Өсімдік өркендерін, жапырақтарын, гүлдерін, бүршіктерін сақтау 2 жылдан аспауы керек, ал тамырларды, тамырсабақтарды және қабығын сақтау – 3 жылдан аспауы керек. Көрсетілген мерзімнен ұзағырақ сақтағанда дәрілік шикізат өзінің белсенділігін жоғалтады. Жалпы орташа алғанда шикізат шамамен 2 жыл сақталуы керек. Кейбір жағдайларда ол мерзімді қысқартуға немесе керісінше ұзартуға болады:
Улы және әсері күшті шикізаттар.
Эфир-майлы шикізаттар.
Жемістер және тұқымдар.
Бір-бірінен бөлек жеке жайларда сақталуы керек. Шикізаттар сөрелерде (стеллаж), қатарларда (штабель) сақталады. Сөрелермен еденнің арасы 25 см-ден кем болмауы керек. Қатарлар арасы 80 см-ден аз болмауы керек. Қатарларға шикізат атын, жиналған жылын, айын көрсетіп, этикетка жапсырып қою керек. Жайдың ішін және сөрелерді жыл сайын дәрілеп (дизенфекциялап) тұру керек. Әрине әдебиеттерде келтірілген дәрілік өсімдіктерді жинау күнтізбесін биологиялық тұрғыдан дұрыс түсінген жөн. Дәрілік өсімдіктердің бөліктерін жинау олардың вегетациялық өсіп дамуының ерекшеліктеріне тікелей байланысты. Қандай вегетациялық күйде жинау ол ББЗ қай кезеңде мол жиналатына байланысты. Өсімдіктерді онтогенездік тұрғыдан зерттеудің нәтижесінде дәрілік өсімдіктердің әрбір түрінің ең тиімді жинау кезеңдері анықталады. Әрине өсімдікті жинаудың нақтылы күнтізбесі мемлекетіміздің географиялық аймақтарына, климат жағдайларына бағынышты. Мысалы зире (carum – тмин) және жемістері оңай шашылатын өсімдіктердің жемістерін, тұқымдарын «шық» (роса) кеппей ерте таңертеңгісін жинайды, ал жер үсті мүшелерін керісінше «шық» кепкеннен кейін жинайды. Осыған байланысты дәрілік өсімдіктің әрбір түріне байланысты олардың шикізатын жинау ережесі бар.
Шөптер.
Табиғат жағдайында шикізат жинаушылар егер де өсімдік сиректеу кездесетін болса, оны пышақпен, ал егер де өсімдік көп – жиі топтала кездесетін болса – орақ, секатор арқылы жинайды. Егер өсімдік көпжылдық болса оны жер асты мүшелерімен қоса қопарып, жұлып алуға болмайды.
Жапырақтар.
Сағақтарымен, сағақсыз шикізаттың сипатына байланысты қолмен қыршып жинайды. Егер де шикізаты сабақсыз өсімдіктердің жапырақтарында (розеточные) болса, онда оларды пышақпен тамырына зақым келтірмей кесіп алады. Ірі шөптесін өсімдіктердің қос жапырақтарының тек ірі жақсырақ дамып жетілгендерін жинайды.
Гүлдер.
Гүлдерді жинау техникасы ол гүлдің мүшелеріне, орналасуына байланысты (жеке ме, жоқ әлде, гүл шоғы түрінде ме). Аюқұлақ (verbascum – коровяк) күлтелерін жай гүлдерден жұлып алуға болады; ақбадамның (sambucus – бузина) гүлдерін қалқан сияқты кесіп алуға болады. Дәрілік түймедағының (matricaria recutita – ромашка лекарственная) себеттерін (корзинка) қыршып жинауға болады. Дәрілік ағаш өсімдіктерінің гүлдерін, мысалы жөке ағашының (tilia – липа) гүлдерін сатыға шығып гүлдері бар өркендерін қайшымен кесіп алу керек.
Жемістер және тұқымдар.
Шөптесін өсімдіктердің құрғақ жемістерін және тұқымдарын, жер үсті мүшелерін орақпен кесуге болады. Жидектерді қолмен жинап алды. Шырынды жемістерді (шетен – sorbus – рябина, мойыл – padus – черемуха) соплодин түрінде (гүлшоғы) бақша секаторымен кесіп жинайды.
Тамырлар, тамырсабақтар, түйнектер.
Жер асты мүшелерін жинау үшін күрек, қайла (кирка), кетпен, шот (мотыга) арқылы топырақтан қазып алады. Аспапты таңдау өсімдіктің өскен жерінің топырақ ерекшеліктеріне байланысты. Мемлекеттік немесе жекеменшік шаруашылықтарда өсімдіктердің тамырларын, тамыр сабақтарын жинау механикаландырылған. Мысалы, мия тамырдың (glycyrrhisa uralensis – солодка уральская) тамырын ол өскен жерлерден топыраққа терең енетін соқаларды пайдаланып трактордың көмегімен қазып алады.
Қабық.
Өсімдікті шырыны қозғалысқа келген кезеңде жинайды. Өйткені бұл кезеңде қабықты ксилемадан оңай ажыратып алуға болады.
Жас ағаштар және бұталардың бұтақтарынан, діңдерінен бақша пышағымен жартылай шар немесе шар тәріздес көлденең бірінен-бірі 20-25 см қашықтықта кесіп – тіліктер жасайды. Сосын ең жоғарғы көлденең кесіктен бастап ұзына бойы 2-3 кесіктер жасайды. Соның нәтижесінде пайда болған қабық жолақтарын төменгі кесікке қарай тартады, бірақ оған жеткізбейді. Сол күйінде қабық жолақтары біраз уақытқа қалдырылады. Шамалы солып, кебіңкірегеннен кейін сыпырып алады.
Бүршіктер.
Әртүрлі әдістермен жиналады:
— Қарағай (Pinus) бүршіктерін коронканың астынан кесіп жинайды.
— Қайың (Betula) бүршіктерін әдетте сыпырғы дайындағанда бұтақтарды кесу арқылы жинайды.
— Теректің (Populus) бүршіктерін бұтақтардан ақырын жоғарыдан төмен қарап басу арқылы ажыратып алады.
Осылайша шикізат ретінде жиналған өсімдіктің мүшелерін алғашқы өңдеуден өткізу қажет. Олардың барлығы әртүрлі қоспалардан тазартылады. Содан кейін кептіруге дайындалады.
Қалай кептіру керек екендігі туралы жоғарыда айтылды.
Кептірілгеннен кейін дәрілік шикізаттар стандарттық күйге келтіріледі. Яғни сапасы жағынан ГОСТ, ФС, ВФС стандарттарының талабына сай болуы керек. Дәрілік өсімдік шикізаттарының сапасы мемлекеттік органдар бекіткен стандарттардың талабына міндетті түрде сәйкес болуы керек.
— ГОСТ дегеніміз бұл КСРО кезінде бекітілген мемлекеттік стандарт.
— ФС дегеніміз фармакопеялық статья.
— ВФС дегеніміз временная фармакопейная статья.
Бұл жоғарыда келтірілген талаптар біздің Қазақстанда күшін жойған жоқ. Өйткені дәрілік шикізат дегеніміз ол бүкіл дүниежүзілік маңызы бар нәрсе. Сондықтан оған қойылатын талап өте жоғары болуы керек. Яғни, халықаралық деңгейдегі талапқа сәйкес болуы керек. Дәрілік өсімдік шикізаты туралы фармакопеялық мақала жазылғаннан кейін оның ішіндегі шипалық қасиеті жоғары болып медициналық практикаға ендірілгендері Мемлекеттік Фармакопеяға ендіріледі.
Дәрілік өсімдік шикізатына қатысты жасалған ФС және ВФС белгілі бір талаптарға сәйкес жасалуы керек.
ФС және ВФС-ті дәрілік өсімдіктер шикізатына қатысты былайша хаттау керек. Мақаланың (ФС) басында шикізаттың аты латынша, орысша, қазақша беріледі. Одан кейін сол шикізатты беретін өсімдік және оның қай тұқымдасқа жататыны (орысша, қазақша, латынша) беріледі, шикізаттың жиналған уақыты қандай ауруларға арналғаны көрсетіледі. Одан кейін белгілі бір тәртіппен жазылады:
Шикізатты кесу – шикізатты бөлшектеу мөлшері және оның сипаттамасы;
Микроскопиясы – шикізаттың диагностикалық белгілері келтіріледі;
Сапалық реакциясы – микрохимиялық реакциясы, хроматографиялық сынағы;
Сандық көрсеткіштері – ББЗ-дың пайыздық мөлшері, экстракты заттардың, ылғалдың, күлдің, шикізаттың бөлшектерінің мөлшері және оның ауытқу мүмкіндігінің шегі, органикалық және минералдық қоспалары көрсетіледі;
Бақылау әдістері;
Буып-түю немесе орау;
Таңбалау, тасымалдау, сақтау;
Жарамдылық мерзімі.
Негізгі фармакологиялық әсері (медицинада қолданылатын өсімдік шикізаты үшін). ФС және ВФС бекітілгеннен кейін денсаулық сақтау министрлігінде тіркеледі. Меншіктілігі көрсетіледі, ол меншіктікте министрлік индексі, тіркелген номері және бекітілген жылдың соңғы екі саны көрсетіледі.