Бура, Көкжалды жайлы аңыз
(ІІІ нұсқа)
Сарымырза бір жерде жолаушы жүргенде елін жау шауып әкетеді. Сонда Сарғалдақтың екі жетім баласы Ағалық пен Ерше көлде шомылып ойнап жүріп, қалып қояды. Балалар қайда барарын білмей, сандалып жүргенде ел қыдырып, сауда қып жүрген сарт сол жерге қонып, балаларды көріп, өзімен бірге алып кетеді.
Сарымырза батыр жолдан келіп, елін түгендегенде інісінің екі жетім баласы Ағалық пен Ерше жоқ болып шығады. Іздестіріп, сұрастыра келгенде: «Пәлен жерде, бір сарттың қолында қазақтың екі жетім баласы тұр»,—дегенді естіп, іздеп барса, өзінің інісінің екі жетім баласы Ағалық пен Ерше болып шығады. Екеуін екі кісі бала қылып, асырап отыр екен. Ағалықты асыраған кісіге өзінің азық артып барған бурасын беріп, Ершені асыраған кісіге қос ат қылып апарған көкжал айғырын беріп, алып қайтыпты.
Сондықтан Ағалық атын қалдырып «Бура» деп, Ерше деген атын қалдырып «Көкжалды» атандырған екен. Ақырында Көкжалдыны да қалдырып, «Көкжарлы» дейді.