Бозан қалай Көкірек аталды?

Бозан қалай Көкірек аталды?
Бозан—Шымырдың кенжесі. ол еркелеу өскен, өткір ойын батыл да бүкпесіз айтатын бірбеткей кісі болыпты. Бір елдің бетке ұстар зиялылары мен ақсақалдары жиналып даулы мәселелер туралы әңгіме қозғап жатады. Әрқайсысы өз ойларын ортаға салып, пікір таластарын көпке жібереді. Бұлардың ішінде қатысып отырған Бозан шыдамай, белсенділік танытып:
—о, оу, ағайын, жамағаттар, айтқан қоймылжың болып бас талып еді, арты бара-бара сұйылып бара жатқан жоқ па осы, кесіп-кесіп айтпайсыңдар ма, кібіртіктей бермей,—дейді.
Аз үнсіздіктен соң әңгіме-дүкен қайта қозып кетеді. Әсіресе, жесір дауы мәселесі ұзаққа тағы созылады. үлбіреген жас келіншек өксіп жылап отыр. Жиынға қатысқанның ішінен, әсіресе екеуі өрекпіп сөйлейді.
—Жесір менікі,—дейді біреуі.
—Жоқ, менікі,—дейді екіншісі шақ-шақ сөйлеп.
Төртпақ келген әлгі біріншісі орнынан қопаң-қопаң тұрып:
—Жоқ, сен ала алмайсың, алып көр осыдан,—деп көзін алартып кіжіне түседі. Екі жақ төбелесе кетуге дайын отырғандай қабақтары қатулы. Қамшыларын үйіріп-үйіріп қояды.
Қарамұртты жігіттік санатқа қосылып қалған Бозан орнынан қарғып тұрып, билік құрып отырған ел ақсақалы алдына қамшысын тастай:
—Дат, ақсақал,—дейді.
—Датың болса, айт!—дейді манадан бері екі жақтың сөзін үнсіз тыңдап отырған ақсақал.
Менің ойымша қызыл кеңірдек болып отырған мынау екеуі не де жесір жоқ. Мен бұлардың сырын аздап білемін. Келін шек тің қайтыс болған күйеуі кезінде кедей адамның осы қызын зор лық жасап, алып қашып келген. Артынан қуып барып, қалың мал даулаған мүсәпір әкесіне ұялмай-қызармай:
«Мә, саған осы да жетеді»,—деп көтерем бір сиыр берген. Дауласуға дәрмен жоқ, «Қой аузынан шөп алмайтын» қыз әкесі жүрегі қан жылап, берген сиырын алып қайтуға мәжбүр болады. Көп ұзамай ол сиыр өліп қалады.
Ал дөрекі мінезді әумесер жігіт бұл келіншекті екі жыл әйел етеді. Демек, «жесір менікі» деп өзеуреп отырған мына екеуінің ешқандай қақысы жоқ. Бұл келіншіктің қыз кезінде жақсы көретін жігіті шетте отыр. Алдымен келіншекке бостандық беру керек. өзінің сүйген жігітіне бара ма, әлде мына екеуінің біріне бара ма, оны келіншектің өз талғамы білсін!—деп Бозан қызулау сөйледі.
Сол-ақ екен:
о, бәрекелді,—деп қалды отырғандардың бірі.
—Ау, мынау өзі көкірек қой, қалай-қалай сөз тастайды,— деп екінші қария сақалын сипады.
Дау шешіміне билік құрып отырған ақсақал Бозан айтқан шешімді мақұлдайды.
Сонымен жесір дауы лажсыз бәтуаға келеді. Келіншекке бостандық беріледі. ол сүйгеніне қосылады.
Кейіннен Бозан келе жатқанда «Е, Көкірек келе жатыр» дейтін болыпты. Бұлай атау, әсіресе жеңгелеріне ұнап кетсе керек, өйткені қазақтардың салты бойынша, қайындарының атын атамай «пәленше мырза аға», «түгенше мырза аға» деп айтатын. Ал Бозанды «Сазан мырза аға» деп келсе, енді «Көкірек мырза аға», «Көкірек мырза», «Көкірек қайным» аталып кетті»,—дейді кейбір айтушылар.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *