ЖАҒАЛБАЙЛЫ

ЖАҒАЛБАЙЛЫ
Жағалбайлы
(І нұсқа)
Алау батырға Құдаһияр деген бір жігіт бала: «Құддыс шаһарынан келдім, Пайғамбар (араб) әулетіненмін»,—деп келіп, бала болыпты. Алау батыр бұл баланы «Таза тұқымынан екен» деп, бала етіп, қамқорына алып, әйел алып беріп, отау тігіп, бір шаңырақ етіп қойыпты.
Сол Құдаһиярдан Керейт туыпты. Алау батырға тағы бір бала, ат-есімі Сәду: «Тайм деген елден келдім»,—деп, бала болыпты. Сәду жігіт болып өскен соң, масаты шұлғанып мәсі-етік киіп, мол қаракөл елтірілі жағасы бар мәуіті шапан киіп, ел аралап балгерлік жасап, адам емдеп, жаурыншы-балгер атанып, сал-сері жігіт болып жүріпті.
Сөйтіп жүріп елден алған малын жинап, байыған еді дейді. осыған орай ол «Жағалы бай» атанып, кейін ел оны «Жағалбайлы» атап кетіпті. Алау батыр осы киімді ұлына да әйел алып беріп, бір шаңырақ етіп қойыпты.
Сәду [ден]—Шербұға, [одан]—Мелде би туған, ал оның ұрпақтары кейін «Жағалбайлы руы» атанған дейді.

Жағалбайлы(ІІ нұсқа)
ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан ауызекі шежіремізде Жетіру бірлестігіне енетін рулардың шығу тегі де Бекарыс ұрпақтары—ағалы-інілі Арғымақ пен Алау есімдерінен бастау алып жатады.
Әуелі Арғымақтан Телеу туған екен дейді. ол рамаданды өзіне еншілес қылып алады. Жаугершілік, шапқыншылық көп сол заманда Алау батырға да әр жылдарда басқа жақтар дан Сәдір, Нәдір, Қылуар, Сәбдан деген балалар келіп паналап, оның бала- сы Алшынмен еншілес атанады. Кейін Сәдірден—Тама, Табын; Нәдірден—Кердері, Қылуардан—Керейт туады. Сәб даннан— Қарақатыс (Жауырыншы), одан—Мелде, одан Елеу мырза туады. осы Елеуден он екі ата Жағалбайлы тарайды.
 [Торымның «Сексен» атануы]
Торымның «Сексен» атану мәнісі былай болған еді дейді. Қалмақтар екі жүзге жуық адам Торымның ауылын шауып, мал-мүлкін, қыз-келіншектерін тұтқындап алып, ауылдан же ті-сегіз шақырымдай шыққан соң, алдын ала дайындалып тұрған қаруланған таңдаулы Торым бастаған 80 (сексен) жігіт қалмақтарға бір бүйірден ұрандап «Айыртау!» «Айыртау!» деп тиіседі де: «Біздер сексенбіз, сексеніміз де қарға қару ілгенбіз, қалмаққа кез келтір деп Құдайдан тілегенбіз! Тілегімізді Құдай беріп, кездестік. Енді еттеріңді жеп, сүйектеріңді кеміретін мына біздер!»—деп, сексен жігіт қалмақтарға құлшына, ашынып тиеді. Тосыннан, ойламаған жерден шабуылға шыққан сексен жігіт өздерінен екі есе көп қалмақтарды қырып, жайратып салыпты. Аман қалған бір бөлігі қашып, құтылып кетеді. Айдап кеткен малдарды кейін қайтарып, қыз-келіншектерді аман-есен ауылға алып келеді.
Сол күннен бастап, «Торымның сексен жігіті қалмақтарды қырып салыпты» деген сөз елге тарап, Торымды «Сексен» деп атап кетіпті дейді.
Қосқұлақ
Асан—Қосқұлақ—Алшынбай, Байжан, Мерген (Назарқұл). Қосқұлақ бір себептермен ағасы Шатырқұлға өкпелеп, Хиуа, Бұхар еліне кетіп қалған екен дейді. Сол елден Смамут деген қожаның үлкен қызына үйленіп, онан Алшынбай атты ұлды болыпты. оған Смамут атасы да көмек жасап, өзі де еті тірі батыр, қайраты мол жігіт болғандықтан, мал жинап, тұрмысын түзеп, байлардың қатарына қосылып, бір еліне хан болып сайланып тұрыпты дейді.
Көп жыл өткен соң шешесі Шарипа артынан іздеп барып (шешесінің айтқанына көніпті) Қосқұлақты еліне қайтарып алып келген екен дейді. Елге қайтарында Смамут қожа: «Қызым, елді сағынып жыламай жүрсін, жалғызсырамасын»,— деп, бір баласын қызына қосып ертіп жіберіпті. Сол еріп келген бала Қожа Алшынбай ұрпақтарымен бірге өсіп, сіңіп, оның ұрпақтары да «Алшынбаймыз!» деп аталып кетеді.
 Жамансары
Жамансары бәйбішеден: Сағыр, Танаш, жеңге алған әйе лінен: Кепер, Шодыр, Жолдыбай.
осы бес баладан ұрпақ тарап өскен, ұрпағы аздау. Қожастың
бір әйелінен: Баби, Сырлыбай, Байғара, Теке. Шешелері қартайғанда бір ұл туыпты дейді. Байғара мен Теке шешесінің қартайғанда екіқабат болып, ұл туғанын ар көріп, ерсі деп біліп, ұлдың кімнен екендігін біле алмай күмәнданып, шешесін өлтірмекші болыпты дейді. Сонда Баби хан екі інісіне тоқтау салып: «өзім барып, туған баланы көріп, шешеммен сөйлесейін, сендер шыдаңдар»,—деген екен. Баби хан барса шешесі шымылдық ішінде отыр екен дейді, баласына көрінбей жасырынып отырыпты. Баби хан қасындағыларымен ауқаттанып, жайланып болған кезде бір жақын жеңгесі: «Хан қайным, інілі болдыңыз, көрімдік бересіз»,—дейді. Сонда Баби: «Алып кел, көрейін!»—деп, құндақтағы баланы шештіріп, жалаңаштап, көтеріп тұрып күннің сәулесінен қараса, бала шыныдай таза, мөлдіреген сары бала екен, жарғақтай жұқалығынан күннің көзі көрінетіндей еді дейді. Сонан соң Баби: «Әкемнің өзінен болған бала екен»,—деп, «Жамансары» деп ат қойыпты. Жамансары ер жеткен соң киелі, әруақты адам болыпты дейді. Бабидың бір баласы Жалаң көпке дейін балалы болмай, тарығып жүргенде оған Жамансары бата беріп, Жалаңның тұқымы өсіп-өніп көбейген екен дейді.
Бір жылы Жақайымға Бидас, Жандос деген екі бала келіп, қарамағында жүріпті. Бидас (Бида) Жақайымның киімді баласы еді—тегі белгісіз. Жәкең Бидасты (Бида) Көгістің қамқорлығына берген, Көгістің бір баласының есебінде жүрген. Ал Жандостан ұрпақ болмай кеткен дейді.
Бір жаугершілікте Бидастан тараған төрт ұрпақты, тоғыз жастағы Базарды, алты жастағы Пірімжарды, үш жастағы Құдиярды және апасын Бұхардан келген барымташылар тұтқындап, алып кетіпті.
олар сол барымташылардың қолында жүргенде, Базар беталды құладүз, белгісіз жаққа қашып кеткен еді дейді. Ал апамыз да ізінше екі інісін—Пірімжар мен Құдиярды ертіп, Бұхардан қашып шығып, Қарақалпақ еліне келіп, Құдайқұл деген қарақалпаққа күйеуге шығыпты. осы кезде Базар екі інісі мен апасын Қарақалпақ елінен іздеп, тауып алған еді. Ағайынды үш ұл Құдайқұл жездесінің қолында жүріпті, Көк теңізден (Арал теңізінен) ханның жылымына кіріп, балық аулаумен айналысыпты. Пірімжар ағасы мен інісін ертіп Қарақалпақтан қашып шығып, Қызылдың құмының ішімен Қазалыға келіп, онан Сыр бойында (Нұршада) отырған Көлім бет ұрпақтарының аулына келіп қосылып, елге араласып, ұрпақтар тарап, Көлімбетке сіңіп, «Біз Көлімбет тайпасынанбыз!» деп аталып кетеді.
 Назарша
Көгіс—Назарша. Бір аласапыран ел босып жүрген жылы Көгіске Назар және Ша деген екі бала келіп, қамқорлығында жүріпті. Көгіс осы екі баланы өзінің ұлы Бәйімбетке беріп, қамқорлығына алып өсіріп, ел қатарына қосуға тапсырыпты. Бірақ Ша өз еліне (Жобасы Әзірбайжан немесе Түркия елі болу керек) қашып кетіпті де, Назар тұрақтап қалып қойыпты. Сол Назардан ұрпақ тарап, Бәйімбет ішінде өсіп, сіңіп «Біз Бәйімбеттің Назаршасымыз!» деп аталып кеткен еді. Сол екі баланың атын біріктіріп айтып, қазір олар: «Біз Назаршаның ұрпағымыз, «Назарша» тайпасынанбыз!»—деп жүр.

Түйтеұлы Андағұл (Көнсадақ)
Андағұл батыр болған, ал Сары інісі бай болған екен дейді. Жоңғарлармен соғыста Андағұл да Көкшоқай атқа мініп, көнмен қаптаған садағын асынып, жауға аттаныпты. Жауға шабуылға шығар алдында: «Мына бала кім?»—деп сұрағанда: «Көкшоқай атты шапқанда көрерсің, Көнсадақты тартқанда көрерсің кім екенімді»,—деп жауап беріпті. Сонымен сол соғыста ол қалмақтарды қырып-жойып, бетін қайтарып, қуып тастап, көзге көрінген екен. ол осы тұстан бастап «Көнсадақ батыр» атанып кетіп, ал онан тараған ұрпақтар «Көнсадақ» руы атанып қалған дейді.
 Күре
Жаманшаның тоқалы, Сасық пен Сырымбеттің шешесі мырза адам болыпты. үйіндегі бар асты қазанға аямай күреп салып асып, түсіріп жатады екен дейді. үйінен қонақ кетпейтін болған, ағайындары да жиналып келіп ас ішіп тарап жатады екен. осы әйелінің жомарттығына сәйкес Сасық-Сырымбеттен тараған ұрпақтар «Күре» деген ру атанып кетіпті.
 Көзкөне
Көзкөне—аздау ұрпақтаған, аз ру. оның үстіне Жамалайдың балаларының бірі Қаражан деген тентек бала Тілеу мен Қабақтың пір тұтып, отырған жалғыз қожасының жалғыз баласын «ұлықұмның ішінде, түйеңді менің жеріме жіберіп жайдың»,—деп, ұрып өлтіріпті де, мәйітін түйесінің мойнына байлап жіберіпті. Кек алу үшін бүкіл Тілеу мен Қабақтың жігіттері Көзкөне ауылына шабуыл жасапты. Ал Көзкөнелер малы көп байлары Құламан мен Құлтасқа қашып келіп паналапты да, малы жоқ кедейлері Сыр бойына қашып келіп, Бітімбай тобы нағашысына—Бәйімбет руына, енді бір тобы Жақайымның Асан тайпасына, бір тобы Домақ тайпасына келіп паналайды. Сөйтіп, тентек Қаражанның кесірінен тыныш отырған Көзкөнелер жер-суын тастап, басқа руларды сағалап, оларға сіңіп, «Жақайымның Асанымыз, Бәйімбетіміз, Кішкененің Домағымыз!» деп кетті дейді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *