Диагностика

Диагностика (грек сөзі: диа – ашық, айқын жəне гнозис — білу) – зерттелуші объект немесе процесс жөніндегі ақпараттарды күні ілгері алудың жалпы тəсілі. Педагогикалық даму саласындағы диагностиканың мəн-мағынасы, медицинадағы сырқатты күні бұрын анықтаумен бірдей. Диагностика жолымен тəрбие процесіндегі қандай да өзгерістердің белгілері мен себептері, оның сипаты анықталып, ол тəрбиені болашақта дұрыс жолға келтірудің жоспарына негіз береді. Дұрыс орындалмаған диагностика барлық еңбекті зая етіп, алдағы тұрған мақсатқа жетудің кедергісін азайтпақ түгіл, оны асқындырып жібереді. Сондықтан да, даму желісін диагностикалау жоғары мамандық пен жауапкершілікті талап ететін өте маңызды практикалық іс.

Оқушының тəн-дене дамуын диагностикалау қиындық тудырмайды. Бұл үшін бүкіл дүниежүзінде жалпы жəне айрықша сапалардың даму дəрежесін өлшестіруші ерекше тестер (нұсқау-көрсетпелер) қолданылады. Берілген тапсырманы орындауына қарай оқушының қажетті деңгейге, тəн-дене дамуындағы нақты өлшемдерге сəйкестігі анықталады. Алынған деректер жас мүмкіндіктермен салыстырылады.

Рухани, əлеуметтік дамуды диагностикалау үлкен қиындық тудырады. Бұл мақсатта қолданылатын əдістемелер əзірше күрделі, қорытынды дəлдігін қамтамасыз ете бермейді. Диагноз анықтаудың сенімділігін көтеруге орай комплексті тексерістер, антропометриялық, əлеуметтік жəне психологиялық деректер жинақталып, өзара салыстырылады, ал бұл үшін арнайы жабдықталған клиникалар мен зертханалар, дайындықты мамандар қажет. Нақты педагогикалық практикада мектеп психологтары мен мұғалімдері тұлғаның жекеленген қасиет-сапаларын анықтауы мүмкін, бірақ мұндай зерттеулердің нəтижесіне негіздеп, даму құрылымдарына жалпы баға беріп болмайды.

Оқушылардың дамуындағы кейбір ерекшеліктерді диагностикалау-дың қарапайым əдістерін үйреніп алу кəсіби педагогикалық дайындықтың аса маңызды шарты. Мектеп мұғалімдерін аса қызықтыратын жəйттер – оқушылардың ақыл-ой əрекеттерін, мінез-құлық сеп- түрткілерін, қажетсіну деңгейін, көңіл-күй шабытын, əлеуметтік бітістер дамуы мен т.б. маңызды сапаларын күні ілгері байқастыру. Аталған сапаларды зерттеудің кең тараған əдісі — бұл тестілеу.

 

 

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *