Құқық — қоғамдық қатынастарды мемлекеттік реттеуші.
Заң ғылымындағы көп мағыналы, күрделі ұғымдардың бірі – «құқық». Құқық – бұл мемлекет бекіткен және рұқсат еткен жалпыға бірдей міндетті менез — құлық ережелері.
Құқықтың мазмұны қоғамдық қатынастарды реттеуге бағытталады. Ол ресми түрде танылған және заңды тұлғалардың заңға сүйене отырып, әрекет жасау мүмкіндігі. Ұзақ уақыт бойы құқық мемлекетпен бірге дамып отырған мемлекеттің жемісі, мемлекет түрлеріндегі таптық билікті іске асыру құралы ретінде қаралды.
Құқықтың маңыздылығы сол, ол әлеуметтік әділеттілікті, қоғам азаматтардың қажеттіліктері мен мүддесін белсенді түрде қанағаттандырады. Күнделікті адамдардың тіршілік қызметіне, мінез – құлқына және тұрмыс дәрежесіне әсер етіп, оларды ұйымдастыра отырып, бақылауды іске асыратын құрал. Қоғамдық қатынастарды тәртіпке салып, жеке адамның бостандығын анықтайды. Құқық заң алдындағы азаматтардың теңдігін бекітеді, материалдық құндылықты әділетті түрде бекітіп қана қоймай, дұрыс пайдалануға жағдай жасайды.
Құқық халықаралық және ұлтаралық қатынастардың шешуші құралы.
Тарихи дамуға, қоғамның жаңаруына байланысты, қазіргі замандағы өркениетті мемлекеттерде құқық барлық азаматтардың еркін білдіретін саяси құралға айнала бастағанын мойындау керек.
Сонымен, құқық – күрделі әлеуметтік құбылыс.
Құқықтың негізгі белгілері:
1) жалпыға міндеттілігі;
2) нормативтілігі;
3) жігерлілігі;
4) мемлекетке байланыстылығы;
5) жүйелілігі;
6) жария айқындылығы,
7) адамның бостандығы және мінез – құлқының өлшемі.
Осылармен қатар, құқық қоғам мүддесі мен еркін білдіреді. Құқық қоғамда нормативті тәртіппен бостандықты қамтамасыз етіп, кепілдік беруші, экономикалық және қозғаушы күштердің дамуына жағдай жасаушы.
Құқықтың мәні дегеніміз өркениет жағдайындағы қоғамдық қатынастардың реттелуі, қоғамның тұрақты ұйымдастырылуын қамтамасыз ете отырып, демократияның, экономикалық бостандықтың, жеке адам құқығының шын мәнінде іске асырылуы.
Құқық мәнін қараған кезде, оның, 1-ден, заңға сәйкестілігін, яғни кез — келген құқық реттеуші екендігін; 2-ден, мағыналылығын, яки көрсетілген реттеушінің кімнің мүддесін қорғайтынындығын ұмытпауымыз керек.
Құқық мәнінің екі жағын атап көрсетуге болады:
1) таптық, мемлекеттегі экономикалық билік етуші таптың мүддесін заңды түрде қорғайтын мемлекет тарапынан кепілдік беретін заң нормаларының жиынтығы;
2) жалпы әлеуметтік, мұнда құқық мәнінің қоғамның әртүрлі таптары және әлеуметтік топтары арасындағы ымыраластырушы ретінде көрінуі.
Құқықтың мәні туралы голланд мемлекеттік қызметкері және философ Г.Гроций және француз ойшылы Ж.Ж.Руссо, ағылшын философы Т.Гоббс талдау жасаған.
Құқықты әртүрлі мағынада қолданамыз:
1) субъективтілігі – тұлғалардың мүддесін қанағаттандыру мақсатымен құқықтық нормалардың құқық тұлғаларына берген құқықтық мүмкіндіктері. Субъективтік құқық – субъектінің еркі және санасына байланысты іске асырылады. Мысалы, азаматтардың еңбек етуі, білім алуы, меншік иесі болуы, кәсіпкерлікпен шұғылдануы.
2) объективтілігі – жалпыға міндетті, қоғамның бекіткен және қамтамасыз етілген заң нормаларының жиынтығы. Бұл заң нормалары қоғамдық қатынастарды реттеуге арналады. Объективтік құқыққа нақты бір мемлекеттің заңдары, заңды салт – дәстүрлері, сот прецеденті және нормативті келісімдері жатады. Оның объективтілігі сол, ол жеке тұлғаның еркі мен санасына қатыссыз жасалады.
3) табиғилығы, өмірден алынатын, заттардың табиғи тәртібінен пайда болатын, еш жерде бекітілмеген құқық жүйесі. Мысалы, өмір сүру, туылу, бостандық т.б. құқықтар.
4) позитивтілігі, ол заңдар мен құқықтың басқа қайнар көздерінде белгілену. Бұл құқық саласы қоғамдық ұйымдар және адамдар – заң шығарушылар, соттар, құқық субъектілерінің құқық шығармашылық қызметінің арқасында пайда болады.
5) жариялылығы, мемлекеттік істер саласына, яғни жария билікті атқарушы мемлекет құрылымы және қызметіне, билік бастамасы негізінде құрылған барлық көпшілік институтына қатысты іске асырылады.
6) меншік құқығы, жеке істерге, яғни жеке адам бостандығының статусы, автономия бастамасы негізінде құрылған институттарға субъектілердің заңды теңдігі, олардың бір – біріне сай келмеуіне қатысты жүреді. Меншік құқығына азаматтық құқық, отбасылық құқық т.б. жатады.
Құқықтың негізгі белгілерінің бірі мемлекетпен тығыз байланыстылығы.
Оның белгілері мына жағдайларда көрінеді:
1) мемлекет арнаулы түрде құқықты белгілейді, мемлекет тарапынан күштеу әдісін қолдана отырып, оның орындалуын қамтамасыз етеді.
2) құқық мемлекеттің еркін нормативті түрде көрсете отырып, таптардың, жалпы — әлеуметтік және т.б. топтардың мүдделеріне сәйкес мемлекеттік қатынастарды реттейді.
3) құқықтың жалпыға міндеттілігіне сәйкес ерекше әлеуметтік реттеуші ретінде, құқықтық және құқықтық емес мінез – құлықтың өлшемі түрінде пайдаланылады.
4) басқа әлеуметтік нормалардан құқықтың реттеушілік ролінің ерекшілігі, оның нормаларының көп бөлігі өкілдік – міндеттілік мазмұнға ие.
Құқықты анықтау үшін тарихта көптеген ғасырлар бойы ғалым – заңгерлер, философтар құқықтық – теориялық концепцияларға қатысты құқық мектептерін құрды:
а) нормативті;
ә) тарихи;
б) психологиялық;
г) әлеуметтік;
д) табиғи – құқықтық т.б.
7. Әлеуметтік нормалар жүйесі.
1. Нормативті және нормативті емес реттеушілер.
2. Әлеуметтік нормалар.
3. Техникалық нормалар.
Адамдар көптеген ғасырлар бойы әртүрлі ережелер мен нормаларды қалыптастырды. Бұл нормалар қоғамдық қатынастарды реттеуші болып табылады және көпшілік жағдайларда ерікті түрде жүзеге асырылады. Бұл нормалар айқын, арнайы актілерде баяндалып жүйеге келтіріледі. Оларға құқық, мораль, саяси, эстетикалық, корпоративтік, әдет – ғұрыптар, дін нормалары т.б. жатады. Сөйтіп, нормалар дегеніміз қоғамдық қатынастарға қатысушылардың мінез – құлық ережелері, үлгілері, өлшемдері.
Адамзат б.д.д. III-II ғасырлардың өзінде-ақ әлеуметтік реттеу нормаларынсыз қоғамдық өмірді реттеу мүмкін еместігін түсінген.
Қоғамдық әлеуметтік – қатынастардың реттеу шеңбері өте кең: діни реттеуден таптық реттеуге дейін, мінез – құлықтан (ағылшын сөзі «behaviouz» – бихевиористика – мінез-құлық) кибернетикаға дейінгі алаңды қамтыйды. Қоғамдық қатынастарды реттеуді нормативті және нормативті емес деп бөлеміз.
Нормативті реттеу дегеніміз қоғамдық қатынастарға қатысушылардың мінез – құлқының нақты нормасы.
Нормативті реттеуге мыналар жатады:
— құқықтық;
— моральдық;
— заңды – техникалық;
— нормативті – техникалық;
— корпоративті (топтық);
— салт –дәстүр,
— дін т.б.
Нормативті реттеу жиынтығы әлеуметтік – реттеушілік жүйені құрайды.
Нормативті емес реттеушілік жүйеге мыналар жатады:
— мәнділігі;
— нұсқаулылығы;
— хабарлылығы;
— болжамдылығы т.б.
Заң ғылымында қоғамға әсер етуші нормаларды екі топқа бөледі:
1) әлеуметтік нормалар;
2) техникалық нормалар.
Қоғамдық әлеуметтік нормалар дегеніміз қоғамдық қатынастарды реттейтін, қоғамның пікір – күші ықпалымен немесе мемлекеттің мәжбүрлеуімен қамтамасыз етілетін, қоғамдағы адамдардың мінез – құлқы, жүріс – тұрыстары ережелерінің жүйесі. Қоғам реттеусіз өмір сүре алмайды.
Әлеуметтік нормаларға мыналар жатады:
1) құқықтық;
2) моральдық;
3) саяси;
4) діни;
5) эстетикалық;
6) салт – дәстүр;
7) корпоративті нормалар, яғни бұларды нормативті реттеушілер жүйесі деп те атаймыз.
Әлеуметтік нормалардың мынадай ерекшеліктері бар:
а) реттеу пәніне терең әлеуметтік – қоғамдық қатынастар жатады;
ә) «субъективті құрамы», тек әлеуметтік саланың өкілдері ретінде адамдармен байланысты.
Мораль – адамдардың мінез – құлқын қайырымдылық және зұлымдылық, әділеттілік және әділетсіздік тұрғысынан реттелетін нормалар мен принциптер жүйесі. Құқық жалпыға міндетті қоғамдық қатынасты реттеуші.
Құқық пен моральдың жалпылама ерекшіліктері:
а) әлеуметтік нормалар жүйесіндегі ең көп қоғамға таратылған жүйелер;
ә) олардың жалғыз реттеу объектісі – қоғамдық қатынастар;
б) олардың қоғамнан шығатындығы.
Құқық пен моральдың өздеріне тән айырмашылықтары да бар:
1) пайда болу жағынан: мораль – қоғаммен бірге пайда болса, құқық – мемлекетпен бірге пайда болады;
2) көрінісі жағынан: мораль – қоғамдық санада көрінсе, ал құқық жазбаша түрде арнаулы актілерде көрінеді;
3) іс — әрекет саласы бойынша: мораль барлық қоғамдық қатынастарды реттесе, ал құқық тәртіптілікті қажет ететін саланы реттейді;
4) іс — әрекет ету уақыты бойынша: мораль нормалары ұғыну бойынша енгізілсе, ал құқық – нақты белгіленген мерзімде енгізіледі;
5) қамтамасыз ету әдісі бойынша: мораль нормалары қоғамның әсерінен қамтамасыз етілсе, құқық нормалары мемлекет тарапынан қамтамасыз етіледі;
6) құндылық өлшемі бойынша, мораль қоғамдық қатынастарды қайырымдылық және зұлымдық, әділеттілік және әділетсіздік тұрғысынан реттесе, ал құқық – заңды және заңсыз, құқықтық және құқықтық емес жағынан реттейді.
Діни нормалар деп әртүрлі дінге сенушілердің бекіткен және дін иелерінің міндетті түрде орындауына жататын ережелер. Олар Құранда, Суннада, Талмурда т.б. діни кітаптарда көрсетілген. Осы діни нормалары арқылы діни – салт дәстүрлерді өткізу тәртібі, шіркеу қызметінің тәртібі, діни ұйымдарды ұйымдастыру және оның қызметі, тәртібі анықталған. Бұл діни нормалар тұтас дәуірлер бойы заңды мәнге ие болып, саяси – мемлекеттік, азаматтық – құқықтық, отбасы – неке т.б. қатынастарды реттеген.
Қазіргі кезде көптеген мұсылман елдерінде Құран мен Сунна негізгі діни, құқықтық және моральдық қатынастырды реттеуде. Бұл діни нормалар мұсылмандардың өмірінің барлық жағынан қамтыйды. Діни бірлестіктер заңды тұлға статусына ие бола алады. Олар храмдар, сыйыну үйлерін, оқу орындарын аша алады.
Корпоративті нормаларға корпоративтік және коммерциялық ұйымдарының жарғыларындағы, ерікті қоғамдар, кәсіподақтар, партиялар құжаттары мен жарғыларындағы нормалар жатады. Құқық нормалары сияқты корпоративтік нормалар арнаулы актілерде көрсетіледі. Олардың айырмашылығы корпоративті нормалар ұйымдарға жататын мүшелердің ғана мүддесін қорғайды, ал құқық жалпыға тән. Корпоративті нормаларды бұзушыларға ұйымдар жарғысында көрсетілгендей шаралар қолданылады.
Техникалық нормалар дегеніміз адамдардың табиғи заттар мен еңбек құралдарына ұтымды түрде қарау ережелері.
Техникалық нормалардың сапалылығы ретінде құрылыс жұмыстарын орындау ережелерін, шикізатты пайдалану нормаларын, мемлекеттік стандарттарды, техникалық жағдайларды айтамыз.
Техникалық нормалардың мынадай ерекшеліктері бар:
а) реттеу пәні тек әлеуметтік тұрғыдан көрінеді;
ә) «субъективті» құрамы адамдармен ғана емес, сыртқы ортамен, табиғатпен, техникамен байланысты.
Әлеуметтік және техникалық нормалар бір–бірімен тығыз байланысты. Қоғам үшін техникалық нормалардың маңызы зор. Соған байланысты техникалық нормаларды мемлекет және құқық қолдап отырады. Бекітілген техникалық – заңды мінез-құлық ережелері жалпыға міндетті. Техникалық нормаларды бұзу заңды жауапкершілікке тартылумен аяқталады. Мысалы, өндірісте құрылыс жұмыстары қауіпсіздік ережелерін бұзғандығы үшін жауапкершілікгі қылмыстық заңмен қаралады.
Адамдардың бірлескен өмірлік қызметіндегі нормалар халықаралық келісімдерде (конвенцияларда); конституцияларда; әртүрлі партиялардың, ұйымдардың жарғыларында; кодекстерде; заңдарда; моральдық талаптарда; діни салттарда; мәдени дәстүрлерде;саяси міндеттемелерде көрсетілген. Осы нормалардың көмегімен адам өміріндегі барлық қатынастарды реттеп отырады. Әлеуметтік нормалар туылғаннан бастап, қайтыс болғанға дейінгі аралықта қызмет етеді.
8. Құқық нормасы.
1. Құқық нормасына түсінік және оның белгілері.
2. Құқықтық нормалар түрлері.
3. Құқық нормаларының құрылымы.
Құқық нормасы – қоғамдық қатынастарға қатысушылардың құқықтары мен міндеттерінен туатын, жалпыға міндетті мемлекет бекіткен мінез – құлық ережелері.
Құқықтық норма заңды ресмилендірілген нормативтік нұсқау. Сондықтан оны мемлекеттік және қоғамдық ұйымдар, лауазымды адамдар мен барлық азаматтар сақтауға міндетті. Заң нормасы – құқық жүйесінен пайда болатын алғашқы құқықтың клеткасы. Соған байланысты ерекше әлеуметтік құбылыс ретінде өзіне тән белгілері бар. Құқық және құқық нормалары бір-біріне сай келмейді. Олар жалпы және жеке түрде қатынаста болады. Құқық — бұл құқықтық нормалардың жиынтығы, ал құқықтық норма ең маңызды қоғамға және тұлғаға қатысты өте қажет қоғамдық қатынастарды реттеуші. Құқықтық нормада қоғам және тұлға үшін зиянды қатынастар да бейнеленеді. Құқық нормаларын өз органдары атынан мемлекет бекітеді және ол орындалуға міндетті, оны бұзғандар заң алдында жауапкершілікке тартылады.
Құқық нормалары міндетті түрде әрбір құқық саласына сәйкес арнайы кодекстерде тұжырымдалады.
Құқық нормаларының ерекше белгілері мыналар:
1. Жалпыға міндеттілігі – бұл мемлекет азаматтарының мінез – құлқындағы орындалуға міндетті мемлекеттік билік жазбалары;
2. Формальды анықтылығы, яғни құқық нормаларының белгілі ережелерге сәйкес қатаң түрде арнаулы құжаттарда жазылуы;
3. Құқық нормалары мемлекеттің күштеу әдістерінің әсерінен бұзылудан қорғалады;
4. Құқық нормалары жалпыға міндетті екі бағытта құқықтық жазбалардан тұрады:
1) мінез-құлық ережелері;
2) негізгі нормалар.
Мінез – құлық ережелері — бұл нағыз реттеуші нормалар. Бұл нормалар құқықтық нормалардың үлкен бөлігін құрайды. Қоғамдық қатынастарға қатысушылардың субъективті құқықтары мен заңды жауапкершілігін белгілейді.
Негізгі (атқарушы, құрушы) нормалар – бұл норма – прициптер, норма – дефиницилер т.б.
Бұл нормалар құқықтық реттеудің бастамасын қалайды, құқықтық реттеудің бағыттарын анықтайды;
5. Құқық нормаларының мемлекетпен байланысы. Оны мемлекеттік
органдар белгілейді және мемлекеттік әсер ету шараларымен қамтамасыз етіледі. Құқықтық норма – қоғамдық қатынастарды мемлекеттік реттеуші болып саналады. Мысалы: саяси билікке, басқаруға, әділеттілікке қатысты азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғау т.б. қатынастарды реттейді;
6. Құқық нормалары – заңды және заңсыз мінез-құлықтың, құқықтық және құқықтық емес іс-әрекеттің өлшемі ретінде, рұқсат етілген және рұқсат етілмеген адамдардың мінез-құлқының моделі, эталоны, өлшемі және көлем ретінде көрінуі. Сөйтіп, құқық нормасы мемлекет қалыптастырған және бекіткен жалпыға міндетті адамдардың мінез-құлық ережелері. Ол негізгі құқықтық прициптерге сай жүргізіледі және мемлекет күштеу әдістері қажет деп танылған жағдайда қамтамасыз етіледі.
Құқық нормасы кімге бағытталса, оны сол орындауға міндетті. Бұл міндеттегі барлық тұлғаға қатынасты және ол біртекті, ұқсас көптеген өмірлік жағдайларды реттеуге арналады. Заң нормаларын өз жазбаларының мазмұнына сәйкес бірнеше түрлерге бөлеміз:
1) реттеуші, құқық қорғаушы, басқарушы;
2) тиым салушы, міндеттеуші;
3) императивті, диспозитивті.
Реттеуші нормалар қоғамдық қатынастарға түсуші субъектілердің субъективті құқығын және заңды міндеттілігін, олардың пайда болуын және әрекет жағдайын анықтайтын нормалар.
Құқық қорғаушы нормалар қоғамдық қатынастарға түсуші субъектілердің құқықтық жауапкершілігінің шегін және мемлекеттің күштеу шараларының субъектіге қолдану жағдайын, белгіленген шаралардың мәні мен мазмұнын анықтайды.
Басқарушы нормалар қоғамдық қатынастарға түсуші субъектіге қандай да болсын іс-әрекет жасауға құқық беретін нормалар.
Тиым салушы нормалар – бұл нормалар субъектінің қандай іс-әрекетке өзін-өзі тоқтату қажет екендігін көрсетеді.
Міндеттеуші нормалар – бұл нормалар субъектінің іс-әрекетіндегі іске асыруды қажет ететін міндетін көрсетеді.
Императивті нормалар – бұл қатаң талаптармен жазылған жазбаларда көрсетілген және құқық субъектілерінің мүддесіне тәуелсіз іс-әрекет ететін нормалар.
Диспозитивтік нормалар – бұл әр–түрлі тұлғалардың осы норма реттейтін қатынастардағы мәселелерді өз еріктерімен реттеуі.
Құқық нормаларының әрекет ету мерзімі оның заңды күшіне енумен анықталады. Оның заңды күшіне ену мерзімі нормативті актіде,не болмаса жарияланғаннан кейінгі он күннен кейін енуге тиіс.
Құқық нормалары өз әрекетін жойғанда, оны алмастырғанда немесе әрекет ету мерзімі біткенде тоқтатылады. Құқық нормаларын нақты тұлғаларға, ұйымдарға, кәсіпорындар мен мекемелерге қатысты қолдана отырып, өмірге енгізуге және тәжірибелік мәнге келтіру құқық нормаларын іске асыру тетіктерінің көмегімен атқарылады. Бұлар мыналар:
а) сақтану – рұқсат етілмейтін әрекеттерді істеуден тартыну;
ә) арқару – құқық нормасы жазбасында келтірілген міндеттерді атқаруға бағытталған белсенді әрекет;
б) пайдалану – құқық нормасында берілген құқықтарды пайдалану:
в) қолдану – мемлекеттің құдіретті органдарының нақты тәжірибелік қызметі.
Оның субъектісі нормативті акті шығаруға арнайы өкілеттігі бар орган немесе лауазымды тұлға. Құқық нормасын қолдану актісі нақты бір жеке немесе заңды тұлғаға бағытталады.
Құқық нормаларының топтастырылуы:
— құқықтық реттеу пәні бойынша (қылмыстық құқық нормалары, азаматтық құқық нормалары т.б.);
— заңды күші бойынша (заң нормалары және заң негізіндегі актілер нормалары);
— жазбалардың мазмұнының мәні бойынша немесе диспозицияның мәні бойынша (міндеттеуші, тиым салушы, және уәкілетті);
— жазба түрлеріне байланысты (императивті және диспозитивті);
— құқық нормалары қолданылатын субъектілер бойынша (жалпы, арнайы, ерекше);
— құқық нормаларының уақытқа байланысты іс-әрекет етуі (тұрақты, уақытша және төтенше);
— құқық нормаларының кеңістіктегі әрекет ету бойынша (жоғарғы билік органдарының актілеріндегі және жергілікті өзін-өзі басқару актілеріндегі құқықтық нормалар);
— жиынтығы бойынша материалдық және іс-жүргізу құқығы нормалары болып бөлінеді.
Құқық нормасының құрылымы үш бөліктен тұрады: гипотеза, диспозиция және санкция.
Гипотеза (болжам) – құқық нормалары қолданылатын анықталған жағдай, құқықтық нормада көрсетілген мінез –құлық ережелерінің күшіне енетін мезгілі.
Гипотезаны үшке бөлеміз:
1) жай гипотеза;
2) күрделі гипотеза;
3) балама гипотеза.
Диспозиция (мінез-құлық ережелері) – құқық нормасының негізгі бөлігі, осы құқық нормасы реттейтін қатынастарға түсушілердің құқықтары мен міндеттерін іске асыруға тиісті мінез-құлық ережелерін белгілейді.
Диспозиция үшке бөлінеді:
1) жай диспозиция;
2) бейнеленген диспозиция;
3) сілтеме диспозиция.
Санкция (жаза, шара) – құқық нормасының соңғы бөлігі, диспозицияда мазмұндалған әрекет не әрекетсіздік үшін немесе мінез-құлық ережесін сақталмағандығы үшін жауапқа тартылу қорытындысы. Санкцияда мемлекет қандай іс-әрекеттерді, мінез-құлықты қолдамайтындығын көрсетеді.
Санкцияның түрлері:
1) абсолютті–анық;
2) баламалы;
3) салыстырмалы.
Құқықтық норманың мұндай құрылысын логикалық құрылым деп атайды. Сөйтіп, құқық нормасы – гипотезадан, диспозициядан, санкциядан тұратын мінез-құлық ережелері.
Құқық нормалары нормативті – құқықтық актілерде көрінеді.
Нормативті актілер баптары – мемлекеттік биліктің көріну түрі және құқық нормаларын енгізу құралы. Заң (басқа да нормативтік-құқықтық актілер) — нормативтік акт болып саналады.
Заң шығарушы мінез-құлық ережелерін баяндау арқылы құқық нормаларының логикалық құрылымының үш элементін нормативті құқықтық актінің бір бабына енгізеді; нормативті құқықтық актінің бір бабына бірнеше құқықтық нормалар ендіреді; құқық нормалары элементтерін бірнеше әртүрлі нормативті баптарда баяндайды; құқық нормалары элементтерін бір нормативті актінің бірнеше баптарында көрсетеді.
Құқық нормалары және нормативті акті баптарының қатынасын баяндау әдісінің үш түрін көрсетуге болады:
1) тікелей әдіс – құқық нормасы тікелей нормативті акті бабында баяндалған кезде орын алады;
2) сілтеме әдіс – нормативті акті бабының барлық нормалары баяндалмай, осы нормативті актінің басқа бабында көрсетілгенде орын алады;
3) бланкеттік әдіс – нормативті акті бабы негізгі бапта көрсетілмей, қандай да басқа түрдегі нормативті актіге жіберілгенде орын алады.
9. Құқық жүйесі және заңды жүйелеу.
1. Құқық құрылымының жүйесі.
2. Құқық саласының негізгі белгілері.
3. Құқықты реттеу пәні.
4. Заңды жүйелеу.