Арғынның Алтайы, Мойын, Кенжеқара рулары

Арғынның Алтайы, Мойын, Кенжеқара рулары
(І нұсқа)
Алтай жігіт күнінде жүгенін беліне байлап алып, жаяу барып қанжығалы Піспек байдың жылқысын баққан. Ішпек, Піспек деген екі ағайынды байлар екен.
Сонда Піспек бай іңірде өз қолынан арқандаған атын түні бойы қарап, орнынан таба алмай әуре болады екен. Таң атса, шөптің, оттың, судың тұнығында арқандаулы тұрғанын көреді екен. Себебі Алтай жылқының өрісінен келіп, байдың арқандаулы атын бір түнде үш жылжытып арқандайды екен. Малға аса жаны ашып қарағандығы байдың көңіліне ұнап, Алтайға әбден ден қойыпты. Жаз өтіп, күз мезгілі жетіп, бай жылқысын қостап шығармақшы болып, қос көтеріп жатқанда Алтай Піспек байға:
—Атай, осы малыңды аман ап келіп бер деймісің, жоқ, жаман да болса, бағып келе бер деймісің?—депті.
—Балам, жаман болғанын не жақсы көрейін, аман ап келіп бергеніңді тәуір көрем,—депті.
—Ендеше, маған малымды аман шығарып ап кел дейтұғын болсаң, іңірітші, күзетші, бақыршы иттеріңді өзің алып қал, маған сенгенің шын болатұғын болса, жалғыз өзіме тапсыр да қоя бер, жаздай жылқы түсінен шошып, ойым да жылаулы бол ды, қыс биыл мейілінше қатты суық болады. Бұ дүнияда бұрынғысоңғы көрмеген, айта қалғандай жұт болады. Қыс қатты болып, үргін-сүргін жаманшылық болғанда, мал баққаннан да жаман кісіні баққан қиын болады. Мал айтқаныңа көнеді, айдауыңа жүреді. Жаман сойып жейін десең, еті арам, сатайын десең, пұлы арам, өлтіріп тастауға Құдайдан қорқасың, өзі білмей де сиырша сіресіп айтқаныңа көнбейді. «Қасымдағы жолдасымды өлтіріп алармын» деп қорқып, малға сыңар жақ болып, малды көңілдегідей күтіп қарай алмай, қолбайлау болады. Жылқыдан аяулы малың жоқ қой, маған берсең, ұзын аяқты түйе-сиырыңды қоса бер, биыл қыстан мал алып шығамын деме! Қысқа аяқты қойыңды семіз күнінде сойып, адал бауызда да қарға тығып тастай бер, союға мал таба алмай ашаршылық болғанда, көп жұртқа жеуге үлестірсең, қайырымды бай атанып, қияметке шейін жұрт аузында қалады,—деген соң бай Алтайдың тілін алып, жылқы, түйе, сиырын түгел береді де, өзі жатын мал қоймен қалды.
Алтай үстіне қос алған жоқ, жабдыққа бір қыл арқан, бір темір қазық, бір қолжаулау алды, қолжаулау бақырашқа бие сауып, бие сүтін іше беру үшін. Темір қазық алғаны—жер қара, күн жылыда жер мұз болып, тоң болып шегедей қатты болғаны үшін темір қазықты қағып жер тоңын байқайды. Бір кірген жерге бір күн, екі кірген жерге екі күн аялдайды. Темір қазық тың үші батпаған жерге ат ауыздығын алмайды, «құс жаман жер ге бармайды ғой» деп, құстың жолының астымен айдай беріп ті. Піспек байдың ұзын аяқты малын алдына салып айдаған бойымен Алтай кетті.
Бұл Сарыарқада қыстың суықтығы сондай болды: киіз үйде тұрған қара қазан тарс етіп айырылды. Бұзау-тайыншаның маңдайы тарс етіп айырылып кетті, жұрт жұтап, қыс ішінде шұбырып тозды. Қызылтауда қызыл иттен басқа қалған дәнеме болмады. Далбада жабуы далба-далба бір тайлақ қалыпты. Ағыс қудың қуында шаңқан боз ақ қояндай бір боз ат-ақ қалыпты.
Піспек бай Ақкөл-Жайылмада екен. Ішпек бай, Піспек бай деген екі ағайынды байлар екен. Күллі Ақкөл-Жайылмадағы елден қалған мал Ішпек, Піспектің Ішпегінде екі нар қалыпты. Жазғытұрым болғанда Ақкөл-Жайылмада тірі қалған сол екі нармен тасынып, көшіп-қоныпты.
Кәрі құлақтардан естуіміз—сонда жалғыз-ақ аман қалған Баянаула тауында Барлыбай ұранды Бәсентин тышқақ лақ өлтірмей аман қалыпты. ол кезде желкілдеген Жеті Момын бұл жақта екен де, Қуандық-Сүйіндік ұлытау, Кіші тау, алпыс екі Торғай, отыз екі өлке жақта екен. ұлытаудың жақсы жерлеріндегісі—аман. Жаман, жалтаң жерін қыстағандар қыс ішінде үйдің киізін еркек қойларға артып, көшіп, шұбап Керей, Қыпшақтың бойында семіз, күйлі балалары тайынша қуалап, асыр салып жатқан елдің үстіне келіпті.
Сонда Қыпшақта Қауған би деген жақсы адам бар екен. Қыс ішінде ауып келген елдің ішінен ақын бар екен. Соның бір ауыз өлеңі:
—Ассалаумағалайкум, Қауған аға, Несібеміз бұл жаққа ауған аға.
Құнан өгіз ұстапсыз құйрығынан, Біз келеміз алысып жаумен аға!—
деген соң, Қауған би келген елді елінің ішіне қорғалатып, төбесіне көтеріп күтіп алып, аяғынан жүріп жарап келген малы дін-есен шығып, жаз шыққан соң иесіз жатқан жер бар деуменен Баянаула, Қызылтауға қарай көше берген екен.
Сол жолдың аты «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» атаныпты. Жұрт жаяу шұбырғанда табандары аппақ болып, жалтырап бір жерге келіп жатқанда: «атасы басқа, жат ру бас салып сойып, жеп қояр» деп, ішіндегі семізін ортасына салып, арықтары айнала қоршап, алқа салып жататұғын болыпты.
Сонда бір мерген он бес ауылды тамақтан тарықтырмай асырауға жарапты, бір көк ала бие он бес ауылды асырауға жарайды. Көк ала биенің иесі көз, тілден қорыққаннан көк ала биені елсіз-күнсіз жерге апарып, енесіне құлынын қоспай, құлынды енесіне қоспай сауып, сүтін сүйретпекпен тасып, үйіндегі үлкен сабаға әкеліп құя береді екен де, күні-түні биенің бұтынан қол айырмайды екен.
Бір күні жапан түзде елсізде биесін сауып отырса, төрт кісі тұп-тура келе жатыр екен. Тұрайын десе, биенің сүті саулап ағып кетерлік. Тұрмайын десе, төрт кісі оқтай қадалып келе жатыр.
Сасқаннан жұдырықтай тасты «Көз болғаның көнекке, тіл болғаның тасқа» деп көнегінің ішіне тастай беріп, биесін сауып отыра берді дейді.
Сол биені сауып отырғанның үстіне төрт кісі келіп:
—Мана біз көргеннен биенің бұтында отыр едің, сонан бері биеңді сауып отырғаның ба, жоқ, ұйықтап отырмысың?—дегенде:
—Биемнің мінезі жаман еді, биенің бір сауымы бұтында отыр маса, иімеуші еді, мана өздерің көргеннен жаңа ғана иіді,—дегенде:
—Бәсе, солай ғой! онан басқа біз көргеннен бері қарай иіген де ендігі мұның сүті көнек түгіл, сабаға сыймай жерге ағып, бұлақ болып жатса керек еді?—деп, жүре берді дейді.
олар бұлай кетісімен көнектегі сүтті сүйретпеге құйған екен, көнектің түбіндегі тас төрт бөлек болып қалыпты. «Адам тілі тас жарар, тас жармаса, бас жарар» деген мақал содан қалған екен.
Жұтаған жұрт жұтады, шұбырған ел шұбырды. Алты ай қай та кетіп, қайта жарқырап жаз шықты, күркіреп көк шықты, ел дің жайлауы, биенің байлауы болды. Былтыр кеткеннен соң Ал тай да жоқ, хабар-ошар да жоқ. Піспек бай ауылының қасында ғы бір төбенің басына ала киімменен шығады. Ас ішпейді, дым да сызбайды, қасқарая әбден түңіліп, күдер үзіп үйіне келеді.
Байдың ұлы жоқ екен. Байбике деген жаңа бойжетіп келе жатқан қызы бар екен. Бір күні әкесі төбенің басынан үйге қарай келе жатса, қызы далаға шығып әкесінің алдынан қарсы ұшырап:
—Әке, немене күн жаумай салбырап, осыншама жүдеп, ас ішпей, дым сызбай қара ағаштай қатып қалғаның?—деп, көзінің жасын мөлт-мөлт төгіп, жылап қоя берді дейді. Қызының жасын көріп бай да еңкілдеп, өксігін баса алмай:
—Қарағым-ай, көппен көрген ұлы той емес пе, елден-жұрттан артықпын ба? «Байдың малы бық-бырт тауыпты, Алтай өліпті»,—деген хабарды естісем, көңілім жай табар еді де. Алтайдың өлі-тірісін біле алмағандық қой маған батып жат қан,— дегенде, қыз:
—Әке, сүйінші!—депті.
—Көз ұшында бір қос атты көрінеді, атқа отырысы Алтай ағам сықылды. Астына мінгені де қара, жетегіндегі ат—мен көшке мінетұғын қара жорға атым, білемін,—депті.
Байдың жүрегі аз-ақ жарылмай қапты.
—Қап, балам, менің көзім қасымда тұрған үйдің де қаралдысын көрмей тұр, айтқаның шын болып, ол—Алтай болса, сүйіншісіне сені бердім Алтайға,—депті.
Бұла да көз айырмай телміріп қарап тұрыпты. Айтқанындай-ақ Алтай екен. Пұшпағынан бастырып, қашаған ұстайтұғын қара айғырды мініп, Байбикенің қара жорғасын жетектеп, бір қара сүйретпе қымызды артына бөктеріп келіп, түсіп жатқанда:
—Малың аман ба?—дегенде:
—Барған жерінде боғы қалды, тышқан боғынан басқа шығын жоқ,—депті.
—үш түлік малдың ортасында жалғыздық көріп, сасқан жерің болды ма?—дегенде:
—Болды, неге болмасын. Жалғыздық бір Құдайдан басқаға жараспаған қылық қой, барған жерімде жылқының қонысы басқа, түйе, сиырдың қонысы басқа болды. Түйе мен сиырды бір қопаның ішіне тастап, күнде бір көріп қатынап тұрушы едім, бір күн жылқыдан босана алмай, түйе мен сиырға бұрылуға мұрша келмегендіктен мезгілін асытып барсам, бір інген түйе жабуының баурын тартып байлаған жібіне артқы аяғы ілініп қалып, енді болмаса үйелеп, өлуге қалған екен. үстінен шығып көргендігім себеп болып, өлуден аман қалды. ұры мен бөрінің өзін түгіл ізін де көргенім жоқ, айғырдан қысыр қалғаны болмаса, басқа жері түгел, бір малдың да мұрны қанаған жоқ,— депті.
Піспек байдың қуанышы қойнына сыймай: «Мұның былтырдан бергі жалғыздығы да жетерлік болды, енді мұны бір түн жалғыз жатқызбаймын»,—деп, Байбикені қойнына салыпты. Сол Байбикеден туған Алсай, ол Байбике өлген соң балдызы Аққоянды беріп, онан туған балалар: Әліке, Байдалы, Сайдалы. ол өлген соң үшінші қызын және беріп, бұл—кіші тоқал атанып, мұнан туған бала—Мойын. «Мойын болмай, ойын болмас» аталған Мойын—осы…
Алтайдың жеңгелей алған қатынынан туған—Нұрбай. Алтайдың ақ сауыты Нұрбайда қалған. Жауға түсіп кеткен жерінен, Нұрбай өзі жанынан кешіп, қызыл қанды су орнына ішіп, батырлық қылып барып алып келгендігінен, ол сауыттың аты «шөжекөз» еді, сонан әлі Нұрбайдың ұраны—«Шөжекөз».
Бұрынғы айтады екен:
Арғын болсаң, Алтай бол, Алшын болсаң, Адай бол!
үйсін болсаң,
Сиқым, Жаныс, Ботпай бол! Найман болсаң, Қаракерей, Матай бол!
өзгең қалай болсаң, солай бол!—
деген екен. «Тышқанның да сауыры болады» деген сөз бар, сонда Алтай—Арғынның сауыры.
…Арғын бабамыздың 106 жасында алған Айнакөз дейтұғын тоқалынан—Танбыс сопы, бұл Танбыс сопыдан: үсенбай, Елемес. Елеместен—Ерман, бұл Ерманнан: Шағыр, Бөрлітік. Шағырдан: Ақай, Жолдыбай, Тағашы, Аманжол, Сомжүрек.
Бөлтіріктен: Сырлыбай, Сары. үсенбайдан—Қарамерген, мұнан—Байташы. Аманжолдан—Көшей, бұл Көшейден— Шақшақ батыр. «Шар жетім Шақшақ» атанған Шақшақ— осы. Ақташы, Байташы, Бұғышы, Тағашы—«Шар жетім» атанатұғын солар. Бұл Айнакөзден тарағанды «Тоқал арғын» деп атайды, «Жоғарғы шекті», «Төменгі шекті» деп екі руға бөлінеді. Таңбалары—Арғынның дөңгелек таңбасы. Жоғарғы шекті сабағын жоғары қаратады, Төменгі шекті сабағын төмен қаратады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *