ОҚУШЫЛАРДЫ ТҰЛҒАЛЫҚ ҚАСИЕТТЕРІН ДАМЫТУҒА ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ БАҒЫТТАУ
Өзін-өзі тәрбиелеу — өзімен жұмыс істеуді бастаған оқушымен жұмыс атқарудағы күрделі үрдіс, осы жағдайда оқушыда сырттан көмек күту мәселесі пайда болады. Оқушы өзімен жұмыс атқаруда өзін тәрбиелеудің нәтижелілігі сырттан беретін көмекке, бағыттылыққа, ұйымдастырушылыққа тәуелді. Мұнда тәуелділік екі жақты. Тәрбиелеу өзін-өзі тәрбиелеу үшін қажетті жағдайлар туғызады, ал өзін-өзі тәрбиелеу өз кезегінде тәрбиелеуді жетістікке әкеледі. Сондықтан бұл құбылыстар әрекеттесіп бір тұтастықпен дамиды. Дәл осыны ескеретін өзін-өзі тәрбиелеу үрдісін ұйымдастырып басқаратын педагог тәрбиеші белгілі нәтиже алады. Бұл жағдайда педагог тәрбиеші өз алдына оқушыларды тәрбиелеуге байланысты белгілі мақсат қоя отырып, дамудың жалпы мақсатымен жұмыстардың жеке және жас ерекшеліктеріне сәйкес өзін-өзі тәрбиелеу бойынша міндеттерді ұсынуы қажет.
Көптеген психологиялық-педагогикалық эксперименттердің көрсеткіштері бойынша оқушылардың қабілеттерінің жемістілігі қаншалықты өзін-өзі басқару мүмкіндіктері мен құралдары терең қолданылса, соншалықты өзін-өзі тәрбиелеу үрдісі нәтижелі болады.
Осы заңдылыққа сүйенсе, келесі принцип орын алады — диалектикалық тұтастық және оқу үрдісіндегі педагог жетекшінің оқушының өзін-өзі басқаруына өту принципі, яғни оның негізінде тұлға қарқынды дамуға мүмкіндік алады.
Осы принципті іске асыру ережелері:
1. Оқушылардың сырттың көмегінсіз орындай алатын іс-әрекеттерінің бәрін, өз бетінше орындаулары тиіс.
2. Іс-әрекеттерін психологиялық-педагогикалык басқару жүйесінде жанама және өрбітуші құралдары жетекші орында болуы тиіс, яғни педагог тікелей, оператавті құралдарды қолданса, оқушылардың екпінділігін және шығармашылығын тежейді.
З.Оқушылармен қарым-катынас стилі оқу-тәрбие үрдісінде демократиялық және қайырымды болуы тиіс.
Оқушылардың өзін-өзі тәрбиелеуге талаптандыру жеткіншектің қызығушылықтарын, ойларын, құштарлықтарын, психикалық ерекшеліктерін терең білген кезде ғана мүмкін болады. Сондықтан педагог және тәрбиеші оқушыны жүйелі түрде зерттеп танып, олардың дамуын мінез-құлқындағы өзгерістерді байқап отыру қажет. Мұндай әрекет олардың мүмкіндіктерін нақты білуге, әсер етудің бағыттылығын анықтауға және керек кезде көмек көрсетуге жағдай туғызады.
Өзін-өзі тәрбиелеу сипаты және пайда болуы тек әр түрлі жастағы оқушыларда ғана емес бірдей жастағы оқушыларда да бірдей болмайды, ол окушының тек қазіргі уақыттағы өмір жағдайларына, оның іс-әрекетіне ғана тәуелді болмай, оның жалпы жеке басының даму деңгейіне де байланысты болатынын педагог ескеріп, ұмытпауы қажет.
Жеткіншектер, жоғарғы сынып оқушыларына қарағанда өзін-өзі тәрбиелеуде сәтсіздік жағдайларда үмітін үзеді, сондықтан үнемі айналасындағылардан қолдауды қажет етеді. Сондай-ақ жеткіншектің сезімталдығын және осыдан шығатын тез ренжігіштігін, кінәмшылдығын және оның сұраныстарымен, талаптарымен санаспаған, оның ар-намысына тиген жағдайда мойындамауды ескеруге тиісті. Сондықтан педагогтың жеткіншек және жоғары сынып оқушысына қатынасы — тұлғаға мүмкіндігінше көбірек сый көрсету, мүмкіндігінше оған көбірек талап қою принципіне жауап беруі қажет.
Өзін-өзі тәрбиелеуді ұйымдастыру және басқару кезінде педагог үнемі оқушылардың жеке ерекшеліктерін және ұсыныстарын ескереді.
Педагог мүмкіндігінше әр оқушының алдында тұрған мәселелерді зерттеп және әдептілік сақтап оған өзін-өзі тәрбиелеудің дұрыс жолын таңдауға көмектесуі қажет. Өзімен жұмыс істеуге болатын негізгі элемент педагог жағынан оқушының коғамдық және оқу іс-әрекетінің бағасы болып табылады. Сондықтан жағымсыз баға, жағымды баға оқушының жұмысын қолдауы мүмкін. Педагогтың әр бағасы жеткіншекті жаңа жетістіктерге итермелейтін жағымды нәтижелер беруге бағытталады.
Тәрбиелеу мен өзін-өзі тәрбиелеудің көп факторларының арасында ең негізгі бір орынды отбасы (жанұя) алады. Тарихи тәжірибе және арнайы бақылау негізінде баланың туылған кезінен мектепке барғанша отбасы жетекші тәрбиелік күш болып табылады деуге болады.
Қиын оқушы көбінесе ішімдік ішетін, ұрыс-керіс және ата-ананың бір — біріне деген қатыгез отбасылар жағдайында өмір сүреді. Бұл жағдайлар балаға зиян келтіретіні айқын.
Отбасында тәрбиелеудің өз қиыншылықтары мен артықшылықтары бар. Артықшылықтары, ол ата-анасы баласын өнегелік-еріктік, эмоционалдық және интеллектуалдық ерекшеліктерін жане олардың пайда болу себептерін жақсы біледі. Сондай-ақ бала мектепке қарағанда өз ата-анасы алдында өзін шынайы ұстайды. Анасы және әкесі, баласына қарап байқап жүрген жағдайда қалыптасып келе жаткан тұлғаның ерекшеліктерін өңдеуге мүмкіндік болады.
Ал қиыншылықтарына келетін болсақ, ол бір жағынан ата-ананың отбасындағы ашық көрсететін мінез-құлық ерекшеліктеріне байланысты, екіншіден, көп ата-аналарда педагогикалық, психологиялық білімдердің және шеберліктердің жетіспеушілігіне байланысты.
Көбінесе ата-аналар балаларды өз басынан өткен тәжірибе негізінде тәрбиелейді. Нәтижесінде дұрыс тәрбиелеудің орнына ісіне, көңіліне қарап еркелетумен шектеледі немесе өте қатал талаптар қояды. Отбасында және мектепте осындай қатынастың нәтижесі өзіне сенбеушілер және өзін кемсітіп сезінуіне алып келеді. Өз қасиеттерін бағаламаған жеткіншек тұйық болады, немесе әдейі бетімен кетеді. Сондықтан отбасында баланы тәрбиелеуді бірінші орында ата-ананын үлгісі, олардың өнегелік бейнесі, бір-біріне және балалардың қатынасы тұруы керек.
Психологиялық-педагогикалық бағалау және өзін-өзі бағалау принципінің іске асу ережелері төмендегідей:
-мотивациялық, интеллектуалдық, үұйымдастырушылық, коммуникативтік және т.б. оқушынын тұлғалық шығармашылық қабілеттерін зерттеу үрдісінде кешенді, жүйелі және тұтастық қатынастарды іске асыру қажет;
-оқушылардың дамуындағы даралық ерекшеліктерін, сонымен қатар ішкі қайшылықтарын және кейбір құрамдастықтарының дамуының біркелкі болмауын анықтап, оны әрі қарай дамыту үшін зерттеу қажет.
Жеткіншектік кезеңде мақсаттылық, дербестік және адамгершілік сезімнің дамуы байқалады. Өзін-өзі тәрбиелеуге көптеген мотивтер мен себептер: кемшіліктерді жойып, сыныптың, әлеуметтің сыйлы мүшесі болу жатады. Мұндай талап-тілектерді іске асыруға тек оқушының тілегі аз. Өзін тәрбиелейтін оқушыларды, мұғалімдер, ата-аналар қолдап, тәрбиелеу тәсілдерін талдап, оларды іске асыруға өз үлестерін қосу қажет.
Педагогикалық практикада оқушының даму деңгейіне байланысты жетістіктерді дер уақытында зерттеп тұру қажеттігі күннен-күнге үлкен маңызға ие болуда. Бұл қажеттік тұлғаның қалыптасу процесін тиімді басқару үшін, ондағы жүріп жатқан өзгерістердің тереңдігін, қарқыны мен ерекшеліктерін білу керектігінен туындаған. К.Д.Ушинский : «Егер педагогика адамды барша тараптан тəрбиелегісі келсе, онда ол сол адамды ең алдымен жан-жақты білуі шарт» -деп өз уақытында диагностиканың нақты оқу тəрбие процесіндегі маңызын баса көрсеткен.
Диагностика (грек сөзі: диа – ашық, айқын жəне гнозис — білу) – зерттелуші объект немесе процесс жөніндегі ақпараттарды күні ілгері алудың жалпы тəсілі. Педагогикалық даму саласындағы диагностиканың мəн-мағынасы, медицинадағы сырқатты күні бұрын анықтаумен бірдей. Диагностика жолымен тəрбие процесіндегі қандай да өзгерістердің белгілері мен себептері, оның сипаты анықталып, ол тəрбиені болашақта дұрыс жолға келтірудің жоспарына негіз береді. Дұрыс орындалмаған диагностика барлық еңбекті зая етіп, алдағы тұрған мақсатқа жетудің кедергісін азайтпақ түгіл, оны асқындырып жібереді. Сондықтан да, даму желісін диагностикалау жоғары мамандық пен жауапкершілікті талап ететін өте маңызды практикалық іс.