Қытайдың шығыс бөлігінің ірі өзендері: Янцзы, Сицзян, Миньцзян, Хуанхэ; олардың әрқайсысының жылдық ағыны 50 кле3-ден асады. Янцзының төмен ағысында көптеген көлдер бар, олардың ірілері: Дунтинху, Поянху, Тайху. Шығыс Қытай өзендері мен көлдері кеме қатынасы, ирригация және балық аулау үшін пайдаланылады. Елдің солтүстік-батыс өзендері саяз келеді, олар тұйық шұңқырларға құяды, көлдерді қоректендіреді немесе құмға сіңіп кетеді, көбі құрғақшылық кезеңінде тартылып қалады; ірілері — Жаркент, Ақсу. Тибет таулы қыратының батыс және орталық бөліктерінің өзендері саяз және көп уақыт қатып жатады. Азияның көптеген ірі өзендері (Хуанхэ, Янцзы, Меконг, Салуин, Брахмапутра, Үнді) осы таулы қыраттан басталады. Солтүстік-Батыс Қытай мен Тибет таулы қыратында көл көп, олардың ішіндегі ірілері — Кукунор, Лобнор, Баграшкель, Намцо, Селлинг.
Қытайдың шығыс бөлігінде орман топырағы (орманның шым қабатты күлгін, қоңыр, қызыл т. б.) кең тараған. Өзен аңғарларында, әсіресе олардың атырауларында, егіншілікте кең пайдаланылатын аллювилік топырақтар кездеседі. Негізінен Хуанхэ өзенінің бойында көп тараған лесстік топырақ ауыл шаруашылық үшін өте бағалы. Қытайдың батыс бөлігіне шөлдалалық қызыл қоңыр, қоңыр, сұр қоңыр топырақ тән келеді. Тау бөктерінде сұр, тауда қызыл қоңыр, шалғын, Тибет таулы қыратында таулық суық шөл топырағы тараған.
Қытайдың шығыс бөлігі әр түрлі өсімдікке өте бай (25 мыңнан астам түрі бар). Халық ерте заманнан жиі қоныстанғандықтан орман шағын учаскелер туоіндө (негізінен тауларда) ғана сақталған. Қытайдың батыс жақ аридтік бөлігі өсімдікке әлдеқайда кедей. Мұнда жоғары сатыдағы өсімдіктердің түрі 5 мыңнан аспайды. Ылғалдылығы біршама жақсы. Солтүстік-Шығыс Қытайдың өсімдігі оған қарағанда едәуір молырақ. Хинган маңы — астық тұқымдас әр түрлі шөп өсетін дала. Батысқа қарай атмосфералық жауын-шашын кемуімен бірге, шөбі шүйгін далалар құрғақ далалармен, ал одан әрі батыста шөлейт және нағыз шөл далалармен алмасады. Қытайдың бұл бөлігіндегі далалар мен шөлейт далалар негізінен мал жайылымына пайдаланылады. Тибет таулы қыратындағы суық шөлде жартылай бұта тектес және өте селдір өсімдік өседі, ал шығыс бөлігінің өсімдігі көбірек және әр түрлі. Тау аңғарларының беткейлері — субальпілік шалғын, қылқан жапырақты және жапырақты орман, орманды дала.
Қытайдың жануарлар дүниесі өте бай және алуан түрлі. Сүт қоректілер (400-дей түрі) мен құстарды (1 мыңнан астам түрі бар) қоса есептегенде омыртқалылардың 3,5 мыңға жуық түрі мекендейді. Оңтүстік және Оңтүстік-Батыс Қытайда маймыл, лемур, лори, мүйіз тұмсық, тапир, жолбарыс т.б. тропиктік жануарлар кездеседі. Жануарлардың қытайлық түрі (манчжур қояны, жанат тектес ит т.б.) Шығыс Қытайда тараған. Солтүстік-Шығыс Қытайда жануарлардың оңтүстік түрлерімен бірге сібірлік тайга жануарлары да (изюбрь, құдыр, тиін, сілеусін, бұлғын) бар. Елдің шөл дала бөлігінде Пржевальский жылқысы, құлан, жайран, қос өркешті түйе, тышқан кездеседі. Тибет таулы қыратыңда антилоп — оронго және ада антилопы, қодас, аргали қойы бар, кеміргіштер, жыртқыш аңдар (қасқыр, тибет түлкісі т. б.) және бауырымен жорғалағыштар көп.
Кіші Хинганның солтүстік-шығыс беткейінде У-Ин қорығы, Юньнань таулы қыратында Сосинпан қорығы ұйымдастырылған. Қытай жері табиғат жағдайына қарай Солтүстік-Шығыс Қытай (Дунбэй), Шығыс Қытай, Оңтүстік-Шығыс Қытай, Оңтүстік Қытай, Оңтүстік-Батыс Қытай, Солтүстік-Батыс Қытай, Тибет таулы қыраты аймақтарына ажыратылады.
Халқы. Қытай — көп ұлтты мемлекет. Халқының 95%-і қытайлар (ханьдар), олардан басқа 50-ден астам халық мекендейді. Қытай тілі 7 негізгі диалектіге бөлінеді, бірақ олардың арасындағы айырмашылық үлкен. Қытайдың солтүстік-батысында, Шынжаң ұйғыр автономиалық ауданында түркі тілі тобындағы халықтар — қазақтар (509 мың), ұйғырлар (3640 мың), қырғыздар (71 мың), саларлар (31 мың) тұрады. Біздің еліміз бен Қытайдың бұл бөлігі арасында ертеден сауда қатынасы болған: Мыс., Қызылжар (қазіргі Петропавл) мен Семей көпестері 19 ғасырда сауда керуенімен Қашгарияға жиі барып тұрған. Қазақтың тұңғыш ғалым-саяхатшысы Шоқан Уәлиханов сондай керуендердің бірімен 1858 жылы Тянь-Шань арқылы Қашғарияға барып, Шығыс Түркістанның этнографиясы мен Алтышәрдің тарихы жөнінен баға жеткісіз көп материал жинады Ол Батыс Қытай халықтарының мәдениеті мен тарихы жөнінен «Жоңғар очерктері» (1861), «Қытай империясының батыс өлкесі және Құлжа қаласы» (1958 ж. жарияланды), «Алтышәрдің немесе Нан-лу қытай провинциясының (Кіші Бұхарияның) шығысындағы алты қаласының 1858-1859 жылдардағы жағдайы» деген т.б. еңбек жазды.
Солтүстік және солтүстік-шығыс бөліктеріне монғол тобындағы халықтар — монғолдар (1463 мың), дунсян (156 мың), ту (53 мың), Дунбэйде тұңғыс-маньчжур тобындағы халықтар — маньчжурлар (2419 мың; қытайлар мен күшті ассимиляцияланған), сиболар (19 мың) қоныстанған. Бұлармен бірге Қытайда тибет-бирма тобындағы, тай тобындағы тілдерде сөйлейтін мяо-яо тобындағы, мон-кхмер тіл семьясындағы халықтар мекендейді. Кореямен шектес аудандарында корейлер (1120 мың), Тайвань аралының орталығы мен шығысында гаошаньдар, Шынжаңның оңтүстік-батысында Памир тәжіктері тұрады.
Діндар қытайлар буддизм дінін (оның солтүстік тармағын), даосизм мен конфуцийшілдікті ұстайды. Тибеттіктер мен монғолдардың діні — буддизм- ламаизм; түркі тобындағы халықтардың көпшілігі ислам дініне табынады. Ресми тілі — қытай тілі. Ресми календары — григориандық календарь. Халықтың орналасуы біркелкі емес. Қытайдың шығыс аудандарын да халық өте тығыз (1 км2-ге 500 адамнан; кей жерлерінде 1000 адамнан асады) қоныстанған. Ал Ішкі Монғолияда, Тибетте, Цинхайда 1 км2-ге 1 адамнан да келмейді. Халық тығыз орналасқан Шаньдун, Хэнань, Хэбэй, Хунань, Цзянсу, Аньхой провинцияларынан халық осыған дейін аз игерілген аудандарға көшірілуде.
Еңбекке қатысатын халықтың 67% ауыл шаруашылығында істейді. Барлық халықтыц 25%-ке жуығы қалаларда тұрады. 1957 жылы халқы 100 мыңнан асатын 124 қаласы болды; ірі қалалары: Шанхай, Пекин, Тяньцзинь, Шэньян (бұларда 3 млн-нан артық), Люйда, Ухань, Чунцин, Гуанчжоу, Харбин, Нанкин (1 млн-нан артық).
Тарихы. Қазіргі Қытай жерін адам өте ерте заманнан-ақ мекендеген. Мұны қазбадан табылған синантроп адамының сүйектері мен алғашқы мәдениеттердің қалдықтары айқын дәлелдейді. Б.з.б. 2-мың жылдықта Хуанхэ өзені алабында пайда болған Инь-Шан мемлекеті Қытайдағы ең көне елдердің қатарына жатады. Көптеген ғалымдардың болжауынша, мұнда құл иеленушілік қатынастар үстемірек болған. Халық негізінен егіншілікпен және мал бағумен айналысқан. Сол тұста иероглиф жазбасы тұңғыш рет пайда болған. Б.з.б. 11 ғасырдың орта шенінде алғашқы қауымдық құрылыстың ыдырауы және таптардың қалыптасуы сатысында отырған Чжоу тайпасы Инь-Шанды жаулап алды. Чжоулықтар басып алған жерлерінде өздерінің Чжоу мемлекетін құрды; оны мирасқор монарх — ван биледі. Мемлекеттік жері 71 иелікке бөлініп, бұларды ванның туған-туысқандары мен жақын адамдары басқарды. Бұл тұста құл иеленушілік қатынастар дами бастады. Натуралды шаруашылықтың үстемдігі мен товар айырбасының мейлінше мешеулігі жағдайында жеке иеліктердің дербестігі біртіндеп күшейе берді. Б.з.б. 7-6 ғасырда Қытай көптеген дербес патшалықтарға бөлінді; бұлардың ішіндегі ең ірілері — Ци, Чу, Циньу Сун, Цзинь болды.
Б.з.б. 6 ғасырдан бастап, әсіресе Чжаньго («күресуші патшалықтар», б. з. б. 5-3 ғасылар) кезеңінде өндіргіш күштердің едәуір екендегені байқалды. Темір құрал-саймандарды кеңінен пайдалану нәтижесінде егіншілік техникасы жақсарып, егіс көлемі кеңейді. Қолөнер кәсібі сала-салаға бөлінді, сауда өркендеп, қалалар салына бас. Б.з.б. 6-3 ғасырда Қытайда философиялық ой-өріс едәуір дамыды; әр түрлі философиялық мектептер — конфуцийшілдік, даосизм, моизм (Моцзы ілімі), заңшылдар (фацзя) мектебі т. б. саяш- таптық күрестің күшеюін бейнелей отырып, қатты өрге басты және өзара күрес жүргізді. Чжаньго кезінде мемлекеттер арасындағы соғыстар Цинь патшалығының жеңісімен және Қытайдағы тұңғыш бір орталыққа бағынған Цинь империясының (б.з.б. 221-207) құрылуымен аяқталды. Империяның негізін қалаушы және бірінші императоры Цинъ Шихуанди елді біріктіріп, нығайту жөнінде бірқатар реформалар жасады. Оның тұсында Ұлы Қытай қорғанының едәуір бөлегі салынды. Аса қатты саяси езгі мен шаруаларды аяусыз қанау б.з.б. 209 жылы халық көтерілістерінің шығуына әкеліп соқтырды. Бір орталыққа бағынған мемлекет құрылуына байланысты өздерінің кейбір артықшылықтарынан айрылып қалған ескі аристократия да Цинь билігіне қарсы шықты. Бұл күресте көтеріліс басшыларының бірі Лю Бан жеңісқе жетіп, Хань әулетін құрды (б.з.б. 206 — б. з. 25).
Хань империясында құл иеленушілік құрылыспен қатар, феодалдық қатынастар дамыды. Б.з.б. 4 ғасырда осы күнгі Шынжаңды басып, Орта Азия мен Таяу Шығыс елдеріне өтетін сауда жолы салынды (Ұлы жібек жолы). Император У-ди тұсында (б. з. б. 140-87) қонфуцийшілдік үстемдік етуші ресмй идеология болып танылды. Б. з. 1 ғасыр басында (17 жылы) аса ірі халық көтерілістері шықты; бұған қатысушылар «Қызыл қастылар» және «жасыл орман тұрғындары» деп аталды («Қызыл қастылар» көтерілісі). 10жылға созылған бұл көтерілістер 27 жылы басылды. Алайда империя билеушілері шаруаларға бірқатар уақытша жеңілдіктер беруге мәжбүр болды. Хань дәуірінде бірыңғай көне қытай халқы қалыптасып, кейіннен ол ханьдықтар деген атақ алды (Хань империясының атымен). 184 жылы басталып, 20 жылдан астам уақытқа созылған аса қуатты халық көтерілісі («Сары орамалдылар» көтерілісі) бір орталыққа бағынған Хань мемлекетін күйретті. Көтеріліс нәтижесінде Қытай үш мемлекетке бөлініп, бұлардың өмір сүрген кезеңі Саньго деген атақ алды («Үш патшалық», 220-280). Хань империясы кұлағаннан кейін, құл иеленушілік құрылыстан феодализмге өту біржолата жүзеге асты.