Алла (Аллаһ)—бүкіл ғарышты, тіршілік дүниесін және қиямет қайымды жаратушы, ислам дінінде баршаға бірдей, жал ғыз және құдіреті күшті Құдай есімі.
Құран Кәрімде айтылғандай: «ол Алла біреу-ақ, Алла мұңсыз (әр нәрсе оған мұқтаж). ол тумады да, туылмады. Әрі оған ешкім тең емес» .
Мұсылмандардың түсінігі бойынша, Алла Тағала әлемді, жерді, өсімдіктерді, жануарларды және адамды жаратты. ол адамдардың тағдыры—жазмышты белгілейді. Қияметте Алла барлық өлгендерді тірілтеді де, пәнидегі істерін таразылап, біреулерін—жұмаққа, енді біреулерін—тозаққа жібереді. Адам дарды дұрыс жолға түсіру үшін Алла Тағала оларға мезгілмезгіл пайғамбарларды жіберіп тұрған. Мұхаммед (с.а.с.) — Алланың адамдарға жіберген соңғы Елшісі; оған Алланың Құраны Жәбірейіл періштенің дәнекерлігімен жиырма үш жылда толық түсті.
Алланың нақты бейнесі жоқ және ол бейнеленуге тиіс те емес. Намаз оқып, сәждеге бас қою арқылы ғана оған берілгендікті білдіруге болады. Ал табынудың басты орны—Меккедегі Қағба, онда аспаннан Алла жіберді деп есептелетін қасиетті қара тас бар.
Алла Тағаланың құдіреттілігін, әділеттілігін, қайырымдылығын, т.с.с. өзіне ғана тән қасиеттерін оның тоқсан тоғыз есімі көрсетеді. Мысалы: Акбар (ең ұлық), Тағала (ең жоғары), Кәрім (жомарт), рахман (мейірімді), рахым (рақымды), Халық (жаратушы), Шәріп (қасиетті), Ахад (жалғыз), Самад (мәңгі), Жаппар (құдіретті), Ғафұр (кешірімді) т.б.
Алланың атын зікір ету рәсімі «Аллаһу акбар» деген мадақ сөзді отыз төрт рет, «Әлхамдулилаһи», «Сұбхан Алла» сөздерін отыз үш реттен айтып, тасбих тастарын санамалау арқылы жүзеге асады.