Қазақтардың асыл түбінің қайдан шыққанының хикаяты
«Қазақ» деген сөз ноғайдың сөзі бола-дүр. ләкин «бойдақ» деген сөз-дүр. Қазақтардың асыл тегін былай деп айтады:
Бұрынғы уақытта Қазан шаһары өз алдына хан болып тұрған заманда Қазанның ханының бір ұғлы адам жиіркенгендей болып, ала тәнді болып туған екен. Қашан есі кірген уақытында бұл баланы құрбы балалары «алаша» деп шақырар екен. Бұл бала ызаланып жүреді екен. Әбден ержетіп болған соң бір күні назаланып отырып: «мазақ болғанымша бұл жерде тұрмай бір жаққа кетейін» депті. Мұнан соң өзі тең-ді бір жүз жас жігіттерді алып, далаға шығып кетіпті.
Бұлардың кеткендеріне тәмам бір жыл өтіпті. Атасы ешбір хабар білмей, қапаланып: «Баламның хабарын біліп кел»,—деп біреуді бас қылып бір жүз бойдақ жігіттерді жіберіпті уа бұлар қайтпапты.
Мұнан соң соңынан бір жүз бойдақ жігітті тағы да бірін бас қылып жіберіпті. Бұлардың баршасы қайтпастан Алашаны хандыққа сайлап, «Алаша хан» деп ат қойыпты уа бұлар аң аулап һәм мал бағып тұрыпты.
Бір күндерде көшіп бара жатқан көп сарт керуендеріне жолығып, талап алып бұлардың еркектерін құл қылып, ұрғашыларын қатын қылып алыпты. Кейін бұлар көбейген соң бөлініп, әр жаққа таралып кетіпті.
Әуелгі бір жүздің тұқымы оңтүстікке қарай кетіпті, «ұлы жүз баласы» деп атаныпты. ортада келген бір жүздің тұқымы орнында тұрып қалыпты, «орта жүз» деп атаныпты. Соңғы келген бір жүздің тұқымы солтүстікке қарай кетіпті, «Кіші жүз» атаныпты. Бұл себептен қазақтарды қазір де «үш жүздің балалары» деп атайды.