Қарахан мемлекетi. Х ғасырда Еуразия картасында жаңа мемлекеттiк құрылым пайда болды. Оның саяси және құқықтық жүйесiнде түрiк және жаңа мұсылмандық элементтерi тығыз араласып, бiр-бiрiмен байланысты едi. Бұл мемлекет ҮIII-IХ ғасырлардағы Жетiсу өңiрiн мекендеген қарлұқ бiрлестiгiнiң негiзiнде қалыптасты. Ол ғылым тiлiмен айтқанда Қарахан мемлекетi деп аталды. Бұл династияны қалыптастырушы 840 жылы қаған атағын алған қарлұқтық Бiлге-Күл Қадыр-хан жабғы болатын. Ол Жетiсу аумағы және Қашқардың бiр бөлiгiнде әлеуметтiк-қоғамдық құрылымы дамыған, өзiнен бұрынғы мемлекеттедiң әлеуметтiк-қоғамдық және саяси институттарын бойына табиғи түрде жинақтаған мемлекеттi басқарды. Оның немересi Сатұқ-Боғрахан 969 жылы ислам дiнiн қабылдап, оны мемлекеттiк дiн ретiнде жариялайды. Жаңа мемлекеттiк жүйе қалыптасады да, Қарахан мемлекетiнiң басқару жүйесiнде мемлекет басшысы қаған болып есептелiп, ол Тамгач-хан, Арслан Қарахан немесе Боғра Қарахан дәрежесiн алады. Одан кейiнгi мемлекеттiк аппараттағы билiк басқышы жеке удельдiктердi билеушiлер — Арслан-хан, Боғра-хан немесе Арслан-тегiн және Боғра-тегiн деп аталды. Келесi басқыштардағы билiк билiк жүргiзушi династиялардың өкiлдерiнiң қолында болды. Олар хақанның басты кеңесшiсi және удельдiк хандар мен жоғарғы билiктегiлердiң арасын байланыстырушы ұлұг-хаджиб, әскери басшы — сипахсалар, мұсылмандардың рухани басшысы — халиф, бас төрешi — қазы жоғарғы шенеунiктер — жабғу, капуг басшы, торғұл, чигир, инанчбек, сагун, йиркан, йига болды.
Келесi мемлекеттiк аппарат басшылықтарында югуруштер, туркисиндер, хаджибдер, ялввочтер, қазы-әскерлер болса, бесiншi категориядағы шенеунiктер қатарына сюбашы, пардачи-башы, битукчи, қазынашы, казибек және мухтасибтер болды. Жалпы, барлық шенеунiктердiң тұтастай атын тапұқшы дейтiн.
Қарахан мемлекетiнiң аппаратында кеңселiк (канцелярия) жүйе — диван болып, ол әртүрлi мемлекеттiк жүйелер салаларымен байланысты едi. Барлығы 10 диван болған. Бiрiншi — уәзiр диваны, екiншi — қазынашы диваны, үшiншi — мустафи диваны (салық мекемесiнiң бастығы), төртiншi — сыртқы iстер диваны, бесiншi — гвардия басшылары диваны, алтыншы — қазынаның кiрiсi мен шығысын бақылайтын, сонан соң басқа да қаржы iстерi, мемлекеттiк иелiктердi қадағалайтын диван, жетiншi — дiн дәстүрi мен рәсiмдердi сақтайтын қолөнер бұйымдары сапасын бақылайтын және базарларды қадағалайтын бақылаушылар диваны, сегiзiншi — дiни ұйымдардың мүлiктерiн басқаратын мекеме шенеунiктерi мен сот-төрешiлер диваны, тоғызыншы — пошта бастығы диваны, оныншы — жергiлiктi билiк иелерiн қадағалайтын құпия диван.
Жергiлiктi билiк далалық аудандардағы елшi басшы, яғни ел басы, тағы сондай ел басшылары көшпелi қауымдастықтардың әскери-потестардағы билеушiлер болды. Ал отырықшы аймақтардағы билiк ауылдық және қалалық басшылар — хакiмдер мен мехтарлардың және райс-старостарлардың қолында едi. ХII ғасырдың алғашқы жартысында Жетiсу территориясы қара қытайлардың басқаруына көштi. Олар моңғолдан тараған халықтарға жататын. Соған қарамай мемлекеттiк басқару жүйесiнде үлкен өзгерiстер бола қойған жоқ. Қара қытайлардың жоғарғы билеушiсi Гурхан деп аталды. Елхандар, тегiндер және жергiлiктi билеушiлер өздерiнiң билiктерiн сақтап қалды. Қарахан мемлекетiнiң әкiмшiлiк жүйесi удельдiк жүйелер басшылығымен айқындалатын. Ол қарлұқтардан мұра боп қалған едi. Мемлекет екi иелiкке бөлiндi. Оның шығысы Жетiсу және Шығыс Түркiстан территориясын алып жатты. Орталығы Баласағұнға жақын Орда (Күз-Орду, Қара-Орду) болды. Ал батыс иелiгi болса Сырдария мен Амудария өзендерiнiң территориясын жайлап, оның орталығы Үзгент, кейiн Самархан болды. Өзара қырқыстардан кейiн 1040 жылы аталған мемлекет күйреп, шығыс және батыс қағанаты құрылды. Олар бiр-бiрiне тәуелсiз едi.
Мемлекет бiрнеше iрi және шағын удельдерге бөлiнiп, оны билеушi династия өкiлдерi басқарды. Iрi шығыс қағанатының орталығы Баласағұн болып, оны Қараханның өзi биледi. Ал Тараз бен Испиджабта “Iлек” хан (үлестiк билiк иесi ханды iлектер) билiк еттi. Бұл удельдiктер ұсақ иелiктерге бөлiндi. Оларды билеушiлер өздерiнiң iшкi және сыртқы саясатын жүргiзуде тәуелсiз болды. “Iлек” хан өзiнiң басқару аппаратымен бiрге орталық билiк органдарын қайталаушы өз әскерi болып, өз атынан тиындар дайындайтын. Сондай-ақ, хакiмдер мен бектердiң және ел басшыларының өкiлеттiгi де кең едi. Тiптi кей-кездерi олар өздерiнен жоғары билiк иелерiне бағынбай, өздi-өздерiмен де қарулы қақтығыстарға барып отырды. Сөйтiп, Қарахан мемлекетiндегi мемлекеттiк жүйе бюрократтық аппараттың дамуымен үндесiп, билiктi қадағалайтын жүйенiң барлық саласындағы билiктер де бытыраңқылыққа ұшырап және әкiмшiлiк бөлшектерi автономияландыруға әкеп соқтырды. Мiне, осындай қайшылықтардан кейiн Қарахан мемлекетi ХII ғасырда күйредi.
Қарақытай билеген Гурхан әкiмшiлiк жүйесiнде Жетiсудағы билiк оншалықты өзгере қойған жоқ. Қарақытай билеушiлерi удель билiктерiне өз адамдарын қоймастан бұрынғы билеушiлердi орындарында қалдырды. Сөйтiп Гурханның ордасы Жетiсудағы мемлекет жүйесiнен тыс тұрды. Қарақытай билеушiлерi мен жергiлiктi удель хандарының арасын байланыстырушылар наместниктер болды. Олар әрбiр iрi қалалар мен удельдерде тағайындалып, олардың мiндетi салықтар жинап, оны ордаға жеткiзу едi.
Қарахан мемлекетiнiң егемендiгi мен халықаралық құқық субъектiлiгi. Бiлге Күл Қадыр хан иеленген қаған дәрежесi Жетiсу түрiктерiнiң мемлекеттiк статусының тәуелсiздiгiн анықтайтын. Қарахандықтардың исламды қабылдауы оларды халықаралық құқық жүйесiне ендiрдi. Ол шариғатқа негiзделген едi. Сонымен қатар Қарахан мемлекетi Саманид, Сельжук, Газневи державаларымен байланыс жүргiздi. Сондай-ақ ол Шығыс Түркiстан мен Орталық Азиядағы мұсылман емес халықтармен қақтығыстарға барды.
Қарахан мемлекетiнiң қаржы және салық жүйесi дұрыс жолға қойылған болатын. Мемлекеттiң орталық аппараты мен Iлек-хан (ханды iлiктер) ордаларында салық жинауға жауап беретiн шенеунiктер — мұстауфалар болды. Ал отырықшы жұртшылықтан харадж алынып, яғни астықтың оннан бiрiн салыққа жинайтын. Ұсталар мен көпестер сауда құқына ие болу үшiн салық төлейтiн.
Қарахан мемлекетiнiң салық жүйесiндегi ерекшелiгi — ол Ихта институты болды. Жеке тұлғаларға мемлекет беретiн салық жинау құқы солай аталды. Оларды кейде ихтадерлер немесе мүхта дейтiн. Бұл жерде ихтадарлықтарға салық мөлшерiн көтеруге рұқсат берiлмейтiн немесе Ихтал тұрғындарына қысым жасамайтын. Мұндай жағдайлар билеушi династиялар, шенеунiктерге, әскер басшыларына жасалды. Ихтаның кең тараған формасы ихтат-и-хашам — әскери ихта, яғни ихтадерлерге әскери қызмет кезiнде жасалатын жағдай едi.
Қарақытайлықтар Ихта институтын қысқартып, салық жүйесiн күшейттi. Сөйтiп, Жетiсу өңiрiнiң тұрғындары жаңа салық үй басына бiр динардан төлейтiн болды. Салық жинаумен мен Гурханның наместниктерi айналысты. ХII ғасырдың ортасында салық саясаты күрделенiп, қарақытайлар өздерiне қарайтын тұрғындарды қатты қыспаққа алып, көшпелi қауымдар отырықшылыққа күштеп көшiрiлдi. Ол жер салығы “харадж” салығын арттырды. Бұл саясат жергiлiктi тұрғындардың ашу-ызасын келтiрiп, қарақытайлар мемлекетiнiң әлсiреп, ақыры оның күйреуiне әкеп соқты.
Қазақстандағы құқықтың даму барысында Х ғасыр ерекше бiр кезең болып саналады. Исламды қабылдаған Жетiсу және Оңтүстiк Қазақстан өңiрлерiнде жаңа құқықтық жүйе мұсылмандық немесе шариғат қалыптасады.Шариғат — заңдық нормалардың жиынтығы, әрi iс-әрекет ережесi мен қағидалары болып саналады. Құқықтың негiзгi көзi — Құран мен Сунна. Шариғат бойынша құқықтың төрт түрi болды. Бiрiншi, әрбiр адам құлшылық етiп, мойындайтын Алла билiгi, екiншi, жеке тұлға құқығы, үшiншi, айналадағы адамдар құқығы, төртiншi, құдай жаратқан барлық нәрселердiң құқығы. Бұл исламның негiзi. Мұсылман құқығында бiрнеше құқықтық мектептер немесе мазхабтар болды. Қазақстанда орта ғасырларда ханифийлер мазһабы (түркi әлемi “Имам Ағзам” деп атайтын Әбу Ханифа мазһабы) кеңiнен тарады. Оларға адатты (әдеттi) пайдалануға тыйым салынбады. Ол исламның таралуына ешқандай кедергi жасамайтын. Фикх саласындағы басты бедел болып саналатын адам муфти болды. Соттық қызметтi қазылар атқарды. Мұсылмандық құқықтың енуi әдеттегi құқыққа қарағанда тиiмдi едi. Бұл кезең ислам Ренессансының кезеңi болды. Сол кездегi мәдениет пен ғылымның, сондай-ақ құқықтанудың дамуы ерекше өстi. Сөйтiп, ислам бұл жерде дiни идеялар мен iс-әрекеттердiң жиынтығы ғана болып қалмай, бiрiншiден бойына философиялық құқықты сiңiрген философиялық жүйе болып қалыптасты. Яғни, құқық алғашқы рет осылайша ғылымға айналды.
Осылайша, Х-ХII ғасырларда мемлекет және құқық Жетiсу өңiрiнде ерекше өзгертулерге ұшырап, Орталық Азия дәстүрiмен Алдыңғы Азиялық жаңартулар арқылы түркi-мұсылман мемлекетiнiң құқықтық жүйесi қалыптасты.
Қимақ қағанаты мен қыпшақ хандығы. IХ ғасырда бiрнеше тәуелсiз мемлекеттер пайда болып, олардың мемлекеттiк жүйелерiнде Орталық Азия және жергiлiктi жерлердiң дәстүрлерi араласып, бiр-бiрiмен кiрiгiп кеттi. Бұл қимақ қағанаты мен қыпшақ хандықтары едi. Солтүстiк, Орталық және Батыс Қазақстан аймақтарын мекендеген Түрiк мемлекетiнiң iшiндегi империялық атақ-дәрежеге ие болғандардың ең күштiсi Қимақ қағанаты болды. 656 жылы Батыс түрiк қағанаты күйрегеннен кейiн оқшауланған Қимақ (кейде кимек) тайпасы басшысының “шад-түрiк” атағы болған. “Шад” және “түрiк” деген атақтар түрiктерге кеңiнен таныс, ол ертедегi руналық жазбаларда да бар. 840 жылдан бастап оның билеушiсi болып “Жабғу”(ябғу) деген атақ алды. Х ғасырдың басында Қимақ мемлекетiнiң күшеюi және оның құрамына өзге де түрiк халқының қосылуына байланысты жабғу қаған (хақан) деп атала бастады.Қаған-хандардың ханы деген мағынаны бiлдiредi. Бiзге жеткен кейбiр құндылықтарға қарағанда онда он екi удель билеушiлерi өмiр сүрiп, олар әскер басшы әрi өзiнше саяси мәселелердi шеше алатын билiкке ие болған. Сондай-ақ, араб жазбаларына қарағанда қимақтарда сарай министрлерi — хаджибтер және уәзiрлер болған көрiнедi. Ал ендi, қыпшақтардың мемлекеттiк аппаратына келсек, оларды алдымен хан немесе ұлы хан билеген. Билiк мұра ретiнде атадан балаға алмастырылып отырған. Басқару аппараты хан ордасында жүргiзiлдi. Оның басты қызметi хан (мемлекет) мүлiктерiне және әскерге иелiк ету едi. Хан әскери және азаматтық билiктi қолында ұстап, оларға айналасындағы кеңесшiлерi арқылы билiк жүргiздi. Ханның тұрағы Орда деп аталды. Ханнан басқа қыпшақтардың басын бiрiктiретiн iрi-iрi шенеунiк, ақсүйектер — тархандар, басқақтар және бектер, югурлер болды. Сондай-ақ, қыпшақ ханының ордасында iс-қағаздарын жүргiзушi де болатын. Ал, Қимақ қағанаты төрт облысқа және он екi удельге бөлiндi. Оларды парсы жазбаларында төмендегiдей салалап белгiлейдi. Бiрiншi, Йагсун-Йасу Ешiм мен Ертiс арасындағы Барабин даласынан бастап Обтан батысқа қарай жайлаған жерлер. Осы жерде қағанаттың орталығы және оның жаңа және ескi екi астанасы болды. Екiншi, Қырқырхан-Шығыс және Орталық Қазақстандағы Ертiс өзенiнен бастап Балқаш пен Алакөл өзендерiне дейiнгi аралықтар, оған Қарқаралы, Шыңғыстау, Тарбағатай таулары қосылады. Үшiншi, iшкi қыпшақтардың Орталық Қазақстанның Оңтүстiгiнде Шу және Талас өзендерiнiң төменгi жақтарын алып жатқан жерлер. Төртiншi, Оңтүстiк Орал және Торғай далаларын алып жатқан сыртқы қыпшақтар.
Қимақ қағанатының орнына келген Қыпшақ хандығында әкiмшiлiк бөлiну басқаша болды. Ол дәстүрлi әскери-әкiмшiлiк жүйесiмен қалыптасты. Әрi орасан үлкен территорияны алып жатқан халық (этнос) ретiнде қалыптасты. Бұл хандық екi қанатқа бөлiндi. ХI-ХII ғасырларда қыпшақ бiрлестiктерi екi бiр-бiрiне тәуелсiз одақ болды, олар Батыс (Волгадан Батысқа қарай) және Шығыс (Қазақстан территориясында) едi. Олардың соңғысы екi қанатқа бөлiндi. Хандық орталығы Торғай даласында тұрды. Оң қанаты Қазақстанның Батыс аймақтарын қамтып, орталығы Оралдың төменгi жағында болды. Сол қанаты Сырдария, Орталық және Шығыс Қазақстан территориясында орналасты. Сол қанатының ордасы Сырдарияның бойындағы Сығанақ қаласы болды. Оның әкiмшiлiгiнiң негiзгi бөлшегi әскери-потестарлық бiрлестiк — “тайпа” едi. Батыс Қыпшақ одағында оның саны 11 болды. Ал, Шығыс қыпшақ хандығына 16 әскери-потестарлық бiрлестiк ендi. Ол Оғыз мемлекетiнiң әкiмшiлiк бөлiнуiне ұқсас едi. Әскери-потестарлық бiрлестiк “ел” немесе мемлекет аталып, көптеген ұсақ аймақтардан құралды. Қыпшақ даласы “Дештi-Қыпшақ” аталды. ХII-ХIII ғасырларда қыпшақтар мейлiнше күштi ел ретiнде танылды.
Қимақ және Қыпшақ мемлекеттерiнiң егемендiгi мен халықаралық құқық субъектiлiгi. Парсы жазбаларының айтуына қарағанда Қимақ ханы ең ұлы хандардың бiрi болып саналады. Ал Х ғасырдағы араб авторлары болса, түркi мемлекетiндегi ең құдiреттiлерiнiң бiрi қимақтар деп санады.
ХI ғасырда Оғыз мемлекетi өмiр сүруден қалып, олардың жерлерi қыпшақ хандығына қосылады. Сондай-ақ, IХ-ХII ғасырлар аралығындағы Қазақстан территориясын мекендеген қыпшақтың мемлекеттiк бiрлестiгiнiң құдiретi талайды ерiксiз таңқалдырды. Олар бiр орталыққа бағынған мемлекет жүйесiн құрмаса да Еуразия кеңiстiгiнде өзiнше бiр мықты әскери-саяси күш болып қалыптасты. Қыпшақ хандары орыс князьдарымен тығыз қарым-қатынаста болып, Византия, Грузия, Хорезм және Қарахан мен Қара қытай мемлекеттерiмен тығыз байланыс жасады. Дипломатиялық қатынастың басты бiр белгiсi династиялық — некелiк байланыстар болды, ол саяси-әскери және экономикалық одаққа бiрiгуге итермелейтiн бiрден бiр негiзгi күш едi. ХII ғасырдың аяғында Шығыс-қыпшақ одағының сол қанаты күйреп, өзiнiң егемендiгiн жоғалтады да Хорезмшах мемлекетiнiң билiгiне көшедi. Қимақ және Қыпшақ мемлекеттерiнiң құқық және салық жүйесi туралы бүгiнгi күнге мәлiмет өте аз жеткен. Соған қарамай мемлекеттiк қазынаны толықтырып отыратын байлық көздерiне қарағанда оларда салық және құқық жүйесi жақсы жолға қойылғаны байқалады. Мысалы, Қимақ қағанаты өз елiнде шығарылатын алтыннан өзiнiң “мiндеттi үлесiн” алып отырған және оларды жүргiзетiн салық жинаушылар болған. Егер салық төлеуден бас тартқандар болса, онда оған күштi қол жiберiлiп, олар қатаң жазаланатын. Мемлекеттiң басты мiндетi құқықтық нормалар жасау болып саналады. Мысалы, қыпшақтардың әдеттегi құқында төрелердiң рөлi ерекше болған. Сондай-ақ, сот және соттық шешiмдер қыпшақтарда жарғы деп аталған. Мiне, осылар арқылы жер және мүлiктiк талас-тартыстар мен қылмыстар, басқа да құқық бұзушылық қатаң жазаланып не әшкереленiп отырды.
Найман және керей ұлыстары. IХ ғасырдың ортасында Орталық Азияда жаңа саяси қайта құрулар басталып, әлем картасында наймандар мен керей ұлыстары, яғни мемлекет пайда болады. Олар алғашқы рет ҮIII ғасырда Ұйғыр қағанаты құрамында аталды. Ұйғыр қағанаты 840 жылы құлағаннан кейiн, Орталық Азияда жинақтаушы цзубу атымен белгiлi көшпендiлер конфедерациясы пайда болады. Солтүстiк цзубу деп керейлердi атаса, ал Батыс цзубу деп найман ұлыстарын атады. Бұл мемлекеттердiң күшеюi Х-ХI ғасырлардағы христиандардың несториан бағытындағы ағымды қабылдауынан басталды. Соған қарамай Х-ХII ғасырлар басында цзубу оның iшiнде наймандар Ляо империясының билiгiне көшедi. Сөйтiп олар Ляо империясына вассалдық тәуелдiлiкте болып, Шығыс Қазақстан мен Батыс Моңғолия жерiнде тұрады. Тек 1125 жылы Керейлер тәуелсiздiк алса, ал 1143 жылы Наймандар тәуелсiздiк алды. Сол кезден бастап олар өз еркiндiктерi өзiнде мемлекет ретiнде дамып, тек ХIII ғасырдың басында ғана моңғолдар билiгiне көштi. Жалпы найман тайпалар одағы VIII ғасырдың Ортасында Жоғарғы Ертiс пен Орхон аралығында сегiз-оғыз деген атаумен пайда болып еңсе көтерген.
Найман және керей ұлыстарының мемлекеттiк басқару құрылымы. IХ-ХI ғасырларда цзубу конфедерациясын, яғни көшпелiлер бiрлiгiн далайхан атақ дәрежесiндегi билеушi басқарды. Ол кезде аталған одаққа кiретiн әрбiр бiрлестiктiң билеушiсi хандар болды. Кейбiр жазбаларға қарағанда сол кезде наймандарды Таяндар және хандар билеген. Бiрақ, бұл атақ-дәреженiң ара-жiгiн айырып, көрсететiн мәлiметтер жоқ. 1092 жылғы қидандармен болған соғыста Далай-хан Маргузаның жеңiлiсi көшпендiлердi Ляо империясының билiгiне бағындырды. Кейiн қайта тәуелсiздiк алғаннан соң мемлекеттiк басқару жүйесi бiршама өзгердi. Ал, керей билеушiсi Бұйрық-хан атағын алып және ол мұрагерлiкпен алмастырылып отырылды. Керейлер бағындырған моңғолдарды гурхан биледi. Ол Бұйрық-ханға тәуелдi болды. 1183 жылы Керейлердiң билеушiсi Тоғұрылды Қытай империясы ван — патша ретiнде мойындап, Керей мемлекетiнiң егемендiгi жарияланды. Сөйтiп, Тоғұрыл ван-хан атақ дәрежесiн алады. Ван-хан туралы әртүрлi жазбаларда әрқилы айтады. Мысалы, Шыңғыс хан талқандаған керей ұлысының билеушiсi Ван-ханның (Бұл жерде атақ-дәреже емес) наймандар иелiгiн қорғаған найман қарауылымен қақтығыста қаза тапты деген мәлiмет бар. 1203 жылы керейттердi моңғолдар күйретiп, олар өздерiнiң тәуелсiздiктерiн жоғалтады.
ХII ғасырдың аяғы ХIII ғасырдың басында Найман мемлекетiн екi билеушi — Бұйрық-хан және Таян-хан биледi. Найман және Керей мемлекетiнiң атқарушы билiгiнiң органы болып, хан ордасы және оның үкiметi болды. Орда хан және оның әскер мүлiктерiн басқарды. Басқару қызметiн ерекше категориядағы қызметкер адамдар немесе шенеунiктер атқарды. Ордада арнаулы iс-қағаздары хан мөрiмен белгiлендi. Найман ханының кеңсе бастығы және мөрiн сақтаушысы ХII ғасырда ұйғыр Тататунг болды.