Түрiк қағанатының салық және қаржы (финанс) жүйесi. Түрiк қағанатының тұрғындары қаншалықты салық жинаудың қиындығын кешкенi деректерде дәлме-дәл көрсетiлмегенiмен, оларға тәуелдi аймақтардағы тұрғындар салық азабын сезiнген. 629 жылы жаулап алынған Агванияны Батыс Түрiк жабғу-қағаны салықтың әр түрiменен қинағаны ежелгi жазбалардан белгiлi. Сондай-ақ, қаған Орта Азия мен Жетiсуды тұрақтанған согдилiктерден де алым-салықты аяусыз алып тұрған. Бюджеттi толтырудың негiзгi көзi- жiбекпен сауда жасау болатын. Оларды Қытайдан алып тұрды.
VII-VIII ғасырларда Батыс Түрiк және Түргеш қағанаттарында өз таңбалары мен қаған Елтаңбасы бар тиындар шығара бастады. Сөйтiп, көшпелi мемлекеттер де өздерiнiң бюджеттiк-қаржылық түсiмдерi арқылы қаржы жүйесiн жасауы өмiрге келдi. Олар өздерiнiң қаржы құқығы реттелуiн де назардан тыс қалдырған жоқ.
Түрiк қағанатының құқығы. Ежелгi түрiктердiң құқығы негiзiнен алғанда, мемлекет қорғайтын және құқықтың жеке тарауларына жататын мемлекет заңдарын бiрыңғай жүйеге келтiрiп бiрiктiретiн рәсiмi мен әдет-ғұрпы болды. Әдет-ғұрпы құқық төре аталып, ал соттар жазбаларда түзел (тюзель) мен түзелбек (тюзюлбек) терминiмен аталды. Ең ауыр жаза болып мемлекетке сатқындық жасау мен адам өлтiру есептелдi, олар өлiм жазасына кесiлетiн. Ұрлық жасаушыға айып салынып, ұрланған затының 9 есе құнын төлейтiн. Сонымен қатар жеке тұлғаларға жасалған қастандық мүлiктiк өтем принципi тұрғысынан жазаланатын.
Сөйтiп, VI ғасырда Орталық Азияда жаңа көшпелi империя пайда болып, оны ашин руының iшiндегi түрiк ақ- сүйектерi басқарды. VIII-Х ғасырлардағы билiк түргештер мен қарлұқтардың қолына өткенiне қарамай, түрiктердiң мемлекеттiк құрылымы мен қоғамдық өмiрiндегi саяси жүйеге айтарлықтай өзгертулер енгiзiлген жоқ.
Түргеш және Қарлұқ қағанаттары. Батыс Түрiк қағанатындағы өзара тартыстар, Жетiсу өңiрiнде үстемдiк орнатуға ұмтылған Қытайдың императорлық әулетiнiң әскери-саяси әрекеттерi қаған билiгiн әлсiретiп, тiптi бертiн келе оның атының өшiп қалуына ықпал еттi. Нәтижесiнде тарихта Баға-тархан (мөге-даган) деген атағы бар Үшлiк (Учжилэ) бастаған түркештер пайда болды. Мұның бәрi бiр кездегi “Он оқ” құрамына кiрген тайпалардың бұрынғыдай қаған атынан емес, өз қимыл-әрекеттерi арқылы мiнез көрсете бастауларынан едi. 694 жылы таққа отырған Ашина Туйцзы тибеттiктермен одақтаса отырып Шығыстағы Қытай әскерiне қатты қарсылық ұйымдастырып Жетiсудағы Нұзұқ-Еркiн, түргеш Чықан және ұлық-оқ тайпаларының басшысы бастаған тайпалар Суяб бекiнiсiн қоршауды ұйымдастырған деген де шежiрелерде жазбалар бар.
Аталған аймақтың халқын басу үшiн түрiк Хусэлоның бастауымен әскери күш ұйымдастырылып, үлкен жорыққа әзiрленедi. Бiрақ ол жоғарыда айтқанымыздай, Баға-тархан (мөге-даган) деген атағы бар Үшлiк (Учжилэ) бастаған түркештер едi. Қағанаттың сол қанатының құрамына кiрiп, халқы көп саналатын түркештер VI ғасырда-ақ Шу-Iле қос өзенi аралындағы кең байтақ алқапты алып жатты. Сонымен бiрге олар Жетiсу керуен жолдарының көбiн өз бақылауында ұстады. Сөйтiп, түркештердiң ықпалы бiрте-бiрте аталған аймақта артып қана қоймай, оларға бағынышты тайпалар саны да арта түстi. Үшлiк өздерi иеленген жерлерде әрқайсысы 7000 адамнан 20 түтiктiк құрды. Сөйтiп, Шудың солтүстiк-батысындағы өз ордасын Суябқа көшiрiп, оны Үлкен орда деп атады. Сонымен бiрге Күнгiт қаласында оның Кiшi ордасы да болды.
Үстемдiк үшiн күрес кезiнде Iле түргештерi Қапаған-қаған бастаған шығыс түрiктерiмен әскери одақ құрып, Ертiстегi Болушу өзенi бойында қатты шайқасады. Мұнда Шу түргештерi, яғни сары түргештер қатты жеңiлiске ұшырап, қара түргештер жеңiске жетiп, олардың ордасы Таласқа көшiрiледi. Қаған тағына қара түргештердiң шапыш (чэбиши) тайпасының өкiлi Сұлықты (Сұлу) отырғызады. Сол кездегi құжаттарға қарағанда Түргеш қағанатында көптеген әлеуметтiк өзгерiстер болған. Қара түргештер мен сары түргештердiң билеушi топтары арасындағы қарама-қайшылық шиеленiсе түстi. 738 жылы Сұлық қаған өлгеннен кейiн, күрес-жанжал өзiнiң шарықтау шыңына жеттi. Шежiреде жазылғандай, түргеш қағанатында “Сөгенiң” (Сақалдың) ұрпақтарын сары рулар (сары түргеш) деп, ал Сұлу (Сулуқ) ұлысын қара рулар (қара түргеш) деп атайды. Олар бiр-бiрiмен жауласады, бiрiне-бiрi сенбейдi. Осылайша Қағанаттың ордалары Таласта және Суябта болған қара түргештер мен сары түргештердiң бөлiну жүйесi қалыптасады. Алайда,ҮIII ғасырдың 40-жылдарынан бастап, бұл принцип iс жүзiнде сақталмайды. 756 жылы түркештердi қарлұқ тайпалары басып алады.
Қарлұқ қағанатына келсек, қарлұқтар ежелгi кезеңде Алтайдың ең iрi бұлақ, шегiл (чегиль) және тәшiл (ташиль) үш руларын бiрiктiрген “үш оғыз”, “үш қарлұқ” атымен белгiлi. Бұл бiрлестiк VIII ғасырдың басында екi түрiк қағанатында қалыптасқан. Бiрлестiктi алғашқы кезде ашин үйiнiң ханшалары басқарды. Оларды қарлұқтар “жабғу” (ябгу) немесе “елтебер” деп атайтын. Соған қарамай бiрлестiктегi билiк рулық бектерге тиесiлi едi. Олар ашиндардың арасындағы үш оғыздардың билiгi кiмде болуы керектiгiн шешетiн. Бектердiң қысымымен қарлұқтар шығыс түрiк елiне немесе сонда көтерiлiстер жасауға қатынасатын.
744 жылы lшкi Азияда Ұйғыр мемлекетi құрылып, қарлұқтар Алтайдан Шығыс Түркiстан территориясына ығыстырылды. Кейiн VIII ғасырдың аяғында олар ұйғырлар қысымына түсiп Жетiсуға қарай шегiндi. Сонымен бiрге қарлұқтар қытайларменен күресiп, Батыс өлкеде арабтармен, түргештермен қақтығыста болды (Шығыс Түркiстанда).
756 жылы түргештердiң күйреуiне көзi жеткеннен кейiн қарлұқтар Жетiсуды түпкiлiктi мекендедi. Мiне, сол жылдан бастап, оларда мемлекеттiк билiк институттары қалыптаса бастады. 766 жылы қарлұқтар Тараз қаласын бақылайтын дәрежеге жетiп, сол жылы қытайлардан Суяб қаласын жеңiп алды. Бiрақ Қарлұқтар Шығыс Түркiстанда ұйғырлардан жеңiлгеннен кейiн, өз билiктерiн ұстап тұра алмағандықтан, сөйтiп Тәрiм (Тарим) өзенiнiң бойындағы бай оазиске билiк жүргiзуден бас тартты. 840 жылы қарлұқтар Енисей қырғыздарымен одақтасып Ұйғыр қағанатына шабуыл жасады. Ұйғыр мемлекетi Алтайда өмiр сүруден қалды. Қарлұқтар Өтекен (Отюкенскую землю) жерiн жаулап алып, қарлұқтардың басшысы Бiлге Күл Қадыр хан өзiн 840 жылы қаған етiп жариялады. Өзiнiң даму кезеңiнiң шарықтау шегiне жеткен шағында қарлұқтар Жетiсу, Ферғана, Тохаристан территориясының едәуiр жерлерiн қадағалауға алды. Соған қарамай қарлұқтар қатаң тәртiпке бiрiктiрiлген бiр орталыққа бағынған билiк пен бiр орталықтағы басқару аппаратына қол жеткiзе алмады. Бүкiл мемлекет өзiнiң даму кезеңiнде iрi бес удельге бөлiндi. Оның бас қаласы және округi Испиджаб болды. Бiлге Күл Қадыр хан Тохаристанда да билiк жүргiздi. Кейiн арабтар жаулап алған Баласағұн мен Таразда қағанның Базыр Арслан хан және Оғұлшак Қадыр хан деген балалары билiк жүргiздi. IХ ғасырдың ортасында ұйғыр қағанаты күйрегеннен кейiн қарлұқтар Қашқар округiн алып, онда көшпелi мал шаруашылығымен айналысатын iрi яғма рулық бiрлестiгiне бiрiгiп қарлұқтардың мемлекетiн құрады. Қашқарда қағанның немересi Сатұк Богра-хан 940 жылы билiк жүргiздi. Ол 960 жылы Исламды мемлекеттiк дiн деп жариялап, жаңа мемлекеттiк-құқықтық жүйе қалыптастырды. Әрбiр билеушiде өзiнiң автономиялық фискальдiк билiк жүйесi болып, олар салықтарды өз иелiктерiндегi жұртшылықтан жинап, өздерiнiң басқару аппараты мен жеке әскерлерiне бердi. Испиджабтағы орталық билiкте айтарлықтай бедел болмады. Көшпелi қарлұқтар өз қаруларының күштерiмен соғдылар, қаңлылар, үйсiндер бiрлестiктерiне билiк жүргiзiп отырды. Мұндай бiрлестiктерде сепаратистiк бағыт-бағдар өте қатты дамыған болатын. 840 жылы Саманид мемлекетi исламның кең етек жайып, оның барынша тарауымен мұсылмандық туы астында бiрiгiп, қарлұқтардың бас қаласы Испиджабты (Сайрам) жаулап алды, ал 893 жылы Тараз қаласын иелендi. Х ғасырдың басында Қарлұқтар бiрлестiгiнде бытыраңқылық күшейдi. Мұны Қашқардың түрiк билеушiлерi тиiмдi пайдаланды. 940 жылы Қарлұқ мемлектi құлады, Қараханидтер Баласағұн қаласы мен Шу аймағын өздерiне бағындырып алды.
Оғыз мемлекетi. VIII ғасырдың аяғында Оғыздар немесе теле тайпасы Жетiсу территориясына ауып келiп, кейiн қарлұқтардың қысымымен Батысқа қарай кангрестердiң жерiне ысырылады. Қаңлылар (кангюй) (кангрестер — византия жазбалары бойынша) Сырдария бойындағы қалалар мен оазистердi барынша қорғап бақты. Бiрақ қимақтар, оғыздар мен қарлұқтардың бiрiккен күштерi арқылы ол қарсылықты күйреттi.
Қаңлылардың отырықшылық жермен айналысатын өркениеттiлiгiндегi қалалық сауда өз егемендiгiн жоғалтып, жаңадан қалыптасқан оғыз мемлекетiнiң бiр бөлшегi болып қалды. IХ ғасырдың басында қарлұқтар Сырдария өзенiнiң жоғарғы жақтарын жайласа, ал оғыздар оның орта және төменгi бөлiгiн иеленедi. Ал қаңлылардың (кангю) көшпелi тобы батысқа қарай жылжып Волга мен Орал өзендерiнiң бойларын жайлап, кейiн “печенегтер” атымен аталатын рулар федерациясын құрайды.
Ал оғыздар болса, өздерi жаулап алған территорияларда өздерiнiң басқару аппаратын құрып, бiрте-бiрте Иран тiлдi отырықшы ел басын бiрiктiретiн бiрлестiк пен жаңа мемлекет құрайды. Олардың көшпелi билiк салаларын түрiк тiлдiлер басқарды. Сырдарияның төменгi жағындағы далалық шекаралары мен оазистерiнде оғыз билеушiсiнiң қарамағындағы жаңа мемлекеттiң басын бiрiктiрген Янгикент (Жаңакент) немесе Жаңа Гузия орталығы ашылды. Мемлекеттiк билiктi ашиндерден тарайтын жабғу (ябгу) атақ дәрежесi бар билеушiлер иелендi. Оғыз жабғуларының “күл-еркiндер” деген атақтары бар кеңесшiлерi болып, олар ақыл-кеңес берiп отырды. Жабғу билiгi ресми сайланғанымен мұраға қалатын. Жалпы билеушiлер кеңестерде сайланды. Оғыз әскерлерiнiңи қолбасшысын сюбашы деп атады.
Оғыздар өздерiнiң жаулап алған территорияларын асқан жылдамдықпен кеңейте бастады. IХ ғасырдың орта шенiнiң өзiнде Арал мен Каспий теңiзiнiң аралығындағы территорияларды бақылауға алып, Хорезмдi, сосын Орал өзенi бойындағы печенегтердi өзеннiң арғы бетiне ығыстырып, Х ғасырда Батыс Қазақстанның бүкiл территориясын Едiл (Волга) өзенiне дейiн жаулап алды. Сөйтiп, оғыз мемлекетi құрылды.
Оғыздардың қоғамдық және мемлекеттiк құрылымы. Оғыз мемлекетiнiң территориясы екi категорияға бөлiндi. Олардың бiрiншiсi отырықшылықпен айналысқан қауым болды. Олардың әкiмшiлiк жоғарғы билiктерiн негiзiнен оғыздар құрады. Ал екiншiсi, көшпелi шаруашылықтармен айналысқандар едi.
Оғыздар 24 тайпадан құралды, бұзұқтар және ұшұқтар деген екi қанаттқа бөлiндi. Әрбiр қанат 12 тайпадан тұратын, олар “бой” атанатын. Ал “бой” болса, өз кезеңiнде “оба” — ру және “көк” — тамыр деп бөлiндi. Оғыздар бұған қоса ұрұғтар мен аймақтарға бөлiнген. “Ұрұғ” терминiмен рулық бөлiмшелер мен патронимия құрайтын атақты тұқымдар мен әулеттер аталған. Қоғам болса мүлiктiк жағынан әртүрлi топтарға бөлiндi. Көпшiлiк топты құрайтын еркiн көшпендiлердi “Ерлер” (эры) — еркектер бiрiктiретiн. Олар өз билiктерi өзiнде, арнаулы өз шаруашылықтары бар отбасы иелерi болып саналды. Сонымен қатар кедейленген, өздерiнiң шаруашылықтары жоқ қоғамдық қатынастардан тыс қалған гарапчи және иоксулдар тобы болды. Сондай-ақ жатақтар (ятуки) — жерге иелiк ететiн, жер шаруашылығымен айналысатын өзiндiк қоғамдық құрылымы бар кедейленген оғыздар болды. Қоғамның жоғарғы билiктерiн бектер, яғни ру ақсақалдары мен байлар, нақтылай айтқанда мал иелерi, әмiрлер, сардарлар иелендi. Жоғарғы мемлекеттiк институттарды жабғу, хандар мен ел билерi басқарды. Соңғы екi лауазым дәрежесiн алу үшiн ерекше жүйенiң керегi жоқ болатын. Олар аймақтық билiктердi ғана басқарды. Барлық ерiктi бектер, ерлер мен басқа билiк иелерi өз шаруашылықтарында құлдар ұстады. Олар өздерiнiң атқаратын қызметтерiне сай “гулямдар” және “чакирлар” (күзетшiлер) болып бөлiндi.
“Оғыз” ежелгi түрiк терминологиясында одақ белгiсiн бiлдiредi. Аталған мезгiлде теле руларының одағы “түрiк елi” деген екiншi қағанатты құрып, олар 24 тайпадан да көп болды. Оғыз бiрлестiктерiнде, ол мейлi қарлұқ, ұйғыр басмылдар немесе басқа этностар болсын бек, тайпалық ақсақалдар дәстүрi күштi едi. Бiрлестiктiң негiзгi саяси жағдайларын осы топ билеп төстедi. Ал жабғулар билiгi шектеулi және белсендi болмайтын. Тұтастай алғанда бектер бiрiктiрушi күшке ие болумен бiрге әскерлердi басқарып, би жоғарғы төрешiлер қызметiн атқарды. Бектер тайпаларды билеп қана қойған жоқ, сонымен бiрге жабғулардың тапсырмасымен жекелеген облыстарда билiк жүргiздi. Мемлекеттiк қызметтегi әр түрлi жұмыстарды атқаратын бектердi тархандар дейтiн. Олар бектердiң бегi атанып, мемлекеттiк әскерлердiң оң және сол қанаттарын басқарды. Аталған қызметке өзiнiң әскери қабiлетiн жан-жақты көрсеткен адам таңдалып алынды. Олардың өзiнiң қарамағындағы бағынышты адамдарға бұйрық берiп, жазалауға құқы болды. Ал, соғыс кезiнде оның билiгi кеңiнен болатын. Жабғудың негiзгi көмекшiсi, кейбiр жағдайларда өкiлi болып күл-еркiн сайланды.
Заң шығарушы билiк “қандас” (кандаш) — халық жиынында болды. Олар жаңа жабғуды сайлауға, сондай-ақ мемлекеттiк шешiмдердi және саяси мәнi бар мәселелердi бекiтуге құқылы болды. Сонымен бiрге жабғудың жанынан құралған кеңестiң рөлiн атқарды.
Сарай өмiрiндегi жоғары билiктi жүргiзуде тақ мұрагерi — инал болды, иналды бағып қағатын — атабектер, сонымен бiрге билеушiнiң бәйбiшесi — қатын ерекше орын алды.
Бастапқы кезде Сырдария жабғуының нақты билiгi шектеулi болды және бүкiл оғыз жерiне жүрмейтiн. Оғыздар территориясы кеңейiп және басқа аймақтарды жаулап алғаннан кейiн ғана өзiндiк билiкке ие шаруашылықтар тобында болды. Елдiң iшкi жағдайының күрделенуiне бiрден бiр себеп болған жай, ол елде ислам дiнiнiң тарала бастауы едi. Ал ендi оғыздардың бiр тобы болса бұрынғы тәңiрлiк дiнiнде қалғысы келетiн. ХI ғасырдың басында оғыздар үлкен үш топқа бөлiндi. Батыс Қазақстан оғыздары орталықтан бөлек болып, оны күл-еркiндер (коль-эркин) биледi. Бұл топта археологиялық iзденiстен кейiн байқалғаны исламның белгiлерi аз екендiгi анықталды. Орталықпен болған қақтығыс және олардың қыпшақтан жеңiлуi — оларды Русь және Византия шекарасына шегiнуге мәжбүр етедi. Ал оғыздардың исламды алғаш қабылдаған тайпалар Санжар сұлтанның бастауымен салжұқтардың қозғалысымен бiрiгiп Жаңакенттегi тақ таласына араласты. Ал ендi, оғыздардың үшiншi тобы жабғулар, оларды қоршағандар мен тайпалар тақты қолдай отырып, араб миссионерлерi арқылы исламды қабылдады. Сөйтiп, бұрынғы атақ-дәреже жаңа мұсылман әлемiнен келген сұлтандықпен алмасады. Салжұқтармен болған шайқаста көне династияның өкiлi сұлтан Шахмәлiк қайтыс болады. Ұзамай оғыз-түркiмендер (ислам дiнiн қабылдаған оғыздар мен қарлұқтарды солай атаған) қыпшақтардан күйрей жеңiледi. Ал, 1142 жылы салжұқтар моңғол тiлдi қарақидандықтардан соққы алады.
Сөйтiп, Амударияның төменгi жағында жаңадан құралған қараханид Хорезм шахы мемлекетi мен қыпшақтар бұрынғы оғыз территориясын бөлiп алды. Бұрынғы этностардан аман қалғаны Үстiрт Түркiмендерi хорезм құрамына кiрдi.