет түрлері ауысып баруы шарт. Жалпы мектептік тəрбиенің өзгерістер ізімен үлгере орындалуы өте қиын, солай да бола, əрқандай тəрбиелік іс мезетінен бір де кешікпей жүргізіліп, келеңсіз салдардың алдын алып отыруы қажет.