Құлшығаштың өз атымен аталмай «Сіргелі» деп аталуы

Құлшығаштың өз атымен аталмай «Сіргелі» деп аталуы
(VІ нұсқа)
Пошан көкемнің айтуы бойынша Құбасай (Бораш емес) ханның қызын екі қабат қылып, екі жақ құда түсіп, келін түсіріп, құдалықта отырғанда ханның сарбаздары ойсылдың отыз ұлын қырып салады. Сосын шабармандар ханның қызын алдына алып келеді.
—ойсылдың балаларының бәрінің де басын кестік, екіқабат әйелдерінің ішін жардық, бесіктегі балаларын тулақша турадық, бірақ қызыңызға қолымыз батпады,—дейді.
Хан ойланып-ойланып «кісі қанын осы судай шашқаным да жетер» деп, қызын оң босағаға қояды. ол ұл тауып, атын Құлшығаш қояды. Есін жиған соң жиенінің денесі қатайсын деп, хан оған жылқы бақтырып қояды. Батыр болатын тұрқына қарап, хан сыртынан сүйсініп жүреді. Бір күні жасы онға жеткенде бірге ойнап жүрген балалар ерегесіп қалып «еліңді тап» дейді.
Бала шешесіне келіп:
—Шеше, мен хан баласы емес екенмін ғой,—дейді қатуланып.
Шешесі шынын айтады. Бала еліне қайтамын деп, нағашы атасына барады. Атасы алдына мал беріп: «Жеке басыңа сыйлыққа қалағаныңды айт!»—дейді. Халқының ішінде өскен бала болашақ тұлпар болатын қулықтан туған (бірінші туманы қулық дейді) Құлагер тайды (толық қара емес, толық сары емес жылқыны құла дейді) көрсетіп, «осы тайды бер!»—дейді. Хан оның құлағына алтын сырға салып, аттандырады. Содан Құлшығаш өз ағайыны үйсіл елін тауып, олар ойсылдан қалған тұяқты көріп қуанып, оған жаз жайлау, қыс қыстауын бере ді. Бала жайғасқан соң көңнің астында тірі қалған, ошақтағы күлдің арасына кіріп аман қалған ағайындарын тауып соған басшы бола біледі.
Бораш құдалыққа бармай, момындау болған соң мал-жанға қарап қалған екен. осылайша, қан-қасаптан тірі қалып, балаларды асырып отыр екен. (Қисынға келетіні: он жерден той болса да мал-жанға еге болатын біреу керек қой).
Құлшығашты елі өз атымен атамай Сырғалы дей келе, Сіргелі деп кетіпті. Сіргелі батыр болып өседі. Бірге туған бауырларының кегі тыныштық бермейді. Бір күні: «Мен Жәнібек ханды шабамын, сөйтіп ата тегін қайтарамын!»—деп қол жинайды. Сөйтіп, ханды шабады. Сонда өзінің қолын қы рып келе жатқан батырды көріп:
—Мынау кім?—деп сұрайды хан.
—Баяғы Құлшығаш,—дейді уәзірлері.
Сонда хан:
—Құлдан туған Құлшығаш,
Ер боларын білгенде, Бесікте басын кеспес пе ем.
Қулықтан туған Құлагер,
Ат боларын білгенде,
Желіде басын кеспес пе ем,— деп бармағын шайнап, түкіріп тастаған екен дейді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *