Қазақтардың қайдан шыққан турасынан бұрынғыдан қалған сөз
Ноғайдың Батый деген ханы россияда жүргенде өзінің Алаша деген бір атақты әскер басшысын бас қылып Күншығыс жаққа, ноғайларға: «Белгісіз жаңа жайды барып қарап, біліп келіңдер!»—деп, жүз жігіт жіберіпті.
Бұл жіберілген жігіттер іздеп барған жағын барып көрсе, бұл жақ кең, бай һәм жүріп-тұруға бостандық, ыңғайлы екен. Бұл келген жігіттерді бұл келген жайда бұрыннан орнығып тұрған халықтар қуанысып күтіп алыпты. Қашан бұлардан олар: «біздің қол астымызға қарап, алым төлеңдер» деп сұрағанда, көп қарсыласпастан айтқандарына ықтияр болыпты. Жігіттерге бұлардың мұнысы жаққан соң Батыйға қарамастан, өз алдына хан болмаққа ойланыпты.
Батый өзіне қараған халықты реттеп жөндеймін деп әуре болып жүріп, жіберген жігіттерін ойламастан ұмытып кетіпті. Бір жыл өткеннен кейін жіберген жігіттері есіне түсіп, бұл жақтағы жайдың «мәнісін біліп кел» деп тағы да бір жүз жігіт жібе ріпті. Бұл соңғы келген жүз жігіт бұл бөтен жайда көп уақыт қа шейін іздеп жүріп, бұл жайдағы тұрған адамдардың көрсе туі бойынша, ақырында бұрынғы келген жүз жігіттің тұрған орнын тауып алыпты. Әуелгі жүз жігіт бұларды: «Батыйға қайтып барма, бәріміз бірігіп, бұл жақтағы халықты қараталық»,—деп көндіріп алыпты.
Батый бұлардың қайтқанын күтпестен тағы да жүз жігіт жіберіпті. Бұлар да қайтпастан тұрып қалыпты. Бұл қосылған үш жүз батыр дем алмастан соғысып, өздерінің халқын көбейтпекке жаһат қылыпты. Батыйдың тұрған ордасы алыс болған соң мұндағы халық бөлек-бөлек, ала һәм момын болған себепті соғысқан адамдарға қаратып алуға ыңғай болған еді. Бұлар өздерінің күшіне сеніп, бөлек хан болуға ойланып, халықты көбірек соғысып қаратып алып уа бұл қаратқан халықты бір жерге жинап һәм өздері де бұларға бірігіп, бір халық болмаққа ойланған еді.
Біраз уақытта соғысушы адамдар һәм бұларға қараған халықтар бір жерге жиналып, қосылып, бір халық болған еді.
Бұл келген жігіттер өздері оларға бас болып, қасындағы елді шауып, керуендерді талап ала беріпті. Ноғайлардың бұл ханының жауынгер адамдардан маңайындағы халықтар мал-басынан қатты қорқады екен. Әр елден қылмысты болып қашып келген қашқындар бұларға келіп тығылар екен. Бұл ханға қараған адамдар өздерін-өзі «Қазақ» деп атайды, яғни «бос жүрген, еркін ерлер» деген сөз болады (әуелгі жүз жігітті бастап келген басшының құрметі үшін).
Қазақтарды «Алаштың жұрты» деп атақ қылыпты. Ақырында Алаштың жұрты көбейген соң үшке бөлініпті. Әуелгі жүздің тұқымы оңтүстікке қарай көшіп кетіп, «ұлы жүз» атаныпты. Екінші жүздің тұқымы тұрған орнында қалып, «орта жүз» атаныпты. Соңғы жүздің тұқымы күнбатысқа қарай кетіп, «Кіші жүз» атаныпты.