Есім хан (1558-1645)—қазақ ханы, мемлекет және әскери қайраткер. Шығай сұлтанның ұлы. Ел билігін 1598 жылы Тәуекел қайтыс болған соң қолына алып, Қазақ хандығының астанасы Түркістанда билік жүргізген. Ағасы Тәуекел ханмен бірігіп, Түркістаннан Самарқанға дейінгі аумақты қазақ хандығы құрамына қосқан. 1599 жылы Бұхар хандығымен келісім бойынша, Ташкент қаласы мен оның айналасы Қазақ хандығы қарамағына өтті. осыдан бастап Ташкент екі ғасыр бойы Қазақ хандығы билігінде болды. Есім хан билік құрған заманында өз елінің салт-дәстүрлерін құрметтей отырып, қазақтың заң-ережелеріне бірқатар реформалар жасаған. ол бұрыннан келе жатқан дәстүрлі «Қасым ханның қасқа жолы» деген ережелерін басшылыққа ала отырып, заңның кейбір бабтарын толықтырды. Көшпелі тұрмыстың даулы мәселелерін билер соты арқылы шешуде азаматтық, қылмыстық істерді қарауда, әскери-отбасылық қарым-қатынастарда «ата-баба жолы» басшылыққа алынды. Есім ханның кезінде шығарылған бұл ережелер халық ойынан табылып, ол «Есім ханның ескі жолы» деген атпен көпшілікке мәлім болды.