Қазақтың атасы

Қазақтың атасы
(VІІ нұсқа)
өткен заманда қырық сан Қырым жұртында қырық ханы болған замандарында, он сан оймауыт, тоғыз сан Торғауыт, Құба қалмақ, Қазақ- қалмақ болған болған замандарда, он сан орманбет бидің елі Дешті-Қыпшақ шаһарларында тұрған замандарда, Түркістан тараптарында түріктің өзбек деген баласы өте көбейіп өсіп, «отыз екі баулы өзбек» атанған. Сол өзбектің руынан біраз үй көшіп-қонып, сол маңайды қоныс қылып жүреді екен. Сол көшіп жүргеннің ішінде Майқы би деген би бар екен.
Майқы бидің Аламан деген ұлының тоқал қатынынан ала бала туыпты. Бәйбішесінің ұлы жоқ екен. «Тоқал бала тапты» деп күншілік қылып, Аламанды азғыра бастапты.
Бұл ала бала жұртыңды ала қылады, мұның көзін жоғалт!- —депті.
Сонсын Аламан бәйбішесінің тіліне еріп:
—Сырдарияның суынан өткізіп таста,—деп жарлық қыл ған соң, елі бидің сөзін екі қыла ма? Сырдарияның суынан өткі зіп тастапты.
Сол ала баланың аты «Алаш» екен. Алаш Сырдариядан өткен соң оның аржағындағы сахарада он сан Ноғайлы орманбет бидің елінің ішіне барып, сонда жүріпті. өсіп, үлкейіп, сондай өнерпаз: оқ атуға, қылыш шабуға, ат ойнатуға бек ұста, бек қуатты бір жігіт болып, шұһраты әр жаққа таралып, аты елге мәшһүр бопты.
Сөйтіп жүргенде баяғы атасы Аламан естіп, өз баласы екенін біліп: «Әттеген-ай, бекер жіберген екем, қатынның тілін бекер алған екем»,—деп өкініп, алдырсам деп ниет қылып, басқа елде жүргеніне іші күйіп жүріпті.
Сонсын, ақырда Аламан шыдай алмай, елін жиып ақылдасып, Қотанбай деген биге айтып, сол Қотанбайдың тағы баяғы атасы Майқы бидің баласы Аламан өзінің інісіне жүз жігіт қосып беріп, «еліктіріп, алдап алып келмекші» қылып жібереді.
Жіберген Қотанбайдың үлкен ұлы—аты үйсін екен. Сол үйсін батыр қасында жүз жігіт нөкерлеріменен бірге Сырдариядан өтіп, балаға келіп көрісіп, қосылыпты.
Сол бала мен үйсін екеуінің мінезі, сыры лайық «Ерге—ер, сырға—сыр» дегендей, әбден айырылмастай дос болыпты. Сары арқаның сапырулы сары қымызын, салулы сары төсегін көріп үйсін көңілі балаға елігіп, алданып, баяғы елін ұмытып, Алаштың жанында нөкерлерімен тұрып қалыпты. Және Алаш бала: «өзі тастаған әкенің маған керегі жоқ»,—деп, әкесі Аламанға бармайтын болыпты.
Мұнан соң үш жыл өткен соң әкесі Аламан тағы шыдай алмай, тағы Майқы биді, Қотанбайды шақырып кеңесті. Бұлар тағы да Қотанбай бидің ортаншы баласы Болат мырзаны аттандырып, жанына жүз жігіт нөкер қосып беріп, баяғы Алаш баланы және жүз жігіт нөкерімен үйсін мырзаны еліктіріп алып келмекші қылып жібереді. Болат мырза нөкерімен бірге келіп, ағасы үйсінге, Алашқа қосылып, өз еркімен жұртына жеріп болған соң және ағаларының сауық, ойын-күлкілерін көрген соң көңілі алданып, елін, әкесін есінен шығарып, ағасы үйсіннің жанында тұрып қалыпты. үш жыл өткен соң Алаштың әкесі тағы шыдай алмай, баласын сағынып, іші күйіп тағы Майқы биді, Қотанбайды шақырып алып, тағы ақылдасып, бірінікін бірі мақұлдасып және жүз жігіт нөкер қосып беріп, Қыдырқожа байдың үлкен ұлы Алшын мырзаны Алаш баланы, үйсін, Болат мырзаларды нөкерлерімен бірге алып келмекші қылып жібереді.
Алшын мырза нөкерлерімен Сыр дариясынан өтіп, баяғы үйсін, Болат, Алаштарға қосылып, о да сонда тұрақтап қа лыпты. ол үш жігіттің батыры өзінде, биі өзінде, өңшең бойда ғырақ жүз балалар қосылған соң қайдан тыныш жатсын?! Жанжақтағы елдерді шауып, жылқыларын тұқылап айдап алып, жасқы ат, жақсы қыздар болса, тартып алыпты. Жан-жақтағы елдеріне өте тынышсыз болыпты.
Қыр ноғайлы орманбет бидің ықтиярсыз қыздарын тартып алып, сонан жанжал болып, «Жошы хан, Тоқтамыс хан дегендерін үш жүз жігіттің ішінде Едіге деген батыр өлтіріпті, елін бұлдап шауыпты» деген сөз осы күнге шейін мағұлым, мәшһүр әңгіме-дүр.
Сонда:
«Едіге деген ер екен, Елдің қамын жер екен.
Ел шетіне жау келсе,
Мен шаншимын дер екен»,—
деген сөз сонан қалған екен. Ноғайлардың қазақтарға өш бо лып келе жатқандығы әуелден осы еді, дұшпан болудың себебі осы еді.
Сонда барымтадан, ұрлықтан әкелген малдың етін, ортадағы жүздің бастығы болып келген Болат мырза жемейді екен, нәрселерін алмайды екен: «кісі ақысы қиын болады» деп. өзгелер «Бұ не қылған тақуаланған адам еді» деп оттайды екен. Жемеген соң «қожа» деп қойыпты. орта жүздің атасының атын Болатқожа деп аталудың себебі осы еді.
осындай барымташыл, ұрлықшыл, зорлықшыл болған соң бұлардың бәріне «қазақ» деп ат қойыпты. Қазақ деген кісі емес, күллі халыққа қойылған ат.
Және қазақтың «қазақ» деп аталу себебі, өзбек балалары Қазақ аталмастан бұрын, сол Түркістан жағында орын алып, қазы болып тұрыпты ғой. Сонда екі сарт баласы бір нәрсеге таласып, қазыға келеді. Қазы екеуіне де болыспай, ғаділ хүкім қылады. Сонда сарт айтыпты: «қашқын, қасиақ» деп, «қасиақ» деген сөзді жеңілдік үшін «и» һәрпін алып тастап, қазақ (қасақ) деген еді. Қазақ һәріп айырмайды. Бәрін «ла» мен айтады. Соның үшін «қазақ» деп аталу себебі—сол дейді.
Сол үш жігіттің басы қосылып, көбейіп, ұйымдасып, ұрандасып, антмақ қылысып, өздері ортасынан біреуін шығарып, хан сайлапты. Хан сайлағанда баяғы ала бала Алашты сайлапты. Ақ киізді жайып, алаша төсекті салып, хан көтеріп «Алаш!» деп ұран шақырып, «ел болайық, жұрт болайық!» деп, тағы да уәде үстіне уәде қылысып, қол көтерісіпті.
Сол атмақ қылысқан соң, уәде болысқан соң баяғы әуелгі жүз жігітке бастық болып келген үйсінді «сен—ұлы жүз,үйсін» деп, ұлы жүз, үйсін атын беріп, Сырдарияның бас жағын өрлете қондырыпты.
орта жүзбен бірге келген Болатқожаны «сен—орта жүз, Болатқожа» деп атын беріп, Сырдарияның орта кезін ала қондырыпты.
Соңғы жүзбен келген Алшын мырзаны «Сен—Кіші жүз, Алшынсың» деп атын беріп, Сырдариясының етегін ала қон дырыпты.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *