СІРГЕЛІ РУЫ
Ұлы жүз Сіргелі руы жайлы (І нұсқа)
ойсылдың отыз ұлы болған. отыз ұлы ешкімге бағынбай, еркін жүреді екен. Тіпті сол кездегі Жәнібек ханға да бағынбай, оны басынып, ханның қызын Бораш деген батырдың баласы алып қашып кетіпті.
Жәнібек хан ашу-ызасын білдірмей, өтірік құда-жекжат болып, тойына ойсылдың отыз ұлымен қоса туыстарын да шақырыпты.
Тоғайда қырық қара үйді қатар тіктіріп, есігін біреуінен кіретін етіп, ең соңғы қырқыншы үйдің есігінен шығып кететін етіп жасапты. Тойға келген ойсылдың балалары мен туыстарын есіктен кіргенін кіргендей өлтіре беріпті. Соңында Бораш бастаған төрт батыр келсе, тым-тырыс. Сезіктенген олар аттан түсіп, қайта атқа мінгенше екеуін өлтіреді. Екеуі ат үстінде Жәнібек ханның бас кесерлерімен ұрысып, әрең қашып құтылыпты.
Жәнібек ханның қызы төркініне екі қабат болып кеткен екен де, сонда босанады. Баласының атын Құсабай қояды. Құсабай ер жетіп, азамат болғанда Кіші жүз—Алшын, Тама нағашыларынан туыстарына кету үшін рұқсат сұрайды. Нағашылары алғаш рұқсат етпеген соң жас жігіт жылқы ішінде жүрген кішкене ғана тайды тұмсығындағы сіргесімен мініп кетеді. Нағашылары да соңынан қуып келсе, туыстарына келіп қосылған екен.
Туыстары қарсы алып, ақ түйе сойдырып, той жасайды. Туыстары Құсабай деген баланы «тұмсығында сіргесі бар тайға мініп келген бала», «сіргесі бар тайға мініп келген бала», «сіргелі бала» атап кетеді. Құсабайдан бері қарай «Сіргелі» руы тарқайды.
Туыстары Құсабайға ұрпағы көбейсін деген мақсатта екі қатын алып береді. Бәйбішеден бес бала: Батыр, Жайдақ, Елібай, Жаңабай, Айт-Бозым. Тоқалдан үш бала: Қарабатыр, Шалдар, Байжігіт. Құсабай баланың малы көбейіп, бай болып кеткен соң «Байұлы» атаныпты.
Қарабатыр «Байұлының» жинақты аты деп те аталады. Сонда жоғарғы сегізі бір адамның баласы.